Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 қазандағы № 589 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 шiлдедегi № 512 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 21.07.2022 № 512 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 13 қазандағы
№ 589 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік экологиялық ақпарат қоры (бұдан әрі – МЭАҚ) мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаның және оның объектілерінің жай-күйі, қоршаған ортаға әсер ету факторлары туралы, оны қорғау, қоршаған ортаның ластануының алдын алу және оны азайту бойынша қолданылатын шаралар, табиғи ресурстарды пайдалану туралы дәйекті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

      3. МЭАҚ-ты жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйым (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) жүзеге асырады және ол экологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, талдау, ғылыми зерттеу, ұсыну, тарату, халықты және табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері жөнінде ағарту бойынша іс-шараларды қамтиды.

      4. Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының құрамына:

      1) табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастры;

      2) қоршаған ортаның ластану учаскелерін мемлекеттік есепке алу;

      3) өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастры;

      4) табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерінің мемлекеттік тізілімі;

      5) озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастры;

      6) ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тiркелiмi;

      7) қоршаған ортаға әсердi бағалау және мемлекеттiк экологиялық сараптама материалдары;

      8) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер және нормативтiк-техникалық құжаттар;

      9) қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарды пайдалануға байланысты ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды орындау туралы есептер;

      10) Қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы ұлттық баяндама;

      11) Ұлттық экологиялық атлас;

      12) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы бақылау-инспекциялық және құқық қолдану қызметінің нәтижелері бойынша есептер;

      13) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасы және экологиялық мониторинг есептері;

      14) мемлекеттiк экологиялық мониторингтің деректері;

      15) экология саласындағы ғылыми-техникалық әдебиет;

      16) қоршаған ортаның жай-күйі туралы және табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаға әсер етудің факторлары және оны қорғау бойынша қолданылатын шаралар туралы ақпарат;

      17) экологиялық ақпаратты қамтитын өзге де материалдар мен құжаттар кіреді.

      5. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2. Экологиялық ақпаратты жинау

      6. Мыналар:

      1) мемлекеттік органдар;

      2) заңды тұлғалар МЭАҚ-қа ақпаратты жазбаша, электрондық, дыбыс-бейнелі немесе өзгеде нысанда ұсынады.

      7. МЭАҚ-қа ақпаратты мынадай мемлекеттік органдар:

      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      2) орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      3) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      5) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган;

      6) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      7) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган;

      7-1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган;

      7-2) уран өндіру саласындағы уәкілетті орган;

      8) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      8-1) электр энергетикасы саласындағы уәкілетті орган;

      8-2) жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы уәкілетті орган;

      9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      10) өсімдіктерді қорғау мен олардың карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      11) ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      12) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      13) ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      14) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      15) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      16) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынады.

      Ведомстволық бағынысты ұйым МЭАҚ-ты жүргізу үшін ақпарат беру туралы мемлекеттік органдарға және заңды тұлғаларға жыл сайын сұрау жібереді.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 638 қаулысымен.

      8. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде және заңды тұлғалар ведомстволық бағынысты ұйымның сұрауы бойынша өткен жылға анық және толық ақпаратты ұсынады.

      9. Ведомстволық бағынысты ұйым мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар берген ақпаратты жинауды, сақтауды, өңдеу мен талдауды ұйымдастырады.

3. Экологиялық ақпаратты сақтау және өңдеу

      10. Экологиялық ақпарат қағаз, электрондық, дыбыс-бейнелі немесе өзге де нысанда жабық үй-жайда металл стеллаждарда үнемі сақталады.

      11. МЭАҚ-та материалдар мен құжаттар осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес бағыттар бойынша топтастырылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 638 қаулысымен.

      12. Экологиялық ақпаратқа талдау жүргізу мақсатында өңдеу оны есепке алу мен жүйелеуден тұрады.

      13. МЭАҚ материалдары мен құжаттары тіркеу есебіне алынуға тиіс. Есепке алу деректерді тіркеу және тізілім кітаптарына енгізу арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар ұсынған ақпарат тіркеу кітабында жазылады.

      Тіркеу кітабында тіркеу күні, реттік нөмірі, инвентарлық нөмірі, материалдың атауы, материалдарды ұсынған мемлекеттік орган (заңды тұлға), даналар және қосымшалардың саны көрсетіледі.

      Тізілім кітабында осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес бағыттар бойынша ақпарат жазылады.

      Тізілім кітабында материалдың атауы, материалды ұсынған мемлекеттік орган (заңды тұлға), тіркеу нөмірі, инвентарлық нөмірі, сақтау форматы (қағаз/электронды), даналар мен қосымшалардың саны, материалдың архивте тұрған орны (стеллаж, сөре) көрсетіледі.

      14. Экологиялық ақпаратты жүйелеу мынадай бағыттар:

      1) жаһандық экологиялық проблемалар (климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, биологиялық әртүрліліктің сақталуы, жердің бүлінуі және тозуы);

      2) ұлттық экологиялық проблемалар (экологиялық апатты аймақтар, Каспий теңізі қайраңының ресурстарын қарқынды игерумен байланысты проблемалар, су ресурстарының сарқылуы мен ластануы, тарихи ластанулар, әскери-ғарыштық және сынақтық кешен полигондарының әсері, трансшекаралық сипаттағы мәселелер);

      3) жергілікті экологиялық проблемалар (радиоактивті ластану, әуе бассейнін ластануы, бактериологиялық және химиялық ластанулар, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар);

      4) басқа бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

4. Экологиялық ақпаратты талдау және ғылыми зерттеулер

      15. Мемлекеттік органдар және заңды тұлғалар ұсынған экологиялық ақпарат қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйін, өзгеру серпінін және олардың өзгеруінің мүмкін себептерін зерделеу арқылы талданады.

      Талдау жұмысы мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) ақпаратты бағалау;

      2) талдау нәтижелерін анықтау.

      Ақпаратты бағалау кезеңінде олардың сенімділігі мен нақтылығына байланысты ақпарат көздерін орналастыру жүргізіледі.

      Талдау нәтижелерін анықтау кезеңінде экологиялық проблемалардың пайда болу жағдайларының себептерін анықтау жүргізіледі.

      Талдаудың алынған нәтижелері есеп түрінде ресімделеді.

      16. Есеп ведомстволық бағынысты ұйымның интернет-ресурсында ашық қолжетімділікпен орналастырылады, сондай-ақ Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндаманы жасау үшін пайдаланылады.

      17. Ғылыми зерттеулер Кодекске және "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізіледі.

      Ғылыми зерттеулер мынадай кезеңдер бойынша жүргізіледі:

      1) зерттеу тақырыбын анықтау;

      2) мақсаты мен міндеттерін анықтау;

      3) зерттеу жоспарын жасау;

      4) материалдарды жинау;

      5) зерттеу жүргізу;

      6) зерттеу нәтижелерін өңдеу;

      7) ғылыми есепті ресімдеу.

      18. Экологиялық ғылыми зерттеулер қоршаған ортаны қорғауды ғылыми қамтамасыз ету, табиғи экологиялық жүйелерді жақсарту, қалпына келтіру, орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі ғылыми негізделген іс-шараларды әзірлеу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молайту, Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі мен әлеуметтік, экономикалық және экологиялық теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

5. Экологиялық ақпаратты ұсыну және тарату

      19. Экологиялық ақпаратты беру Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы және ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасында белгіленеді.

      20. Ведомстволық бағынысты ұйым экологиялық ақпаратты таратуды:

      1) ведомстволық бағынысты ұйымның интернет-ресурсында ашық қолжетімділікте орналастыру;

      2) бұқаралық ақпараттық құралдарында, мерзімді баспасөз басылымдарында тарату, сондай-ақ өзге де жалпыға қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырады.

6. Халықты және табиғатты пайдаланушыларды қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша сауаттандыру

      21. Халықты және табиғатты пайдаланушыларды қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша сауаттандырудың мақсаты орнықты даму қағидаттарына негізделген азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымдарын және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

      22. Сауаттандыруды ведомстволық бағынысты ұйым мынадай іс-шараларды:

      1) қоршаған ортаны қорғау саласында біліктілікті арттыру курстарын, тренингтер мен оқыту семинарларын өткізу;

      2) халыққа консультациялық көмек көрсету;

      3) конференциялар, көрмелер, семинарлар, ғылыми-тәжірибелік форумдар;

      4) баспасөз хабарламаларын, мақалаларды дайындау, сұхбат ұйымдастыру және жүргізу арқылы жүзеге асырады.

      Қоршаған ортаны қорғау саласында біліктілікті арттыру курстарын, тренингтер мен оқыту семинарларын дайындау және өткізу кезінде мынадай іс-шаралар:

      1) курстар, тренингтер және оқыту семинарларының өткізу күні мен орнын анықтау, бағдарламаларын құрастыру, дәріскерлерді іріктеу;

      2) табиғат пайдаланушыларға, үкіметтік емес ұйымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына, жоғарғы оқу орындарына, колледждерге электрондық пошта және факс арқылы шақыру хаттарын тарату;

      3) тыңдаушыларды тіркеу;

      4) курстар, тренингтер және оқыту семинарларын өткізу;

      5) оқыту нәтижелілігін бағалау;

      6) дәріскерлердің жұмысын бағалау;

      7) оқытуды ұйымдастыру сапасын бағалау;

      8) тыңдаушылардың пікірлері;

      9) сертификаттарды беру жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады