Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 қазандағы № 627 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  Б.Сағынтаев

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 26 қазандағы
№ 627 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
      1951 жылғы 6 желтоқсандағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі 1997 жылғы редакциядағы халықаралық конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция), сондай-ақ өсімдіктер карантині саласындағы басқа да халықаралық шарттардың ережелеріне сүйене отырып,
      өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдіре отырып,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі – ТМД) шеңберіндегі байланыстарды жүзеге асыру кезінде карантинді объектілердің әкелінуі мен таралуын болдырмау және шаруашылық пен сауда байланыстарын дамыту мақсатындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай мәні бар негізгі терминдер пайдаланылады:
      карантинді объектілер (карантинді зиянды организм) – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында жоқ немесе шектеулі таралған және карантинді объектілердің ұлттық тізбелеріне және (немесе) осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттарда көзделген карантинді объектілердің өзге де тізбелеріне енгізілген зиянды организмдер;
      карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) – өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті органдардың карантинді объектілерді анықтауға, карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік фитосанитариялық жай-күйін белгілеуге, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық міндеттемелері мен заңнамасын орындауға бағытталған қызметі;
      зарарсыздандыру – карантинге жатқызылған өнімге қатысты карантиндік объектілерді жоюға бағытталған іс-қимылдар жиынтығы;
      карантинге жатқызылған өнiм (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар) – карантиндi объектiлердi тасығыштар болуы және (немесе) олардың таралуына ықпал етуі мүмкін және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік шекарасы арқылы және кедендік аумақтарында өткізу кезінде оларға қатысты карантиндік фитосанитариялық шаралар қабылдануы қажет өсімдіктер, өсімдіктен алынатын өнім, жүктер, топырақ, организмдер, материалдар, ыдыс, орама;
      фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнім – осы Келісімге қатысушы мемлекеттің карантинге жатқызылған өнімдер тізбесіне сәйкес фитосанитариялық тәуекелі жоғары болатын карантинге жатқызылған өнімге жататын карантинге жатқызылған өнім;
      фитосанитариялық тәуекелі төмен карантинге жатқызылған өнім – осы Келісімге қатысушы мемлекеттің карантинге жатқызылатын өнімдер тізбесіне сәйкес фитосанитариялық тәуекелі төмен болатын карантинге жатқызылған өнімге жататын карантинге жатқызылған өнім;
      уәкілетті органдар – Тараптар карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру бойынша өкілеттіктер берген, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік органдары және/немесе ұйымдары.

2-бап

      Тараптардың өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастығы, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумақтарының карантиндік фитосанитариялық қауіпсіздігін және карантинді объектілердің әкелінуі мен таралуынан қорғалу деңгейін арттыру, олар келтіретін шығындарды азайту, сондай-ақ карантиндік фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жататын карантинге жатқызылған өнімнің халықаралық саудасындағы кедергілерді жою жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу осы Келісімнің нысанасы болып табылады.

3-бап

      Осы Келісімді іске асыруды тізбесін әрбір Тарап айқындайтын және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге беретін уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      Уәкілетті орган немесе оның атауы өзгерген жағдайда, тиісті Тарап 30 күн ішінде бұл жөнінде депозитарийге хабарлайды, ол қалған Тараптарды бұл туралы хабардар етеді.

4-бап

      Ғылыми-әдістемелік басшылықты, Тараптар өсімдіктер карантині саласында жүргізетін зерттеу жұмыстарын үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың бірлескен қызметін үйлестіру, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, өсімдіктер карантині мәселелері бойынша нормативтік құжаттардың, нұсқаулықтардың және ұсынымдардың жобаларын әзірлеу ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Өсімдіктер карантині жөніндегі үйлестіру кеңесіне жүктеледі.

5-бап

      Тараптар өздерінің уәкілетті органдары арқылы:
      өз мемлекеттері аумақтарында карантинді объектілердің анықталуы мен таралуы туралы, сондай-ақ осыған байланысты қабылданатын фитосанитариялық шаралар мен карантинді объектілерге қарсы күресу шаралары туралы ақпаратпен;
      өсімдіктер карантині саласындағы нормативтік құқықтық актілермен және карантинге жатқызылған өнімді әкелу мен әкетуді реттейтін басқа да құжаттармен, өсімдіктер карантині саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы деректермен алмасады;
      Уағдаластықтардың негізінде және бұрыннан бар рәсімдерге сәйкес Тараптар:
      зерттеп-қараулар жүргізуді қоса алғанда, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды, ғылыми-зерттеу және диагностикалық мақсаттарда биологиялық күресу агенттерімен және карантинді объектілер коллекцияларымен алмасуды жүзеге асырады, карантинді объектілердің феромондарына сынақтар жүргізеді;
      өсімдіктер карантині саласында бір-біріне ғылыми және техникалық көмек көрсетеді.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелері осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің аумағына/аумағынан әкелінетін/әкетілетін, оның ішінде сыйға тарту ретінде немесе ғылыми мақсаттар үшін келіп түсетін, сондай-ақ дипломатиялық, консулдық және басқа да өкілдіктерге арналған карантинге жатқызылған барлық өнімге қолданылады.
      Уәкілетті органдар карантинге жатқызылған өнімді әкелу, әкету және транзиттеу кезінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес карантинге жатқызылған өнімге карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) жүргізеді.
      Осы Келісімге қатысушы бір мемлекеттің аумағынан осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің аумағына әкелінетін фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімнің әрбір партиясы осы Келісімге қатысушы импорттаушы мемлекеттің өсімдіктер карантині саласындағы фитосанитариялық талаптарына сәйкес келуге және осы Келісімге қатысушы экспорттаушы мемлекеттің уәкілетті органы беретін, Конвенцияда белгіленген үлгідегі фитосанитариялық сертификатпен бірге жүруге тиіс. Осы Келісімге қатысушы бір мемлекеттің аумағынан осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің аумағына фитосанитариялық тәуекелі төмен карантинге жатқызылған өнімді әкелу фитосанитариялық сертификат бірге жүрмей жүзеге асырылады.
      Фитосанитариялық сертификаттың болуы Тараптардың ұлттық фитосанитариялық талаптарына сәйкес оларды карантинге жатқызылған өнімге карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) жүргізу құқығынан айырмайды.
      Карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) жүргізу кезінде карантинге жатқызылған өнім партиясынан карантинді объектілер табылған жағдайда, уәкілетті органның оны (меншік иесінің таңдауы бойынша және оның есебінен) залалсыздандыруға немесе карантиндік объектілердің тіршілік ету қабілетін жоюды қамтамасыз ететін тәсілдермен, оның ішінде одан карантинге жатқызылған өнімге жатпайтын өнім өндіру арқылы қайта өндеуге немесе, егер олай жүргізуге жол берілсе, жоюға құқығы бар, ал оны жүргізу мүмкін болмаған немесе меншік иесі бас тартқан кезде, өнімді қайтару туралы нұсқама береді және аумағынан карантинге жатқызылған өнім әкелінген осы Келісімге қатысушы мемлекеттің уәкілетті органын қабылданған фитосанитариялық шаралар туралы хабардар етеді.

7-бап

      Карантинге жатқызылған өнімді әкету кезінде карантинді объектілерден таза орама мен буып-түю материалдары қолданылады. Орама мен буып-түю материалдары карантинге жатқызылған өнімнің шашылуын болдырмауға тиіс. Тасымалдау кезінде пайдаланылатын буып-түю материалы аумағына карантинге жатқызылған өнім әкелінетін осы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына, оның ішінде таңбалау бөлігінде де сәйкес келуге тиіс.

8-бап

      Пошта жөнелтілімдерімен, теңіз кемелері, өзен кемелері, әуе кемелері, жолаушылар пойыздары мен көлік құралдары жолаушыларының, экипаж мүшелерінің қол жүгімен және багажымен өткізілетін карантинге жатқызылған өнім кейіннен фитосанитариялық сертификат беріле отырып, міндетті түрде сертификатталуға жататын тұқымдарды (тұқымдық материалды), отырғызу материалын немесе картопты, өсімдіктерді қоспағанда, мұндай карантинге жатқызылған өнімнің мөлшері бес килограмнан аспаса, фитосанитариялық сертификатпен бірге жүрмеуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі ынтымақтастықты қаржылық қамтамасыз ету ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық бюджеттерінде өздерінің функцияларын қамтамасыз етуі үшін мүдделі министрліктер мен ведомстволарға көзделген қаражаттар шегінде жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісім өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын, сондай-ақ өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы халықаралық ұйымдардағы мүшелігіне байланысты Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

12-бап

      Тараптар арасында осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ТМД-ға кез келген қатысушы мемлекеттің, сондай-ақ оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген басқа да мемлекеттің қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру арқылы қосылуы үшін ашық болады.
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің мұндай қосылуға келіскені туралы соңғы хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шыққанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімнің қолданысы уақытында туындаған міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.

16-бап

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттерге қатысты олар үшін осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1992 жылғы 13 қарашадағы Өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің қолданысы тоқтатылады.
      2016 жылғы 28 қазанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

Армения Республикасының Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының Үкіметі үшін

Түрікменстан Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін

Украина Үкіметі үшін

Молдова Республикасының Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады