"Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 қарашадағы № 669 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін
одан әрі жетілдіру туралы

      Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі:
      халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;
      құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне беріле отырып;
      2) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі:
      оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарын, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, еңбекші көшіп-қонушылар мен этникалық қазақтардың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру, құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді қоспағанда, көшi-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру және іске асыру, көші-қон процестерін мониторингтеу, талдау және болжамдау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетін құруды;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар арасында штат санын қайта бөлуді;
      3) ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының
2017 – 2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеуді;
      4) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады