Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Босымбекқызы Дүйсеноваға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Б.Сағынтаев
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 11 қарашадағы
№ 700 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЖИТС-ке, туберкулезге
және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор арасындағы
өзара түсіністік туралы меморандум
Осы (күшіне ену күні) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум (бұдан әрі – Өзара түсіністік туралы меморандум) бұдан әрі бірге – Тараптар, әрқайсысы жеке – Тарап деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор (бұдан әрі – Жаһандық қор) арасында жасалады,
Жаһандық қор 2002 жылғы қаңтарда жаһандық деңгейде қаржы ресурстарын тарту және басқару, сондай-ақ аталмыш ресурстарды елдерге АИТВ/ЖИТС-ке, туберкулезге және/немесе безгекке шалдыққан адамдардың профилактикасы, оларды емдеу және күту бойынша ұлттық және өңірлік бағдарламаларын қолдау үшін беру мақсатында инновациялық қаржы мекемесі ретінде құрылғанын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
тиісті Елдік/Өңірлік үйлестіру комитеті (комитеттері) немесе өңірлік ұйымдар (бұдан әрі – ЕҮК, ӨҮК немесе ӨҰ) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің туберкулез проблемалары ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын және «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталық» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын тиісті қабылдаушы елде (Жаһандық қордың гранттары туралы ережелерде (2014 жыл) қамтылған анықтамаға сәйкес) немесе қабылдаушы елдерде тиісті Бағдарламаны (Бағдарламаларды) (Жаһандық қордың гранттары туралы ережелерде (2014 жыл) қамтылған анықтамаға сәйкес) іске асыру үшін негізгі реципиенттер ретінде тағайындағанын немесе, күтіліп отырғандай, тағайындайтынын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
ОСЫМЕН Тараптар төмендегілер туралы келісті.
1-бап
Жаһандық қордың гранттары туралы ережелер (2014 жыл)
1.1 Сілтеме арқылы қосу. Жаһандық қордың гранттары туралы ережелердің (2014 жыл) Жаһандық қордың веб-сайтында көрсетілген барлық баптары осы Өзара түсіністік туралы меморандумға олар осы құжатта толық мазмұндалғандай күш пен қолданысқа ие болып қолданылады, дегенмен күмән келтірмес үшін Жаһандық қордың гранттары туралы ережелердің (2014 жыл) 12.2-бөлімін немесе кез келген басқа бабын алмастырмайтын төменде келтірілген нақтылаулар жағдайында:
(1) Жаһандық қордың гранттары туралы ережелердің (2014 жыл) 12.2-бөлімін (артықшылықтар мен иммунитеттер) іске асыруға қатысты Үкімет артықшылықтар мен құқықтық иммунитеттер беру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтеді.
1.2 Терминдер мен анықтамалар. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумда пайдаланылған, Жаһандық қордың гранттары туралы ережелерде (2014 жыл) айқындалған барлық терминдер, осы Өзара түсініктік туралы меморандумда анықтамалар өзгерген немесе осы Өзара түсініктік туралы меморандумның контексіне сәйкес өзгесі талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, оларда мазмұндалған тиісті мағынаға ие болуға тиіс. Жаһандық қордың гранттары туралы ережелерде (2014 жыл) пайдаланылатын терминдер қосымша мынадай түрде айқындалған болуға тиіс:
(1) Негіздемелік келісім осы Өзара түсіністік туралы меморандумды білдіреді;
(2) Қабылдаушы ел Қазақстан Республикасын білдіреді;
(3) Грантты алушы Үкімет атынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін білдіреді;
(4) Негізгі реципиент Бағдарлама шеңберінде тиісті ЕҮК, ӨҮК немесе ӨҰ Гранттық келісімге сәйкес Бағдарламаны іске асыру үшін тағайындаған субъектіні білдіреді.
Осы Өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес ресімделген және қол қойылған әрбір гранттық растама үшін көрсетілген негізгі реципиент Грантты алушының бөлігі, еншілес ұйымы немесе басқа түрде аффилиирленген тұлғасы болып табылады;
(5) Гранттық келісім – осы немесе өзге Бағдарламаға қатысты жиынтығында: осы Өзара түсіністік туралы меморандумды, гранттық растаманы, сондай-ақ осы Өзара түсіністік туралы меморандумға және/немесе гранттық растамаға енгізілген кез келген және барлық түзетулерді білдіреді.
2-бап
Гранттарды растау
2.1 Гранттық растамалар.
(1) Жаһандық қор және Грантты алушының атынан әрекет ететін негізгі реципиенттер тиісті қабылдаушы елде немесе қабылдаушы елдерде белгілі бір Бағдарламаны (Бағдарламаларды) іске асыру үшін бір немесе бірнеше гранттық растаманы ресімдейді, әрбір осындай гранттық растамада ол (олар) туралы тиісті ақпарат баяндалады.
(2) Әрбір жасалған гранттық растамаға сәйкес Жаһандық қордың гранттары туралы ережелердің (2014 жыл) 3.2 және 3.3-баптарының ережелерін сақтаған жағдайда, Жаһандық қор тек Бағдарламаның мақсаттары үшін және Бағдарламаны іске асыру кезеңі ішінде Грантты алушының атынан әрекет ететін тиісті негізгі реципиентке гранттық растамада мазмұндалған тәртіппен және шарттарда айқындалған гранттық қаражатты беруге өзінің дайындығын растайды.
(3) Әрбір жасалған гранттық растамаға сәйкес Грантты алушының атынан әрекет ететін тиісті негізгі реципиент тиісті бағдарламалық қызметті гранттық растамада мазмұндалған тәртіппен және шарттарда гранттық қаражатты пайдалана отырып жүзеге асыруға өзінің дайындығын растайды.
2.2 Өзге ережелерге сенімнің болмауы және міндеттемелерден бас тарту.
Жаһандық қор осы Өзара түсіністік туралы меморандумды жасай отырып, мұндай шешімді Жаһандық қор жеке қарауы бойынша қабылдаған жағдайларды қоспағанда, гранттық растаманы дайындауға, беруге және ресімдеуге міндетті емес; және Грантты алушы немесе оның негізгі реципиенттерінің, қосалқы реципиенттерінің немесе өнім берушілерінің кез келгені іс жүзінде немесе әлеуетті ұшырауы немесе өзіне қабылдауы мүмкін, Жаһандық қордың осы Өзара түсіністік туралы меморандумның шарттарында бір немесе бірнеше немесе қандай да бір нақты гранттық растаманы дайындамауы, бермеуі немесе ресімдемеуі салдарында туындаған кез келген зиян, шығындар, шығыстар және міндеттемелер үшін Жаһандық қор жауапты болмайды. Грантты алушы мұндай шешім жеке қарауы бойынша қабылданған жағдайларды қоспағанда, гранттық растамаға қол қоюға міндетті емес және Жаһандық қор іс жүзінде немесе әлеуетті ұшырауы немесе өзіне қабылдауы мүмкін, Грантты алушы осы Өзара түсіністік туралы меморандумның шарттарында бір немесе бірнеше немесе қандай да бір нақты гранттық растамаға қол қоймағаны салдарында туындаған кез келген зиян, шығындар, шығыстар және міндеттемелер үшін Грантты алушы жауапты болмайды.
3-бап
Түсіндіру
3.1 Сәйкессіздік. Гранттық растамалардың барлығы осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ережелерімен реттеледі. Гранттық растаманың Бағдарлама бойынша қандай да бір ережесі мен осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ережесі арасындағы кез келген сәйкессіздік жағдайында гранттық растаманың ережесі мұндай Бағдарламаның мақсаттары үшін (бірақ шеңберінде ғана) басым күшке ие болады.
3.2 Бірыңғай келісім. Барлық гранттық растамалар осы Өзара түсіністік туралы меморандум барлық гранттық растамалармен бірге (оған енгізілген кез келген және барлық алдағы түзетулерді қоса алғанда) Тараптар арасындағы бірыңғай келісімді құрайтынын Тараптардың түсінуіне негізделе отырып жасалады.
3.3 Тілдік нұсқа. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның мәтіні екі түпнұсқа данада, әр түпнұсқа дана қазақ және ағылшын тілдерінде жасалады.
Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның мәтіндері арасында қандай да бір келіспеушіліктер немесе сәйкессіздік туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін айқындаушы және басым күшке ие болады.
4-бап
Өзге ережелер
4.1 Заңдық күшін сақтау.
(1) Әрбір Бағдарламаға қатысты Жаһандық қор Грантты алушының (және тиісті негізгі реципиенттің) Гранттық келісімде мазмұндалған барлық келісімдеріне, растамаларына және шарттық міндеттемелеріне сүйенеді; және олар Жаһандық қор немесе Жаһандық қордың атынан үшінші тарап жүргізген қандай да бір тергеу немесе бағалауға қарамастан Тараптар Гранттық келісімді жасағаннан және даналарымен алмасқаннан кейін Тараптар Гранттық келісімді ресімдегенге және даналарымен алмасқанға дейін заңдық күшін сақтайды және Жаһандық қор бағдарламаны іске асыру кезеңі ішінде кез келген уақытта бұрыс куәландыру немесе кепілдендірудің кез келген фактісіне қатысты хабарлама алған не мәліметі болған жағдайда да олар бағдарламаны іске асырудың аталмыш кезеңі аяқталғанға дейін толық күші мен қолданысын сақтайды деп саналады.
(2) Әрбір Бағдарламаға қатысты осы Өзара түсіністік туралы меморандумның 1.1, 1.2, 2.2, 3.1-ден бастап 3.3-ке дейінгі, 4.1-ден бастап 4.3-ге дейінгі және 4.5-бөлімдері және Жаһандық қордың Гранттары туралы ережелердің (2014 жыл) 1.3, 2.1-ден бастап 2.4-ге дейінгі, 3.1, 3.3(3), 3.4-ден бастап 3.6-ға дейінгі, 4.2, 4.3(4), 4.4(2), 5.2, 6.4(2), 6.5, 6.6, 7.1, 7.5, 7.6, 10.3, 10.4-бөлімдері мен 11 және 12-баптары Гранттық келісімнің іске асырылу кезеңі өткеннен немесе қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін заңдық күшін сақтайды.
(3) Әрбір Бағдарламаға қатысты Гранттық келісімнің қандай да бір себеп бойынша іске асырылу кезеңінің өтуі немесе қолданысының кез келген мерзімінен бұрын тоқтатылуы қолданылу мерзімі өткенге немесе мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін Тараптардың кез келгенінде туындаған немесе болған құқықтарды немесе міндеттемелерді қозғамайды.
4.2 Қолданылатын заңнама. Әрбір Бағдарламаға қатысты тиісті Гранттық келісім УНИДРУА халықаралық коммерциялық шарттардың қағидаттарымен (2004 жыл) реттеледі.
4.3 Хабарламалар.
(1) Өзара түсіністік туралы меморандумға немесе кез келген гранттық растамаға сәйкес бір Тарап басқа Тарапқа жіберетін кез келген хабарлама (бұдан әрі – Хабарлама) төменде көрсетілген тиісті мекенжайға және/немесе нөмірге не осы бөлімнің ережелеріне сәйкес Тараптардың кез келгені басқа Тарапты жазбаша хабарландыру жолымен көрсеткен өзге мекенжайға (мекенжайларға) және/немесе нөмірге (нөмірлерге) жазбаша нысанда ұсынылады және жеке не тапсырыс хатымен, хабарламасы бар хатпен (пошталық алымдарды алдын ала төлей отырып), халықаралық курьерлік қызметпен, факс арқылы немесе хабарламалармен алмасудың электрондық жүйесі арқылы жеткізіледі:
(а) нақты Бағдарламаға қатысты мәселе бойынша тиісті гранттық растамада көрсетілген тиісті мекенжайға және/немесе нөмірге; және
(б) осы Өзара түсіністік туралы меморандумға жалпы қатысты мәселе бойынша немесе осы Өзара түсіністік туралы меморандумның шарттарында бірден аса Бағдарламаны әлеуетті қозғайтын мәселе бойынша төменде көрсетілген тиісті мекенжайға және/немесе нөмірге немесе осы бөлімнің ережелеріне сәйкес Тараптардың кез келгені басқа Тарапты жазбаша хабарландыру жолымен көрсеткен өзге мекенжайға (мекенжайларға) және/немесе нөмірге (нөмірлерге):
Жаһандық қор:
ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор
Chemin de Blandonnet 8, 1214 Vernier, Geneva, Switzerland
Кімнің назарына: Mark Eldon-Edington
Гранттарды басқару жөніндегі бөлімше бастығы
Телефон: +41 58 791 17 50
Факс: +41 58 791 17 01
Электрондық пошта мекенжайы: headgrantmanagement@theglobalfund.org
Грантты алушы:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
Мекенжайы: Орынбор көшесі, 8, Астана, Қазақстан
Телефон: +7 7172 742851
Факс: +7 7172 743608
Электрондық пошта мекенжайы: minzdravsoc@mzsr.gov.kz
(2) Кез келген Хабарлама мына жағдайларда тиісті түрде жіберілген болып саналады: (а) Хабарлама жеке немесе халықаралық курьерлік қызметпен жеткізілген жағдайда қабылдаушы Тарапқа жеткізу толық орындалса; (б) тапсырыс хатымен немесе пошта алымдарын алдын ала төлей отырып, хабарламасы бар хатпен жеткізілген жағдайда алынған кезде; (в) факс арқылы жіберілген жағдайда сәтті жіберілгені расталған кезде және (г) ондай Хабарламаның түпнұсқасы нәтижесінде халықаралық курьерлік қызмет арқылы, тапсырыс хатымен немесе пошта алымдарын алдын ала төлей отырып, хабарламасы бар хатпен жіберілген жағдайда хабарламалармен алмасудың электрондық жүйесі арқылы сәтті жіберілген кезде.
(3) Жаһандық қорға Жаһандық қордың жергілікті агенті (бұдан әрі – ҚЖА) арқылы тиісті Гранттық келісімнің шарттарында қажет болуы мүмкін кез келген хабарламаны жолдаған кезде Грантты алушы немесе Грантты алушының атынан әрекет ететін тиісті негізгі реципиент аталған хабарламаны осы бөлімнің тармағында (2) жоғарыда сипатталғандарға ұқсас қағидаттарды сақтай отырып, гранттық растамада ол туралы ақпарат қамтылған ҚЖА-ға ұсынуға тиіс.
(4) Тиісті Гранттық келісімнің шарттарында жолданатын барлық хабарламалар ағылшын тілінде жасалады, көшірмесі тиісті ЕҮК-ге немесе жағдаяттарға байланысты ӨҮК-ге не ӨҰ-ға жолданады.
4.4 Өзара толықтыратын даналар; факс арқылы немесе хабарламалармен алмасудың электрондық жүйесі арқылы жіберу. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум және барлық гранттық растамалар бірге Тараптар бір құжатқа қол қойғандай бір келісімді құрайтын бір немесе одан көп ұқсас данада жасалады. Сондай-ақ, осы Өзара түсіністік туралы меморандумға және барлық гранттық растамаларға қол қойып, факс арқылы немесе хабарламалармен алмасудың электрондық жүйесі арқылы жолдауға болады және Тараптардың даналарға мұндай қол қоюы мен олармен алмасуы түпнұсқа қолтаңбалар бар түпнұсқа құжат сияқты күш пен қолданысқа ие болады.
4.5 Өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Тараптардың біреуі тек осы Өзара түсіністік туралы меморандумның шеңберінде ұсынылған өзінің біржақты құқықтарын немесе дискрециондық өкілеттіктерін жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, осы Өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер, егер жазбаша түрде жүзеге асырылса және Жаһандық қордың және Грантты алушының уәкілетті өкілдері тиісті түрде қол қойса, жарамды болып табылады.
4.6 Күшіне ену күні. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум қол қоюшы Тараптардың соңғысы осы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
ЖОҒАРЫДА АЙТЫЛҒАНДАРДЫ РАСТАУ ҮШІН Тараптар өздерінің тиісінше уәкілеттік берілген тиісті өкілдеріне осы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, көрсетілген күшіне ену күні тапсыруды жүктеді.
Қазақстан Республикасының |
ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор атынан |
||
Қолы: |
_________________ |
Қолы: |
_________________ |
Т.А.Ә.: |
Дүйсенова |
Т.А.Ә.: |
|
Лауазымы: |
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі |
Лауазымы: |
|
Күні: |
Күні: |