Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің Техникалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысты техникалық ынтымақтастық шоты туралы келісімге қосымша келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 қарашадағы № 733 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің Техникалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысты техникалық ынтымақтастық шоты туралы келісімге қосымша келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің Техникалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысты техникалық ынтымақтастық шоты туралы келісімге қосымша келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  Б.Сағынтаев

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2016 жылғы 24 қарашадағы
№ 733 қаулысымен   
бекітілген      

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта құру
және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің Техникалық
ынтымақтастық бағдарламасына қатысты техникалық ынтымақтастық
шоты туралы келісімге қосымша келісім

      Осы Қосымша келісім (бұдан әрі – Қосымша келісім) бірлесіп «Тараптар» (және жеке-жеке бұдан әрі – Тарап) деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкі (бұдан әрі – ЕҚДБ немесе Банк) арасында Техникалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚДБ-ның техникалық ынтымақтастық шотына (бұдан әрі – шот) қатысты жасалады.

       ӨЙТКЕНІ

      (А) Тараптардың 2015 жылғы 25 сәуірдегі қосымша келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген шотқа қатысты 2013 жылғы 1 шілдеде Тараптар келісім (бұдан әрі – Келісім) жасасты;
      (В) Тараптар Келісімге сәйкес техникалық көмек пен өзге де консультациялық қолдауды табысты тартудағы және жүзеге асырудағы ынтымақтастығын жалғастыруға ниетті. Осы мақсатпен Үкімет шотты толықтыру арқылы ынтымақтастыққа қосымша қаражат бөлуге ниетті;
      (С) 2016 жылғы ақпанда Банктің Директорлар кеңесі донорлық қаражатқа қатысты Алымдар алу саясатындағы өзгерістерді мақұлдады, оларға сәйкес донорлар салымдарын басқарғаны және әкімшілендіргені үшін Банк алатын әкімшілік алымдарды ұлғайту туралы шешім қабылданды. Тараптар шотты басқару және әкімшілендіру шығыстарына байланысты Банк алатын әкімшілік алымға қатысты Келісімнің ережелерін нақтылауға ниетті;
      (D) Айталық, Тараптар кейбір тұстарда өзгерістер енгізуге және бұдан әрі осы Қосымша келісімде көрсетілген көлемде және шарттарда Үкімет ынтымақтастыққа бөлген қосымша қаражатпен шотты толықтыру туралы уағдаласуға ниетті.
      Осылайша, Тараптар осы арқылы төмендегілер туралы келіседі:

1-БАП. КЕЛІСІМГЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ

      Осы Қосымша келісім күшіне енген күннен бастап Келісімге өзгерістер мынадай түрде енгізіледі:
      1.1. Келісімнің 10-бабы (Әкімшілік алым) мынадай мазмұндағы 10.2-тармақпен толықтырылсын:
      «10.2. Банк әкімшілендіретін донорлық қаражаттан алынатын алымдарға қатысты болашақта Банктің саясаты мен рәсімдеріне өзгерістер енгізуге сәйкес алынатын әкімшілік алымның сомасын түзету құқығын өзіне қалдырады. Осындай өзгеріс енгізілгеннен кейін Келісімнің 3.2-тармағына сәйкес шотты толықтыру туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылатын кез келген толықтырудан шотты толықтыру туралы тиісті келісімді жасасу кезінде қолданылатын әкімшілік алым сомасы алынуға тиіс және Банк толықтыруды алған кезде немесе толықтырудың кез келген кезекті төлемін алған кезде Банк бұл соманы тиісті толықтырудан шегеруге және ұстап қалуға құқылы.
      Ықтимал болашақ толықтыруды талқылау кезінде Үкіметтің осындай толықтыру туралы қосымша келісімді жасасу арқылы осындай талқылау кезінде толықтыруға қолданылатын әкімшілік алымның сомасымен келісуге не толықтыру туралы тиісті қосымша келісімді жасасудан бас тарта отырып, мұндай сомамен келіспеуге мүмкіндігі бар.».

2-БАП. ШОТТЫ ТОЛЫҚТЫРУ

      2.1. Үкімет, егер Келісімнің 20.2-тармағында өзгеше көзделмесе, Келісімге және осы Қосымша келісімге сәйкес Әріптестік туралы келісім шеңберіндегі тапсырмалардың іске асырылуын қаржыландыру мақсаттары үшін шотты толықтыру ретінде төлем күніндегі бағам бойынша еуроға баламада 2025367000 теңге көлеміндегі, бірақ 5000000 еуродан кем емес соманы өтелмейтін негізде бөледі (бұдан әрі – толықтыру).
      2.2. Толықтыруды Үкімет ЕҚДБ төлем талабында көрсеткен Банктің шотына ақша нысанында, осы Қосымша келісім күшіне енген кезде және Банктен төлем талабы алынғаннан кейін 15 күннің ішінде ЕҚДБ-ға төлейді.
      2.3. Келісімнің 10.2-тармағына сәйкес Банк шотты басқару және әкімшілендіру шығыстарына байланысты толықтыру сомасының 4 % (төрт пайызы) мөлшерінде әкімшілік алымды шегеруге және ұстап қалуға құқылы.
      Толықтырудан осындай әкімшілік алымды шегеру оны Банк шотына алған жағдайда жүргізіледі.
      2.4. Банк Үкіметке толықтыруды игеру бойынша есептерді мынадай түрде ұсынады:
      (а) толықтыру ресурстарын игеру бойынша жартыжылдық есептер;
      (б) Банктің есептілік нысанына сәйкес толықтыру қаражатына жүзеге асырылған әрбір жекелеген тапсырма бойынша жылдық есептер.
      2.5. Осы Қосымша келісім осы Қосымша келісімнің 1-бабымен енгізілген өзгерістерге сәйкес Келісімде көрсетілген шарттармен регламенттеледі және Келісімнің шарттары осы Қосымша келісімге толық көлемде енгізілген және бұдан әрі осы Қосымша келісімде көрсетілген шарттармен толықтырылған болып есептеледі.

3-БАП. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      3.1. Осы Қосымша келісім екі Тараптың соңғысы қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.
      3.2. Егер Қосымша келісімнің 1-бабында өзгеше көзделмесе, Келісімнің барлық өзге шарттары өзгеріссіз қалады, осы Қосымша келісімде қамтылған, Келісімге жасалған барлық сілтемелер осы Қосымша келісіммен енгізілген өзгерістер ескерілген, Келісімге жасалған сілтемелер деп саналады.
      3.3. Осы Қосымша келісімде пайдаланылған, Келісімде анықтама берілген барлық терминдер, егер осы Қосымша келісімде тікелей нысанда өзгеше көзделмесе, Келісімде оларға берілген мағынаға ие болады.
      3.4. Осы Қосымша келісімнің Тараптары осы Қосымша келісімнің кез келген ережесін түсіндіру немесе қолдану кезінде немесе оған байланысты туындайтын барлық дауларды немесе келіспеушіліктерді немесе талап-арыздарды консультациялар мен келіссөздер процесінде бейбіт келісім тәртібімен реттейді.
      3.5. Осы Қосымша келісімде ештеңе де Банкке, оның басқарушыларына, директорларына, директорларының орынбасарларына, лауазымды адамдарына, Банктің тапсырмаларын орындайтын қызметшілеріне немесе сарапшыларға берілген артықшылықтардан, иммунитеттер мен алып қоюлардан анық немесе болжамды бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН төменде қол қоюшылар, өздерінің тиісті түрде өкілеттік берілген өкілдері арқылы әрекет ете отырып, әрқайсысы екі төлнұсқа данада қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі осы Қосымша келісімге қол қойды. Осы Қосымша келісімнің қолданылуы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады. Үш тілдегі нұсқалар арасында әртүрлі оқулар немесе қайшылықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқа басым күшке ие болады.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
____________________
___________________қаласы
____________________күні

Еуропа Қайта құру
және Даму Банкі үшін
_____________________
___________________қаласы
____________________күні


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады