Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 желтоқсандағы № 779 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2016 жылғы 3 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б. Сағынтаев


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 779 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының
Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      (2017 жылғы 8 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 1, 15-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі

      халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына сәйкес екіжақты ынтымақтастықты қолдау жөніндегі бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын мойындай отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тең құқықтылық қағидаты негізінде Тараптар арасындағы өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және одан әрі дамыту болып табылады.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) "әскери техника" - қорғаныс және қауіпсіздік міндеттерін орындау кезінде пайдаланылатын қару, жауынгерлік машиналар, аспаптар мен басқа да техникалық құралдар;

      2) "қару-жарақ" - әртүрлі қару түрлерінің, оқ-дәрілердің кешені, оларды тасығыштар және оларды қолдануды қамтамасыз ететін құралдар;

      3) "материалдық құралдар" - қарулы күштердің әскери қызметшілерін оқытуды және олардың міндеттерін орындауын қамтамасыз ету үшін қажетті киім-кешек және басқа да құралдар;

      4) "қабылдаушы Тарап" - осы Келісімге сәйкес өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тараптың өкілдерін қабылдайтын Тарап;

      5) "жіберуші Тарап" - осы Келісімге сәйкес өз өкілдерін қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына жіберетін Тарап.

3-бап

      1. Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары:

      1) Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      2) Словак тарапынан – Словак Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.

      2. Уәкілетті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

4-бап

      1. Тараптар ынтымақтастықты мынадай салаларда жүзеге асырады:

      1) әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды шығару, жаңғырту және жөндеу;

      2) әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды жеткізу;

      3) әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды жасау және жөндеу кезінде пайдаланылатын технологиялық жабдықты, шикізатты, материалдарды жеткізу;

      4) әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды ғылыми зерттеу және әзірлеу;

      5) әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды стандарттау, кодификациялау және олардың сапасын бақылау;

      6) оқ-дәрілерді, әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды кәдеге жарату;

      7) әскери-техникалық кадрларды даярлау және оқыту;

      8) Тараптардың уағдаласуы бойынша өзге де салалар.

      2. Нақты салалардағы ынтымақтастық осы мақсаттарда жасалатын жеке шарттарға сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.

5-бап

      Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      1) әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды әзірлеу және шығару бойынша бірлескен кәсіпорындарды құру;

      2) ынтымақтастық салалары бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу;

      3) әскери техниканы, қару-жарақ пен материалдық құралдарды зерттеу, әзірлеу және шығару жөніндегі бірлескен жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу;

      4) әскери-техникалық кадрлардың курстарын және консультацияларын өткізу;

      5) Тараптардың уағдаласуы бойынша өзге де ынтымақтастық нысандары.

6-бап

      1. Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді іске асыру бойынша шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

      2. Қабылдаушы Тараптың мемлекетіндегі кездесулерді ұйымдастыру, делегацияларды қабылдау бойынша шығыстарды және көлік шығыстарын қабылдаушы Тарап көтереді.

      3. Жіберуші Тарап делегацияларының қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағындағы іс-шараларды өткізу орнына және кері жол жүруі, сондай-ақ олардың тамақтануы және тұруы бойынша шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.

7-бап

      1. Қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тарап делегациясының мүшелері болған уақытта оларды қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес шұғыл және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.

      2. Жіберуші Тарап мәйітті жіберуші Тарап мемлекетінің аумағына жеткізу жөніндегі шығыстарды қоса алғанда, өз делегациясы мүшесінің қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында қайтыс болуына байланысты шығыстарды көтереді.

8-бап

      1. Құпия ақпарат алмасу Тараптар арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы жеке келісімнің негізінде жүзеге асырылады.

      2. Тараптар зияткерлік меншік құқықтарын Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қорғауды қамтамасыз етеді.

      3. Тараптар осы Келісімге сәйкес екіжақты ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      1. Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар Тараптар уәкілетті органдарының арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі және шешу үшін ешқандай ұлттық немесе халықаралық сотқа, сондай-ақ үшінші Тарапқа берілмейді.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері зияткерлік меншік құқықтары бұзылған жағдайда қолданылмайды.

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар жазбаша түрде ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

12-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      2. Осы Келісім Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      3. Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданысын тоқтатуға құқылы. Келісім бір Тарап екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты (6) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      4. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданысы кезеңінде туындаған міндеттемелерді орындауға әсер етпейді.

      2016 жылғы 3 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, словак және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының

Словак Республикасының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады