Ескерту. Нормативтік қаулының күші жойылды – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 2 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы қылмыстық-процестік заңнаманың өзгеруіне байланысты және оны біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 52-тарауының нормаларына сәйкес бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулылары олар апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін болатыны түсіндірілсін.
Аппеляциялық шағымдарды заңда белгіленген тәртіппен кері қайтарып алған жағдайда бірінші сатыдағы сот актілері апелляциялық сатыда қаралмағандықтан, кассациялық сатыда қайта қаралуға жатпайды.
Егер істің апелляциялық сатыда процеске басқа қатысушылардың шағымдары бойынша немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралуы орын алса, онда бұл өтінішхат авторының апелляциялық сатыға жеке өзінің жүгінуі туралы ҚПК-нің 484-бабының талаптарын сақтауын білдірмейді. Сотталған адамның (ақталған адамның) мүддесі үшін қорғаушының, өкілдің немесе заңды өкілдің немесе жәбірленушінің мүддесі үшін өкілдің немесе заңды өкілдің апелляциялық шағымдары апелляциялық сатыда қаралған жағдайларда сотталған адамның (ақталған адамның) не жәбірленушінің берген өтінішхаттары олардың апелляциялық сатыға жеке жүгінулеріне қарамастан кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатады.
2. ҚПК-нің 484-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот актілері оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ қылмыстық терiс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша сот актілері ҚПК-нің 485-бабының тиісті бөліктерінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі - Бас прокурор) наразылығы бойынша немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот Төрағасы) ұсынуы бойынша ғана кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
3. Сот актілерін қайта қарауға негіздер болған жағдайда кассациялық сатының сот отырысында іспен бірге өтінішхатты қарауға беру туралы судьяның қаулысы, сонымен қатар өздерінің бастамасымен да, ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер бойынша ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаттары бойынша да енгізілетін Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы, Бас Прокурордың наразылығы түскен кезде кассациялық сатыда істі қарау жүзеге асырылады.
ҚПК-нің 414-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар істі алдыңғы сот сатыларында қарау кезінде қатыспаған жағдайларда да заңды күшіне енген сот актілеріне, бірақ үкімді, қаулыны апелляциялық тәртіппен қайта қарау міндеттілігі туралы талапты сақтаған жағдайда, өтінішхат беруге құқылы.
Құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын сот актілерінің бөлігін қайта қарау туралы өтінішхатты беруге құқығы бар басқа тұлғалардың қатарына белгіленген тәртіппен процестің сол немесе өзге қатысушылары болып танылмаған, бірақ өзінің нақты жағдайынан (кепіл беруші, мүлкіне тыйым салынған адам және басқалары) сот қорғауын қажет ететін адамдар жатады. Жекеше қаулыда көрсетілген мән-жайларға байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шаралар қолданылуы мүмкін тұлғаның шығарылған жекеше қаулының заңдылығын тексеру туралы өтінішхатпен кассациялық сатының сотына жүгінуге құқығы бар.
Процеске қатысушы болып табылмайтын тұлғалардың өтінішхаттарында сот актісінің қандай бөлігінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қозғалғаны, істі қарау кезінде заңның қандай нормаларының бұзылғаны, сонымен қатар олардың пікірі бойынша сот актілерін қайта қарауға әкеп соғатын нақты негіздер аталып, өтініштің мәні көрсетілуі тиіс.
Сотталған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі заңды күшіне енген сот актілеріне өтінішхатты, егер заңда іс бойынша адамның сотталғанның заңды өкілі ретінде қатысуы үшін өзге негіздер көзделмесе, сотталған адам кәмелет жасына толғанға дейін ғана беруге құқылы.
4. Өтінішхат, наразылық, ұсыну түскен кезде кассациялық сатының сотына автордың ҚПК-нің 487-бабында көзделген процестік мерзімдерді сақтауын тексеру қажет. ҚПК-нің 487-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімді сақтамау өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды қараусыз қайтару туралы қаулы шығару үшін негіз болып табылады.
5. Сотқа дейінгі іс жүргізу немесе істі сотта қарау кезінде жіберілген азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтарды немесе ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген салдарлардың ең болмағанда біреуінің басталуына әкеп соққан қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауын заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауға негіздер деп есептеген жөн. Заңды күшіне енген үкімдерді, қаулыларды қайта қарау үшін көрсетілген негіздердің тізбесі толық болып табылады. Үкімдер мен қаулылар ҚПК-нің 485-бабының екінші бөлігінде көрсетілген негіздер болған кезде ұсыну, наразылық бойынша және ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген салдарлар болмаса да қайта қаралуы мүмкін.
6. Үкімді, қаулыны кассациялық тәртіппен қарау үшін негіз ретінде заңның дұрыс қолданылмауы соттың заңның қылмыстық және қылмыстық-процестік нормасын қате талдауына, сонымен қатар онда жазылған талаптарды сақтамауына және соттың істі қарау кезінде жіберген басқа да бұзушылықтарына, егер осы бұзушылықтар ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген салдарлардың басталуына алып келсе, негізделуі мүмкін.
7. ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес кінәсіз сотталған деп қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаған кезде немесе адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысуы дәлелденбеген кезде оған қатысты айыптау үкімі шығарылған тұлғаны есептеген жөн.
8. Істе бар дәлелдемелерге дұрыс баға берілмеген, соттың түйіндері істің нақты мән-жайларына қайшы келетін, материалдық немесе процестік заңдар дұрыс қолданылмаған жағдайларда немесе сотталған адамды ақтау туралы не істі тоқтату туралы шешімнің заңдылығы мен негізділігін жоятын өзге де мән-жайлар анықталған жағдайларда ақтау үкімін немесе істі тоқтату туралы қаулыны негізсіз деп бағалаған жөн. Қылмыстық-процестік заңның өзге бұзушылықтары заңды күшіне енген ақтау үкімін, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны немесе сотталған адамның пайдасына шығарылған өзге де шешімді, егер осы сот шешімдері өтінішхатта, наразылықта мәні бойынша дауланбаса, қайта қарау үшін өздігінен негіз бола алмайды.
9. Соттың жазаны даралау туралы заң талаптарын сақтамай, бірақ әрекетті саралауы қылмыстық заң бабы санкциясының шегінде болса да, жазаның шектен тыс жеңілдігі немесе шектен тыс қатаңдығы салдарынан жасалған әрекеттің ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейтін жазаны тағайындауы үкімді кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін дербес негіз болып табылады.
Жаза Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлімінің бабының санкциясы шегінен асқан не Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 55-бабы қолданылмай, ҚК-нің тиісті бабында көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындалған жағдайларда да қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейді деп танылады. Жазаның қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуі, ол дұрыс таңдалып, бірақ мөлшері немесе мерзімі қате айқындалған кезде де орын алуы мүмкін.
Сонымен қатар жазаның ҚК-нің 54-бабында көзделген мән-жайлар ескерілмей тағайындалуы, ҚК-нің 55-бабында көзделген айрықша мән-жайлар болмаған кезде заңда көзделгеннен неғұрлым жеңіл жазаның тағайындалуы, жазаның қылмыстардың қайталануы ескерілместен тағайындалуы, шартты түрде соттаудың негізсіз қолданылуы және т.б. жазаның қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына оның шектен тыс жеңілдігіне байланысты сәйкессіздігін куәландыруы мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне, кінәлі адамның жеке басына және істің нақты мән-жайларына анық сәйкес келмейтін, жауаптылықты жеңілдететін, сонымен қатар соттың заңда көзделген бостандықтан айырмауға байланысты жазаны қолдану мүмкіндіктерін пайдаланбаған, жазаны ҚК-нің 52, 53-баптарының талаптарын ескермей тағайындаған жағдайларында жазаны шектен тыс қатаң деп таныған жөн.
10. ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында көзделген негіз бойынша үкімдер мен қаулылар белгіленген тәртіппен жәбірленуші, оның өкілі немесе заңды өкілі деп танылған адамның өтінішхаттары бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Адамды жәбірленуші деп негізсіз танымау, оның ҚПК-нің 71, 72, 73 және 76-баптарында көзделген құқықтарының елеулі бұзылуы, атап айтқанда прокурор айыптаудан бас тартқан кезде жәбірленушіні жекеше айыптаушы деп танымау, оны сот талқылауына қатысу, сот жарыссөзінде сөз сөйлеу құқығынан айыру, жәбірленуші (азаматтық талап қоюшы) мәлімдеген азаматтық талапты дұрыс шешпеу және қылмыстық істі мәні бойынша дұрыс шешуге әсер еткен басқа жағдайлар жәбірленушіні сот қорғау құқығынан айыру жөнінде куәландыруы мүмкін. Талапты қараусыз қалдыру жағдайларын қоспағанда, азаматтық талаптың дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан заңды, сонымен қатар "Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысында берілген түсініктемелерді дұрыс қолданбау осы бөлікте заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды қайта қарау үшін негіз болып табылады.
11. Соттың алқабилердің қатысуымен шығарған, заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын кассациялық сатыда қайта қарау ҚПК-нің 665, 666-баптарында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
12. ҚПК-нің 493-бабына сәйкес қайта қарау туралы өтінішхат берілген, наразылық келтірілген сот актісін орындау үш айдан аспайтын мерзімге мұндай өтініш өтінішхатта, наразылықта келтірілсе де, өтініш болмаса да толық немесе бір бөлігінде тоқтатыла тұруы мүмкін. Қайта қарау туралы өтінішхат берілген, наразылық келтірілген үкімді, қаулыны орындауды тоқтата тұру туралы Жоғарғы Сот Төрағасының немесе Бас Прокурордың тоқтата тұрудың мерзімі көрсетілген уәжді қаулысы шығуға тиіс, оны орындау үшін тиісті органдарға дереу жіберу қажет.
ҚПК-нің 493-бабында көрсетілген негіздер бойынша соттың заңды күшіне енген үкімін немесе қаулысын орындауды тоқтата тұруға істі талап етіп алдырумен бірге бір мезгілде жол беріледі және кассациялық өтінішхат, наразылық, ұсыну қаралғанға дейін, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге дейін жалғасуы мүмкін, бұдан кейін өтінішхат берілген, наразылық келтірілген сот шешімдерін орындауды тоқтата тұру туралы қаулы өз қолданысын жояды.
Ақтау үкімін, істі тоқтату туралы қаулыны тоқтата тұру мүмкін емес.
Қайта қарау туралы өтінішхат берілген, наразылық келтірілген үкімді, қаулыны тоқтата тұру үшін негіздер сотталған адамдардың өздерімен, мысалы өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына үкімді орындаумен, сотталған адамның ауыр науқасы болған кезде үкімді орындаумен, сонымен қатар үкімді орындау кезінде теріс әсер етуі мүмкін сотталған адамның жақын туыстарымен байланысты болуы мүмкін. Қайта қарау туралы өтінішхат берілген, наразылық келтірілген үкімді, қаулыны орындауды тоқтата тұрудың негіздері тиісінше ресімделген құжаттармен расталуға тиіс.
Үкімді орындауды тоқтата тұру кезінде сот тағайындаған жазаның шарасын қолдану кейінге қалдырылады.
13. Заңды күшіне енген сот қаулысын, үкімін қайта қарау туралы өтінішхаттардың, наразылықтардың, ұсынулардың құрылымы мен мазмұны ҚПК-нің 488-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Аталған талаптарды орындамаған кезде олар үш тәулік ішінде кассациялық саты судьясының хатымен кемшіліктерді жою үшін авторларға қайтарылады. Көрсетілген жағдайларда өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды қайтару үшін негіз болған кедергілерді жойғаннан кейін осы адамдар кассациялық сатының сотына жалпы негіздермен қайта жүгінуге құқылы.
Судья ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда өтінішхатты алдын ала қарау нәтижесі бойынша қаулы шығарады.
14. Өтінішхатты алдын ала қарау қорытындысы бойынша шығарылған судьяның қаулысында ҚПК-нің 485-бабында көзделген сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің бар-жоғын растайтын істе бар мән-жайлар көрсетілуге тиіс.
Сот актілерін қайта қарау үшін негіздер болған кезде кассациялық сатының сот отырысында өтінішхатты іспен бірге қарауға беру туралы қаулыда істі тергеу немесе сот қарауы кезінде жіберілген азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу және қылмыстық немесе қылмыстық-процестік заңдарды бұзу (оларды дұрыс қолданбау) нақты неден байқалатыны, сонымен қатар оларды елеулі, істің аяқталуына әсер еткен және ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағынан бастап 8) тармағын қоса алғандағы тармақтарында көрсетілген салдарлардың басталуына алып келген деп тануға болатын уәждер көрсетілуге тиіс.
Судьяға сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің болмауына байланысты кассациялық сатының сот отырысында қарауға өтінішхатты беруден бас тарту туралы қаулыда ҚПК-нің 491-бабы екінші бөлігі 6) тармағының мағынасы бойынша өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша түйіндерді, қабылданған процестік шешімнің уәждерін, сот үкімінің, қаулысының заңдылығы дауланып отырған өтінішхаттың дәлелдеріне негізді жауаптарды көрсету қажет.
15. Кассациялық сатыдағы судьяның алдыңғы қаулысында сот актісінің заңдылығына, объективтілігіне, шынайылығы мен әділдігіне баға берілген, сотталған адамның кінәсінің дәлелденгені немесе ақталған адамның кінәлі екендігі туралы дәлелдемелерінің жоқтығы, жасалған әрекеттің саралануы, жазаның мөлшерлес болуы туралы қорытынды жасалған және осы дәлелдер сол немесе өзге де түсініктемемен жаңа өтінішхатта келтірілген жағдайлар істі бұрын қаралған негіздер бойынша қарау ұғымына жатқызылатыны түсіндірілсін. Мұндай жағдайда өтінішхат қайта берілген деп бағалануға және ол бойынша ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағында көзделген шешім қабылдануы тиіс.
Қайталанған өтінішхаттар деп нақ сол тұлғаның мүддесі үшін, кассациялық сатыда қарауға іспен бірге өтінішхатты беруден бас тарту туралы судьяның қаулы шығаруымен бұрын қаралған нақ сол іс, нақ сол дәлелдер және нақ сол негіз бойынша әртүрлі қорғаушылардың жүгіну жағдайларын да есептеген жөн.
Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға әкеп соғатын, кассациялық сатыдағы соттың басқа негіздер бойынша қаулысы бар өтінішхат, наразылық кассациялық сатыдағы сот отырысына берілуге және онда қаралуға жатады.
16. Кассациялық сатыдағы сот отырысын тағайындау кезінде ҚПК-нің 492-бабының талаптарын басшылыққа алған жөн.
Кассациялық сатыдағы сотта қорғалу құқығы ҚПК-нің 26, 27-баптарының талаптарына, сонымен қатар "Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық процестік заңнаманы қолдану практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 6 желтоқсандағы № 26 нормативтік қаулысында қамтылған түсініктемелерге сәйкес қамтамасыз етіледі.
ҚПК-нің 495-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ҚПК-нің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысуы міндетті. Мұндай жағдайларда қорғаушының қатысуын сот қамтамасыз етеді.
Бұл ретте ҚПК-нің 67-бабы бірінші бөлігінің 9) тармағына сәйкес қорғаушының міндетті қатысуы сот отырысына мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурордың (мемлекеттік айыптаушы) қатысуына негізделетінін назарда ұстау қажет. Кассациялық сатыдағы сотта прокурор мемлекеттік айыптаушының функцияларын орындамай, қаралып жатқан кассациялық өтінішхаттар бойынша пікір айтып, наразылықта көрсетілген дәлелдерді баяндап, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды беретіндіктен, оның кассациялық сатыдағы сотқа қатысуы қорғаушының міндетті қатысуына алып келмейді.
17. Істі кассациялық сатыда қарау күнін отырысқа қатысуға құқығы бар адамдарды, сондай-ақ сот шешімін қайта қарау туралы өтінішхат берілген, наразылық, ұсыну келтірілген адамдарды тиісті дәрежеде хабарландыру мүмкіндігін ескере отырып белгілеген жөн, осыған байланысты олар сот отырысының өткізілетін күні, уақыты, орны көрсетіліп, істің қаралатыны туралы хабардар етілуге немесе олардың электрондық көшірмелерімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсы арқылы танысу мүмкіндігі туралы хабарлануға тиіс. Аталған адамдарға кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге ұсыну туралы судья қаулысының көшірмесі, сонымен қатар наразылықтың, ұсынудың көшірмелері де жіберілуге тиіс.
18. ҚПК-нің 490-бабының үшінші бөлігіне және 492-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот тиісті мамандардан талап етуге құқылы мамандардың ғылыми қорытындысы деп заң нормаларын талдауды және қаралатын іс бойынша құқық нормаларын қолдануда туындаған проблемалық (даулы) мәселелер бойынша нақты мамандардың түйіндерін түсінген жөн.
Бұл ретте мамандардың қорытындыларында құқық бұзушылық жасаған адамның кінәсінің дәлелденгеніне не дәлелденбегеніне, жасалған әрекеттің саралануына және жазаның тағайындалуына қатысты түйіндер болмауға тиіс. Қажет болған кезде аталған мамандар түсіндірмелер беру үшін кассациялық сатыдағы сот отырысына шақырылуы мүмкін.
Мамандардың ғылыми қорытындысымен кассациялық алқа отырысының процесіне қатысушылар таныстырылуы тиіс.
19. Өтінішхаттарды, наразылықтарды, ұсынуларды қарау бойынша сот отырысы ҚПК-нің 494-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс. Кассациялық тәртіппен істі қарау қорытындылары бойынша сот осы баптың жетінші бөлігінде көрсетілген қаулылардың бірін шығарады.
Заңды күшіне енген үкімдер мен қаулылардың заңдылығы мен негізділігі туралы кассациялық сатыдағы соттың қорытындылары іс материалдарына негізделуі тиіс және істе қамтылмаған материалдарға сілтеме жасамауы қажет. Кассациялық тәртіппен істі қарайтын сот бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда зерттелмеген және олардың үкімінде, қаулысында анықталмаған немесе сот бас тартқан фактілерді, олар туралы деректер іс материалдарында болса да, дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.
Кассациялық сатыдағы сот берілген өтінішхатпен істі қарау кезінде өтінішхаттың барлық дәлелдерін толық көлемде тексереді.
20. Кассациялық сатыдағы сотқа істі дұрыс шешуге қажетті дәлелдердің болуын немесе болмауын белгілеу құқығы берілмеген. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін пайда болған мән-жайлар кассациялық сатыдағы соттың қарау нысанасы бола алмайды, өйткені олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қаралмаған және олардың қаралуы мүмкін болмаған. Іс үшін маңызы бар және бірінші немесе апелляциялық сатылардағы соттардың материалдық немесе процестік заңды қате қолдануын куәландыратын өтінішхатқа, наразылыққа, ұсынуға қоса берілген қосымша материалдар, айыптаудың дәлелденгендігін (дәлелденбегендігін), сотталған адамның рөлі мен кінәсінің дәрежесін, ақталған адамның кінәсінің жоқтығын, істі дұрыс шешуге әсер ететін басқа да мән-жайларды анықтау үшін сот пайдаланған дәлелдемелердің анықтығы мен жол берілетіндігі үкімнің күшін жою және істі жаңа сот қарауына жіберу үшін негіз болады.
21. Сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету ұғымы "Сот төрелігіне қол жеткізу құқығы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот актілерін қайта қарау бойынша өкілеттіктері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысының 4) және 5) тармақтарында келтірілген.
Бұл ретте сотта қолданылған және сотталған адамның (ақталған адамның) іс-әрекетін қате бағалауға, оны қате саралауға, қате жаза тағайындауға, қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзуға, заңсыз және негізделмеген үкім, қаулы шығаруға әкеп соққан құқық ережесінің шынайы мағынасын бұрмалайтын, құқық нормаларын түсіндіру мен қолданудың бірыңғай тәсілдеріне қайшы келетін заңның түсіндірілуін соттардың кассациялық тәртіппен сот актілерін қайта қарауға алып келетін құқық нормаларын түсіндіруіндегі мен қолдануындағы біркелкіліктің бұзылуы деп түсінген жөн.
22. ҚПК-нің 494-бабында көзделген кассациялық сатыдағы сотта істерді қарау шектері толық болып табылады және кеңейтіп түсіндірілуге жатпайды. Сонымен қатар соттың өтінішхаттың, наразылықтың, ұсынудың дәлелдемелерімен байланыста болмайтынын және олардың шегінен шығып, іс бойынша барлық іс жүргізуді толық көлемде тексеруге және сотталған адамның (ақталған адамның) жағдайын жақсартатын шешім қабылдауға құқылы екенін ескерген жөн.
Қылмыстық заңның, рақымшылық жасау туралы актінің кері күші туралы ҚК-нің 6-бабының ережелерін қолдану туралы өтінішхаттар кассациялық тәртіппен қаралмайды, өйткені бұл мәселелерді шешу үкімді орындау жері бойынша қызмет ететін соттардың соттылығына жатқызылған.
Сонымен қатар іс ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер бойынша қаралған және ҚК-нің 6-бабының ережелерін рақымшылық жасау туралы актіні қолдануға мүмкіндік беретін мән-жайлар бір мезгілде байқалатын жағдайларда кассациялық саты заңның аталған нормаларын қолдана отырып, шешім қабылдайды.
23. Заң өтінішхаттарды, наразылықтарды, ұсынуларды қарау кезінде кассациялық сатыдағы соттан өтінішхат, наразылық, ұсыну берілмеген іс бойынша сотталған адамдарға қатысты сот шешімін қабылдауды талап етпейді. Сонымен қатар, егер олардың әрекеттері соттың үкіміне, қаулысына өтінішхат берілген, наразылық, ұсыну келтірілген адамдардың іс-әрекеттерімен тығыз байланыста болса, ал олардың сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттерін саралауды өзгерту басқа сотталған адамдардың әрекеттерін саралауды өзгертуге не оларға қатысты істі тоқтатуға әкеп соғатын болса, онда сот өтінішхат, наразылық берілмеген сотталған адамдарға қатысты соттың үкімін және қаулысын, бұл ретте олардың жағдайы нашарламайтын жағдайда, қайта қарауға құқылы. Мұндай жағдайларда, егер құқық бұзушылық жасағаннан кейін ол үшін жауаптылық заңмен жойылса немесе жеңілдетілсе, жаңа заңды қолдану туралы азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған сот билігін тағайындау туралы конституциялық қағидаттарды негізге алып, өтінішхат, наразылық, ұсыну берілмеген сотталған адамдардың жағдайларын жақсарту мақсатында сот актілері қайта қаралуы мүмкін. Бұл жағдайда сот қаулыда не себептермен басқа адамдарға қатысты сот қаулылары қайта қаралғандығы жөнінде дәлелдер келтіруі тиіс.
Егер үкім мен қаулы өтінішхат, наразылық немесе ұсыну берілген адамдарға ғана қатысты және оларда жазылған дәлелдер бойынша ғана қаралған болса, ал басқа бөлігінде немесе басқа сотталған адамдарға қатысты олар қаралмаса, онда сот бұл туралы сол сот сатысына басқа сотталған адамдардың немесе сол сотталған адамдардың, бірақ өзге де талаптармен немесе бұрынғы талаптардың жаңа дәйектемелерімен өтінішхат беру мүмкіндігінен айырмау үшін қаулыда көрсетуі қажет.
24. Үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер ҚПК-нің 433-бабында көрсетілген мән-жайлар болып табылады. Кассациялық сатыдағы сот істі жаңа сот қарауына жіберместен прокурордың наразылығында немесе жәбірленушінің өтінішхатында жазылған дәлелдер бойынша, егер бұл: апелляциялық сатының сотталған адамға жазаны заңсыз және негізсіз жеңілдетуімен; алдыңғы сот сатылары арифметикалық қатенің немесе алдын ала адамды күзетпен ұстау мерзімін есептеу не қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды қосу кезіндегі қатенің салдарынан дұрыс анықтамаған жазаның, мерзімі мен мөлшерінің ұлғаюымен; азаматтық талап бойынша сотталған адамнан өндіріп алуға жататын соманың өсуімен байланысты болса, үкімді, қаулыны сотталған адамның жағдайын нашарлату жағына өзгертуге құқылы.
25. Апелляциялық, кассациялық сатылардың істі заңсыз тоқтатумен немесе сотталған адамға жазаны жеңілдетумен жіберген заңды бұзушылықтар анықталған кезде Жоғарғы Сот аталған сатылар шығарған қаулылардың күшін жоюға немесе өзгертуге және істі жаңадан сот қарауына жіберместен, өзгертіп немесе оны өзгеріссіз қалдыра отырып, бірінші сатыдағы сот үкімінің (қаулысының) заңдылығы туралы шешімді қабылдауға құқылы.
26. Күші жойылды деп танылсын:
1) "Қадағалау сатысындағы қылмыстық iстер жөнiндегі өндiрiстiң тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 2 қаулысы;
2) "Қадағалау сатысындағы қылмыстық істер жөніндегі өндірістің тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 16 нормативтік қаулысы;
3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 4 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысының 1-1-тармағы;
4) "Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі "Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңын қолдану кезінде сот тәжірибесінде туындайтын кейбір мәселелер туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1999 жылғы 5 қарашадағы № 18 қаулысы.
27. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Қ.МӘМИ |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Қ.ШАУХАРОВ |