Қадағалау сатысындағы қылмыстық iстер жөнiндегі өндiрiстiң тәртiбi туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 28 сәуір N 2 Қаулысы. Күші жойылды - Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы № 5 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2017 № 5 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Сот тәжiрибесiнде туындаған мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етедi:

      1. ҚІЖК-нің 50-тарауының нормаларына сәйкес бірінші, апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулылары, оларды кассациялық сатыдағы сот қарағаннан кейін ғана, сондай-ақ кассациялық сатыдағы соттың қаулылары шағымдануға (наразылық келтіруге) және қайта қаралуға жататыны түсіндірілсін. Бірінші сатыдағы соттың үкімі, қаулысы, егер оларға апелляциялық тәртіппен шағым, наразылық келтірілмесе, ҚІЖК-нің 423-бабының 3-бөлігінде көрсетілген, жарияланған кезінен бастап заңды күшіне енетін апелляциялық үкімдер мен қаулыларды қоспағанда, апелляциялық шағым, наразылық беруге заңмен белгіленген мерзім өткеннен кейін заңды күшіне енеді. Істі апелляциялық сатыда қараған кезде үкім, қаулы апелляциялық қаулы шыққан күні заңды күшіне енеді. Егер шағым, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарылған жағдайда, шағымды, наразылықты қайтарып алуға байланысты іс жүргізуді қысқарту туралы апелляциялық сатының қаулысы шыққан күні үкім мен қаулы заңды күшіне енеді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 нормативтік қаулысымен (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді).

      2. Соттар қорытынды, заңды күшiне енген, орындалуда жатқан немесе орындалған, iстi маңызы бойынша шешетiн түпкiлiктi, iс бойынша өндiрiс бастауға немесе жалғастыруға жол бермейтiн шешiмдi қабылдаған бiрiншi, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттардың қаулылары қадағалау тәртiбiнде қайта қаралуы мүмкiн екенiн ескергенi жөн. Сондай-ақ бiрiншi, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттардың жеке қаулылары қадағалау тәртiбiнде шағымдалуы мүмкiн.

      Мемлекеттік және жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына және оның мерзімін ұзартуға санкция беру мәселелері бойынша, анықтауды және алдын ала тергеуді жүргізетін тұлғалардың әрекеттері мен шешімдеріне немесе прокурордың істі алдын ала тергеу сатысындағы әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдарды шешу бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот қаулылары қадағалау тәртібінде қайта қарауға жатпайды.

      Егер істі қосымша тергеуге немесе жаңадан қарауға жіберу туралы заңды күшіне енген сот қаулысына, ол заңды күшіне енген күннен бастап 15 тәулік ішінде шағымданса және ҚІЖК-нің 459-бабында көзделген негіздер бар болса, ол қадағалау тәртібінде қайта қаралуы мүмкін. Егер істі сот қабылдап алса және ол бойынша жаңа сот талқылауы басталса немесе қосымша тергеу жүргізіліп жатса, онда өтініштің немесе наразылықтың уәждерін тексеру үшін істі сұратып алуға болмайды.

      Істі қадағалау тәртібінде қарау нәтижелері бойынша шығарылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқасының қаулылары ерекше жағдайда ҚІЖК-нің 458-бабының 3-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының (бұдан әрі мәтін бойынша – прокурор) наразылығы немесе судьялардың шағым жасалған сот актілерін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы қаулылары болғанда ғана қадағалау сатысы сотында істі қарау мүмкін болады. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтініштерді алдын ала қарау үш судья құрамында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      4. Азаматтардың конституциялық құқықтарын және бостандықтарын бұзушылықтар немесе қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңды дұрыс қолданбау, егер олар ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген салдардың ең болмаса бiреуiне әкелiп соқтырған жағдайда ғана, шағым жасалған сот қаулыларын қайта қарауға негіз болып табылады. Заңды күшiне енген үкiмдердi, қаулыларды қайта қарау үшiн ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген негіздер тiзiмi түпкiлiктi болып табылатынын ескерген жөн. ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген салдар болмаған жағдайда да үкiмдер мен қаулылар өтініштер бойынша ҚIЖК-нiң 459-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген негіздермен қайта қаралуы мүмкiн.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.

      5. Сот үкiмiн, қаулысын қадағалау тәртiбiнде қайта қарау үшiн бұзушылығы негіз болып табылатын азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына ҚIЖК-нiң 10-31 баптарында көрсетiлген жеке тұлға құқықтары жататыны түсiндiрiлсiн.

      6. Соттар заңның қылмыстық немесе қылмыстық-процессуалдық нормаларын қолданған кезде оларды қате түсiну, сондай-ақ онда көрсетiлген талаптарды сақтамау - заңды дұрыс қолданбау болып саналатынын ескеруi тиiс. Сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық болмауы, сот тұжырымдарының iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi, өзге де қылмыстық-процессуалдық заңды елеулi бұзушылықтар, сондай-ақ қылмыстық заңды дұрыс қолданбау және соттың iстi қараған кезде жiберген басқа да бұзушылықтары, егер олар ҚІЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген салдарға әкелiп соқтырса, заңды күшiне енген үкiмдер мен қаулыларды қайта қарауға негiз болып табылады.

      7. ҚІЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгіне сәйкес қылмыс оқиғасы, қылмыс құрамы болмаған жағдайда немесе қылмыс жасауға қатысуы дәлелделмеген адамдарды кiнәсiз сотталған деп есептеген жөн.

      Қылмысты дәрежелеген кезде қылмыстық заңды дұрыс қолданбау, егер мұндайда жасалған әрекеттiң ауырлығына сәйкес келмейтiн жаза тағайындалса (қылмыстық жазалаудың дұрыс емес түрiн қолдану, жазалау көлемi немесе мерзiмi аса алынған және т.б.), сот үкiмiн, қаулысын қадағалау тәртiбiнде қайта қарау үшiн негіз болып табылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен.

      8. Егер iстегі дәлелдемелерге дұрыс баға берiлмесе, сот тұжырымдары iстiң нақты мән-жайларына қайшы келсе, материалдық немесе процессуалдық заңдар дұрыс қолданбаса, немесе сотталушыны ақтау не iстi қысқарту туралы шешiмнiң заңдылығы мен негіздiлiгіне күмән келтiретiн басқа да мән-жайлар анықталған жағдайда, ақтау үкiмiн немесе iстi қысқарту туралы қаулыны негiзсiз деп таныған жөн. Басқа қылмыстық-процессуалдық заң бұзушылықтары өздiгiнен заңды күшiне енген ақтау үкiмiн, қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулыны немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге шешiмдi, егер шағымда, наразылықта бұл сот шешiмдерiнiң маңызы бойынша күмән келтiрiлмесе, қайта қарау үшiн негiз бола алмайды.

      9. Заңмен бекiтiлген тәртiп бойынша жәбiрленушi немесе оның өкiлi болып танылған адамның өтініші бойынша үкiмдер мен қаулылар ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгiнiң 3-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Адамды негiзсiз жәбiрленушi деп танымау туралы шағымдар ҚIЖК-нiң 113-114 баптарына сәйкес қарауға жатады.

      Қылмыстық iстiң маңызы бойынша дұрыс шешiлуiне септiгiн тигiзетiн жәбiрленушiнiң ҚР ҚIЖК-нiң 75, 76, 80 баптарында бекiтiлген құқықтарын елеулi түрде бұзушылық, атап айтқанда, прокурор айыптаудан бас тартқан жағдайда, жәбiрленушiнi жеке айыптаушы ретiнде танымау, оны сот талқылауына қатыстырмау, сот жарыссөзiне қатысу құқынан айыру, жәбiрленушi берген азаматтық талап арызды дұрыс шешпеу және т.б. - жәбiрленушiнi сот арқылы қорғалу құқығынан айырудың дәлелi болуы мүмкiн.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      10. Сот жаза тағайындаған кезде оның жеке даралығы туралы заң талабын сақтамаған жағдайда, жазаның тым қатаңдығы немесе тым жеңiлдiгi салдарынан оның қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкессiздiгi орын алуы мүмкiн. Бұл орайда, жаза қылмыстық заң бабының санкциясы шеңберiнде тағайындалған жағдайда, сондай-ақ қылмыстық заңның түпкiлiктi санкциясын бұзушылық арқылы тағайындаған жағдайда немесе ҚК-тiң K970167_ 55-бабын қолданбай, ҚР ҚК-нiң тиiстi бабында көрсетiлген жазадан жеңiлiрек жаза тағайындалған жағдайда, жаза қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкес емес деп танылуы мүмкiн. Жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкессiздiгi - жаза түрi қате қолданылған жағдайда да, оны дұрыс қолданып, бiрақ оның мөлшерiн немесе мерзiмiн дұрыс анықтамаған жағдайда да орын алуы мүмкiн.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен.

      11. Сот жаза тағайындаған кезде ҚР ҚК-нiң 52-53 баптарының талаптарын ескермей, бас бостандығынан айыру жазасын қолданбаудың заңда көрсетiлген мүмкiндiктерiн қолданбаса қылмыстың қоғамдық қауiптiлiгі сипатына және дәрежесiне, кiнәлiнiң жеке басына және жауапкершiлiктi жеңiлдететiн iстiң нақты мән-жайларына анық сәйкес келмейтiн жазаны тым қатаң жаза деп таныған жөн.

      12. Атап айтқанда, жазаны ҚР ҚК-нiң 54-бабында көрсетiлген мән-жағдайларды ескермей тағайындау, ҚР ҚК-нiң 55-бабында көрсетiлген ерекше мән-жайлар болмаған жағдайда заңда көрсетiлген жазадан гөрi жеңiлiрек жаза тағайындау, қылмыстардың рецидивiн ескермей жаза тағайындау, шартты соттауды негiзсiз қолдану және т.б. - жазаның тым жеңiл болуына байланысты оның қылмыс ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкес келмейтiндiгiнiң дәлелi болуы мүмкiн.

      12-1. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен.
      12-2. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен.

      12-3. Соттар қылмыстық істерді қарау барысында материалдық және процессуалдық заңдардың талаптары, сондай-ақ "Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысында берілген түсіндірмелер сақтала отырып, қойылған азаматтық талаптардың дұрыс шешілуін қамтамасыз етуге тиіс.

      Талапты қараусыз қалдыру жағдайларын қоспағанда, азаматтық талаптың дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан, заңды дұрыс қолданбау заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларын осы бөлігінде қайта қарау үшін негіз болады.

      Ескерту. 12-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      12-4. Сот алқабилердің қатысуымен шығарған заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды қадағалау сатысында қайта қарау ҚІЖК-нің 576, 577-баптарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      13. Іс жөнiндегі қадағалау өндiрiсi тиiстi қадағалау сатысындағы сотқа ҚIЖК-нiң 460-бап 1 және 2 бөлiктерiнде көрсетiлген процеске қатысушылардан түскен өтініш (наразылық) негiзiнде ғана қозғалуы мүмкiн екендiгiн соттар ескергенi жөн.

      Сотталушы, оның қорғаушысы және заңды өкiлi, жәбiрленушi, сондай-ақ (азаматтық талапқа қатысты бөлігінде) азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, алғашқы сот сатыларында iстiң қаралуына қатыспаған жағдайда да, заңды күшiне енген сот шешімдерiне шағымдануға құқылы.

      Егер адамның заңда көрсетiлген сотталушының заңды өкiлi ретiнде iске қатысуы үшiн iс бойынша өзге негiздер болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлi сотталушы кәмелетке толғанша ғана заңды күшiне енген сот шешiмдерiне шағымдана алады.

      Процеске қатысушы болып табылмайтын адам заңды күшiне енген сот қаулысына, оның iшiнде жеке қаулыға да, егер бұндай сот қаулысы тiкелей өзiне қатысты болған жағдайда ғана, өтінішті беруге құқылы.

      Прокурордың наразылықтары ҚІЖК-нің 463-465-баптары ескерілмей, тікелей қаралады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.
      14. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      15. ҚІЖК-нiң 466-бабына сәйкес, өтініш берген процеске қатысушының осындай өтiнiшi болған және болмаған жағдайда да, шағымдалған сот шешiмiн орындау толық не iшiнара тоқтата тұрылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы немесе Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шағымдалған сот үкiмiнiң, қаулысының орындалуын тоқтата тұру туралы негiзделген және тоқтата тұрудың мерзiмдерi көрсетiлген қаулы шығаруы тиiс. Мұндай қаулы оны орындау үшiн тиiстi органдарға жедел түрде жолдануы тиiс.

      Үкiмнiң орындалуын тоқтата тұрған жағдайда, сот тағайындаған жазаның қолданылуы кейiнге қалдырылады немесе тоқтатылады. Осыған байланысты, үкiмнiң орындалуын тоқтата тұру туралы қаулыда, осы үкiмнiң орындалуы салдарынан қамауда отырған сотталушының күзеттен босатылуы туралы көрсеткен жөн.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.

      16. Шағымдалған сот үкiмiнiң, қаулылардың орындалуын тоқтата тұру үшiн негіздер өлiм жазасына сотталғандарға қатысты, бас бостандығынан айыруға сотталған, бiрақ ауыр науқастанған адамға қатысты үкiмнiң орындалуымен байланысты болуы мүмкiн. Шағымдалған сот үкiмдерiнiң, қаулыларының орындалуын тоқтата тұрудың негіздерi тиiстi түрде рәсiмделген құжаттармен расталуы тиiс.

      ҚIЖК-нiң 466-бабында көрсетiлген негіздер бойынша заңды күшiне енген сот үкiмiнiң немесе қаулысының орындалуын тоқтата тұру үшiн іс сұратылуы тиiс және ол қадағалау өтініші, наразылық қаралғанша бiрақ үш айдан асырмай, жалғасуы мүмкiн, сонан кейiн шағымдалған сот шешiмдерiнiң орындалуын тоқтата тұру туралы қаулыны оны шығарған адам бұзуы тиiс.

      Ақтау үкiмiн, iстi қысқарту туралы қаулыны тоқтата тұруға болмайды.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен.

      17. Өтініштерді алдын ала қараған кезде судьялар онда көрсетiлген дәлелдердi мұқият тексеруге мiндеттi және, егер онда шағымдалған сот үкiмiнiң, қаулысының заңсыздығы туралы негіздi дәлелдер келтiрiлсе, өтініш, әдеттегідей, iс материалдарын сұрату және зерттеу арқылы қаралуы тиiс. Шағымдалған сот үкiмдерiн, қаулыларын қайта қарауға негіздердiң жоқтығы туралы қаулы алдын ала қарау барысында тек негізсiздiлiгі айқын көрiнiп тұрған өтініштер бойынша ғана шығарылуы мүмкiн.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      17-1. Егер іс сотталғанның жағдайының нашарлауы туралы мәселе қойылған жәбірленушінің (азаматтық талапкердің) өтініші, прокурордың наразылығы бойынша қаралса немесе іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу және істі бірінші сатыда қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылса, қадағалау сатысында адвокаттың қатысуы міндетті болып табылады.

      Ескерту. 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      18. Судьялардың өтінішті алдын ала қарау туралы қаулысында шағымдалған сот шешiмдерiн қайта қарау үшiн ҚIЖК-нiң 459-бабында көрсетiлген негiздердiң бар-жоғын растайтын iстегі мән-жайлар көрсетiлуi тиiс және, бұл орайда, iстi қадағалау сатысында қараудың нәтижелерiн болжайтын тұжырымдар болмау керек. Қадағалау шағымын алдын ала қарауды жүзеге асыратын судьялар арасында шағымдалған сот қаулыларын қайта қарау үшiн iстi қадағалау сатысына шығару қажеттiлiгi туралы келiспеушілік болған жағдайда, шешiм дауыстардың басым көпшілігімен қабылданады. Көпшiлiк шешiмiмен келiспеген судья қаулыға қол қоюға мiндеттi және, бұл орайда, өз пiкiрiн жеке мәлiмдеуге құқылы.

      Өтініш және оны алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша шығарылған судьялардың қаулысы қылмыстық iс материалдарына қоса тiркеледi.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      19. ҚIЖК-нiң 465-бап 1-бөлiгіне сәйкес қадағалау өндірісін қозғау туралы, заңды күшiне енген сот үкiмiн немесе қаулысын қайта қарау туралы судьялардың қорытындысы мiндеттi түрде қадағалау сатысында қаралатынын, осыған байланысты судьялар немесе сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы оны керi қайтара алмайтынын ескерген жөн.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      20. Соттар процессуалдық мерзiмдердi сақтауы тиiс. Оған сәйкес қадағалау наразылығы немесе заңды күшiне енген үкiмдердi, қаулыларды қайта қарау туралы судьялардың қаулысы бойынша келiп түскен iс, қаулы түскен күннен бастап бір ай iшiнде қаралуға тиiс. Iстi өтінішті алдын ала қарауға байланысты зерттеген уақыт аталған мерзiмге кiрмейдi.

      ҚІЖК-нiң 461-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген мерзiммен тек сотталушының жағдайын ауырлатуға бағытталған өтінішті, наразылықты беру уақыты шектеледi. Бұл мерзiм ҚIЖК-нiң 54-бабында көрсетiлген ережелер бойынша есептелуi тиiс. Өтінішті алдын ала қарау кезiндегi iстi зерттеу уақыты және iстi аталған өтініштер мен наразылықтар бойынша қадағалау сатысында қарау уақыты бұл мерзiмге кiрмейдi.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      21. Iстi қадағалау сатысында қарау күнiн белгiлеген кезде соттар айыптау өкiлдерiнiң, сотталған адамның, жәбiрленушiнiң, сондай-ақ қарауға жолданған сот шешiмiне қатысты адамдардың сот мәжiлiсiне қатысу құқығын ескергенi жөн, осыған байланысты олар сот мәжілісі өтетін күні, уақыты және орны көрсетіліп, iстiң қаралуы туралы хабардар етiлуi керек. Аталған адамдарға, сондай-ақ өтініш (наразылық) көшiрмелерi жiберiлуi тиiс.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      22. Қадағалау сатысындағы соттың заңды күшiне енген үкiмдер мен шешiмдердiң заңдылығы мен негіздiлігі туралы тұжырымдары iс материалдарына негiзделуi керек және iстен тыс материалдарға сүйенбеуi тиiс екенi түсiндiрiлсiн. Iстi қадағалау тәртібiнде қарап жатқан сот мәлiметтерi iс материалдарында бар, бiрақ бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы сотпен зерттелмеген және үкiмде белгiленбеген немесе қабылданбаған деректердi дәлелденген деп табуға құқылы емес.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.

      23. Үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн туындаған мән-жайларды қадағалау сатысындағы сот қарай алмайтыны түсiндiрiлсiн, себебi оларды бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот қарамаған және қарай алмаған да. Заңмен қадағалау сатысындағы сотқа iстiң дұрыс шешiлуi үшiн қажет дәлелдердiң бар-жоғын белгiлеу құқығы берiлмеген. Өтінішке, наразылыққа қоса тiркелген, iс үшiн маңызды және бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттың материалдық және процессуалдық заңдарды қате қолданғанын дәлелдейтiн қосымша материалдар, соттың айыптаудың, сотталушының ролi мен кiнәлiлiгі деңгейiнiң және басқа да iстiң дұрыс шешiлуiне ықпал ететiн мән-жайлардың дәлелденгендiгін анықтау үшiн қолданған дәлелдердiң дұрыстығы және сапалылығы үкiмдi бұзуға және iстi соттың жаңадан қарауына жолдауға негiз бола алады.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.

      24. Қадағалау сатысындағы соттардың өкiлеттiктерi ҚIЖК-нiң 467-бабында түбегейлi (егжей-тегжейлi) мазмұндалғаны және олар кеңейтiлiп түсiндiруге жатпайтыны соттарға түсiндiрiлсiн. Сонымен бiрге, сот өтініштерде көрсетiлген дәлелдермен шектелмей, олардың шеңберiнен шығып, iс жөнiндегі өндiрiстi толық тексеруге және сотталғанның жағдайын жақсартатын шешiм қабылдауға құқылы екенiн ескерген жөн.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      25. Соттарда өтінішті, наразылықты қараған кезде iс жөнiндегi сотталғандардың барлығына қатысты сот шешiмiн қабылдауды заң талап етпейдi. Iс жөнiндегі басқа да сотталғандарға қатысты (олар туралы өтініш, наразылық келтiрiлмесе), егер олардың әрекеттерi үкiмге келтiрiлген өтініш немесе наразылыққа қатысы бар адамның әрекеттерiмен тығыз байланысты болса, ал бiр сотталғанның қылмысын қайта дәрежелеу екiншi сотталғандардың қылмысын қайта дәрежелеуге немесе оларға қатысты iстi қысқартуға әкелiп соқтырса, және, мұндайда олардың жағдайы ауырламаса, сот үкiмдi, қаулыны қайта қарауға құқылы. Мұндайда сот өзiнiң қаулысында сот қаулылары басқа адамдарға қатысты неге қайта қаралғанының дәлелдерiн келтiруi керек.

      Егер үкiм немесе қаулы өтініште немесе наразылықта аталған адамға қатысты ғана және онда көрсетiлген дәлелдер бойынша ғана қайта қаралып, оның қалған бөлiгі және басқа сотталушыларға қатысты қайта қаралмаса, онда сот, өзге сотталушылардың немесе сол сотталушылардың басқа талаптармен немесе бұрыңғы талаптарының жаңа тұрымдарымен осы сот сатысына өтініш беру мүмкiндiгiн жоймау үшiн, бұл туралы қаулыда көрсетуi қажет.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      26. Қадағалау сатысындағы сот iстi соттың жаңадан қарауына жiбермей-ақ прокурор наразылығында немесе жәбiрленушi өтінішінде көрсетiлген дәлелдер бойынша, сотталғанның жағдайын ауырлату жағына қарай үкiмдi, қаулыны, егер бұл: апелляциялық немесе кассациялық сатыларының сотталғанның жазасын заңсыз жеңiлдетуiне; мерзiмi мен мөлшерi, алғашқы сот сатыларында адамды алдын ала қамауда ұстаған мерзiмдi есептегенде, немесе қылмыстардың жиынтығы немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды қосқан кезде арифметикалық қателiк нәтижесiнде дұрыс белгiленбей жазаның көбеюуiне; азаматтық талап бойынша сотталғанның есебiнен өтелуге жататын соманың ұлғаюымен байланысты болса, өзгертуге құқылы.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.

      27. Iстi прокурордың наразылығы немесе жәбiрленушiнiң өтініші бойынша қадағалау тәртiбiнде қараған кезде сот, жеңiлiрек қылмыс туралы заңын дұрыс қолданбаған немесе жазаны негiзсiз төмен тағайындаған апелляциялық, кассациялық сатыдағы соттың қаулыларын бұзған жағдайда, сот одан гөрi ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға және одан ауыр жаза тағайындауға құқылы. Бұл орайда, сот сотталушының бiрiншi сатыдағы үкiммен белгiленген жағдайын ауырлатпауы тиiс.

      Егер бiрiншi сатыдағы сот жеңілірек қылмыс туралы заңды дұрыс қолданбаса немесе тым жеңiл жаза тағайындаса және бұл iстi апелляциялық, кассациялық сатыдағы соттарда қараған кезде жойылмаса, қадағалау сатысындағы сот ҚІЖК-нiң 467-бап 10-бөлiгіне сәйкес одан гөрi ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға немесе жазаны күшейтуге құқылы емес. Бұндайда, егер осындай негіздер бойынша келтiрiлген өтініш немесе наразылық негiздi болып танылса, барлық сот қаулылары бұзылып, жаңадан сот қарауына жiберiлуге жатады.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      28. Апелляциялық, кассациялық сатыдағы соттың заң бұзушылықтарын анықтаған кезде қадағалау сатысындағы сот аталған сатылардың қаулыларын бұзып және, iстi қайта қарауға жолдамай, бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң (қаулысының) заңдылығы туралы шешiм қабылдауы тиiс екенi түсiндiрiлсiн.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      29. Заңды күшiне енген сот үкiмiне, қаулысына шағымдануға құқы жоқ адамдардың өтініші немесе ҚIЖК-нiң 459-бабында көрсетiлмеген негiздер бойынша қадағалау сатысына шығарылған сот қаулыларын қайта қарау туралы судьялар қаулысы бар процеске қатысушының өтініші немесе прокурордың қадағалау наразылығы онда көрсетiлген дәлелдерге қарамастан, қанағаттандырылмауы тиiс.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      30. Iстi қадағалау сатысында қараған кезде сот ҚIЖК-нiң 59-бап 4, 5-бөлiгiнде көрсетiлген негіздер бойынша жеке қаулы шығаруға құқылы.

      31. Iстi қадағалау сатысында қараған кезде судьялардың кеңесуi және шешiмдердi қабылдауы ҚР ҚІЖК-нiң 370-бабында бекiтiлген тәртiпке сәйкес келуi тиiс екендiгi соттарға түсiндiрiлсiн. Өзгесi заңда көзделмеген.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      32. КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1985 жылғы 5 сәуiрдегi "Соттардың қылмыстық iстер жөнiндегі үкiмдердi, ұйғаруларды, қаулыларды қадағалау тәртiбiнде қайта қарауды реттейтiн заңдарды қолдануы туралы" N 2 қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.

Төрағалық етушi


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының төрағасы


Пленум хатшысы,


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады