"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 3 мамырдағы № 240 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы"2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы Президентінің
2017 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН

      Жоба

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісім

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) ережелерін басшылыққа ала отырып,

      Шарттың 93-бабының және Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттаманың (Шартқа № 28 қосымша) (бұдан әрі – Хаттама) ережелерін іске асыру мақсатында,

      Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) жұмыс істеуі мен дамуы үшін, сондай-ақ өнеркәсіптік өндірісті дамыту үшін жағдайлар жасаудың маңыздылығын сезіне отырып,

      мүше мемлекеттердің экономиканың өнеркәсіптік секторларына мемлекеттік қолдау көрсетуінің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру мақсатында,

      мүше мемлекеттердің іске асыратын субсидияларды бағалауға қатысты бөлігінде мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру саласында транспарентті және болжанатын орта қалыптастыру үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге ұмтылатынын білдіре отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын назарға ала отырып,

      Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттарын, нормалары мен қағидаларын қолдана отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

I Жалпы ережелер 1-бап Реттеу нысанасы

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін реттейді, мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруін Комиссиямен ерікті келісу (бұдан әрі – келісу), сондай-ақ мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Комиссияның жүргізу тәртібін айқындайды.

2-бап Жауапты департамент

      1. Келісу рәсіміне, мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидияны беруіне байланысты талқылау жүргізуге қатысты функцияларды Комиссияның өнеркәсіптік саясат пен өнеркәсіптік субсидияларды іске асыруды қамтамасыз ету мәселелері құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – жауапты департамент) жүзеге асырады.

3-бап Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "маңызы аз субсидия" – мөлшерінің аздығына байланысты Одақ нарығына айтарлықтай ықпал ете алмайтын субсидия;

      "бірлескен жоба" – өнеркәсіптік ынтымақтастық пен кооперацияны тереңдетуге бағытталған және мынадай шарттардың:

      бірлескен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;

      кәсіпорындар (өндірістік желілер) құру;

      технологиялардың жаңа түрлерін дамыту және технологиялардың осы түрлеріне қатысты ақпарат беру;

      бірлескен инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру шарттарының бірінің орындалуы көзделетін мүше мемлекеттер қатысатын жоба;

      "уәкілетті орган" – мүше мемлекеттің осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелер өкілеттіктеріне жататын атқарушы билік органы (органдары).

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда қолданылады.

II Өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруге болатыны немесе болмайтыны туралы келісу рәсімі және Комиссияның шешім қабылдауы 4-бап Келісу рәсімі

      1. Мүше мемлекет осы Келісімнің 5-бабында көзделген тәртіппен тиісті өтінішті жолдау арқылы өзіндік ерекшелікті субсидияны келісу мақсатында Комиссияға жүгінуге құқылы.

      2. Келісу ерікті негізде жүзеге асырылады.

      3. Хаттаманың 6-тармағына сәйкес мүше мемлекеттер өтемақы шараларын Комиссиямен беру мерзімдері, көлемдері және шарттары келісілген субсидияларға қолданбайды.

      4. Келісу рәсімі мыналарды қамтиды:

      1) осы Келісімнің 7-бабына сәйкес жауапты департаменттің өзіндік ерекшелікті субсидияның осы Келісімнің 10 және 11-баптарында көзделген өлшемшарттарға сәйкестігін немесе сәйкессіздігін анықтау мақсатында өзіндік ерекшелікті субсидияға талдау (бұдан әрі – талдау) жүргізу;

      2) осы Келісімнің 8-бабына сәйкес консультациялар өткізу;

      3) келісу нәтижелері бойынша өзіндік ерекшелікті субсидияның осы Келісімнің 10 және 11-баптарында көзделген өлшемшарттарға сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы қорытынды (бұдан әрі – келісу нәтижелері бойынша қорытынды) дайындау.

      5. Келісу рәсімі шеңберінде жауапты департамент мүше мемлекеттердің бірінің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің мүдделеріне елеулі нұқсан келтірудің болуына талдау жүргізбейді.

      6. Осы Келісімнің 9-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Комиссия келісу қорытындысы бойынша осы Келісімнің 9-бабына сәйкес өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатыны немесе болмайтыны туралы шешім қабылдайды.

5-бап Комиссияның мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды келісу туралы өтініштерін қарауы

      1. Берілуі жоспарланып отырған немесе берілген өзіндік ерекшелікті субсидияны келісу уәкілетті органның Комиссияға жіберілетін өзіндік ерекшелікті субсидияны келісу туралы өтінішінің (бұдан әрі – өтініш) негізінде жүзеге асырылады. Жауапты департамент басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарын Комиссияға өтініштің келіп түскені туралы Комиссияда тіркелген күнінен бастап 5 жұмыс күні ішінде хабарлайды.

      2. Өтініште мынадай ақпарат көрсетіледі:

      1) өтінішті жіберген уәкілетті орган туралы мәліметтер;

      2) субсидияны іске асыруға жауапты уәкілетті орган (мүше мемлекет уәкілеттік берген құрылым) туралы мәліметтер;

      3) өзіндік ерекшелікті субсидия беру көзделетін нормативтік құқықтық акт (нормативтік құқықтық актінің жобасы) туралы мәліметтер (деректемелер және атауы);

      4) субсидияның өзіндік ерекшелігін растайтын мәліметтер;

      5) өзіндік ерекшелікті субсидияның, оны беру нысаны мен мақсаттарының сипаттамасы;

      6) әлеуетті алушы мен қаржыландыру көзі туралы мәліметтер;

      7) өнеркәсіп саласы мен тауар туралы (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) көрсетіле отырып) мәліметтер;

      8) өзіндік ерекшелікті субсидия берілетін мерзім;

      9) өзіндік ерекшелікті субсидияның мөлшері;

      10) өзіндік ерекшелікті субсидияның Одақтың ішкі нарығына әсері туралы мәліметтер.

      3. Өтініштің нысаны және оны толтыру тәртібін Комиссия Кеңесі бекітеді.

      4. Өтінішті жіберген уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттар мен мәліметтерді толық көлемде ұсынған жағдайда, жауапты департамент өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде келісу рәсімін бастау туралы шешім қабылдайды және уәкілетті органдарға тиісті хабарлама жібереді.

      5. Келісу рәсімін бастау туралы хабарламада мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      1) өтініш берген мүше мемлекеттің атауы;

      2) өзіндік ерекшелікті субсидия беру жоспарланып отырған немесе берілген мүше мемлекеттің әкімшілік-аумақтық бірлігі;

      3) өтінішті жіберген уәкілетті органның атауы;

      4) өзіндік ерекшелікті субсидияның қысқаша сипаттамасы, оны беру мақсаттары мен әлеуетті алушы туралы мәліметтер;

      5) өзіндік ерекшелікті субсидия беру көзделетін нормативтік құқықтық акт (нормативтік құқықтық актінің жобасы) туралы мәліметтер (деректемелер және атауы);

      6) өнеркәсіп саласы мен тауар туралы (ЕАЭО СЭҚ ТН коды көрсетіле отырып) мәліметтер;

      7) өзіндік ерекшелікті субсидия берілетін мерзім;

      8) өзіндік ерекшелікті субсидияның мөлшері.

      6. Өтінішті жіберген уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттар мен мәліметтерді толық көлемде ұсынбаған жағдайда, жауапты департамент өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы уәкілетті органнан жетіспейтін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратады. Мұндай сұрау салу пошта арқылы жөнелтілген күнінен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

      Өтінішті жіберген уәкілетті орган көрсетілген сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде жетіспейтін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынады.

      Егер өтінішті жіберген уәкілетті орган жауапты департамент сұратқан құжаттарды және (немесе) мәліметтерді белгіленген мерзімде ұсына алмаған жағдайда, осы уәкілетті органның жазбаша нысанда баяндалған және уәжді өтінімі бойынша жауапты департамент көрсетілген мерзімді күнтізбелік 30 күнге ұзартуы мүмкін.

      Жауапты департамент жетіспейтін құжаттар және (немесе) мәліметтер Комиссияда тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде келісу рәсімін бастау туралы шешім қабылдайды және бұл туралы уәкілетті органдарды хабардар етеді.

      Уәкілетті органның жетіспейтін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді осы тармақтың екінші абзацында белгіленген мерзімде не жауапты департамент осы тармақтың үшінші абзацына сәйкес белгілеген мерзімде ұсынбауы өтінішті қабылдамауға негіз болып табылады. Мұндай жағдайда жауапты департамент өтінішті жіберген уәкілетті органды бұл туралы хабардар етеді.

      7. Өтінішті жіберген уәкілетті орган Комиссия Алқасы шешім қабылдағанға дейін өтінішті кері қайтарып ала алады.

6-бап Келісу рәсімін жүргізуден бас тарту

      1. Жауапты департамент мынадай негіздер:

      1) келісу рәсімінің нысанасы болып табылатын өзіндік ерекшелікті субсидияны мүше мемлекеттің беруі Хаттаманың V бөліміне немесе осы Келісімнің IV бөліміне сәйкес дәлелденген, басқа мүше мемлекеттің ұлттық экономика саласына материалдық залалға немесе басқа мүше мемлекеттің ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатеріне алып келген;

      2) келісу рәсімінің мәні нысанасы болып табылатын өзіндік ерекшелікті субсидияны мүше мемлекеттің беруі Хаттаманың V бөліміне немесе осы Келісімнің IV бөліміне сәйкес дәлелденген, мүше мемлекеттердің кез келгенінің мүдделеріне елеулі нұқсан келтіруге алып келген;

      3) уәкілетті орган келісуге өтініш жасаған өзіндік ерекшелікті субсидия Хаттаманың V бөлімінде көзделген тергеп тексерудің нысанасы немесе осы Келісімнің IV бөлімінде көзделген талқылаудың мәні болған кезде келісу рәсімін жүргізуден бас тартады.

      2. Жауапты департамент өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өтінішті жіберген уәкілетті органды және басқа да уәкілетті органдарды келісу рәсімін жүргізуден бас тарту туралы хабардар етеді.

7-бап Талдау жүргізу

      1. Келісу рәсімін бастау туралы шешім қабылданғаннан кейін жауапты департамент талдау жүргізеді.

      Талдау жүргізу барысында жауапты департамент осы Келісімнің 8-бабына сәйкес консультациялар өткізуді қамтамасыз етеді.

      2. Уәкілетті органдар Комиссияның талдау жүргізуі және өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатыны немесе болмайтыны туралы шешім қабылдауы үшін қажетті қосымша ақпаратты келісу рәсімін жүргізудің бүкіл кезеңі ішінде, оның ішінде жауапты департаменттің сұрау салуы бойынша Комиссияға ұсына алады.

      3. Жауапты департаменттің талдау жүргізу және келісу нәтижелері бойынша қорытынды дайындау мерзімі жауапты департамент уәкілетті органдардың атына келісу рәсімін бастау туралы хабарламаны жіберген күннен бастап 30 жұмыс күнін құрайды.

      4. Жауапты департамент талдау жүргізу қорытындысы бойынша келісу нәтижелері жөнінде (өзіндік ерекшелікті субсидия беру көзделетін нормативтік құқықтық актіге (нормативтік құқықтық актінің жобасына) қатысты тиісті дәлелдемелер мен ұсынымдарды (қажет болған жағдайда) баяндай отырып) қорытынды дайындайды.

8-бап Консультациялар өткізу

      1. Келісу шеңберінде уәкілетті орган Комиссияға тиісті ұсыныс жіберу арқылы Комиссия алаңында консультациялар өткізуге бастама жасауға құқылы. Жауапты департамент бұл туралы басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына хабарлайды және консультациялар өткізуді қамтамасыз етеді.

      2. Консультацияларда өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының өкілі болмаған жағдайда, консультациялар өткізілмейді.

      Консультациялардың өткізілетін күні, орны және уақыты туралы хабарланған басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары өкілдерінің консультацияларда болмауы консультацияларды өткізу үшін кедергі болып табылмайды.

      3. Уәкілетті органдардың өкілдері консультацияларды өткізу барысында қаралып отырған мәселе бойынша тиісті уәкілетті органдардың ұстанымын растайтын қосымша ақпарат пен түсіндірмелер ұсына алады.

      Уәкілетті органның ұстанымы (консультациялар өткізілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Комиссияға ұсынылған жағдайда) консультациялардың хаттамасына қоса беріледі.

      4. Консультациялардың хаттамасына жауапты департаменттің басшысы (басшының орынбасары) қол қояды және консультациялар өткізілген күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде уәкілетті органдарға жіберіледі.

9-бап Өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатыны немесе болмайтыны туралы шешім қабылдау

      1. Өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатыны немесе болмайтыны туралы шешімді Комиссия Алқасы келісу нәтижелері бойынша қорытындының негізінде қабылдайды.

      2. Егер өзіндік ерекшелікті субсидия осы Келісімнің 10-бабында көзделген өлшемшарттарға жататын болса, онда Комиссия Алқасы өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болмайтыны туралы шешім қабылдайды.

      3. Егер өзіндік ерекшелікті субсидия осы Келісімнің 10-бабында көзделген өлшемшарттарға жатпайтын болса және осы Келісімнің 11-бабында көзделген бір немесе бірнеше өлшемшартқа сәйкес келсе, онда Комиссия Алқасы өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатыны туралы шешім қабылдайды.

      4. Егер өзіндік ерекшелікті субсидия осы Келісімнің 10-бабында көзделген өлшемшарттарға жатпайтын болса және осы Келісімнің 11-бабында көзделген бірде-бір өлшемшартқа сәйкес келмесе, Комиссия Алқасының өнеркәсіп мәселелеріне жетекшілік ететін мүшесі бұл туралы Комиссия Алқасының отырысында баяндайды және мұндай субсидияны беруге болатыны немесе болмайтыны туралы шешім қабылданбайды.

      Көрсетілген жағдайда өтінішті жіберген уәкілетті органның жазбаша өтінімі болған кезде жауапты департамент осындай өзіндік ерекшелікті субсидияны беру салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің болуына талдау жүргізеді.

      Осы тармақтың екінші абзацында көзделген талдауды жүргізу тәртібін Комиссия Кеңесі белгілейді.

      5. Осы баптың 4-тармағында көзделген талдау нәтижелері бойынша, соған сәйкес Комиссия Алқасы осы баптың 4-тармағында көрсетілген өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатыны немесе болмайтыны туралы шешім қабылдайтын өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатын немесе болмайтын өлшемшартты бекіту туралы мәселе белгіленген тәртіппен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында қарау үшін енгізіледі.

III Өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге рұқсат ету немесе рұқсат етпеу 10-бап Өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болмайтын өлшемшарттар

      1. Өзіндік ерекшелікті субсидияны беру көзделетін нормативтік құқықтық актіде (нормативтік құқықтық актінің жобасында) Хаттаманың 9, 11 және 14-тармақтарында айқындалған, тыйым салынған субсидиялардың болуын куәландыратын ережелердің қамтылуы өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болмайтын өлшемшарт болып табылады.

      2. Еуразиялық үкіметаралық кеңес өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруге болмайтын өзге де өлшемшарттарды айқындай алады.

11-бап Өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруге болатын өлшемшарттар

      1. Өзіндік ерекшелікті субсидия, егер ол мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкес келсе:

      1) өзіндік ерекшелікті субсидия маңыздылығы төмен болып табылса
(бір алушыға (кәсіпорынға) 100 мың доллар көлемінде);

      2) өзіндік ерекшелікті субсидия бірлескен жобаны, оның ішінде Еуразиялық үкіметаралық кеңес бекітетін, Одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына сәйкес іске асыруға бағытталса, рұқсат етілген болып табылады. Мұндай бірлескен жобалар Одақтың кеден аумағында өндірілмейтін немесе жеткіліксіз мөлшерде өндірілетін өнім өндірісіне бағытталуға тиіс;

      3) өзіндік ерекшелікті субсидия ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде жоғары технологиялық өндірістерді ынталандыру мақсатында бірлескен жұмыстарды жүргізуге бағытталса;

      4) өзіндік ерекшелікті субсидия инновациялық қызметке бағытталса;

      5) өзіндік ерекшелікті субсидия Одақтың кеден аумағында ұқсасы жоқ өнеркәсіптік тауарды өндіруге бағытталса;

      6) өзіндік ерекшелікті субсидия Одақтың кеден аумағында жеткіліксіз мөлшерде өндірілетін (коды ЕАЭО СЭҚ ТН 10 таңбасы деңгейінде айқындалған) өнеркәсіптік тауарды өндіруге бағытталса;

      7) өзіндік ерекшелікті субсидия табиғи зілзала немесе қандай да бір басқа төтенше жағдайлардан келген материалдық залалды осы келтірілген залалды қалпына келтіру үшін қажетті мөлшерде өтеуге бағытталса;

      8) өзіндік ерекшелікті субсидия кәсіпорындарға консультациялық қызметтер, сауда жәрмеңкелеріне қатысуды, іргелі зерттеулер (оның ішінде ірі көлемде) жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі, қолданбалы өнеркәсіптік әзірлемелерді (олардың құнының 70 пайызына дейін) іске асыру жөніндегі қызметтер, өнеркәсіптік меншікке лицензиялар мен құқықтар алу шығындары (нәтижесінде осындай құқықтар алынған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу шығыстарына тең мөлшерде) құнының жартысына дейін төлеуге көмек көрсетуге бағытталса, рұқсат етілген болып табылады.

      Мұндай кәсіпорындар жұмыскерлерінің орташа тізімдік санын Комиссия Кеңесі белгілейді;

      9) өзіндік ерекшелікті субсидия кәсіпорындар қызметкерлерінің кәсіби біліктілік деңгейін арттыруда көмек көрсетуге:

      мақсаты кәсіпорындар қызметкерлерінің кәсіби даярлығының жалпы деңгейін арттыру болып табылатын бағдарламаларды алдыңғы күнтізбелік жылы жұмыскерлерінің орташа тізімдік саны 250 адамнан асатын кәсіпорындар үшін олардың құнының 50 пайызы шегінде және алдыңғы күнтізбелік жылы жұмыскерлерінің орташа тізімдік саны 250 адамнан аспайтын кәсіпорындар үшін – 70 пайыз шегінде субсидиялауға бағытталса;

      10) өзіндік ерекшелікті субсидия тұрақсыз немесе дағдарысты қаржылық жағдайдағы және қайта құрылымдау жүргізіп жатқан кәсіпорындарға көмек көрсетуге бағытталса, рұқсат етілген болып табылады.

      Өзінің тұрақсыз немесе дағдарысты қаржылық жағдайын дәлелдеген кәсіпорындарды субсидиялауға рұқсат беріледі.

      Тұрақсыз қаржылық жағдай қаржылық тәртіптің бұзылуымен (еңбек ақының кешіктірілуі, резервтік қордағы ақша қаражатын пайдалану және т.б.), кәсіпорынның есептік шоттарына ақша қаражатының түсуіндегі және төлемдердегі іркілістермен, түсімнің, пайданың жүйелі түспеуімен сипатталады.

      Дағдарысты қаржылық жағдай осы тармақшаның үшінші абзацында көрсетілген тұрақсыздық жағдайының белгілерімен қатар, төлемеулердің (мерзімі өткен банктік қарыздар, тауарлық-материалдық құндылықтар үшін өнім берушілер алдындағы берешектер, бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төлемдер бойынша бересілер) жиі орын алуымен сипатталады.

      Ұйымдар мемлекеттік тіркелген күндерінен бастап 3 жыл өткен соң қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге және қайта құрылымдауға субсидиялар ала алады.

      Егер Комиссия Кеңесінің шешімімен өзгеше көзделмесе, кәсіпорынның қайта құрылымдауға өз қаржылық үлесі 25 пайыздан кем болмауға тиіс.

      Мұндай субсидия кәсіпорынның дағдарысты жағдайдан тұрақты жағдайға шығу мерзіміне, бірақ 5 жылдан аспайтын мерзімге келісілуі мүмкін;

      11) өзіндік ерекшелікті субсидия Хаттаманың VII бөлімінде көзделген мақсаттарға және шарттармен берілсе;

      12) егер субсидиялау деңгейі күрделі қаржы салымдардың жалпы сомасының 30 пайызынан аспайтын болса, өзіндік ерекшелікті субсидия бастапқы қалыптасу кезеңіндегі кәсіпорындарға көмек көрсетуге бағытталса;

      13) өзіндік ерекшелікті субсидия қолда бар өндірістік қуаттарды Одақтың стандарттарына бейімдеу мақсатында көмек көрсетуге:

      өнімнің Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігіне бағалау жүргізу мақсатында оны сынақтардан өткізу шығындарын өтеуге;

      сынақ зертханалары құрылысына және оларды жаңғырту шығындарын өтеуге бағытталса;

      14) өзіндік ерекшелікті субсидия өнеркәсіптік өнімнің тиісті халықаралық стандарттардың немесе солардың негізінде қабылданған, тиісті халықаралық стандарттармен бірдей мемлекетаралық стандарттардың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында көмек көрсетуге бағытталса;

      15) өзіндік ерекшелікті субсидия Комиссия айқындайтын тәртіпке сәйкес мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп таныған өнеркәсіптік тауарға қатысты берілетін болса, рұқсат етілген болып табылады.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1) – 4), 6) – 10), 12) және 15) тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттарды қолдану шарттарын Комиссия Кеңесі белгілейді.

      3. Еуразиялық үкіметаралық кеңес өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруге болатын өзге де өлшемшарттарды айқындауы мүмкін.

12-бап Ақпарат алу тәртібі

      1. Шарттың 93-бабының 6-тармағына сәйкес Комиссия мүше мемлекеттердің заңнамасына субсидиялар беруге қатысты Шарт ережелеріне сәйкестігіне мониторингті және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуді жүзеге асырады.

      2. Мүше мемлекеттердің заңнамасына субсидиялар беруге қатысты Шарт ережелеріне сәйкестігіне мониторингті жүзеге асыру және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу мақсатында уәкілетті органдар:

      жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей, Комиссиямен келісіліп берілген өзіндік ерекшелікті субсидиялар туралы хабарламаны Комиссияға ұсынады;

      тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 30 күнінен кешіктірмей, Комиссияға және бір-біріне есепті тоқсанда қабылданған, өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру көзделетін нормативтік құқықтық актілерді жібереді;

      ведомствоаралық келісу жүргізілгеннен кейін міндетті хабардар ету тәртібімен Комиссияға және бір-біріне Еуразиялық үкіметаралық кеңес бекітетін, Одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына сәйкес сезімтал тауарларға жатқызылған тауарларды өндірушілерге өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жібереді.

      Уәкілетті органдар ашық дереккөздерде жарияланған нормативтік құқықтық актілер бойынша осындай актілердің деректемелері мен жариялану дереккөздерін қамтитын ақпаратты Комиссияға жолдайды.

      Уәкілетті органдар өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру көзделетін, ашық дереккөздерде жарияланбаған нормативтік құқықтық актілерді Комиссияға жібереді.

      3. Комиссия белгіленген тәртіппен мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру көзделетін нормативтік құқықтық актілеріне Шарттың 93-бабына және Хаттамаға олардың сәйкестігіне салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізеді.

      4. Комиссиямен келісілген өзіндік ерекшелікті субсидияны мүше мемлекеттің есепті кезеңде бермеу фактісі анықталған жағдайда, жауапты департамент бұл туралы мүше мемлекеттерді хабардар етеді.

      5. Мүше мемлекет жүгінген мүше мемлекеттің субсидиялар беру көзделетін нормативтік құқықтық актілеріне немесе нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына Шарттың 93-бабына және Хаттамаға олардың сәйкестігіне салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу туралы ұсыныспен, Комиссия айқындайтын тәртіппен Комиссияға жүгінуге құқылы.

      6. Осы баптың 2-тармағының екінші абзацында көзделген хабарламада мынадай ақпарат көрсетіледі:

      1) Комиссия Алқасының өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге болатыны туралы шешімінің деректемелері;

      2) өзіндік ерекшелікті субсидияны келісуге негіз болған өлшемшарттар;

      3) нормативтік құқықтық актіге сәйкес өзіндік ерекшелікті субсидия берілген осы құжаттың атауы;

      4) мәліметтер берілетін кезең;

      5) өзіндік ерекшелікті субсидия нысанының сипаттамасы және оны беру мақсаттары;

      6) өзіндік ерекшелікті субсидияны алушы және оны беру тәсілі;

      7) өзіндік ерекшелікті субсидияның мөлшері және берілетін мерзімі.

      7. Комиссиямен келісілген өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру туралы хабарламаның нысанын, сондай-ақ оны толтыру тәртібін Комиссия Кеңесі бекітеді.

IV Мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру мәселелері бойынша талқылаулар жүргізу 13-бап Талқылауды бастау үшін негіздер

      Мүше мемлекет мынадай негіздер:

      басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру;

      басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатері;

      басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан мүше мемлекеттің мүдделеріне елеулі нұқсан келтіру болған кезде мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидиялар беру мәселелері бойынша талқылауды бастау туралы өтінішпен Комиссияға жүгіне алады.

14-бап Талқылауды бастау туралы шешім қабылдау

      1. Осы Келісімнің 13-бабында көрсетілген талқылауды жүргізуді Комиссия мүше мемлекеттің уәкілетті органының Комиссияға құпия (егер өтініште құпия ақпарат болса) немесе құпия емес нұсқаларда берген талқылауды бастау туралы өтінішінің негізінде жүзеге асырады.

      2. Талқылауды бастау туралы өтініште мынадай ақпарат көрсетіледі:

      1) өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының атауы;

      2) тауардың атауы және сипаттамасы;

      3) өзіндік ерекшелікті субсидияны беруге негіз болған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі;

      4) өзіндік ерекшелікті субсидияның сипаты мен мөлшері туралы мәліметтер;

      5) субсидияланатын тауарды өндірушілер туралы мәліметтер;

      6) ұқсас тауардың ұлттық өндірушілері туралы мәліметтер;

      7) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда өтініш беруші мемлекеттің аумағына субсидияланатын тауарды әкелу көлемінің өзгергені туралы мәліметтер;

      8) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда өтініш беруші мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттердің аумағына ұқсас тауарды әкету көлемінің өзгергені туралы мәліметтер;

      9) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда өтініш беруші мемлекеттің аумағында тауар өндірісінің болуы және оның көлемі (сандық және құндық мәнінде) туралы мәліметтер;

      10) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында ұқсас тауар өндірісінің болуы туралы мәліметтер;

      11) басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттің мүдделеріне елеулі нұқсан келтірудің болуына дәлелдемелер;

      12) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда Одақтың кеден аумағында ұқсас тауар импорты көлемінің өзгергені туралы мәліметтер;

      13) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда Одақтың кеден аумағынан ұқсас тауар экспорты көлемінің (сандық және құндық мәнінде) өзгергені туралы мәліметтер;

      14) талдау жасалып отырған кезеңде ұлттық экономика саласына әсер етуі мүмкін басқа да факторларды талдау;

      15) талқылауды бастау үшін негіз болып табылатын өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының қорытындылары.

      3. Талқылауды бастау туралы өтініште ұсынылған мәліметтерге олар алынған дереккөзге сілтеме бірге жүруге тиіс.

      4. Талқылауды бастау туралы өтініштің нысанын, сондай-ақ оны толтыру тәртібін Комиссия Кеңесі бекітеді.

      5. Талқылауды бастау туралы өтініштегі құндық көрсеткіштерді көрсеткен кезде салыстырып қарау мақсатында мүше мемлекеттердің сыртқы және өзара саудасының статистикасын жүргізу үшін Комиссия белгілеген ақша бірлігі пайдаланылады.

      6. Талқылауды бастау туралы өтініш Комиссияда тіркелген күн оның берілген күні болып табылады.

      7. Талқылауды бастау туралы өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап жауапты департамент 3 жұмыс күні ішінде аумағында өзіндік ерекшелікті субсидия берілетін мүше мемлекеттің уәкілетті органын осындай өтініштің келіп түскені туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.

      8. Жауапты департамент өтініштегі дәлелдемелер мен мәліметтердің жеткілікті екендігін зерделейді.

      Өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органы осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтердің толық тізбесін ұсынбаған жағдайда, жауапты департамент талқылауды бастау туралы өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жетіспейтін материалдар мен мәліметтерді сұратуға құқылы.

      Жетіспейтін материалдар мен мәліметтерді ұсынуға сұрау салу пошта арқылы жөнелтілген күнінен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

      Өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органы көрсетілген сұрау салуды алған күннен бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жетіспейтін мәліметтерді ұсынады.

      9. Осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтердің ұсынылмауы немесе толық көлемде ұсынылмауы талқылауды бастау туралы өтінішті қабылдамау үшін негіз болып табылады, бұл жөнінде жауапты департамент өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органы мен субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органын осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хабардар етеді.

      Талқылауды бастау туралы өтінішті қабылдамау туралы шешімді жауапты департамент өтініш тіркелген күннен бастап 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдайды.

      10. Егер өтінішті қарау нәтижелері бойынша осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтердің басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтірудің, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттің мүдделеріне елеулі нұқсан келтірудің болуын куәландырмайтыны анықталған жағдайда, талқылау жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданады.

      Талқылау жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданған кезде жауапты департамент осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жазбаша нысанда өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органы мен субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органын талқылау жүргізуден бас тартудың себебі туралы хабардар етеді.

      11. Талқылауды бастау туралы немесе оны жүргізуден бас тарту туралы шешімді жауапты департамент өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдайды.

15-бап Талқылау жүргізу

      1. Талқылауды бастау туралы шешім қабылданған кезде Комиссия осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде осы Келісімнің 17-бабында көзделген хабарламаны уәкілетті органдардың атына жібереді.

      2. Жауапты департамент талқылауды бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органына өтініштің көшірмесін немесе оның құпия емес нұсқасын (егер өтініште құпия ақпарат болса) жібереді.

      Мүдделі мүше мемлекеттің сұрау салуы бойынша жауапты департамент оған өтініштің көшірмесін немесе оның құпия емес нұсқасын (егер өтініште құпия ақпарат болса) береді.

      3. Өтініш беруші мемлекет талқылауды бастау туралы өтінішті талқылау басталғанға дейін немесе оны жүргізу барысында қайтарып ала алады.

      Өтініш талқылау басталғанға дейін қайтарып алынған болса, ол берілмеді деп есептеледі.

      Егер өтініш талқылау жүргізу барысында қайтарып алынса, талқылау тоқтатылады.

      4. Талқылау жүргізу мерзімі талқылауды бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап 9 айдан аспауға тиіс.

      5. Талқылауды аяқтау қорытындысы бойынша Комиссия уәкілетті органдардың атына осы Келісімнің 21-бабында көзделген қорытындыны қоса бере отырып, талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама жібереді.

      Хабарлама күні талқылау аяқталған күн болып табылады.

16-бап Талқылау рәсімі шеңберінде консультациялар өткізу

      1. Талқылауды бастау туралы шешім қабылданғанға дейін, сондай-ақ талқылаудың бүкіл кезеңінде Комиссия бастама жасай отырып, сол сияқты өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының немесе субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органының ұсынысы бойынша нақты мән-жайларды нақтылау немесе өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында Комиссия алаңында консультациялар өткізуі мүмкін.

      2. Жауапты департамент уәкілетті органдарға консультациялардың өткізілетіні жөнінде хабарлайды және оны өткізуді қамтамасыз етеді.

      3. Консультацияларда өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының және (немесе) субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органының өкілі болмаған жағдайда, консультациялар өткізілмейді.

      Консультациялардың өткізілетін күні, орны және уақыты туралы хабарланған басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары өкілдерінің консультацияларда болмауы оны өткізуге кедергі болып табылмайды.

      4. Уәкілетті органдардың өкілдері консультациялар барысында қаралып отырған мәселе бойынша уәкілетті органның ұстанымын растайтын қосымша ақпарат пен түсіндірмелерді ұсына алады.

      Уәкілетті органның консультациялардың қорытындысы бойынша Комиссияға ұсынған ұстанымы ол өткізілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде консультациялардың хаттамасына қоса беріледі.

      5. Консультациялардың хаттамасына жауапты департаменттің басшысы (басшының орынбасары) қол қояды және консультациялар өткізілген күннен бастап 7 жұмыс күнінен кешіктірілмей, уәкілетті органдарға жіберіледі.

17-бап Талқылау жүргізу туралы хабарлама

      Талқылауды жүргізудің басталғаны туралы хабарламада мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының атауы;

      тауардың атауы мен сипаттамасы (ЕАЭО СЭҚ ТН кодын көрсете отырып);

      талқылауды жүргізу туралы Комиссияға жүгіну үшін негіздердің қысқаша баяндалуы;

      басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары талқылауға қатысты өз түсініктемелері мен ақпаратын жібере алатын электрондық мекенжай.

18-бап Талқылау барысында ақпараттар жинау

      1. Талқылауды бастау туралы шешім қабылданғаннан кейін жауапты департамент субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органы мен өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органына мәселелер тізбесін (осы бапта бұдан әрі – мәселелер тізбесі) жібереді.

      Комиссияның сұрау салуы бойынша мәселелер тізбесін уәкілетті орган субсидияланатын тауарды немесе ұқсас тауарды өндірушілерге (Комиссия қалыптастырған өндірушілер тізбесіне сәйкес) жібереді.

      Мәселелер тізбесі пошта арқылы жөнелтілген күнінен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

      2. Мәселелер тізбесі жіберілген өтініш беруші мемлекеттің және субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органдары жауаптарын өздері мәселелер тізбесін алған күннен бастап күнтізбелік 45 күннен аспайтын мерзімде Комиссияға ұсынады.

      Мәселелер тізбесі жіберілген өтініш беруші мемлекеттің және субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органдары субсидияланатын тауарды немесе ұқсас тауарды өндірушілердің жауаптарын мәселелер тізбесін өздері алған күннен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде Комиссияға ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Уәкілетті органдардың мәселелер тізбесіндегі жекелеген мәселелер бойынша ақпаратты ұсынуы мүмкін болмаған жағдайда, Комиссияға тиісті негіздеме жіберіледі.

      3. Комиссия мәселелер тізбесіндегі жекелеген мәселелер бойынша жауаптарды алғаннан кейін талқылаулар жүргізу үшін қажетті ақпаратты нақтылау немесе қосымша мәліметтер алу мақсатында уәкілетті органдарға сұрау салу жібере алады. Өтініш беруші мемлекеттің және субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органдарының көрсетілген ақпаратты, оның ішінде субсидияланатын тауарды немесе ұқсас тауарды өндірушілерден алынған ақпаратты ұсыну мерзімі олар Комиссияның сұрау салуын алған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен аспауға тиіс.

      4. Ақпарат Комиссияға орыс тілінде ұсынылады. Мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде жасалған құжаттар орыс тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.

      5. Талқылау жүргізу барысында Комиссия өтініш беруші мемлекеттің және субсидиялаушы мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдарына талқылау жүргізу үшін қажет ақпаратты ұсыну туралы сұрау салулар жіберуге құқылы.

      Өтініш беруші мемлекеттің және субсидиялаушы мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдары талқылау жүргізу үшін қажет ақпаратты өздері Комиссияның сұрау салуын алған күннен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде Комиссияға жібереді.

19-бап Мүдделі мүше мемлекеттердің талқылауға қатысуы

      1. Басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары талқылауды бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде мүдделі тарап ретінде (бұдан әрі – мүдделі тарап) талқылауға қатысу ниеті туралы өтінішті Комиссияға жіберуге құқылы.

      Талқылауға қатысты түсініктемелер мен ақпаратты мүдделі тарап талқылауға қатысу ниеті туралы өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде Комиссияға ұсынады.

      Комиссияға құпия ақпарат ұсынатын мүдделі тараптар осы ақпараттың құпия емес нұсқасын да ұсынады.

      Құпия емес нұсқада құпия ақпараттың мәнін түсіну үшін қажетті толық мәліметтер қамтылуға тиіс.

      2. Жауапты департамент мүдделі тараптан талқылау жүргізу үшін қажет қосымша ақпаратты сұратуға құқылы. Мүдделі тараптың көрсетілген ақпаратты ұсыну мерзімі Комиссияның тиісті сұрау салуын алған күнінен бастап күнтізбелік 15 күннен аспауға тиіс.

      Сұрау салу пошта арқылы мүдделі тарапқа жөнелтілген күнінен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

      Көрсетілген мерзім өткеннен кейін мүдделі тарап ұсынған қосымша ақпаратты жауапты департамент назарға алмауы мүмкін.

      Мүдделі тараптың уәжді және жазбаша нысанда баяндалған өтінім бойынша қосымша ақпаратты ұсыну мерзімін жауапты департамент күнтізбелік 30 күнге ұзартуы мүмкін.

      3. Талқылау барысында Комиссия мүдделі тараптарға олардың сұрау салуы бойынша талқылау нысанасына қатысты ақпаратпен (құпия ақпаратты қоспағанда) танысу мүмкіндігін береді.

20-бап Өзіндік ерекшелікті субсидия беру салдарынан ұлттық экономика саласына келтірілген материалдық залалды немесе материалдық залал келтіру қатерін немесе мүше мемлекеттің мүдделеріне елеулі нұқсан келтірілгенін айқындау

      1. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал нақты субсидияланатын тауар әкелу көлемін және осындай әкелудің өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағаларына және ұлттық экономика саласына әсерін талдау нәтижелерінің негізінде белгіленеді.

      2. Ұлттық экономика саласына материалдық залалдың немесе ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің болуын айқындау мақсатында мәліметтерге талдау жасалатын кезеңді Комиссия айқындайды және ол өтініш берген күннің алдындағы 3 жылдан кем болмауға тиіс.

      3. Нақты субсидияланатын тауарды әкелу көлемін талдау кезінде субсидияланатын тауарды әкелудің едәуір ұлғайғандығы не ұлғаймағандығы (абсолютті көрсеткіштерде не өтініш беруші мемлекетте ұқсас тауардың өндірілуіне немесе тұтынылуына қатысты) айқындалады.

      Өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауардың бағаларына субсидияланатын тауарды әкелудің әсер етуін талдау кезінде:

      субсидияланатын тауар бағаларының өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауардың бағаларынан едәуір төмен болғаны не болмағаны;

      субсидияланатын тауарды әкелу өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағаларын едәуір төмендетуге алып келгені не алып келмегені;

      субсидияланатын тауарды әкелу, осындай әкелу болмаған жағдайда, өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағаларының өсуіне кедергі келтіргені не келтірмегені анықталады.

      Субсидияланатын тауарды әкелудің ұлттық экономика саласына әсер етуін талдау ұлттық экономика саласының жай-күйіне қатысы бар барлық экономикалық факторларды, оның ішінде:

      өндірістің, тауар сатылымының, ұлттық нарықтағы тауар үлесінің, пайданың, өнімділіктің, тартылған инвестициялардан немесе өндіріс қуатын пайдаланудан түсетін кірістердің болған немесе болашақта болуы мүмкін қысқартылуын;

      өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағаларына әсер ететін факторларды;

      ақша ағындарының қозғалысына, тауар қорларына, жұмыспен қамту деңгейіне, жалақыға, өндірістің өсу қарқынына және инвестициялар тарту мүмкіндігіне болған немесе болашақта болуы мүмкін теріс әсерді бағалауды білдіреді.

      4. Субсидияланатын тауарды әкелудің ұлттық экономика саласына әсер етуі, егер қолда бар деректер осы мүше мемлекеттегі ұқсас тауар өндірісін өндірістік процесс, тауарды оның өндірушілерінің сатуы және пайда сияқты өлшемшарттардың негізінде бөліп көрсетуге мүмкіндік беретін болса, өтініш беруші мемлекеттегі ұқсас тауар өндірісіне сәйкес бағаланады.

      Егер қолда бар деректер ұқсас тауар өндірісін бөліп көрсетуге мүмкіндік бермесе, субсидияланатын тауарды әкелудің ұлттық экономика саласына әсер етуі, барынша аз тобын өндіруге немесе ұқсас тауар қамтылатын және олар туралы қажетті деректері бар тауарлардың номенклатурасына сәйкес бағаланады.

      5. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерін анықтаған кезде Комиссия барлық қолда бар факторларды, оның ішінде мыналарды ескереді:

      субсидияның (субсидиялардың) сипаты, мөлшері және оның саудаға ықтимал әсер етуі;

      осындай әкелуді одан әрі ұлғайтудың нақты мүмкіндігін куәландыратын субсидияланатын тауарды әкелудің өсу қарқыны;

      субсидиялаушы мүше мемлекеттегі субсидияланатын тауар өндірушілердің басқа мүше мемлекеттердің аумағында субсидияланатын тауарды әкелуді ұлғайтудың жеткілікті мүмкіндіктерінің болуын немесе осындай әкелудің ұлғаю қатері;

      егер бағаның осындай деңгейі өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағаларының өсуін төмендетуге немесе тежеуге және субсидияланатын тауарға сұраныстың одан әрі өсуіне әкеп соғатын болса, субсидияланатын тауар бағаларының деңгейі;

      өндірушідегі субсидияланатын тауар қоры.

      Бұл ретте көрсетілген факторлардың субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерін анықтау үшін шешуші маңызы болмайды.

      6. Егер осы баптың 1-5-тармақтарында көрсетілген факторларды талдау нәтижелері бойынша тергеп-тексеру барысында Комиссия өтініш беруші мемлекеттің аумағына субсидияланатын тауарды әкелуді жалғастырудың және осындай әкелуден ұлттық экономика саласына залал келтірудің болмай қалмайтындығы туралы қорытындыға келген жағдайда, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің бар екендігі туралы шешім қабылданады.

      7. Егер субсидиялаушы мүше мемлекеттің нарығында не басқа мүше мемлекеттің нарығында субсидияланатын тауарға қатысты ұқсас тауар үлесінің қолайсыз өзгеруі орын алғаны дәлелденсе, ұқсас тауарды субсидиялаушы мүше мемлекеттің нарығынан не басқа мүше мемлекеттің нарығынан ығыстыру немесе ұқсас тауарды субсидиялаушы мүше мемлекеттің аумағына әкелудің өсуін тежеу немесе тауарды басқа мүше мемлекеттің аумағына әкетудің өсуін тежеу фактісі анықталады. Аталған факт тиісті тауар нарығының дамуындағы айқын үрдістерді дәлелдеу үшін жеткілікті кезең ішінде анықталады, ол қалыпты жағдайда 1 жылдан кем болмауға тиіс.

      8. Субсидиялаушы мүше мемлекеттің нарығындағы не басқа мүше мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар үлесінің қолайсыз өзгеруі мынадай жағдайлардың бірін қамтиды:

      1) субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі ұлғаяды;

      2) өзіндік ерекшелікті субсидия болмаған кезде ол азаюға тиіс болған мән-жайларда, субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі өзгеріссіз қалады;

      3) субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі төмендейді, бірақ өзіндік ерекшелікті субсидия болмаған жағдайға қарағанда, неғұрлым баяу қарқынмен төмендейді.

      9. Бағалардың төмендеуі субсидияланатын тауардың тиісті нарықтағы бағаларын өзіндік ерекшелікті субсидия пайдаланылмаған, мүше мемлекеттің кез келгенінің аумағында өндіру, тасымалдау немесе әкету кезіндегі тауар бағаларымен салыстыру негізінде анықталады. Бағаларды салыстыру сауданың нақ бір деңгейінде және салыстыратын уақыт кезеңінде жүргізіледі. Бағаларды салыстыру барысында салыстыруға әсер ететін кез келген факторлар ескеріледі. Егер бағаларға көрсетілгендей салыстыруды жүргізу мүмкін болмаса, бағаларды төмендетудің болғаны орташа экспорттық бағалар негізінде анықталуы мүмкін.

      10. Тиісті уақыт кезеңі ішінде мынадай мән-жайлардың бірі орын алған кезде, мүдделерге елеулі нұқсан келтірудің болу фактісінің орын алуын анықтау мүмкін емес:

      1) мүдделерге елеулі нұқсан келтірудің болу фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан тауарды әкетуге тыйым салудың немесе шектеудің не тауарды осындай мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына әкелуге тыйым салудың немесе шектеудің болуы;

      2) ұқсас тауарды әкелетін және осы тауармен сауда монополиясын немесе мемлекеттік сауданы практикада қолданатын мүше мемлекеттің уәкілетті органының коммерциялық емес себептер бойынша, мүдделерге елеулі нұқсан келтірудің болу фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан тауар әкелуді басқа мүше мемлекеттен әкелуге қайта бағдарлайтын шешім қабылдауы;

      3) мүдделерге елеулі нұқсан келтірудің болу фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан әкетуге арналған тауар өндірісіне, сапасына, санына немесе бағасына елеулі түрде теріс әсерін тигізетін табиғи зілзалалар, ереуілдер, көліктегі іркілістер немесе басқа да форс-мажорлық мән-жайлар;

      4) мүдделерге елеулі нұқсан келтірудің болу фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан тауар әкетуді шектейтін уағдаластықтардың болуы;

      5) мүдделерге елеулі нұқсан келтірудің болу фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан өнеркәсіптік тауарларды әкету мүмкіндігін ерікті түрде қысқарту (осы мүше мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің ұқсас тауар экспортын жаңа нарыққа автономды түрде қайта бағдарлауы жағдайын қоса алғанда);

      6) аумағына тауар әкелінетін мүше мемлекеттегі стандарттарға және (немесе) басқа да әкімшілік талаптарға сәйкес келмеу.

      11. Субсидияланатын тауарды әкелу мен ұлттық экономика саласына материалдық залал арасында себеп-салдарлық байланыстың болуы туралы қорытынды талқылауға жататын және Комиссияның билігінде бар барлық дәлелдемелер мен мәліметтердің талдауына негізделуге тиіс.

      12. Жауапты департамент талқылау жүргізу барысында субсидияланатын тауарды әкелуден басқа, соның салдарынан сол кезеңде ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіретін басқа да белгілі факторларға талдау жасайды.

21-бап Талқылау қорытындысы бойынша шешім қабылдау

      1. Талқылау қорытындысы бойынша жауапты департамент мынадай қорытындылардың бірін дайындайды:

      басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің немесе өтініш беруші мемлекеттің мүдделеріне елеулі нұқсан келтірудің болуы туралы қорытынды;

      басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі нәтижесінде ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің немесе өтініш беруші мемлекеттің мүдделеріне елеулі нұқсан келтірудің болмауы туралы қорытынды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қорытындыға жауапты департаменттің басшысы (басшының орынбасары) қол қояды, құзыретіне өнеркәсіп мәселелері жататын Комиссия Алқасының мүшесі бекітеді және Комиссия Алқасының отырысында қарау үшін дайындалған құжаттар мен материалдар жиынтығына қосылады.

      3. Талқылау қорытындысы бойынша қорытынды негізінде Комиссия Алқасы ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіруге, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатеріне немесе өтініш беруші мемлекеттің мүдделеріне елеулі нұқсан келтіруге алып келетін өзіндік ерекшелікті субсидияны беру және (немесе) пайдалану шарттарын, тәртібін белгіленген мерзімде жою немесе өзгерту туралы шешім шығара алады.

      Егер мүше мемлекет талқылау барысында өзі жіберіп отырған ақпараттың таралуы шектелген ақпаратқа жататынын көрсетсе, онда осындай ақпаратты пайдалана отырып, жүргізілген талқылау қорытындысы бойынша Комиссия шешімдері (шешімдерінің жобалары) Шарттың 111-бабы ескеріле отырып жарияланады.

      4. Егер осы Келісімнің 15-бабына сәйкес жүргізілген талқылау қорытындысы бойынша Комиссия басқа мүше мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидия беруі салдарынан мүше мемлекеттердің бірінің ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің немесе оның мүдделеріне елеулі нұқсан келтірудің болуын растаса, онда осы мемлекеттің уәкілетті органы субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органына, келісілген өзіндік ерекшелікті субсидияларды қоспағанда, өтемақы шараларын қолдану туралы өтініш бере алады.

      Комиссия Алқасы келісілген өзіндік ерекшелікті субсидияларға қатысты осы баптың 3-тармағында көзделген шешімді қабылдаған жағдайда, субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органы осындай шешім қабылданған күннен бастап көрсетілген субсидияларды беруді тоқтатады.

      Өтемақы шарасын енгізу Хаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Егер талқылауға қатысатын мүше мемлекеттер талқылау аяқталғаннан кейін және шешім қабылданғанға дейін Хаттаманың 6-тармағы бесінші абзацының ережелерін ескере отырып, уағдаластыққа қол жеткізген болса, Комиссия Алқасы осы баптың 3-тармағында көзделген шешімді қабылдамайды.

      6. Егер мүше мемлекет Комиссия Алқасы осы баптың 3-тармағында көрсетілген, өзіне қатысты қабылдаған шешімді орындамаса, онда басқа мүше мемлекеттер Одақтың Сотына жүгінуге құқылы.

22-бап Құпия ақпарат

      Осы Келісімді іске асыру шеңберінде мүше мемлекет Комиссияға берген және мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құпия ақпаратқа (коммерциялық, салықтық және басқа да құпия ақпаратты қоса алғанда) жатқызылған ақпаратқа қатысты Комиссия белгіленген тәртіппен тиісті қорғау деңгейін қамтамасыз етеді.

V Қорытынды ережелер 23-бап Уәкілетті органдар туралы ақпарат

      Мүше мемлекеттер осы Келісім күшіне енген күннен бастап 3 айдың ішінде Комиссияға уәкілетті органдар туралы хабарлайды.

      Мүше мемлекеттер Комиссияға уәкілетті органдар туралы жіберілетін ақпаратты жаңартып отыруды қамтамасыз етеді.

24-бап Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар Шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

25-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

26-бап Келісімнің күшіне енуі

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақ құқығына кіреді.

      20__ жылғы "___" _____ ___________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады