Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы арасындағы Қазақстанда Халықаралық суды бағалау орталығын орналастыру туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 5 мамырдағы № 249 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы арасындағы Қазақстанда Халықаралық суды бағалау орталығын орналастыру туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумның жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының арасындағы Қазақстанда Халықаралық суды бағалау орталығын орналастыру туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 5 мамырдағы
№ 249 қаулысымен
мақұлданған

      Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы арасындағы Қазақстанда Халықаралық суды бағалау орталығын орналастыру туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум

1. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Үкіметі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы (бұдан әрі – БҰҰ ЕЭК) (бұдан әрі – Тараптар)

      Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) БҰҰ ЕЭК-нің Атқарушы хатшысы Конвенция Хатшылығының функцияларын атқарады деп көрсетілген 19-бабына сілтеме жасай отырып;

      Конвенция Тараптары Кеңесінің өзінің екінші сессиясында (Гаага, Нидерланд, 2000 жылғы 23-25 наурыз) Халықаралық суды бағалау орталығын (бұдан әрі – ХСБО) құру туралы шешім қабылдағанына сілтеме жасай отырып;

      Қазақстанның 2017 жылдан бастап ХСБО-ны орналастыру туралы ұсынысына және Конвенция Тараптары Кеңесінің осы ұсынысты өзінің жетінші сессиясында (Будапешт, Мажарстан, 2015 жылғы 17-19 қараша) мақұлдағанына сілтеме жасай отырып;

      Конвенция Тараптары Кеңесінің Қазақстан мен Конвенция Төралқасына ХСБО-ның Қызмет аясын және Жұмыс бағдарламасын қоса алғанда, оған қатысты болашақ уағдаластықтарды анықтауда Конвенция Хатшылығының қолдауымен тығыз ынтымақтасу және бұл туралы Су ресурстарын кешенді басқару жөніндегі жұмыс тобы мен Тараптар Кеңесіне олардың келесі кеңестерінің барысында баяндау туралы тапсырмасын назарға ала отырып;

      2016 жылғы 1 наурыздан бастап Конвенцияның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттер үшін ашық болуына және Қазақстанның БҰҰ ЕЭК-ге мүше болып табылмайтын көрші елдерге қатысты атқара алатын ерекше рөліне сілтеме жасай отырып;

      Конвенцияның және қолданылатын жағдайда оның Су мен денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамасын (бұдан әрі – Хаттама) және олардың жұмыс бағдарламаларын орындауға жәрдемдесу үшін Конвенцияның бірлескен орталығы ретінде ХСБО-ның бірегей рөлін тани отырып;

      тығыз, практикалық, прагматикалық және нәтижеге бағдарланған ынтымақтастықтың рухын нығайтуды қалай отырып;

      төмендегі мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізді:

2. Мақсат

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ХСБО-ны 2017 жылдан бастап Астана қаласында, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес конкурс негізінде таңдалған, басым үлесі мемлекетке тиесілі ұйымның базасында орналастырады және оның жұмыс істеуі үшін қажетті қаржы, кадр ресурстарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз етеді.

      2. ХСБО Қазақстанмен шектес елдерге және Орталық Азияның басқа да елдеріне, сондай-ақ қажет болған жағдайда, БҰҰ ЕЭК өңірінің шегінде және шегінен тыс орналасқан басқа елдерге назар аудара отырып, Конвенцияның, және қолдануға болатын жағдайда оның Хаттамасы мен осы Өзара түсіністік туралы меморандумға қоса беріліп отырған Қызмет аясына сәйкес олардың тиісті жұмыс бағдарламаларының орындалуын және қолданылуын қолдайтын болады.

      3. ХСБО өз қызметінде Конвенцияның ең жақсы мүдделері мен халықаралық су құқығына сәйкес бейтараптық және ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа алатын болады.

3. Ынтымақтастық саласы және Тараптардың міндеттері

      4. Тараптар тұрақты байланыстарды сақтап тұру үшін үйлестірушілерді тағайындайды және ХСБО-ның жұмысы бойынша өзара қызығушылық білдіретін, оның ішінде ХСБО-ның кадр құрамына, ХСБО-ны қаржыландыруға және оның қызметіне байланысты мәселелер жөнінде тұрақты консультацияларды жүргізетін болады. Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан үйлестірушіні Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі тағайындайды, БҰҰ ЕЭК тарапынан үйлестірушіні БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы – Конвенция Хатшылығы тағайындайды.

      5. Іс-шаралардың нақты уақыт шектерін, қаржыландыру мөлшері мен көздерін қоса алғанда, ХСБО-ның Жұмыс бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметімен, Конвенция Төралқасымен және БҰҰ ЕЭК-мен келісу бойынша әзірленеді және қажет болған жағдайда, түзетіледі әрі Конвенция Тараптары Кеңестері қабылдаған және қолайлы болған жағдайда, Хаттамамен қабылданған жұмыс бағдарламаларына сәйкестендіріледі.

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі ХСБО арқылы қолда бар ресурстарға сәйкес ХСБО-ның Жұмыс бағдарламасында айқындалған іс-шараларға бастамашылық жасау мен оларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Өзінің қызметін жүзеге асыру барысында ХСБО тиісті халықаралық ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, зерттеу институттарымен, сондай-ақ Қазақстандағы және онымен шектес елдердегі, Орталық Азияның басқа да елдеріндегі, сондай-ақ қажет болған жағдайда, БҰҰ ЕЭК өңірінің шегінде және шегінен тыс орналасқан басқа елдердегі трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы тиісті жобалармен ынтымақтасады.

4. Қаржыландыру

      7. Өзара түсіністік туралы меморандум бір Тараптың қызметін қаржыландыруға байланысты екінші Тарапты қандай да бір қаржылық міндеттемелерге әкеп соқтырмайды, дегенмен ондай қаржыландыру жекелеген екіжақты келісімдер нысанында орын алуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Үкіметі ХСБО-ның қызметін базалық қаржыландыруды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Қаржы ресурстары болған жағдайда және жекелеген келісімдер негізінде БҰҰ ЕЭК ХСБО-ның Жұмыс бағдарламасындағы кейбір іс-шараларды қаржыландыру туралы мәселені қарауы мүмкін.

5. Қызметті шолу және бақылау

      8. ХСБО Конвенция Тараптары Кеңесіне және мүмкіндігінше Хаттама Тараптары Кеңесі мен олардың жұмыс топтарына тұрақты түрде есеп береді, сондай-ақ өзінің одан кейінгі жұмысында осы органдардың ұсынымдарын басшылыққа алады.

6. Өзгерістер енгізу және қолданысын тоқтату

      9. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Өзара түсіністік туралы меморандумға жекелеген хаттамалар түрінде ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      10. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Өзара түсіністік туралы меморандумда көзделген міндеттемелеріне байланысты кез келген өзгерістер туралы БҰҰ ЕЭК-ні кемінде 1 жыл бұрын хабарламамен хабардар етеді.

      11. Әрбір Тарап кез келген уақытта екінші Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша кемінде 1 жыл бұрын жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданысын тоқтата алады.

7. Дауларды реттеу

      12. Тараптар осы Өзара түсіністік туралы меморандумды қолдану және/немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген дауды достық келіссөздер арқылы реттеуге ұмтылады. Егер дау достық келіссөздер арқылы шешілмесе, ол БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) сол сәтте қолданылған рәсімдеріне сәйкес төрелікке берілетін болады.

8. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      13. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумда қамтылған немесе онымен байланысты ешнәрсе 1946 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясына сәйкес міндеттерден немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының қандай да артықшылықтары мен иммунитеттерінен тікелей немесе жанама босату деп қарастырылмауы тиіс. Сол сияқты, осы Өзара түсіністік туралы меморандумда қамтылған немесе онымен байланысты ешнәрсе 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес міндеттерден немесе Қазақстан Республикасы пайдаланатын қандай да артықшылықтар мен иммунитеттерден тікелей немесе жанама босату деп қарастырылмауы тиіс.

9. Күшіне ену

      14. Осы ХСБО-ны орналастыру туралы Өзара түсіністік туралы меморандум оған екі Тарап та қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.

      Орыс және ағылшын тілдерінде екі-екіден, төрт төлнұсқа данада қол қойылды әрі екі мәтін де теңтүпнұсқалы. Осы Меморандумның ережелерiн түсіндіру бойынша даулар туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнеді.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Біріккен Ұлттар Ұйымының
Еуропалық экономикалық комиссиясы үшін

  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Біріккен Ұлттар Ұйымының
Еуропалық экономикалық комиссиясы арасындағы
Қазақстанда Халықаралық суды бағалау орталығын
орналастыру туралы өзара түсіністік жөніндегі
меморандумға
қосымша

Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияның шеңберінде Халықаралық суды бағалау орталығының басқару аясы

Кіріспе

      1. Трансшекарааралық су ағыны мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенция (Хельсинки, 1992 жыл) (бұдан әрі – Конвенция) ынтымақтастықта жәрдем көрсету арқылы трансшекаралық су ресурстарын қорғауға және сапасын, мөлшерін және тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

      2. Конвенция бастапқыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы (бұдан әрі – БҰҰ ЕЭК) өңірі үшін өңірлік құрал ретінде жасалған болатын, бірақ 2003 жылы оған Біріккен Ұлттар Ұйымына барлық мүше мемлекеттердің қосылуына мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. 2016 жылғы 1 наурыздан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттер Конвенцияға қосыла алады.

      3. Тараптар Кеңесі Конвенцияның басты басшы органы болып табылады. Оның міндеті – Конвенцияның жүзеге асырылуын үнемі бақылау және Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдау.

      4. Тараптар Кеңесінің екінші сессиясында (Гаага, Нидерланд, 2000 жылғы 23-25 наурыз) Конвенцияның біріккен орталығы ретінде Халықаралық суды бағалау орталығын (бұдан әрі – ХСБО) құру туралы шешім қабылданған болатын.

      5. 2000 жылдан 2008 жылға дейін ХСБО Нидерландта, ал 2009 жылдан 2012 жылға дейін Словакияда орналасқан болатын.

      6. Тараптар Кеңесі жетінші сессияда (Будапешт, Мажарстан, 2015 жылғы 17-19 қараша) Қазақстанның 2017 жылдан бастап ХСБО-ны қабылдау туралы ұсынысын қолдады.

Негізгі мақсаты

      7. Конвенцияның біріккен орталығы ретінде ХСБО-ның негізгі мақсаты Конвенцияның және мүмкіндігінше оның Су мен денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамасының (бұдан әрі – Хаттама), сондай-ақ тиісті Тараптар кеңестері қабылдаған олардың жұмыс бағдарламаларының жүзеге асырылуына қолдау көрсету болып табылады.

      8. ХСБО өзінің қызметін жүзеге асыру барысында сенімді, тәуелсіздікті және объективтілікті сақтап қалу мақсатында Конвенцияның ең жақсы мүдделерінде бейтараптық және ынтымақтастық қағидаттарын сақтауы тиіс.

      9. ХСБО Қазақстанмен шектес елдерге және Орталық Азияның басқа да елдеріне, сондай-ақ қажет болған жағдайда, БҰҰ ЕЭК өңірінің шегінде және шегінен тыс орналасқан басқа да елдерге ерекше көңіл бөлетін болады.

Негізгі қызметі

      10. ХСБО:

      1) елдерге Конвенцияға және мүмкіндігінше Хаттамаға қосылуды жүзеге асыруға немесе қосылуға талпынысына қолдау көрсететін;

      2) Конвенцияның және мүмкіндігінше Хаттаманың шеңберінде, оның ішінде пилоттық және басқа практикалық жобалардың шеңберінде әзірленген басшылық қағидаттары мен ұсынымдар секілді жұмсақ құқық құралдарын іске асыруға көмек көрсететін;

      3) оқу курстарын, практикумдарды және семинарларды ұйымдастыратын және/немесе елдерге және Конвенцияның бірлескен органдарына трансшекаралық су ресурстарын тұрақты басқаруды жетілдіру және мүмкіндігінше Хаттама бойынша осындай іс-шараларды өткізуге көмектесетін;

      4) Конвенцияның Хатшылығына, қажеттігіне қарай оған жүктелген жұмыстардың орындалуына және Конвенцияның және қажеттігіне қарай, Хаттаманың тиісті жұмыс бағдарламаларының шеңберіндегі қызметіне көмек көрсететін;

      5) Конвенцияның және мүмкіндігінше Хаттаманың шеңберіндегі жұмысқа байланысты тәжірибе және озық практика алмасуға көмек көрсететін;

      6) Конвенциямен және мүмкіндігінше Хаттамамен байланысты ақпаратты жинауды және таратуды жүзеге асыратын;

      7) Конвенцияның және мүмкіндігінше Хаттаманың шеңберіндегі жұмысқа байланысты мәселелер бойынша сұранымға сәйкес зерттеулерді жүзеге асыратын және/немесе үйлестіретін;

      8) сұранымға сәйкес трансшекаралық су ресурстарын басқару және мүмкіндігінше су және денсаулық мәселелері бойынша деректерді және ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды, жариялауды және таратуды жүзеге асыратын;

      9) Конвенцияның және мүмкіндігінше Хаттаманың шеңберінде іс-шараларға қатысатын және үлес қосатын;

      10) Төралқа мен Конвенция хатшылығымен келісу бойынша өз құзыреті саласында Конвенцияны және мүмкіндігінше Хаттаманы жүзеге асыруға көмек көрсетуге бағытталған жобалық ұсыныстарды жасап, сондай-ақ олардың тиімді орындалуын қамтамасыз ететін болады.

Жұмыс әдістері

      11. ХСБО-ның 6 адамнан тұратын персоналы болады, олар конкурс негізінде қабылданатын болады. Конкурс негізінде іріктеліп алынған ХСБО-ның басшысын және басшысының орынбасарын тағайындау Конвенция Хатшылығымен келісу бойынша жүргізіледі.

      12. Іс-шаралардың нақты уақыт шектерін, қаржыландыру мөлшері мен көздерін қоса алғанда, ХСБО-ның Жұмыс бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметімен, Конвенция Төралқасымен және БҰҰ ЕЭК-мен келісу бойынша әзірленеді және қажет болған жағдайда, түзетіледі әрі Конвенция Тараптарының Кеңесі қабылдаған және қолайлы болған жағдайда Хаттамамен қабылданған жұмыс бағдарламаларына сәйкестендіріледі.

      13. ХСБО өзінің қызметін Конвенцияның және қажет болған жағдайда, Хаттаманың жұмыс бағдарламаларының басқа тиісті іс-шараларымен, атап айтқанда Конвенция Хатшылығы жүзеге асыратын іс-шаралармен тиісінше үйлестіруді және келісуді қамтамасыз етеді.

      14. ХСБО өңірлік және ғаламдық деңгейдегі тиісті ұйымдармен қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді.

      15. ХСБО өзінің Жұмыс бағдарламасын уақтылы және ең жоғарғы сапа стандарттары бойынша жүзеге асырады, сондай-ақ Төралқаны және Конвенция Хатшылығын Жұмыс бағдарламасының орындалуын кешіктіруі мүмкін кез келген мәселе туралы хабардар етеді.

      16. ХСБО Конвенция Тараптары Кеңесіне және мүмкіндігінше Хаттама Тараптары Кеңесіне, олардың жұмыс топтарына тұрақты есеп береді, сондай-ақ өзінің бұдан кейінгі жұмысында осы органдардың ұсынымдарын басшылыққа алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады