"Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 19 мамырдағы № 279 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 30, 297-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларында:

      2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) "Болашақ" халықаралық стипендиясы (бұдан әрі – "Болашақ" стипендиясы) – Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуы немесе санаттарын Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын жұмыскерлердің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендия;

      2) "Болашақ" стипендиясының әкімшісі (бұдан әрі – Әкімші) – шетелде кадрлар даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары, оның ішінде "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым;

      3) "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпазы (бұдан әрі – конкурс жеңімпазы) – осы Қағидаларда көзделген барлық турлардан ойдағыдай өткен және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес "Болашақ" халықаралық стипендиясы тағайындалған үміткер;

      4) бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының қызметкерлері – бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын шығармашылық ұжымның қызметкерлері болып табылатын жеке тұлғалар;

      5) ғылыми-педагог қызметкерлер – ғылыми ұйымда, жоғары оқу орнында немесе ұйымның ғылыми бөлімшесінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізетін және оны іске асыратын не білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытуға және тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын жеке тұлғалар;

      6) жұмыс беруші – қызметкер Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы, оның филиалы, өкілдігі;

      7) инженерлік-техникалық қызметкерлер – өндірістік процесті, сондай-ақ ұйымда тікелей өндірістік қызметті ұйымдастыруды және басқаруды жүзеге асыратын және жоғары инженерлік-техникалық білімі бар қызметкерлер;

      8) кешенді тестілеу – зияткерлік қабілеттілік, кәсіби біліктілік деңгейін, шетелде оқуға психологиялық дайындықты айқындау бойынша тестілеу;

      9) магистратура алдындағы дайындық – конкурс жеңімпаздарының оқу еліне байланысты 2 (екі) айдан аспайтын мерзімде шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру жүйесіне және оқыту әдістеріне бейімделу дайындығы;

      10) мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер – кәсіби қызметі мәдени құндылықтарды сақтаумен, дамытумен, таратумен, пайдаланумен және оларға азаматтарды баулумен байланысты болатын, кәсіби немесе әуесқой шығармашылық қызметі көркем құндылықтар жасауға, әдебиет пен өнер туындыларын орындауға немесе түрлендіруге (тәржімалауға) бағытталған жеке тұлғалар;

      11) тәуелсіз сараптамалық комиссия – "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсына (бұдан әрі – конкурс) қатысатын үміткерлермен жеке әңгімелесуді жүзеге асыратын, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      12) үміткер – осы Қағидаларда көзделген талаптар мен шарттарға сай келетін және конкурсқа қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      13) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия – "Болашақ" стипендиясы мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – Республикалық комиссия).

      14) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Жұмыс органы).

      3. "Болашақ" стипендиясы дербес болып табылады және оны Республикалық комиссия:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғары оқу орнына оқуға орналасу сәтінде бекітілген конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізіміне енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында олардың "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесіне (бұдан әрі – басым мамандықтар тізбесі) сәйкес магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алуы, резидентурада оқуы үшін күндізгі оқу нысаны бойынша оқуы;

      2) конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының және олардың жанындағы медициналық мекемелердің базасында басым мамандықтар тізбесіне сәйкес шетелдік ұйымдарда, сондай-ақ танымал әлемдік, өңірлік ғылыми-зерттеу орталықтарында, компанияларда және салалық ұйымдарда он екі айға дейінгі мерзіммен (тілдік курстардан өту мерзімдерін қоспағанда) Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан Республикалық комиссия айқындайтын қызметкерлер санаттарының тағылымдамадан өтуі мақсатында тағайындайды.

      Жұмыс органы конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін (бұдан әрі – Тізім) бекітеді. Тізім Жұмыс органы бекітетін "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдар тізімін қалыптастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қалыптастырылады.

      Басым мамандықтар тізбесін жыл сайын Жұмыс органының ұсынуы бойынша Республикалық комиссия бекітеді.

      Басым мамандықтар тізбесін "Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар ұсынатын өтінімдер негізінде Жұмыс органы әзірлейді.";

      4-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) Жұмыс органы бекіткен белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін нәтижелері бар шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаты бар магистр дәрежесін алуға үміткерлерге (бұдан әрі – жалпы конкурс санаты);";

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін Жұмыс органы жыл сайын бекітеді және Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында құжаттарды қабылдау мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік 10 (он) күн бұрын орналастырылады.

      6. "Болашақ" стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады және:

      "Болашақ" стипендиясы бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру, оның ішінде "Болашақ" стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыруды ақпараттық қамтамасыз ету бойынша қызметтерді көрсетуге байланысты шығыстарды төлеуді;

      үміткерлердің мемлекеттік және шет тілдерін меңгеру деңгейін айқындау, пәндік емтихандарды және кешенді тестілеуді өткізу бойынша шет мемлекеттердің уәкілетті органдары айқындайтын шетелдік жоғары оқу орындарының, ұйымдардың (бұдан әрі – шетелдік әріптестер), Қазақстан Республикасы ұйымдары мен сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеуді;

      Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын "Болашақ" стипендиясын жұмсау бағыттары бойынша шығыстарды (бұдан әрі – Жұмсау бағыты) төлеуді қамтиды.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Магистр дәрежесін алу үшін "Болашақ" стипендиясын тағайындауға үміткерлердің құжаттарын қабылдау тәртібі.

      Магистр дәрежесін алу үшін конкурсқа қатысуға өз бетімен түскендер, жалпы конкурс, мемлекеттік қызметшілер, ғылыми-педагог қызметкерлер, инженерлік-техникалық қызметкерлер, мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер, бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының қызметкерлері санаттары бойынша қатысатын үміткерлер жіберіледі.

      Магистр дәрежесін алу үшін үміткерлердің конкурсқа қатысу шарттары:

      1) өз бетімен түскендер санаты бойынша қатысатын үміткерлер үшін:

      Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында академиялық бағдарламаларда оқитындар – оқудың барлық кезеңіндегі үлгерімінің орташа балының Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орнында белгіленген бағалау жүйесіне сәйкес кемінде "жақсы" деген бағаға сәйкес болуы және бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе Жұмыс органы бекітетін "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалығы кестесіне (бұдан әрі – бағалар баламалығы кестесі) сәйкес оның баламасына сәйкес келуі;

      академиялық оқуға түскендер – бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе бағалар баламалығы кестесіне сәйкес оның баламасына сәйкес келуі;

      2) жалпы конкурс, мемлекеттік қызметшілер, ғылыми-педагог қызметкерлер, инженерлік-техникалық қызметкерлер, бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының қызметкерлері санаттары бойынша қатысатын үміткерлер үшін – бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе бағалар баламалығы кестесіне сәйкес оның баламасына сәйкес келуі және Жұмыс органы бекітетін "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқу үшін мәндес мамандықтар тізбесіне (бұдан әрі – мәндес мамандықтар тізбесі) сәйкес шетелде оқу үшін таңдалған мамандығының осы диплом бойынша мамандығына сәйкес келуі;

      3) мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер санаттары бойынша қатысатын үміткерлер үшін – бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе бағалар баламалығы кестесіне сәйкес оның баламасына сәйкес келуі болып табылады.";

      10-тармақта:

      4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 1-1) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, осы Қағидаларға сәйкес еңбек қызметі кезеңдері үшін талап етілетін еңбек қызметін растайтын құжаттар, сондай-ақ аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінділердің түпнұсқалары мен көшірмелерін (түпнұсқалар салыстырғаннан кейін үміткерге қайтарылады);

      5) мемлекеттік немесе орыс тіліндегі уәждемелік және ұсыным хаттарды;";

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) бар болған жағдайда, Жұмыс органы бекіткен белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаттың түпнұсқасын (салыстырғаннан кейін үміткерге қайтарылады) және көшірмесін (оның болуы осы Қағидалардың 4-тармағының 1-1) тармақшасында көрсетілген үміткерлер үшін міндетті);";

      10-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10-2. Философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алу, резидентурада оқу үшін үміткерлердің конкурсқа қатысу шарттары:

      Тізімге қосылған шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында академиялық бағдарламаларда оқитындар – бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе бағалар баламалығы кестесіне сәйкес оның баламасына сәйкес келуі;

      академиялық оқуға түскендер – бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе бағалар баламалығы кестесіне сәйкес оның баламасына сәйкес келуі болып табылады.";

      10-3-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік немесе орыс тіліндегі уәждемелік және ұсыным хаттарды;";

      10-4-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік немесе орыс тіліндегі уәждемелік және ұсыным хаттарды;";

      14, 15, 16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Үміткерлерді іріктеу мемлекеттік және шет тілдерін меңгеру, зияткерлік қабілеттілігі, кәсіби біліктілігі, бейіндік даярлығы, шетелде оқуға психологиялық дайындығы деңгейін анықтау, сондай-ақ уәждемелік және ұсыным хаттарды бағалау арқылы конкурстық негізде жүргізіледі.

      15. Конкурс 6 (алты) турдан тұрады.

      16. Бірінші, екінші, үшінші және төртінші турларды шетелдік әріптестермен, Қазақстан Республикасының ұйымдары мен сарапшыларымен бірлесіп, Әкімші ұйымдастырады және өткізеді.

      Бірінші турда Жұмыс органы құратын Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелері болып табылатын тәуелсіз сарапшылар үміткерлерге Жұмыс органы белгілеген бағалау өлшемшарттарына сәйкес уәждемелік және ұсыным хаттарды бағалау арқылы жасырын, алдын ала іріктеу жүргізеді.

      Екінші турда үміткердің шет тілін білу деңгейі анықталады.

      Шетелдік жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес шет тілін білу деңгейін анықтау жөніндегі тестілеудің орнына таңдаған оқу мамандығына сәйкес пәндік емтихандар өткізілуі мүмкін.

      Үшінші турда үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады.

      Төртінші турда үміткерлерді кешенді тестілеу жүргізіледі.

      Әкімші екінші, үшінші және төртінші турдың өтетін орны мен уақытын айқындап, бұл туралы телефон байланысы арқылы күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей үміткерді хабардар етеді.

      17. Үміткерлер алдыңғы турдан сәтті өткен жағдайда екінші, үшінші және төртінші турға қатысуға жіберіледі.

      Бірінші, екінші, үшінші және төртінші турлардың нәтижелері бойынша әрбір үміткер бойынша қорытынды беріледі, бұл туралы үміткерге Әкімшінің ресми интернет-ресурсында ақпарат орналастыру арқылы хабарланады.";

      20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Бесінші тур үміткерлердің Тәуелсіз сараптамалық комиссияның мүшелерімен жеке әңгімелесуден өтуін ұйымдастыру арқылы өткізіледі. Әкімші үміткерлерді телефон байланысы арқылы әңгімелесудің өтетін күні мен орны туралы ол өткізілгенге дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей хабардар етеді.

      Тәуелсіз сараптамалық комиссияның құрамын, жұмыс тәртібі мен оны ұйымдастыруды Жұмыс органы бекітеді.

      21. Бесінші турда үміткердің кәсіби даярлық, мамандануы бойынша Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білу, таңдалған мамандану саласында теориялық білім деңгейі және кәсіби құзыреттілігінің болуы анықталады.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Бесінші тур өткеннен кейін Жұмыс органы барлық турлардың нәтижелерімен бірге үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауы үшін алтыншы турға енгізеді.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Республикалық комиссияның шешімінде "Болашақ" стипендиясы есебінен тағылымдама өткізуді жүзеге асыратын шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың талаптарына сәйкес конкурстың мынадай жеңімпаздары үшін тілдік курстардан өту қажеттілігі туралы көрсетіледі:

      1) осы Қағидалардың 4-тармағының 2), 3), 4), 6), 7) тармақшаларында көрсетілген санаттар бойынша – Жұмыс органы бекітетін тілдік курстардың ұзақтығы кестесіне (бұдан әрі – кесте) сәйкес, бірақ 12 айдан аспайтын, ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында – 6 айдан аспайтын және шетелде 6 айдан аспайтын мерзім;

      2) осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген санат және философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алу, резидентурада оқу үшін түскендер бойынша – Жұмыс органы бекітетін кестеге сәйкес, бірақ 12 айдан аспайтын, ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында – 6 айдан аспайтын және шетелде 6 айдан аспайтын мерзім;

      3) осы Қағидалардың 4-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген санат бойынша 6 айдан аспайтын, ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында 6 айдан аспайтын мерзім.

      Конкурс жеңімпазы тілдік курстардан өткеннен кейін шет тілін білудің қажетті деңгейін анықтауға арналған бақылау тестін (бұдан әрі – тест) тапсырады.

      Шет тілін білудің қажетті деңгейін Жұмыс органы шетелдік әріптестердің талаптарын ескере отырып белгілейді.

      Егер шет тілін білудің қажетті деңгейіне қол жеткізілмесе, конкурс жеңімпазына тестілеуді оны өтпеген күннен бастап 6 (алты) ай ішінде өз қаражаты есебінен қайтадан тапсыруға бір рет мүмкіндік беріледі.

      Егер конкурс жеңімпазы шетелдік жоғары оқу орнына немесе тағылымдамадан өтуді жүзеге асыратын шетелдік ұйымға түсу үшін шет тілін білудің қажетті деңгейін осы тармаққа сәйкес белгіленген мерзімде меңгермесе, ол Республикалық комиссияның шешімі бойынша "Болашақ" стипендиясы бойынша одан әрі академиялық оқу немесе тағылымдамадан өту құқығынан айырылады және Республикалық комиссияның "Болашақ" стипендиясын тағайындау туралы шешімі шыққан күннен бастап оған жұмсалған барлық шығыстарды өтейді.";

      мынадай мазмұндағы 25-1-тармақпен толықтырылсын:

      "25-1. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген конкурс жеңімпаздары және магистр дәрежесін алу үшін конкурсқа қатысушылар қажет болған жағдайда магистратура алдындағы дайындықтан өтеді.";

      27-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуын аяқтағаннан не тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстан Республикасына міндетті түрде оралуы және "Болашақ" стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша үздіксіз еңбек қызметін астанада, республикалық маңызы бар қалаларда – кемінде бес жыл не Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінде – кемінде үш жыл (осы Қағидалардың 4-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін кемінде үш жыл) жүзеге асыруы туралы шарт:

      өз бетімен түскендер, жалпы конкурс санаттары бойынша конкурсқа қатысатын адамдар үшін – Қазақстан Республикасының ұйымдарында не акциялары (жарғылық капиталдағы қатысу үлесі) Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан ұйымдарда;

      мемлекеттік қызметшілер санаты бойынша конкурсқа қатысатын адамдар, сондай-ақ өз бетімен түскендер санаты бойынша конкурсқа қатысатын және осы Қағидалардың 10-3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтінім берген мемлекеттік қызметшілер үшін – өтінімге сәйкес мемлекеттік қызметте не шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарында не Республикалық комиссияның шешімі бойынша, бос жұмыс орындары болған жағдайда – Қазақстан Республикасының ұйымдарында, сондай-ақ акциялары (жарғылық капиталдағы қатысу үлесі) Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі ұйымдарда одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігімен өздерін жіберген мемлекеттік органда;

      ғылыми-педагог қызметкерлер санаты бойынша конкурсқа қатысатын адамдар, сондай-ақ өз бетімен түскендер санаты бойынша конкурсқа қатысатын және осы Қағидалардың 10-3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтінім берген ғылыми не педагог қызметкерлер үшін – Қазақстан Республикасының тиісті деңгейдегі басқа ғылыми ұйымдары мен білім беру ұйымдарында одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігімен өтінімге сәйкес өздерін жіберген ұйымдарда;

      инженерлік-техникалық қызметкерлер санаты бойынша конкурсқа қатысатын адамдар үшін – өтінімге сәйкес Қазақстан Республикасының өндірістік қызметті жүзеге асыратын басқа ұйымдарында одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігімен өздерін жіберген ұйымдарда;

      тағылымдамаға үміткерлер санаты бойынша конкурсқа қатысатын адамдар үшін – өтінімге сәйкес Қазақстан Республикасының жіберуші ұйымының негізгі қызметімен ұқсас қызметті жүзеге асыратын басқа ұйымдарында одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігімен өздерін жіберген ұйымдарда;

      мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер санаты бойынша конкурсқа қатысатын адамдар үшін – өтінімге сәйкес Қазақстан Республикасының басқа мәдениет ұйымдарында одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігімен өздерін жіберген ұйымдарда;

      бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының қызметкерлері санаты бойынша конкурсқа қатысатын адамдар үшін – өтінімге сәйкес Қазақстан Республикасының басқа бұқаралық ақпарат құралдары редакциясында одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігімен өздерін жіберген ұйымдарда;";

      мынадай мазмұндағы 32-тармақпен толықтырылсын:

      "32. Жұмыс органы "Болашақ" стипендиясынан бас тартқан немесе одан айырылған, сондай-ақ Әкімші алдында қаржылық берешегі бар конкурс жеңімпаздарын оқытуға жұмсалған бюджеттік қаражатты қайтаруға байланысты жұмысты ұйымдастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Болашақ" халықаралық стипендиясын (бұдан әрі – "Болашақ" стипендиясы) жұмсау бағыттары "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының (бұдан әрі – конкурс жеңімпазы) оқуын немесе тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға байланысты мынадай шығыстарды төлеуді қамтиды:

      1) визаларды (консулдық алымды) ресімдеу, ұзарту;

      2) шетелдік жоғары оқу орындарына 5-тен (бес) аспайтын сауалнама нысандарын ресімдеу және тапсыру;

      3) конкурс жеңімпаздарын қабылдаушы елдің уәкілетті органдарында және шетелдік жоғары оқу орындарында тіркеу;

      4) шет тілін білу деңгейін айқындауға бір тестілеуді қоса алғанда, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша олардан өту қажет болған жағдайда тілдік курстар;

      5) академиялық оқу немесе тағылымдамадан өту;

      6) шетелдік жоғары оқу орындарының талаптары бойынша академиялық оқуға түсу үшін қажетті академиялық және техникалық даярлық деңгейін анықтау бойынша пәндік емтихандарды бір рет тапсыру;

      7) тағылымдамаларды, тілдік курстарды (бұдан әрі – тілдік мектеп), магистратура алдындағы дайындықты өткізуді жүзеге асыратын шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың (бұдан әрі – шетелдік ұйым) талаптары бойынша академиялық оқуға, тілдік курстарға түсу кезінде, сондай-ақ конкурс жеңімпазының тілдік дайындығы, академиялық оқуы, тағылымдамасы процесінде қажетті міндетті қызметтер;

      8) оқу елінде тұру және тамақтану, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту, оқу әдебиетін сатып алу;

      9) тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, академиялық оқудан, тағылымдамадан өту елінің және (немесе) шетелдік жоғары оқу орнының, тілдік мектептің, шетелдік ұйымның талаптарына сәйкес міндетті медициналық тексеру;

      10) конкурс жеңімпазының банк карточкасын ашу, қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін қайта шығару және оған қызмет көрсету;

      11) шет мемлекеттердің уәкілетті органдары (бұдан әрі – шетелдік әріптестер) айқындайтын шетелдік жоғары оқу орындарының, тілдік мектептердің немесе шетелдік ұйымдардың конкурс жеңімпаздарының үлгерімі туралы ресми құжаттарды (транскрипттерді) беруі;

      12) жазатайым оқиғалар мен кенеттен ауру пайда болудан шетелдік студенттер үшін көзделген медициналық сақтандыру;

      13) "Болашақ" стипендиясы тағайындалғаннан кейін академиялық оқу не тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту басталған сәттен бастап, Қазақстан Республикасында тұратын жерінен академиялық оқу, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту орнына дейін және тілдік курстарды, магистратура алдындағы дайындықты, академиялық оқуды аяқтағаннан не тағылымдамадан өткеннен кейін кері бағытта жол жүру;

      14) академиялық оқудың ұзақтығы 1 (бір) оқу жылынан артық болған жағдайда, Қазақстан Республикасында тұратын жерінен әрбір оқу жылының басында оқу жеріне дейін және әрбір оқу жылы аяқталғаннан кейін кері бағытта жол жүру, сондай-ақ Қазақстан Республикасында визаны ресімдеу не мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда, академиялық оқу, тағылымдамадан, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан өту орнынан және кері бағытта жол жүру;

      15) шетелдік әріптестердің академиялық оқуды, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету шарттары бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты шығындары.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады