Қазақстандық материалтану токамагы базасындағы эксперименттік кешенді бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 мамырдағы № 281 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстандық материалтану токамагы базасындағы эксперименттік кешенді бірлесіп пайдалану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 24 мамырдағы
№ 281 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстандық материалтану токамагы базасындағы эксперименттік кешенді бірлесіп пайдалану туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      1992 жылғы 26 маусымдағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімді негізге ала отырып және 2013 жылғы 31 мамырдағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық қатынастарын үйлестіру туралы келісімді назарға ала отырып,

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы атом саласының рөлін ескере отырып,

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом саласындағы өзекті мәселелерді тиімді шешу әрекеттерін үйлестірудегі бірлескен мүдделілігін мойындай отырып,

      нормативтік құқықтық құралдарды жетілдіру және тұрақты даму, таратпау әрі ядролық және радиациялық қауіпсіздікті кепілді түрде қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келетін жаңа инновациялық технологияларға көшу арқылы ядролық және радиациялық қауіпсіздікті нығайту қажеттілігін негізге ала отырып,

      өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін тиімді орындау үшін,

      сондай-ақ қазақстандық материалтану токамагы базасындағы эксперименттік кешенді бірлесіп пайдалану мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының қазақстандық материалтану токамагы (бұдан әрі – ҚМТ) базасында басқарылатын термоядролық синтез, жоғары температуралы плазма физикасы саласындағы зерттеулер, болашақ энергетикалық термоядролық реакторлардың конструкциялық материалдары мен тораптарына зерттеулер және сынақтар жүргізуде ынтымақтастықты жүзеге асырады.

2-бап

      Ынтымақтастық мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      токамактар физикасы және токамактар плазмасының физикасы;

      термоядролық реактордың конструкциялық материалдарының зерттеулері мен сынақтары;

      жоғары температуралы плазманы және плазма-қабырғаның өзара әрекеттесуін зерттеу үшін жаңа диагностиканы жасау және игеру;

      токамакта плазмамен басқару процестері мен әдістерін модельдеу;

      Халықаралық эксперименттік термоядролық реактор және термоядролық синтезді пайдаланатын электр станциясы жобаларының мүддесінде токамак элементтерінің плазмасына айналған жоғары ресурсты конструкцияларды, жоғары жиілікті қыздыру және индуктивті емес токты генерациялау режимдерін игеру;

      литийлік және басқа да инновациялық технологиялар;

      басқарылатын термоядролық синтез базасында энергетика негіздерін жасау;

      Тараптардың ортақ мүддесіне сәйкес келетін жобаларды, техникалық шешімдерді, жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеу және термоядролық синтез саласындағы ынтымақтастықтың өзге де бағыттары.

3-бап

      Осы Келісімнің 2-бабында көзделген ынтымақтастық:

      осы Келісім шеңберінде жүргізілетін зерттеулерді үйлестіру;

      ақпарат алмасу;

      ҚМТ ғылыми зерттеулер бағдарламалары жобасының негізінде жұмыс істеу үшін ғалымдарды, инженерлерді, студенттер мен техникалық сарапшыларды жіберу және мамандарды осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумағында орналасқан термоядролық синтез қондырғыларында жүргізілетін жұмыстарға қатыстыру;

      үлгілер, материалдар, жабдық және бағдарламалық қамтылым алмасу;

      бірлескен ғылыми зерттеулер, конференциялар, семинарлар өткізу, сондай-ақ бірлескен жарияланымдар арқылы жүзеге асырылады.

4-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті (құзыретті) органды айқындайды, бұл туралы осы Келісімнің депозитарийіне осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарлаумен бір мезгілде хабарлайды.

      Уәкілетті (құзыретті) органның функцияларын министрлік, ведомство, мемлекеттік корпорация немесе Тараптардың атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін өзге де ұйым орындауы мүмкін.

      Уәкілетті (құзыретті) орган (немесе оның атауы) өзгерген жағдайда, тиісті Тарап бұл туралы күнтізбелік 30 күн ішінде осы Келісімнің депозитарийін хабардар етеді.

5-бап

      ҚМТ базасында жүргізілетін және осы Келісімнің 3-бабында айқындалған бірлескен іс-шараларды, бағдарламалар мен жұмыстарды қаржыландыру ұлттық бюджеттерде тиісті тақырыптар бойынша зерттеу жобаларын орындау үшін тиісті министрліктерге, ведомстволарға, мемлекеттік корпорацияларға немесе өзге де ұйымдарға көзделген қаражат есебінен, сондай-ақ шарттық негізде шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражатын және бюджеттік емес көздерден қаражат тарту есебінен жүзеге асырылады.

6-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті (құзыретті) органдардың өзара іс-қимылын үйлестіруді ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асырады.

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті (құзыретті) органдардың өкілдері Комиссияға есеп беретін, алқалы қоғамдық консультациялық орган болып табылатын ғылыми-техникалық кеңесті құрады. Ғылыми-техникалық кеңес туралы ережені Комиссия әзірлейді және бекітеді.

7-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ҚМТ базасында зерттеулер жүргізудегі ынтымақтастығы мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1. Осы Келісімге сәйкес жасалған немесе алынған кез келген материал, жабдық немесе технологиялар тек бейбіт мақсатта ғана пайдаланылатын болады.

      2. Осы Келісімге сәйкес алынған немесе жасалған материалдар, жабдық немесе технологиялар ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылар жасауда пайдалану үшін немесе оларды қандай да бір өзгеше түрде сатып алу немесе кез келген әскери мақсаттар үшін қандай да бір үшінші тарапқа берілмейді.

      3. Осы Келісімге сәйкес алынған немесе жасалған материалдарды, жабдық немесе технологияларды, егер олар АЭХА-ның INFCIRC/254/Rev.12/Part 1 және INFCIRC /254Rev.9/ Part 2 құжаттарында, осы құжаттарға енгізілетін өзгерістерді ескере отырып аталған болса, Тараптар бейбіт мақсатта пайдалану үшін үшінші мемлекеттерге беру кезінде жоғарыда аталған құжаттарда жазылған қағидаттарды басшылыққа алатын болады. Осындай кез келген өзгеріс Тараптар осындай өзгерісті қабылдайтыны туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлаған жағдайда ғана осы Келісім шеңберінде күшіне енеді.

      4. Тараптар ядролық қаруды таратпау саясатын жүзеге асыру үшін осы бапты орындаумен байланысты кез келген мәселелер бойынша консультация жүргізуге келіседі.

      5. Осы Келісімнің шеңберінде материалдарды, жабдық немесе технологияларды беру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің экспорттық бақылауға қатысты заңдары мен өзге де нормативтік актілері сақтала отырып, жүзеге асырылады.

      Осы баптың қағидаттары Тараптардың осы Келісімнен тәуелсіз өздері сатып алған немесе әзірлеген материалдарды, жабдықты немесе технологияларды өз мақсаттары үшін пайдалану құқықтарын қозғамайды.

8-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін "зияткерлік меншік" деген термин 1967 жылғы 14 шілдедегі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құрған Конвенцияның 2-бабында көзделген мағынада түсініледі.

      2. Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдарының немесе өзге ұйымдарының осы Келісімнің шеңберінен тыс немесе оған қол қойғанға дейін алған өздеріне тиесілі зияткерлік меншікті (бұдан әрі – алдыңғы зияткерлік меншік) табыстау (беру) міндеті туындамайды.

      Алдыңғы зияткерлік меншікті табыстау (беру) осы Келісімді іске асыру барысында ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдары немесе өзге де ұйымдары жасасатын жекелеген жазбаша келісімдердің (бұдан әрі – жеке шарттар) нысанасы болып табылады.

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органына немесе өзге де ұйымына табыс етілген (берілген) алдыңғы зияткерлік меншік тек осы Келісімді іске асыру мақсатында ғана жасасқан жеке шарттардың талаптарына сай пайдаланылатын болады және алдыңғы зияткерлік меншікті табыс еткен (берген) басқа Тараптың уәкілетті (құзыретті) органының немесе өзге де ұйымының жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа табыс етілмейді (берілмейді).

      3. Ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу шеңберінде жасалған зияткерлік қызметтің қорғауға қабілетті нәтижелеріне құқықтар (бұдан әрі – алынған зияткерлік меншік) ҚМТ қондырғыларында жүргізілетін, оның барысында осындай нәтижелер жасалған ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға қатысқан осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдарына немесе өзге де ұйымдарына бекітіліп берілуге тиіс.

      Ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға қатыспаған осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдарына олардың сұрау салуы бойынша термоядролық синтез саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге арналған айрықша емес лицензия негізінде және қосалқы лицензия негізінде алынған зияткерлік меншікті табыстау құқығымен алынған зияткерлік меншік ұсынылуы мүмкін.

      4. Алынған зияткерлік меншіктің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, оған билік ету және оны қорғау тәртібі жеке шарттарда айқындалады, оларда мынадай қағидаттар көрініс табуға тиіс:

      ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмысты орындау шеңберінде жасалған зияткерлік қызмет, сондай-ақ алдыңғы зияткерлік меншік нәтижелерінің тиісінше құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдарының немесе өзге де ұйымдарының жазбаша келісімі бойынша ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмысты орындау шеңберінде жасалған зияткерлік қызмет нәтижелерінің құқықтық қорғалуын, сондай-ақ осындай нәтижелерге қатысты мәліметтерді олардың құқықтық қорғалуы туралы шешім қабылданғанға дейін жария етпеуді қамтамасыз ету;

      алдыңғы зияткерлік меншікті табыстау және оны пайдалану пайдаланушы мемлекеттің аумағында оның құқықтық қорғалуы қамтамасыз етілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады;

      оны өткізуге қатысқан осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің барлық уәкілетті (құзыретті) органдарының немесе өзге де ұйымдарының үлестері ескеріле отырып, ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыс шеңберінде жасалған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды бөлу;

      зияткерлік меншіктің құқық иесінде оның пайдаланылуын бақылау құқығының сақталуы;

      зияткерлік меншікті құқыққа қайшы пайдалану салдарының залалдарын өтеу;

      құпия ақпаратты қорғау.

      5. Осы Келісімді іске асыру барысында коммерциялық құпия (бұдан әрі – құпия ақпарат) режимінде қорғалатын, оның ішінде зияткерлік қызметтің қорғауға қабілетті нәтижелерін ашатын ақпаратты қоса алғанда, оның үшінші тұлғаларға белгісіздігі себебінен нақты немесе әлеуетті коммерциялық құндылығы бар, үшінші тұлғалар оған заңды негізде еркін қол жеткізе алмайтын және иесі оның құпиялылығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қолданатын ақпаратты берген жағдайда, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдары немесе өзге де ұйымдары басқа Тараптың уәкілетті (құзыретті) органдары немесе өзге де ұйымдары өздеріне берген құпия ақпаратты жария етпеуге, оны берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз пайда көру үшін пайдаланбауға, берілген құпия ақпаратта ашылатын зияткерлік қызметтің қорғауға қабілетті нәтижелеріне қатысты құқықтарды тіркеуге өтінімдерді бермеуге міндеттенеді.

      Осы Келісімнің шеңберінде табыс етілуі (берілуі) мүмкін құпия ақпаратқа санкциясыз қолжетімділікті болдырмау мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдары немесе өзге де ұйымдары ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарын пайдалануға, сондай-ақ осы Келісім шеңберінде берілетін өнімді санкциясыз көшіруден, өзгертуден және (немесе) түрлендіруден сақтайтын техникалық құралдармен жабдықтауға құқылы.

      Егер жеке шартта өзгеше ескертілмесе, осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты тоқтату Тараптардың ынтымақтастық барысында пайдаланылған және (немесе) берілген құпия ақпаратқа қатысты құқықтары мен міндеттемелерінің тоқтатылуына әкеп соқтырмайды. Ынтымақтастық тоқтатылғаннан кейін құпия ақпаратты пайдалану, беру және ашу қағидалары жеке шарттарда айқындалады.

      6. Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдары немесе өзге де ұйымдары жеке шарттардың талаптарына сәйкес осы Келісімді іске асыру шеңберінде жасалған зияткерлік қызметтің қорғауға қабілетті нәтижелеріне құқықтарды тиісті тұлғаға бекітіп беру (сатып алу) үшін барлық қажетті әрекеттерді қолданады, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша барлық қажетті әрекеттерді қолданады.

9-бап

      Осы Келісім әрбір Тараптың өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

11-бап

      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде Тараптар арасындағы туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу ниеті туралы шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімнің қолданылу уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, одан шығуға құқылы.

      20______ жылғы ________ _______ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстан Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украина Үкіметі үшін
 

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады