"Контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 қазандағы № 625 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 мамырдағы № 284 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 қазандағы № 625 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен мақұлданған Контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 24 мамырдағы
№ 284 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 26 қазандағы
№ 625 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығын кеңейту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігіне қатерді, сондай-ақ тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпті төмендету үшін жағдайды қамтамасыз етуді қалай отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру және зияткерлік меншік саласындағы жосықсыз бәсекеге, контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін түсіне отырып,

      зияткерлік меншік құқықтарын, оның ішінде Интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың тиімділігін арттыру маңыздылығын ескере отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерін және заңнамасын басшылыққа ала отырып,

      1999 жылғы 4 маусымдағы Жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі шаралар туралы келісімнің, сондай-ақ 2010 жылғы 19 қарашадағы Зияткерлік меншікті құқықтық күзету мен қорғау саласындағы ынтымақтастық және Зияткерлік меншікті құқықтық күзету мен қорғау мәселелері жөнінде мемлекетаралық кеңес құру туралы келісімнің ережелерін негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар контрафактілі өнімді (зияткерлік меншік құқықтарын бұза отырып жасалған және таратылған) өндіруге және таратуға (иемденуге, сақтауға, алып өтуге) қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады, оның ішінде цифрлық ортада контрафактілі тауарлар айналымының жолын тиімді түрде кесу жөнінде заңнамалық тәртіппен шаралар көздейді, Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдарының өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тең құқықтылық қағидаттары негізінде өзара іс-қимыл жасауын кеңейтуге ықпал етеді.

2-бап

      Тараптар зияткерлік меншік құқықтарын күзету және қорғау саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге, контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың, оның ішінде Интернетте бұзылуына қарсы іс-қимыл тетіктерін жасауға бағытталған шараларды әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асырады.

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары арасында контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

3-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар ұлттық заңнаманы ескере отырып:

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтық, әкімшілік, кеден, монополияға қарсы, қылмыстық және процестік заңнамасының нормаларын қоса алғанда, контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл жөнінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құқықтық базаны үйлестіруге ықпал етеді;

      көрсетілген нормалардың құқық қолдану практикасының тетіктерін күшейтуді, оның ішінде контрафактілі өнімді өндіргені және таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту тиімділігін арттыруды қамтамасыз еді;

      егер контрафактілі, жалған дәрілік заттардың өндірісі және айналысы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетін норма осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделмеген болса, ондай норманы ұлттық заңнамаға енгізу жөнінде шаралар қолданады;

      контрафактілі өнімнің айналымына байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау, қарсы іс-қимыл жасау және жолын кесу жөнінде әртүрлі, оның ішінде жедел-профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырады;

      осы санаттағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау, жолын кесу және ашу әдістемелерін әзірлейді;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары, кеден, салық, монополияға қарсы, сот органдары, сондай-ақ контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер құзыретіне жататын өзге де билік органдары қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыруға жәрдемдеседі;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдарының құқық иеленушілермен ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді;

      контрафактілі өнімнің айналымымен байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау, қарсы іс-қимыл жасау және жолын кесу жөнінде тәжірибе алмасады;

      контрафактілі өнім шығаратын жерлерді анықтауға және оны тарату арналарына қатысты ақпарат алмасады;

      оқу, әдістемелік және арнайы әдебиетпен алмасады;

      осы тақырып бойынша семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар, сондай-ақ ғылыми, оның ішінде бірлескен зерттеулер жүргізеді.

4-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі ынтымақтастықты өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптар өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды және осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде бұл туралы депозитарийге хабарлайды. Әрбір Тарап уәкілетті (құзыретті) органдар тізбесінің өзгерістері туралы бір ай ішінде жазбаша түрде депозитарийге дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

6-бап

      Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары осы Келісімді іске асыру мақсатында контрафактілі өнімнің айналымымен байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау, қарсы іс-қимыл жасау және жолын кесу жөніндегі ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімдер жасай алады.

7-бап

      Тараптардың осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі өзара
іс-қимылын үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастығы органына – Зияткерлік меншікті құқықтық күзету және қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңеске жүктеледі.

8-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөнінде Тараптар жүргізетін іс-шараларды қаржыландыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бюджеттерінде тиісті министрліктер мен ведомстволарға өздерінің функцияларын орындау үшін жыл сайын көзделетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылады.

9-бап

      Осы Келісім мемлекеті қатысушы болып табылатын әрбір Тараптың ол үшін басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

11-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы депозитарий үшінші хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламасын алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу ниеті туралы шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімнің қолданылу уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып, одан шығуға құқылы.

      ______ жылғы ___________ __________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстан Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады