Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлаудағы, қайта даярлаудағы және олардың біліктілігін арттырудағы ынтымақтастығы туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 мамырдағы № 287 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлаудағы, қайта даярлаудағы және олардың біліктілігін арттырудағы ынтымақтастығы туралы келiсiмнің жобасы мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 24 мамырдағы
№ 287 қаулысымен
мақұлданды

      Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлаудағы, қайта даярлаудағы және олардың біліктілігін арттырудағы ынтымақтастығы туралы КЕЛIСIМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Үкіметтері

      1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келiсiмді және 2007 жылғы 25 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер мамандарының біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      "Мәскеу геодезия және картография мемлекеттік университеті" жоғары кәсіби білім беретін мемлекеттік білім беру мекемесіне Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы кадрларды даярлау жөніндегі негізгі ұйымы мәртебесін беру туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтерінің басшылары кеңесінің 2010 жылғы 21 мамырдағы шешімін назарға ала отырып,

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы ұйымдарының кадрлық әлеуетін дамыту, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген саладағы кәсіптік (арнаулы) орта және жоғары білім беру жүйесін жетілдіру қажеттілігін назарға ала отырып,

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы ұйымдарының мамандарын және білім беру мекемелерінің (ұйымдарының) профессор-оқытушылар құрамын даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру (бұдан әрі – геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру) саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында,

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін білім беру мекемелерінің (ұйымдарының) болуын ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мынадай бағыттар:

      геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;

      қазіргі заманғы оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу материалдарымен, оқу жоспарларымен және білім беру бағдарламаларымен алмасу;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің білім беру мекемелері (ұйымдары) ұсынатын геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін пайдалану бағыттары бойынша ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

2-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтарына геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтерін алу, оның ішінде жеңілдік негізінде алу мүмкіндігін беруге жәрдемдеседі.

3-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органды (органдарды) айқындайды, бұл туралы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарлаумен бірге депозитарийге хабарлайды.

      Уәкілетті органның (органдардың) атауы өзгерген жағдайда, тиісті Тарап бұл туралы депозитарийге хабарлайды.

      Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімді іске асыру мәселелері бойынша тікелей өзара әрекет етеді.

4-бап

      Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың қаржылық шарттары Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы келісімшарттардағы (шарттардағы) өзара уағдаластықтар негізінде ұлттық заңнамаға сәйкес оларға жүктелген функцияларды орындау үшін ұлттық бюджеттерде көзделген қаражат шегінде айқындалады.

      Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландырудың басқа да көздерін, сондай-ақ өзара есеп айырысудың әртүрлі нысандарын пайдалануға құқылы.

5-бап

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында айқындалған тәртіппен Тараптар геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың ұлттық жүйесі туралы ақпарат алмасуға жәрдемдеседі.

      Осы Келісімді іске асыру жүктелген уәкілетті органдар Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі мемлекетаралық кеңес отырыстарында (сессияларында) немесе қажеттілігіне қарай сұрау салу арқылы оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу материалдарымен, оқу жоспарларымен және білім беру бағдарламаларымен, ғылыми-практикалық конференциялар, геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру аясындағы өзге де іс-шаралар өткізу туралы ақпарат алмасады.

6-бап

      Тараптардың бірі осы Келісімді іске асыру барысында алған ақпаратты басқа Тараптардың мүддесіне нұқсан келтіретіндей пайдалана алмайды.

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтасу кезінде ақпаратты, оның ішінде құпия ақпаратты қолдануды және оны қорғауды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.

7-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптар оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

10-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін осы Келісімнің ережелерін қолдайтын ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Келісім қосылған мемлекет үшін депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

11-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен өзінің шығу ниеті туралы депозитарийге шығу уақытынан кемінде 6 ай бұрын жазбаша хабарламаны жіберіп және осы Келісім қолданыста болған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, одан шығуға құқылы.

      2017 жылғы 26 мамырда Қазан қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан
Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстан
Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан
Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украина
Үкіметі үшін

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін

 


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады