"Жылу бөлгіш құрастырмалар (ЖБҚ) шығару жөніндегі объект" ядролық қондырғысын салу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 9 маусымдағы № 358 қаулысы.

      2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі 274-бабының 2-тармағына және "Атом энергиясын пайдалану туралы" 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Жылу бөлгіш құрастырмалар (ЖБҚ) шығару жөніндегі объект" ядролық қондырғысын салу (бұдан әрі – объект) туралы шешім қабылдансын.

      2. Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласы – объектіні салу ауданы туралы шешім қабылдансын.

      3. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралардың көлемі мен оларды жүзеге асыру тәртібі бекітілсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 9 маусымдағы
№ 358 қаулысымен
бекітілген

Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралардың көлемі мен оларды жүзеге асыру тәртібі

1. Жалпы ережелер

      1. "Жылу бөлгіш құрастырмалар (ЖБҚ) шығару жөніндегі объект" жобасын (бұдан әрі – жоба) іске асыру мақсатында 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес осы Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралардың көлемі мен оларды жүзеге асыру тәртібі (бұдан әрі – іс-шаралар) әзірленді.

      2. Жоба озық технологияларды пайдалану арқылы ядролық отын өндіретін жоғары технологиялық өндірісті құруды, шетелдік инвестицияларды тартуды, жаңа жұмыс орындарын құруды, сондай-ақ Өскемен қаласының құрылыс және өнеркәсіптік кәсіпорындарын тартуды болжайды.

      Іс-шаралар төменде көрсетілген көлемдер мен тәртіпке сәйкес орындалады:

2. Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралар шеңберінде өңір тұрғындарына ұсынылатын қоғамдық және жеке игіліктердің (тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) саны мен сапасын арттыру

      3. 2016 – 2020 жылдар кезеңінде 129 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде:

Р/с №

Персонал

Саны, адам

1

2

3

1.

Негізгі жұмысшылар

39

2.

Қосалқы жұмысшылар

10

3.

Өндірістік-басқарушылық персонал

47

4.

Әкімшілік-басқарушылық персонал

27

5.

Өткізу жөніндегі персонал

6


ЖИЫНЫ

129


      4. Жылу бөлгіш құрастырмаларды шығаруға (ЖБҚ) арналған персоналды оқыту екі кезеңде ұйымдастырылады:

      1) бірінші кезең – 2018 жылы Француз Республикасында "Үлбі-ЖБҚ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – "Үлбі-ЖБҚ" ЖШС) персоналын оқыту. Оқу 5 апта ішінде өтеді, оқытылатын топ 14 үйренушіден құралады. Оқу сатылары теориялық оқыту мен өндірістік объектілерде практикалық оқытуды қамтиды. Оқудың нәтижелері үйренушілерді тестілеумен расталады, оқыту және тестілеу нәтижелері бойынша ұсынымдары бар қорытынды есеп дайындалады.

      2) екінші кезең – 2019 жылы Қазақстан Республикасында "Үлбі-ЖБҚ" ЖШС персоналын оқыту. Оқу Өскемен қаласындағы "Үлбі-ЖБҚ" ЖШС компаниясының жылу бөлетін құрастырмаларын шығару жөніндегі зауыттың өндірістік жабдықтарында жүргізіледі. Оқыту "Үлбі-ЖБҚ" ЖШС компаниясы персоналының өндірістік операцияларды орындау процесінде шетел мамандары жүргізетін нұсқамалар нысанында 6 апта ішінде жүргізіледі. Оқыту жүргізілген соң "Бағалау бағдарламасы" бойынша үйренушілердің білімі тексеріледі. Оқыту мен білімді тексеру қорытындысы бойынша оқытылған жұмыскерлерге нұсқаманы аяқтау туралы куәлік беріледі және ұсынымдар дайындалады.

3. Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралар шеңберінде өңір әлеуетін ресурстар мен өндірістік базаны сақтайтындай ұтымды және негізделген түрде пайдалану

      5. Тауарлық-материалдық құндылықтармен қамтамасыз етуді және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы мен дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы (қатысу үлесі) меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сәйкес іске асырады.

      6. "Үлбі металлургиялық зауыты" акционерлік қоғамын уран өнімдерінің тапсырысымен қамтамасыз ету "Үлбі-ЖБҚ" ЖШС мен "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ арасында 2019 – 2038 жылдар кезеңінде жылына таблетка түрінде 50 тU-дан (бірінші өндірістік жылы) жылына таблетка түрінде 225 тU дейінгі (ЖБҚ шығару зауытын пайдаланудың аяқталу кезеңінде) көлемде отын таблеткаларын жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ-ның тапсырыстарды орындау бойынша жұмыстар көлеміне төмен байытылған уран гексафторидін (бұдан әрі – УГФ) уран диоксидіне дейін реконверсиялау, отын таблеткаларын дайындау және бақылау жатады. УГФ қазақстандық кен орындарындағы табиғи ураннан дайындалады.

      7. Машина жасау өнімдері тапсырыстарымен қамтамасыз ету "Үлбі-ЖБҚ" ЖШС мен Қазақстан Республикасының машина жасау кәсіпорындары арасында келісімшарт жасасу арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс көлеміне негізгі және қосалқы технологиялық жабдықтар, технологиялық жарақтар, жүк көтеруші траверстер мен қармаулар, қойма жабдықтары жатады. Жабдықтарға қойылатын талаптар технология иесі мен жеткізушісі әзірлеген "Өндірістік зауыттың технологиялық құжаттамасы" құжаттар жиынтығы негізінде тендерлік құжаттамада белгіленеді. Жеткізушіні таңдау Сатып алу қағидаларына сәйкес конкурстық әдіспен жүзеге асырылады.

      8. Шығыс Қазақстан облысы мен Қазақстан Республикасының құрылыс ұйымдарын тарту арқылы құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау жоспарлануда, мердігерді таңдау Сатып алу қағидаларына сәйкес конкурстық әдіспен жүзеге асырылады. Жұмыстарды жүргізу ведомстводан тыс белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобалау құжаттамасы негізінде Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті талаптарына және құрылыс нормативтеріне сәйкес тәртіппен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады