Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану және оларды одан әрі жетілдіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Әділханұлы Жасұзақовқа Әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану және оларды одан әрі жетілдіру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 643 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану және оларды одан әрі жетілдіру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
1998 жылғы 6 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін басқару мүдделерінде өзара іс-қимыл байланыстарын ұйымдастыру туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын (бұдан әрі - қарулы күштер) басқару мүдделерінде Тараптардың әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану қажеттілігіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану және одан әрі жетілдіру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін басқару сенімділігін арттыру және олардың арасындағы өзара іс-қимыл байланыстарын ұйымдастыру мақсатында жүзеге асырылады.
Осы мақсаттарға:
жаңа спутниктік байланыс жүйелерін құру мен Келісімге қатысушы мемлекеттердің әскери мақсаттағы қолданыстағы ғарыш аппараттарының (бұдан әрі - ҒА) байланыс ретрансляторларының өткізу қабілеті ресурсын пайдалануда Тараптардың ынтымақтастығын ұйымдастыру;
байланыс ҒA құруды қаржыландыруға олардың үлестік жарналары мөлшерінде жаңа спутниктік байланыс жүйелерінің еткізу қабілеті ресурсын Тараптарға ұсыну;
келісілген техникалық талаптарды ескере отырып, оның ұлттық сегменттерін өрістету арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери мақсаттағы интеграцияланған спутниктік байланыс жүйелерін құру арқылы қол жеткізіледі.
2-бап
Ресей Федерациясының қолданыстағы ҒА ретрансляторларының өткізу қабілеті ресурсы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін басқару және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері әскери басқару органдарының өзара іс-қимыл байланыстарын ұйымдастыру мүдделерінде Тараптарға беріледі.
Ресей Федерациясының қолданыстағы ҒА ретрансляторларының өткізу қабілеті ресурсын пайдалану осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінде қолдануға рұқсат етілген әскери мақсаттағы спутниктік жерүсті байланыс станцияларын пайдалану негізінде қамтамасыз етіледі.
Ресей Федерациясының қолданыстағы ҒA өткізу қабілеті ресурсын пайдалану саласындағы уағдаластықтар, оның ішінде әскери-техникалық жәрдем көрсету желісі бойынша өтеусіз негізде оны ұсыну мүмкіндігі Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі мен осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрліктері/қорғаныс ведомстволары арасында жасалған екіжақты келісімдермен айқындалады.
Мұндай екі жақты келісімдер жасасудың міндетті шарттары:
Ресей Федерациясының қолданыстағы ҒA нысаналы мақсаты бойынша осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің спутниктік байланысын қамтамасыз ету мүдделерінде қолдануды, сондай-ақ Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жүзеге асыратын жедел-техникалық басқаруды, спутниктік байланыс деректерін дайындауды және таратуды (жеткізуді) жоспарлау;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрліктерінің/қорғаныс ведомстволарының Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне жерүсті спутниктік байланыс станцияларының санын, типтері мен қажетті жұмыс режимдерін көрсете отырып, өтінімдерді жолдауы негізінде қажетті ресурстар көлемін алу;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің байланыс органдары Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің тиісті құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыратын әскери мақсаттағы спутниктік байланыстың ұлттық жерүсті желілерін басқару;
Ресей Федерациясының қолданыстағы ҒA байланыс ретрансляторларының пайдалану сипаттамаларын төмендетуге, сондай-ақ оларды жауынгерлік әзірлікте ұстауды қиындатуға әкеп соқтыратын іс-қимылдарды болдырмау;
ресурсты тек осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін басқару мүдделерінде пайдалану, сондай-ақ спутниктік жерүсті байланыс станцияларының (орталықтарының) белгіленген пайдалану режимдерін сақтау, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына басқа да қатысушы мемлекеттердің әскери мақсаттағы ұлттық спутниктік жерүсті байланыс желілеріне техникалық немесе өзге де себептер бойынша кедергілер жасауға жол бермеу болып табылады.
3-бап
Ақпаратты жоғары жылдамдықта берудің қазіргі заманғы қағидаттарына және бірдейлендірілген бағдарламалық-аппараттық жабдыққа негізделген әскери мақсаттағы жаңа спутниктік байланыс жүйелерін құру Тараптардың үлестік қаржыландыруы негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Егер Тараптар өзгеше туралы уағдаласпаған болса, мұндай жобаларды қаржыландыруға қатысқан әрбір Тарап жаңа спутниктік байланыс жүйелерінің өткізу қабілеті ресурсын өзінің үлестік жарнасы көлемінде пайдалану құқықтарына ие болады.
Әскери мақсаттағы жаңа спутниктік байланыс жүйелерін құру тәртібі мен шарттары Тараптардың жекелеген келісімдерімен айқындалады.
4-бап
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери мақсаттағы интеграцияланған спутниктік байланыс жүйесін құру Тараптардың өзінің ұлттық сегменттерін өрістетуімен қамтамасыз етіледі.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери мақсаттағы интеграцияланған спутниктік байланыс жүйесін құруға бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі атынан әскери мақсаттағы интеграцияланған спутниктік байланыс жүйесінің техникалық пішініне қойылатын талаптарды әзірлеу жөніндегі бас ұйым әскери мақсаттағы спутниктік байланыстың ұлттық сегменттері сипаттамаларының үйлесімділігін қамтамасыз ететін жобалық және пайдалану құжаттамасын калыптастыру мен әзірлеу мәселелерінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрліктеріне /қорғаныс ведомстволарына жәрдемдеседі.
Әскери мақсаттағы интеграцияланған спутниктік байланыс ұлттық сегменттерін өрістету мен пайдалану тәртібі мүдделі Тараптардың тиісті келісімдерінде айқындалады.
5-бап
Осы Келісімнің Тараптары электр магниттік үйлесімділік пен қолданыстағы және әскери мақсаттағы спутниктік диапазонның радиоэлектрондық құралдарын өрістетуге жоспарланған халықаралық-құқықтық қорғауды келісу мәселелерінде өзара жәрдем көрсетеді.
6-бап
Тараптар әскери мақсаттағы ғарыш кешендерін және спутниктік байланыс жүйелері мен олардың элементтерін жетілдіруге бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ерекше маңыздылар қатарына қояды. Тараптар қалыптасқан кооперациялау бойынша ғылыми-зерттеу ұйымдарында және өнеркәсіп кәсіпорындарда олардың орындалуын қамтамасыз етеді.
Тараптар бірыңғай техникалық саясатты жүргізу үшін әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерінің ұйымдық-техникалық құрылымына енгізу жоспарланатын өзгерістер туралы уақтылы өзара хабарлауды жүзеге асырады және оларды жетілдіру мен дамыту бойынша шаралар қабылдайды.
7-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру ұлттық заңнамаға сәйкес қарулы күштерді ұстауға қорғаныс министрліктерінің/қорғаныс ведомстволарының ұлттық бюджеттерінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
8-бап
Осы Келісімді іске асыруда Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрліктері арқылы ынтымақтасады.
Осы Келісімді іске асыру бойынша қызметті үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлерінің кеңесіне жүктеледі.
9-бап
Ақпаратты беру және оны қорғау осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекетаралық құпиялармен жұмыс істеу тәртібі және оларды қорғау Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қолданылатын құпия ақпаратты қорғау туралы халықаралық шарттарға және құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияларды) өзара қорғау (сақтау) туралы екіжақты шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермейді.
Осы Келісімді іске асыру барысында алынған ақпаратты Тараптардың бірі екінші Тараптың мүдделеріне нұқсан келтіретіндей, пайдалана алмайды.
10-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысы үшін өзінің мемлекеті қатысушысы болып табылатын ол үшін басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерге нұқсан келтірмейді.
11-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді және осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енген Тараптар арасындағы 1993 жылғы 12 наурыздағы Әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану және оларды одан әрі жетілдіру туралы келісім осы Келісім күшіне енген күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.
13-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
14-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттің кез келгенінің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
20 жылғы "___" ________ _________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |
Армения Республикасының Үкіметі үшін |
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін |
ТүрікменстанҮкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
УкраинаҮкіметі үшін |
Молдова Республикасының Үкіметі үшін |