Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Сүмбе өзеніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 қарашадағы № 743 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Сүмбе өзеніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Сүмбе өзеніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 14 қарашадағы
№ 743 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Сүмбе өзеніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен су алу құрылысжайын
реконструкциялау туралы келісім

      Бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі

      2001 жылғы 12 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар Сүмбе өзеніндегі бірлескен су алу құрылысжайын (бұдан әрі – бірлескен су алу құрылысжайы) реконструкциялауды бірлесіп жүзеге асырады.

      2. Бірлескен су алу құрылысжайы тең үлеске ие Тараптар мемлекеттерінің ортақ меншігі болып табылады.

      3. Бірлескен су алу құрылысжайын басқару және пайдалану мәселелері Тараптар арасында жасалған жеке халықаралық шартпен реттеледі.

2-бап

      1. Бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау жобасы мыналарды:

      1) қытайлық су алу шлюзінің табанын 30 см-ге көтеруді;

      2) негізгі су бөгеу табалдырығын 30 см-ге көтеруді;

      3) биіктігі 30 см "тіл тәрізді" дөңес суайрық қабырғаны қайта қалпына келтіруді;

      4) қазақстандық су алу шлюзін қытайлық су алу шлюзінің өлшеміне дейін кеңейтуді;

      5) магистральдық каналдардың, жағалауды нығайту жұмыстарының, операторлық ғимараттардың, электрмен жабдықтаудың, сыртқы жарықтандырудың, бейнебақылаудың, деректерді жедел беру мүмкіндігі бар суды есепке алу мен су бөлуді автоматтандырудың реконструкцияланатын құрылысжайларымен түйісуін реконструкциялауды қамтиды.

      2. Бірлескен су алу құрылысжайының құрамына кірмейтін қызмет көрсетуші объектілер (әрбір Тарап мемлекетінің аумағындағы электрмен жабдықталған және коммуникациялары бар әкімшілік ғимарат) салуды әрбір Тарап дербес жүзеге асырады.

3-бап

      Бірлескен су алу құрылысжайының ортақ бөлігін реконструкциялауды қаржыландыруды Тараптар құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы құнының 50 пайызы бойынша ынтымақтаса жүзеге асырады.

4-бап

      Бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау кезінде Тараптар мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:

      1) бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау өзен арнасының қалпы мен мемлекеттік шекара сызығының өтуін өзгертпеуге, жағалаудың бұзылуын тудырмауға және Тараптар мемлекеттері қоршаған ортасының жай-күйіне кері әсерін тигізбеуге тиіс;

      2) бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, Тараптардың уәкілетті органдары бекітетін жобалау-сметалық және өзге де құжаттамаға, осындай объектілерді салу мен пайдалану қауіпсіздігінің халықаралық және ұлттық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялауды үйлестіру мақсатында Сүмбе өзеніндегі бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау жөніндегі Қазақстан-Қытай комитеті (бұдан әрі – Комитет) құрылады.

      2. Комитет қазақстандық және қытайлық бөліктерден тұрады, олардың әрқайсысына әрбір Тараптың уәкілетті органдары мен мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ ұйымдарының өкілдері мен сарапшылар кіреді.

      3. Әрбір Тарап өз Комитеті бөлігінің төрағасы мен төрағаның орынбасарын тағайындайды.

      4. Комитет туралы ережені Комитеттің екі бөлігінің төрағалары бекітеді.

      5. Комитеттің міндеттеріне әрбір Тарап мемлекеттерінің аумағындағы инженерлік-құрылыс жұмыстарын үйлестіру және Тараптардың бірлескен шешімін қажет ететін реконструкциялауға байланысты ұйымдастырушылық және басқа да мәселелерді шешу кіреді.

      6. Комитет өз отырыстарын әрбір Тарап мемлекетінің аумағында кезектесіп өткізеді. Кез келген Тараптың бастамасы бойынша Комитеттің кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.

6-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті;

      Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Шыңжан өндірістік-құрылыс корпусы болып табылады.

      2. Уәкілетті органның атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда, әрбір Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

7-бап

      1. Бірлескен су алу құрылысжайын тиімді реконструкциялау мақсатында:

      1) жұмыс сызбаларын жасау мен бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялауды Тараптар бірлесіп айқындайтын инженерлік-жобалау ұйымы және құрылыс ұйымы жүзеге асырады;

      2) Тараптардың уәкілетті органдары құрылыс ұйымымен бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау туралы бірлескен азаматтық-құқықтық шарт жасасады.

      2. Жұмыс сызбаларына Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бірлескен су алу құрылысжайын салуға және реконструкциялауға арналған қажетті рұқсат ету құжаттары және/немесе лицензиялар да қоса берілуге тиіс.

8-бап

      Орындалған жұмыстарды қабылдауды әрбір Тараптың уәкілетті органы өз мемлекетінің аумағында өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес және Тараптардың уәкілетті органдары бірлесіп бекітетін кестеге сәйкес Комитетпен келісу бойынша кезең-кезеңмен жүзеге асырады.

9-бап

      Тараптар мемлекеттерінің шекара органдары бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау белгіленген ауданда жұмыс істеуге тартылған жұмыс персоналын, реконструкциялау үшін қажетті көлік құралдарын, жабдықтарды, шикізат пен материалдарды Мемлекеттік шекарадан өткізуге жағдай жасауды қамтамасыз етуге кепілдік береді, 2006 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттiк шекарасының режимi туралы келiсiмге және әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес бақылауды жүзеге асырады.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде және қолдануда Тараптар арасында туындайтын барлық келіспеушіліктер консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.

11-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім бірлескен су алу құрылысжайын реконструкциялау бойынша жұмыстарды жүргізу кезеңіне жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2017 жылғы "___" ____________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар қытай және орыс тілдеріндегі мәтіндерге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады