"Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 503 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 926 қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 503 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының атқарылуы туралы есептердің, елдің стратегиялық даму бағыттарымен өзара байланысты бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін бюджеттік мониторингтеу және талдау нәтижелерінің деректері, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігінің деректері есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау үшін негіз болып табылады.";

      2-тараудың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп:

      1) түсіндірме жазбадан;

      2) тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептен;

      3) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есептен;

      4) мыналарды:

      бухгалтерлік балансты;

      қаржылық қызмет нәтижелерi туралы есепті;

      ақша қозғалысы туралы есепті (тікелей әдіс);

      таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы есепті;

      республикалық бюджеттің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілікке түсіндірме жазбаны қамтитын республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептіліктен тұрады.";

      2-тарау мынадай мазмұндағы 2.4-параграфпен толықтырылсын:

      "2.4-параграф. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау тәртібі

      9-1. Бухгалтерлік баланс қаржы жағдайы, активтер, міндеттемелер және таза активтер/капитал туралы есепті білдіреді.

      Қаржылық қызмет нәтижелерi туралы есеп кірістер, шығыстар және қаржы нәтижесі туралы ақпаратты білдіреді.

      Ақша қозғалысы туралы есеп (тікелей әдіс) есепті кезеңдегі ақша қаражатының қозғалысы: ақша қаражатының түсімдері мен шығарылуы туралы ақпаратты көрсетеді.

      Таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы есеп таза активтердің/капиталдың өзгеру себептері туралы ақпаратты ашады.

      Қаржылық қызмет нәтижелерi, ақша қозғалысы (тікелей әдіс), таза активтердің/капиталдың өзгерістері есептердің көрсеткіштері және кірістер мен шығыстардың негізгі баптарын талдау бойынша ашып көрсету 2020 жылдан бастап өткен есепті кезеңнің деректерімен салыстыру арқылы ұсынылады.

      Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікке түсіндірме жазба республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікке жалпы мәліметтерді және ашып көрсетулерді көрсетеді.

      Жалпы мәліметтер қаржылық есептілікті дайындаудың негізгі қағидаттары мен қолданылатын есептік саясат туралы ақпаратты қамтиды.

      Ашып көрсету:

      бухгалтерлік баланс баптарының сипаттамасын, сондай-ақ олардың салыстырмалы талдауын;

      қаржылық қызмет нәтижелерi туралы есеп кірістері мен шығыстарының негізгі баптарын талдауды қамтиды.

      Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілік нысандарын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.".

      2. Осы қаулы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады