"Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң кейбiр мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 934 қаулысы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.


      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң кейбiр мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 14, 168-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:

      16-тармақта:

      159-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "159-2) Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда микроқаржы ұйымдары/кредиттік серіктестіктер беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      227) және 228) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "227) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесін әзірлейді;

      228) Қазақстан Республикасының Үкіметіне өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою және оларды алып қою көлемдерін бекіту жөнінде ұсыныстар енгізеді;";

      мынадай мазмұндағы 239-1), 239-2), 239-3), 239-4), 239-5) және 239-6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "239-1) аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) олардың учаскелерiн қайта бекітіп беру жөніндегі қағидаларды және олар бұдан бұрын бекітіп берілген тұлғаларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын әзірлейді және бекiтедi;

      239-2) ихтиологиялық байқаулар қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      239-3) балық шаруашылығы су айдындарында балық өсіру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      239-4) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) олардың учаскелерін кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына және (немесе) учаскелеріне жатқызудың өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

      239-5) сирек кездесетіндерден және жойылып кету қаупі төнгендерден басқа, жануарларды эпизоотияны болғызбау мақсатында пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      239-6) кәсіпшілік күш жұмсау нормативтерін әзірлейді және бекітеді;";

      241) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 242-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "242-1) Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі жобаларын әзірлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 244-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "244-1) Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      247) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "247) Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман инспекциясы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман күзетінің лауазымды адамдарын айырым белгілері бар нысанды киіммен (погонсыз) қамтамасыз етудің заттай нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;";

      271) және 272) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "271) Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман инспекциясы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман күзетінің лауазымды адамдарының айырым белгілері бар нысанды киім (погонсыз) үлгілерін және оны киіп жүру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      272) мынадай: мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін есептеудің; орман қоры аумағында өрттен келтірілген залалды есепке алу және айқындау жөніндегі; орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінің көлемдерін және ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу және айқындау жөніндегі әдістемелік нұсқауларды әзірлейді және бекітеді;";

      278) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "278) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді орман пайдалану шарттарын мемлекеттік тіркеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 281-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "281-1) басқа санаттардағы жерді орман қоры жеріне ауыстыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      290) және 291) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "290) Өсімдіктер дүниесінің объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын, оның ішінде сирек кездесетіндер және жойылып кету қаупі төнгендер санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерін Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тыс жерге әкетуге арналған рұқсаттар беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      291) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы нормалар мен нормативтерді әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 291-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "291-1) орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінің көлемдерін және ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу мен айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      293) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "293) айырым белгілері бар нысанды киімді (погонсыз) киюге құқығы бар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғауды тікелей жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар жұмыскерлерінің тізбесін әзірлейді және бекітеді;";

      297) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "297) жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру қағидаларын бекітеді және әзірлейді;";

      302) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "302) халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесін әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 302-1), 302-2) және 302-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "302-1) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) олардың учаскелерін кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына және (немесе) учаскелеріне жатқызудың өлшемшарттарын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      302-2) мемлекеттік монополия субъектісінің бекіре тұқымдас балық түрлері өнімін қайта өңдеуі кезіндегі шикізат қалдықтарының, ысыраптары мен шығыстарының нормаларын әзірлейді және бекітеді;

      302-3) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосының аумақтық бөлімшелерін, жергілікті атқарушы органдарды және мамандандырылған ұйымдарды материалдық-техникалық құралдармен жарақтандыру нормаларын әзірлейді және бекітеді;";

      314) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "314) жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      316) және 317) тармақшалар алып тасталсын;

      320) және 321) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "320) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер мен ұйымдар жұмыскерлерiнiң айырым белгілері бар нысанды киiм (погонсыз) үлгiлерiн, оны киіп жүру тәртiбiн және онымен қамтамасыз ету нормаларын әзірлейді және бекітеді;

      321) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы мөлшерлемелерін және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтiрілген зиянның орнын толтыру мөлшерлерiн айқындау, сондай-ақ шаруашылық қызметі нәтижесінде балық ресурстары мен басқа да су жануарларына келтірілетін және келтірілген зиянды, оның ішінде болмай қоймайтын зиянды өтеу мөлшерін есептеу әдiстемелерiн әзiрлейдi және бекiтедi;";

      323) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "323) аңшылық, балық шаруашылықтарын жүргізуге арналған шарттардың үлгілік нысандарын әзірлейді және бекітедi;";

      325) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "325) су тарту және ағызу құрылыстарының балықтарды қорғау құрылғыларына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді және оларды орнатуды келіседі;";

      335) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "335) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумақтарының шекарасын және оларды қорғау режимiнiң түрiн бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 337-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "337-1) заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кіретін су объектілерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, мелиорациялық аулауды, ғылыми-зерттеу үшін аулауды, өсімін молайту мақсатында аулауды жүзеге асыру және рұқсат беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      341) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "341) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы
7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 43-1-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда жүзеге асырылатын мелиорациялық аулауды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      17-тармақта:

      207) тармақша алып тасталсын;

      253) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "253) интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру мақсатында аулауды, өсімін молайту мақсатында аулауды, балықтың қырылу қаупі бар су айдындарында және (немесе) учаскелерінде аулауды жүзеге асырады және (немесе) ұйымдастырады, сондай-ақ бақылау үшін аулауды жүзеге асырады;";

      255) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "255) екі және одан көп облыстың аумағында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады және (немесе) қамтамасыз етеді;";

      мынадай мазмұндағы 281-1) және 281-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "281-1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман инспекциясы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман күзетінің лауазымды адамдары актілерінің нысандарын әзірлейді және бекітеді;

      281-2) өзінің ведомстволық бағынысындағы орман мекемесінің рәмізін (эмблемасы мен жалауын) бекітеді;";

      283) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "283) мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш кесудің жыл сайынғы көлемдерін мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүректі түбірімен босату қағидаларына сәйкес қалыптастырады және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 287-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "287-1) мемлекеттік ұлттық табиғи парктер жанындағы үйлестіру кеңесі туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;";

      292) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "292) өсімдіктер дүниесінің объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын, оның ішінде сирек кездесетіндер және жойылып кету қаупі төнгендер санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерін Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тыс жерге әкетуге арналған рұқсаттар береді;";

      293) тармақша алып тасталсын;

      294) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "294) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 43-1-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда биологиялық негіздеме негізінде заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кіретін су объектілерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, мелиорациялық аулауды, ғылыми-зерттеу үшін аулауды, өсімін молайту мақсатында аулауды жүзеге асыруға рұқсат береді;";

      354) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "354) орталық атқарушы органдардың қарамағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын келісуді жүзеге асырады;";

      355), 357) және 358) тармақшалар алып тасталсын;

      378) және 379) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "378) жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды енгізу, жануарлар дүниесі объектілерін пайдаланудың және (немесе) пайдалануға тыйым салудың белгіленген мерзімдерін ауыстыру туралы шешім қабылдайды, тиісті ғылыми ұйымдар берген, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізілуге тиіс биологиялық негіздемеге орай оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілейді;

      379) орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген өз қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер береді және эскиздерді (эскиздік жобаларды) келіседі;";

      381) тармақша алып тасталсын.

      2. Осы қаулы оның 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармағының он бесінші абзацын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады