Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловқа 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 941 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 20-бабын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
2-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенi" – 2016 – 2025 жылдары Ресей Федерациясының Федералды ғарыштық бағдарламасында құрылуы көзделген, экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары, перспективалы орта класты ресейлік тасымалдағыш зымыранмен ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған кешен. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiнің құрамына "Байқоңыр" ғарыш айлағының "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің техникалық құралдарының, құрылысжайлары мен коммуникацияларының негізінде құрылатын старттық және техникалық кешендер, жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану бойынша персоналды дайындаудың оқу-жаттығу құралдары, Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау аудандары, телекоммуникациялық және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі, жерүсті ғарыш және қамтамасыз етуші инфрақұрылым объектілері кіреді;".
3-бап мынадай мазмұндағы тоғызыншы және оныншы абзацтармен толықтырылсын:
"Тараптар Бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталы ұлғайтылған жағдайда Тараптардың әрқайсысының акционерлеріне тиесілі дауыс беретін акциялардың тепе-тең санымен көрсетілетін акциялар саны бойынша теңдікті сақтайды.
"Байқоңыр" кешеніндегі Бірлескен кәсіпорын филиалының жұмыскерлері "Байқоңыр" ғарыш айлағының персоналына жатқызылады.".
Мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:
"4-1-бап
Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мыналарды (мемлекеттік тапсырма нысанында):
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру және олардың жұмыс істеуі үшін пайдаланылатын Ресей Тарапы жалға алатындар құрамынан шығарылған, "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін ұстауды және пайдалануды;
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру және одан автоматты және басқарылатын ғарыш аппараттарын ұшыруды жүзеге асыру мақсатында старттық және техникалық кешендерді қоса алғанда, "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін реконструкциялауды және жаңғыртуды (старттық және техникалық кешендердегі тасымалдағыш зымыранды дайындау кезінде пайдаланылатын бақылау-тексеру аппаратураларын, сондай-ақ қол жеткізу шектелген жүйелер мен агрегаттарды қоспағанда), оның ішінде жаңа объектілер салуды, қолданыстағы объектілерді күрделі жөндеу мен реконструкциялауды;
старттық және техникалық кешендерді пайдалану бойынша персоналды дайындаудың оқу-жаттығу құралдарын құруды;
Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау аудандарын бөлуді;
телекоммуникациялық және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды;
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін пайдалану үшін қажетті, қамтамасыз етуші инфрақұрылым объектілерін құруды және жаңғыртуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру жобасын қаржыландырудың мерзімдері мен көлемі жобаның техникалық-экономикалық негіздемесімен айқындалады.
Ресей Тарапы:
перспективалы орта класты тасымалдағыш зымыранды құруды;
тасымалдағыш зымыранның құрамдас бөліктерін тасымалдау құралдарының жиынтығын құруды;
екпіндеткіш блоктың техникалық кешенін, ғарыш аппаратының техникалық кешенін, ғарыштық басты бөліктің техникалық кешенін жаңғыртуды;
басқарылатын көлік кемесінің техникалық кешенін құруды;
телеметриялық ақпаратты өлшеу, жинау және өңдеу құралдарының кешенін жаңғыртуды;
старттық және техникалық кешендердегі перспективалы орта класты тасымалдағыш зымыран үшін бақылау-тексеру аппаратурасын құруды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.".
5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"5-бап
Тараптар 2022 жылы орта класты тасымалдағыш зымыранмен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінде ұшу сынақтарының басталуын қамтамасыз етеді.".
6-баптың екінші және үшінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;
Ресей Тарапынан – "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорация.".
10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"10-бап
Тараптар "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру мақсатында Бірлескен кәсіпорынға Тараптардың құзыретті органдарымен келісу бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағының жерүсті ғарыш инфрақұрылымының қолданыстағы құрылысжайларына (объектілеріне) ажыратылатын және ажырағысыз жақсартуларды енгізу және жаңа құрылысжайларды (объектілерді) құру құқығын ұсынады.
Осы Келісімді іске асыру мақсатында "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің объектілері Тараптардың құзыретті органдары бекіткен тізбеге сәйкес "Байқоңыр" кешенінің Ресей Тарапы жалға алатын объектілерінің құрамынан шығарылады және Жалға беру шартында айқындалған тәртіппен Қазақстан Тарапына 2018 жылғы 1 маусымға дейін беріледі.
Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Бірлескен кәсіпорынға "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің көрсетілген объектілерінің сенімгерлік басқаруға берілуін қамтамасыз етеді.
Қажет болған кезде, "Байқоңыр" кешенінің өзге құрылысжайлары (объектілері) Жалға беру шартында айқындалған тәртіппен "Байқоңыр" кешенінің жалға алынатын объектілерінің құрамынан шығарыла отырып, Бірлескен кәсіпорынға берілуі мүмкін.".
11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"11-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында құрылатын "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің объектілерін салу жобасының мемлекеттік сараптамасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.".
Осы Хаттама дипломаттық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Хаттама өзінің қолданысын Келісімнің қолданысы тоқтатылуымен бір мезгілде тоқтатады.
201_ жылғы "____"___________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |