Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 73 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 22 ақпандағы
№ 73 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бейбіт уақытта Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне, оның стратегиялық және қорғаныс объектiлеріне қатер төнген жағдайларда Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне (бұдан әрі – бұзушы әуе кемесі) қару мен жауынгерлік техниканы қолдану тәртібін реттейді.

      2. Бұзушы әуе кемелеріне "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 27-бабының 1-тармағында көзделген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзатын ұшақтар мен тікұшақтар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары (құралдары), қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын зымырандар, аэростаттар, әуе шарлары, зондылар және басқа да ұшу аппараттары жатады.

      3. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне, оның стратегиялық және қорғаныс объектiлеріне қатер төнген жағдайларда бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдануды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері (бұдан әрі – Қарулы Күштер), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі), Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары) және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары (бұдан әрі – ішкі істер органдары) жүзеге асырады.

      Қарулы Күштер бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы жергілікті жерлерде белгіленген тыйым салу белгілерімен немесе шектеулермен белгіленген шекаралар шегінде қорғаныс объектілері, әскери бөлімдер, қару-жарақ пен әскери техника аумағы үстінде, сондай-ақ күзету іс-шараларына қатысу кезінде немесе күзетілетін объектілер аумағы үстінде жауынгерлік кезекшілік атқарған кезде қолданады.

      Ұлттық қауіпсіздік органдары бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы өздеріне қолжетімді аймақтағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуді тоқтату жөнінде шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету, жергілікті жерлерде белгіленген тыйым салу белгілерімен немесе шектеулермен белгіленген шекаралар шегінде қорғаныс объектілерін, әскери бөлімдерді, қару-жарақ пен әскери техниканы күзету кезінде, сондай-ақ күзету іс-шараларына қатысу кезінде немесе күзетілетін объектілер аумағы үстінде қолданады.

      Ішкі істер органдары қару мен жауынгерлік техниканы ұшқышсыз ұшу аппараттарына (құралдарына) немесе экипажсыз және жолаушыларсыз қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын өзге де ұшу аппараттарына (құралдарына) жергілікті жерде тыйым салу белгілерімен немесе қоршаулармен белгіленген шекара шегінде қорғаныстық объектілер, әскери бөлімдер аумағы үстінде, қару-жарақ пен әскери техниканы күзету кезінде, мемлекеттік күзетілуге жататын объектілер аумағы үстінде, сондай-ақ күзету іс-шараларына қатысу кезінде немесе күзетілетін объектілер аумағы үстінде қолданады.

      Мемлекеттік күзет қызметі қару мен жауынгерлік техниканы ұшқышсыз ұшу аппараттарына (құралдарына) немесе экипажсыз және жолаушыларсыз қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын өзге де ұшу аппараттарына (құралдарына) күзету іс-шараларын жүргізу аймағында немесе күзетілетін объектілер аумағы үстінде қолданады.

      Заңның 27-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 6) 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда қару мен жауынгерлік техника ұшқышсыз ұшу аппараттарын немесе экипажсыз және жолаушыларсыз өзге де қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын әуе кемелерін, ұшу аппараттарын (құралдарын) зақымдауға олар Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне, оның стратегиялық және қорғаныс объектілеріне қатер төндірген кезде ескертусіз қолданылады.

      4. Бұзушы әуе кемесін зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді Қарулы Күштерде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы және (немесе) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі уәкілеттік берген лауазымды адамдар қабылдайды.

      Шекара кеңістігінде келісілмеген ұшуларды жүзеге асыратын ұшқышсыз ұшу аппараттарына немесе қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын экипажсыз және жолаушыларсыз өзге де ұшу құралдарына қатысты оларды зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді шекара кеңістігінде немесе Қазақстан Республикасының аумақтық теңізінің аймағындағы теңіз учаскесінде шекара бөлімшесінің бастығы немесе оның орнында уақытша болатын адам (бөлімше, бекет бастығы, әскери немесе шекара кораблінің (катерінің) командирі, ұшақ немесе тікұшақ командирі, шекара нарядының жетекшісі, шекара бөлімшесінің сақшысы, шекара бөлімшесі, бөлімі бойынша кезекші) қабылдайды және жоғары тұрған басқару пунктіне дереу баяндайды.

      Күзету іс-шараларын жүргізу аймағында немесе күзетілетін объектілер аумағының үстінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзатын ұшқышсыз ұшу аппараттарына (құралдарына) немесе қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын экипажсыз және жолаушыларсыз өзге де ұшу аппараттарына (құралдарына) қатысты оларды зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді күзету іс-шараларын жүргізу аймағындағы Мемлекеттік күзет қызметінің аға лауазымды адамы қабылдайды.

      Қалалық жағдайларда мемлекеттік күзетілуге жататын объектілер аумағының үстінен, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы күзету кезінде және жергілікті жерде тыйым салу белгілерімен немесе қоршаумен белгіленген шекаралар шегінде қорғаныс объектілері, әскери бөлімдер аумағының үстінен келісілмеген ұшуларды жүзеге асыратын және адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін ұшқышсыз ұшу аппараттарына (құралдарына) немесе қашықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын экипажсыз және жолаушыларсыз өзге де ұшу аппараттарына (құралдарына) қатысты зақымдайтын қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді Қарулы Күштердің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бірінші басшылары айқындайтын олардың уәкілетті лауазымды адамдары қабылдайды.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Үіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.10.2021 № 714 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      5. Бұзушы әуе кемесі осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген іс-әрекеттерді жасаған кезде әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтату үшін әуе кемелеріне тосқауыл жасайтын экипаждар зақымдауға қару қолданар алдында бұл туралы белгіленген сигналдар берумен бұзушы әуе кемесінің экипажына ескертеді. Бұзушы әуе кемесінің экипажы әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтату туралы талаптарды орындамаған жағдайда тосқауыл қоятын әуе кемесінің экипажы ескерту жасап оқ атады.

      Ескерту жасап оқ ату туралы шешімді: Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы (Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштері бас штабының бастығы), Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштері Бас командалық пунктінің жедел кезекшісі және (немесе) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі уәкілеттік берген лауазымды адамдар қабылдайды.

      6. Тәртіп бұзушы әуе кемесінде әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуына қатысы жоқ жолаушылар және өзге де адамдар бар екені туралы нақты ақпарат болған кезде Қарулы Күштер және ұлттық қауіпсіздік органдары ұшып жүрген азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару мен жауынгерлік техниканы қолданудан тартынады.

      7. Егер бортында әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға қатысы жоқ жолаушылар немесе өзге де адамдар бар әуе кемесін терроризм актісін жасау үшін пайдалану, сондай-ақ әуе кемесін басып алу туралы анық ақпарат бар болса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтату үшін қажетті барлық шаралар таусылса және осы әуе кемесінің одан әрі ұшуы адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупін төндірсе, Қарулы Күштер қару мен жауынгерлік техниканы осы әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады.

      Бұзушы әуе кемесі әуе қозғалысын басқару (қызмет көрсету) органдарының немесе әуе кемелеріне тосқауыл жасайтын экипаждардың командаларын орындаған кезде қару мен жауынгерлік техниканы қолдану тоқтатылады.

      Қарулы Күштер қару мен жауынгерлік техниканы "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда бұзушы әуе кемесіне ескертусіз қолданады.

      8. Қолайсыз метеорологиялық немесе басқа да жағдайларда бұзушы әуе кемесінің мемлекеттік тиесілігін және түрін анықтау мүмкін болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағы шегінде тосқауыл жасайтын ұшақтар (тікұшақтар), радиолокациялық құралдар бұзушы әуе кемесіне ілесіп ұшуды жүзеге асырады және оны тану үшін барлық шаралар қабылданады.

      Көрсетілген мән-жайлар болған кезде, егер осы бұзушы әуе кемесінің одан әрі ұшуы Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және стратегиялық объектiлеріне қатер төндірмесе, оларды зақымдауға қару мен жауынгерлік техника қолданылмайды.

      9. Тосқауыл жасайтын әуе кемесінің экипажы бұзушы әуе кемесін зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану мүмкін болмаған жағдайда бұзушы әуе кемесін жоюды осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген Қорғаныс министрлігі лауазымды адамдарының шешімі бойынша бұзушы әуе кемесі зақымдау аймағында болатын Қарулы Күштердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен құралдары немесе басқа да күштер мен құралдар жасайды.

      10. Қарулы Күштер, ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары және Мемлекеттік күзет қызметі лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану жөніндегі іс-әрекеттерінің тәртібін олардың бірінші басшылары айқындайды.

      11. Бұзушы әуе кемесін анықтау, кезекші күштер мен бұзушы әуе кемесінің әрекеттері, сондай-ақ ол бойынша қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы Мемлекеттік күзет қызметінің, ұлттық қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының бөлімшелері барлық қолжетімді байланыс арналары арқылы өзара іс-қимыл жасайтын Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін басқару пункттеріне және Қарулы Күштер Бас штабының Орталық командалық пунктіне дереу ақпарат береді.

      Адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр салдарларға әкеп соқтырған қару мен жауынгерлік техника қолданылған әрбір жағдай туралы жиырма төрт сағат ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік және прокуратура органдары хабардар етіледі.

      Шетелдік бұзушы әуе кемелері және мемлекеттік тиесілігі белгіленбеген бұзушы әуе кемелері туралы жиырма төрт сағат ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хабардар етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады