Қылмыстық іс жөніндегі іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау мәселелерін реттейтін заңнаманы сот практикасында дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 53-тарауында көзделген қылмыстық істер жөніндегі сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау бойынша іс жүргізу қылмыстық процестің сатысы болып табылып, осы мән-жайлар шешім қабылдау кезінде сотқа мәлім болмаған жағдайда, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау үшін құқықтық негіздер мәселесінің бар-жоғы шешіледі.
Заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын, оның ішінде ҚПК-нің 71-тарауының тәртібімен шығарылған қаулыны да сот жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауы мүмкін. Сот актілерін қайта қарау үшін негіздер заңды күшіне енген үкімдегі, қаулыдағы сот түйіндерін теріске шығаратын мән-жайлар болып табылды. Көрсетілген негіздер ҚПК-нің 499-бабының екінші бөлігінде көрсетілген, олар түпкілікті болып табылады және кеңейтіп түсіндірілуге жатпайды.
Жаңадан ашылған мән-жайлар соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады және жәбірленушінің, куәнің айғақтарының, сарапшы қорытындысының көрінеу жалғандығын, заттай дәлеледемелердің, тергеу және сот әрекеттері хаттамаларының, өзге құжаттардың көрінеу жалған екенін, аударманың көрінеу дұрыс аударылмағандығын, анықтаушының, тергеушінің, прокурордың, судьяның заңсыз және негізсіз үкім немесе қаулы шығаруға әкеп соққан заңсыз әрекеттерін куәландырады.
Бұл мән-жайлар үкімнен басқа, ҚПК-нің 499-бабы үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы соттың, прокурордың, тергеушінің немесе анықтаушының қаулысымен анықталуы мүмкін.
ҚПК-нің 502-бабының екінші бөлігіндегі тәртіппен тексеру немесе тергеп-тексеру нәтижесінде анықталған және прокурордың өтінішхатында баяндалған өзге мән-жайлар да іс жүргізуді қайта бастау үшін негіз болып табылады. Өзге мән-жайлар деп іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында анықталмаған және басты сот талқылауында мәлімделмеген мән-жайлар түсініледі, олар бұрын анықталған мән-жайлардан бөлек немесе жиынтығында сотталғанның кінәсіздігін немесе оның аса ауыр не одан жеңілірек қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын, не ақталған немесе ісі тоқтатылған адамның кінәлілігін куәландырады. Мысалы: осы қылмысты басқа адамның жасағандығы туралы деректер; өлді деп саналған жәбірленушіні тірі деп жариялау; сотталушының қылмыс жасауға қатыстылығын немесе қатысы жоқтығын анықтайтын фактілер және т.б.
ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 7) тармағына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайларға Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жердегі және сотқа келуден жалтарып жүрген сотталған адам өзінің қатысуынсыз қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылғаннан кейін келіп, өзінің қатысуымен қылмыстық істі қайта қарау туралы өтінішхатты мәлімдеген жағдайлар жатқызылуға жатады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың, апелляциялық немесе кассациялық сатылардың үкімі (айыптау да, ақтау да), істі тоқтату туралы қаулысы, үкім шығарылғанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы қаулысы ғана қайта қаралуы мүмкін. ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 6) және 7) тармақтарында көзделген негіздер бойынша өтінішхаттар үкімді, қаулыны шығарған сотқа беріледі. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхат апелляциялық немесе қассациялық сатыдағы сотқа, олар сот актісін процестік шешім қабылдаумен мәні бойынша қайта қараған жағдайда беріледі. Егер сот актілері облыстық және оларға теңестірілген соттардың бұрын әрекет еткен кассациялық алқаларының қарау нысанасы болса, өтінішхатты осы соттардың апелляциялық сатылары алқалы түрде қарайды.
ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы арыздар, хабарламалар прокурорға беріледі.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.3. Айыптау үкімін немесе соттың үкімі шығарылғанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы айыптау үкімін немесе қаулыны қайта қарау және сотталғанның немесе ақталғанның пайдасына іс жүргізуді қайта бастау мерзімдері шектелмеген. Ақтау үкімін, істі тоқтату туралы қаулыны немесе айыптау үкімін сотталғанның жағдайын нашарлататын негіздер бойынша қайта қарауға екі негіздің жиынтығы сақталған кезде жол: егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 71-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтпесе және жаңа мән-жайлар ашылған күннен бастап бір жыл өтпесе жол беріледі. Жаңа мән-жайлардың ашылу мерзімінің басталуын есептеу ҚПК-нің 501-бабының төртінші бөлігінде реттелген.
4. Сотталған, ақталған адамның, оған қатысты іс тоқтатылған адамның, олардың қорғаушылары мен заңды өкілдерінің, жәбірленушінің, жәбірленуші өкілінің, сонымен қатар азаматтардың, оның ішінде осы іс бойынша процеске қатысушылардың арыздарынан, ұйымдардағы лауазымды адамдардың хабарламаларынан алынған ақпараттың, басқа қылмыстық істерді тергеп-тексеру және қарау барысында алынған деректердің негізінде прокурордың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхат беру құқығы бар.
Сотталған адамның қайтыс болуы, егер оның жақын туыстары оны ақтау мақсатында өтінішхат берсе, іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастауға кедергi болып табылмайды.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.5. Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы іс жүргізуді қайта бастау екі сатыдан: жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғаудан және өтінішхатты қараудан тұрады.
Судья жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхат сотқа келіп түскен кезде он тәулік ішінде өтінішхаттың ҚПК-нің 499-бабының талаптарына сәйкестігін тексеруге және ҚПК-нің 504-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген шешімдердің бірін қабылдауға міндетті.
Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарда өтінішхаттың ҚПК-нің 499-бабының талаптарына сәйкестігін тексеруді тиісті соттың судьясы жеке-дара жүргізеді.
Судья өтінішхатты соттың іс жүргізуіне қабылдау және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы қаулыны шығарған кезде, қылмыстық істі талап етіп алдыртады және түскен соң оны қаулымен сот отырысында қарауға береді. Қаулының көшірмесі өтінішхат берген адамға жіберіледі.
Өтінішхат қоса берілген құжаттармен бірге оны берген адамға, егер:
ол ҚПК-нің 499-бабының талаптарына сәйкес келмесе не үкімде көрсетілген дәлелдемелерге дау айтылса;
оған ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 6) және 7) тармақтарында көзделген негіздерді растайтын сот актілері немесе өзге де актілер қоса берілмесе;
онда ҚПК-нің 500-бабында көрсетілмеген және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға жатпайтын сот шешімдерін қайта қарау туралы мәселе қойылса;
оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған нақ сол негіздер бойынша нақ сол тарап берсе, қараусыз қайтарылады.
Өтінішхатты қайтару судьяның хатымен жүзеге асырылады.
Өтінішхатты қайтаруға негіз болған кедергілер жойылғаннан кейін адам нақ сол сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жалпы негізде сотқа қайта жүгінуге құқылы.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.6. Судьяның жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы қаулысы, оған қоса берілген құжаттармен және қылмыстық іспен бірге түскен кезде сот өтінішхатты іс жүргізу қайта басталған не прокурордың өтінішхаты келіп түскен күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірілмейтін мерзімде ашық сот отырысында қарауға тиіс.
Сот отырысына арыз беруші, оның өкілі, қорғаушы, прокурор, процеске өзге де қатысушылар және сот отырысына сот шақырған өзге де адамдар қатысады. Сот талқылауының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған жоғарыда аталған адамдардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі келтірмейді.
Қажет болған жағдайда сот жеке адамның (адамдардың) сот отырысына келуі міндетті деп тануға құқылы, ол туралы қаулы шығарылады.
Сотталған адам сот талқылауына өзі қатысуы немесе бейнебайланыс арқылы қатысуы мүмкін.
Қарсылық білдіру мен өтінішхаттар қаралғаннан кейін сот отырысында бірінші болып сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау негіздері туралы өтінішхатты баяндайтын арыз беруші не сотқа тиісті өтінішхатпен жүгінген кезде прокурор сөз сөйлейді, одан кейін сот - сот отырысына келген басқа адамдардың сөздерін тыңдайды, жүргізілген тексеру немесе тергеп-тексеру нәтижелері бойынша арыз беруші, прокурор ұсынған материалдарды зерттейді.
Сот талқылауы ҚПК-нің 347-бабында көзделген тәртіппен хаттама толтырылып не ол аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріліп және жазбаша нысанда қысқаша хаттама толтырылып жүргізіледі. Хаттамаға ескертулер беру және оларды қарау ҚПК-нің 348, 348-1, 349-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.7. Бірінші сатыдағы соттың сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға қатысты іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішхатты осы соттың үкімді, қаулыны шығарған судьясы сот отырысында жеке-дара қарайды.
Егер жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы іс жүргізу қозғалған сот актілерін апелляциялық сатыдағы соттар алқалы түрде шығарса, онда сот шешімдерін қайта қарау алқалы түрде жүзеге асырылады, егер істі апелляциялық сатыдағы сот жеке-дара қараған жағдайда, судья жеке-дара қарайды.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.8. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
9. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға қатыса алмайды.
10. Сот талқылауы аяқталғаннан кейін сот өтінішхатты қанағаттандыру, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулылардың бірін шығарады. Егер ҚПК-нің 499-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған және осы мән-жайлар заңсыз немесе негізсіз үкімді, қаулыны шығаруға себеп болған немесе әкеп соққан жағдайда, сот өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарады. Мұндай жағдайда сот актісі жойылуға, ал іс жаңадан сотқа дейінгі тергеп-тексеруге немесе көрсетілген мән-жайлар анықталған іс жүргізу сатысына қарай соттың қарауына жіберілуге жатады. Егер тергеп-тексеру немесе жаңадан сот қарауы талап етілмесе, сот негіздерді көрсете отырып, іс бойынша іс жүргізуді уәжді қаулымен тоқтатады.
Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы қаулыны сот кеңесу бөлмесінде шығарады. Сот қаулының толық мәтініне қол қойылғаннан кейін сот отырысының залына оралып, оны жариялайды.
Соттың заңды күшіне енген үкімінің және өзге де сот актілерінің күші жойылған жағдайда істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарайтын сот мына: 1) іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы; 2) қылмыстық істі прокурорға жаңадан тергеп-тексеруге жолдау туралы; 3) қылмыстық істі үкімді шығарған бірінші сатыдағы немесе апелляциялық сатыдағы сотқа істі мәні бойынша жаңадан қарау үшін жолдау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылған бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың қаулысына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды сотталған адам, ақталған адам, жәбірленуші немесе олардың заңды өкілдері мен қорғаушылары, сондай-ақ прокурор тиісті жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулік ішінде, ал күзетпен ұсталып отырған сотталған адам – оған қаулының көшірмесі тапсырылған күннен бастап сол мерзімде беруі мүмкін.
Он бес тәулік өткен соң берілген шағымдар, прокурордың өтінішхаттары, наразылықтар қараусыз қалдырылуы тиіс.
Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты мәні бойынша қарау қорытындылары бойынша бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың шығарған қаулылары олар шығарылған күннен бастап он бес тәулік өткеннен кейін, ал егер оларға шағым жасалса және оларды жоғары тұрған сот күшінде қалдырса, онда жоғары тұрған сот қаулы шығарған күні заңды күшіне енеді.
Егер сот немесе прокурор жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішхат бойынша оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаса және оның күші жойылмай, заңды күшіне енсе, онда оны нақ сол бір негіздермен басқа адам қайтадан берсе де, іс жүргізу қозғалмайды.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.11. ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 7) тармағында көрсетілген іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау негізімен қатысуынсыз қылмыстық іс қаралған сотталғанның өз еркін білдіруі істі қайта қарау үшін сөзсіз мән-жай болып табылмайды. Сот егер қылмыстық процестің қағидаттарын бұзу сипаты мен мәнділігі шешімді заңсыз деп тануға әкеп соқса өтінішхатты қанағаттандырады.
12. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.13. Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау қорытындылары бойынша шығарылған бірінші сатыдағы соттың қаулыларына шағымдар, прокурордың өтінішхаттары қаулыны шығарған сот арқылы келтіріледі. Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау қорытындысы бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысына шағымдар, прокурордың наразылықтары тікелей кассациялық сатыдағы сотқа бұл туралы апелляциялық сатыдағы сотты хабардар ете отырып жолданады.
Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау қорытындысы бойынша шығарылған бірінші сатыдағы соттардың қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарауды облыстық және оған теңестірілген соттар апелляциялық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырады және шағым, өтінішхат бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.
Жаңадан ашылған мән-жайларға бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішхат бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына шағымдарды, прокурордың наразылықтарын қарауды кассациялық сатыдағы сот, оларды алдын ала қарамай, қылмыстық істі талап етіп алдыртып, тікелей жүзеге асырады.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.14. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы соттың қаулысы бар кассациялық сатыға берілген өтінішхат алқалы түрде қаралуға жатады және оны қарау қорытындысы бойынша қабылданған қаулы түпкілікті болып табылады, ол жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді және одан әрі шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 10.03.2022 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.15. Үкімнің немесе қаулының күші жойылған және тергеп-тексеру жүргізілген соң кейінгі сот талқылауын алғашқы үкімді шығарған сот ҚПК-да белгіленген жалпы тәртіппен жүргізеді. Іс апелляциялық сатының іс жүргізуіне, егер бұрын осы саты үкімді өзгерткен немесе күшін жойған, сондай-ақ кассациялық саты оның күшін жойған жағдайда, қайта қарау үшін беріледі.
Жаңадан шығарылған үкімге немесе қаулыға шағым берілуі, олар прокурордың өтінішхатымен қайта қаралуы немесе оларға жалпы тәртіппен наразылық келтірілуі мүмкін.
16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж.Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г.Әлмағамбетова |