Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Тәжікстан Республикасының аумағында және Тәжікстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 7 наурыздағы № 115 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Тәжікстан Республикасының аумағында және Тәжікстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Тәжікстан Республикасының аумағында және Тәжікстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б.Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 7 наурыздағы
№ 115 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Тәжікстан Республикасының аумағында және Тәжікстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,

      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, олардың азаматтарының жол жүруін құқықтық реттеу мақсатында,

      бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауды қалай отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болатын азаматтары кірген күннен бастап күнтізбелік 30 тәулік ішінде болатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарында тіркелу (болатын жері бойынша есепке қою) міндетінен босатылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақытша болу мерзімі бір Тарап мемлекеті азаматының екінші Тарап мемлекетінің аумағына болатын Тарап мемлекетінің аумағына кірген кезде шекара қызметі органдары қойған белгі бар көші-қон картасымен және паспортымен расталған кіру күнінен бастап есептеледі.

      3. Бір Тарап мемлекетінің азаматы екінші Тарап мемлекетінің аумағында 30 күннен астам болған жағдайда, аталған азамат болатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдарында тіркелуге (болатын жері бойынша есепке тұруға) міндетті.

      4. Бір Тарап мемлекетінің азаматтарын тіркеу кіретін Тарап мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап 90 тәуліктен аспайтын мерзімге жүргізіледі.

2-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытында болатын Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтауға міндетті.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына мынадай жарамды құжаттар бойынша халықаралық өткізу пункттері арқылы кіреді (шығады):

      Қазақстан Республикасы үшін:

      1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;

      2) Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;

      3) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;

      4) Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігі (кеме рөлі немесе одан үзінді көшірме болған кезде ғана);

      5) Қазақстан Республикасына қайтып оралуға арналған куәлік (тек Қазақстан Республикасына қайтып оралу үшін ғана);

      Тәжікстан Республикасы үшін:

      1) Тәжікстан Республикасы азаматының шетелдік паспорты;

      2) Тәжікстан Республикасының дипломатиялық паспорты;

      3) Тәжікстан Республикасының қызметтік паспорты;

      4) Тәжікстан Республикасына қайтып оралуға арналған куәлік (Тәжікстан Республикасына қайтып оралу үшін ғана).

4-бап

      1. Тараптар осы Келісімді қолдану мақсатында оған қол қойылған күннен бастап отыз күн мерзімде осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген құжаттардың үлгілерін дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Тараптар осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген құжаттардың өзгергені туралы бір-бірін жазбаша хабардар етеді, сондай-ақ өзгертілген құжаттардың үлгілерін олар ресми енгізілген кезге дейін күнтізбелік 30 тәуліктен кешіктірмейтін мерзімде дипломатиялық арналар арқылы жібереді.

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;

      Тәжікстан Республикасынан - Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, бұлар оның ажырамас бөліктері болып табылады, жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 9-бабына сәйкес күшіне енеді.

8-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты туындайтын даулы мәселелер консультациялар мен келіссөздер өткізу арқылы шешіледі.

      Осы Келісімді іске асыру кезінде жұмыс тілі ретінде орыс тілі пайдаланылады.

9-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын екінші Тарапты бұл жөнінде дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар ете отырып, тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім мұндай хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысын тоқтатады.

      3. Әрбір Тарап ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп және халық денсаулығы мүддесінде осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата алады. Қабылданған шешім туралы жазбаша хабарлама екінші Тарапқа осындай тоқтата тұруға дейін 72 сағаттан кешіктірілмей дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.

      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген себептер бойынша осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап дәл осындай тәртіппен екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданысын қайта бастау туралы хабарлайды.


      20 __"__"___________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында айырмашылықтар болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады