"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1170 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 14 наурыздағы № 123 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 586 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.07.2023 № 586 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1170 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағы туралы ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 14 наурыздағы
№ 123 қаулысына
қосымша
 
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 29 қарашадағы
№ 1170 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағы туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің (бұдан әрі – дипломатиялық қызмет қызметкерлері) өкілдік керек-жарағының заттарын, сондай-ақ республикалық бюджеттен дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағының заттары құнының өтемақысын төлеу шарттарын айқындайды.

      Ереже Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің (бұдан әрі – шет елдердегі мекемелер) қызметкерлеріне қолданылады.

      2. Өкілдік керек-жарақ – дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде киіп жүруі үшін арналған дипломатиялық этикеттің қажетті элементі.

      3. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағы заттары құнының жыл сайынғы біржолғы ақшалай өтемақысы (бұдан әрі – өтемақы) тиісті жылға арналған республикалық бюджеттен қаражаттың бөлінуіне қарай дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне өкілдік керек-жарақты сатып алу не жалға алу бойынша шығындарды өтеу үшін арналған.

2-тарау. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағының заттары

      4. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағының мынадай заттары белгіленеді:

      ерлер үшін: пальто, плащ, күртеше, костюм, фрак, смокинг, белбеу (оның ішінде белдік), кеудеше, пиджак, шалбар, жилет, галстук (оның ішінде галстук-бабочка), жейде, бас киім, қолғап, аяқ киім;

      әйелдер үшін: пальто, плащ, күртеше, костюм, пиджак, жилет, шалбар, белдемше, көйлек, жейде (оның ішінде әйелдер жейдесі), бас киім, қолғап, аяқ киім.

      Дипломатиялық қызмет қызметкерлері өтемақының белгіленген мөлшері шегінде сатып алынатын не жалға алынатын өкілдік керек-жарақ заттарының санын дербес айқындайды.

      5. Дипломатиялық қызмет қызметкерлері өкілдік керек-жарақ заттарын дайын бұйымдарды сатып алу не жеке тіктіру жолымен сатып алады.

      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің өтемақының белгіленген мөлшері шегінде өкілдік керек-жарақ заттарын жалға алуына жол беріледі.

      6. Өкілдік керек-жарақ заттарын сатып алу және жалға алу өтемақы төленетін жыл ішінде жүзеге асырылады.

3-тарау. Өтемақыны төлеу шарттары

      7. Министрлікке не шет елдегі мекемеге жұмысқа жаңадан қабылданған дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне өтемақы Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналы лауазымына тағайындалған күннен бастап Министрлікте және/немесе шет елдердегі мекемелерде бір жыл жұмыс істегеннен кейін төленеді.

      8. Егер дипломатиялық қызмет қызметкері бұрын дипломатиялық қызмет органдары жүйесінде жұмыс істеген болса және Министрлікке не шет елдегі мекемеге қайтадан жұмысқа қабылданған болса жағдайда, өтемақы оның дипломатиялық дәрежесі мен дипломатиялық қызмет органдары жүйесінде бір жылдан астам жұмыс өтілі бар болса, оған дипломатиялық қызмет қызметкері лауазымына тағайындалған күннен бастап төленеді.

      9. Министрлікте немесе шет елдегі мекемеде дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне өтемақы төлеу осы Ережеде көзделген шарттарды ескере отырып, Министрліктің жауапты хатшысының немесе шет елдегі мекеме басшысының бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.

      10. Министрліктегі дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне өтемақы төлеу есеп беретін соманы беру арқылы жүзеге асырылады.

      11. Министрліктегі өтемақының есеп берілетін сомасын алған дипломатиялық қызмет қызметкерлері жыл ішінде өкілдік керек-жарақ заттарын сатып алу не жалға алу фактісін растайтын құжаттарды Министрліктің бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі уәкілетті құрылымдық бөлімшесіне ұсынады.

      12. Шет елдердегі мекемелерде дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне өтемақы төлеу жұмсалған шығыстарды өтеу арқылы, дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің шет елдегі мекемеде бухгалтерлік есепті жүргізу жөніндегі уәкілетті жұмыскерге өкілдік керек-жарақ заттарын сатып алу не жалға алу фактісін растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.

      13. Өкілдік керек-жарақ заттарын Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерлерде сатып алған не жалға алған жағдайда өкілдік керек-жарақ заттарын сатып алу не жалға алу фактісін растайтын құжаттар шет мемлекеттердің қолданыстағы тәжірибесіне сәйкес ресімделеді.

      14. Дипломатиялық қызмет қызметкерлері шет елдегі мекемеде бухгалтерлік есепті жүргізу жөніндегі уәкілетті жұмыскерге сатып алынған не жалға алынған өкілдік керек-жарақ заттарының құнынан шет мемлекет аумағында қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) қайтаруға жол берілген құжаттарды ұсынған жағдайда, өтемақыны өтеу сомасы ретінде өкілдік керек-жарақ заттарын сатып алу не жалға алу құнының ҚҚС есептемегендегі сомасы қабылданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады