Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 26.03.2019 № 142 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 қарашадағы № 704 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 58, 373-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ережеде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру салаларындағы басшылықты, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.";
15-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту;";
64) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"64) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту;";
мынадай мазмұндағы 64-1), 64-2), 64-3), 64-4), 64-5), 64-6), 64-7), 64-8), 64-9), 64-10), 64-11), 64-12), 64-13), 64-14) тармақшалармен толықтырылсын:
"64-1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту;
64-2) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде интернет-ресурстарды және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін басқару жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асыру;
64-3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;
64-4) домендік атаулардың әкімшісін және тіркеуішін айқындау, интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендiк атауларды тiркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын бекiту;
64-5) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасын құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету қағидаларын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын резервтік көшірудің кезеңділігін бекіту;
64-6) қорғау бейіндерін және қорғау бейіндерін әзірлеу әдістемесін бекіту;
64-7) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жедел орталықтары мен Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы арасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат алмасу қағидаларын бекіту;
64-8) электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын, сондай-ақ электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттарын бекіту;
64-9) электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмелерін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына беру тәртібін және мерзімін бекіту;
64-10) ақпараттық жүйелердің аудитін жүргізу қағидаларын келісу;
64-11) "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын келісу;
64-12) "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды келісу;
64-13) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларын келісу;
64-14) ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің болуы туралы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуы туралы мәліметтерді банктердің Қазақстан Республикасының Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ұсыну қағидалары мен мерзімдерін келісу;";
58) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 65-1), 65-2), 65-3), 65-4), 65-5), 65-6), 65-7), 65-8), 65-9), 65-10), 65-11), 65-12), 65-13) тармақшалармен толықтырылсын:
"65-1) сервистік бағдарламалық өнімнің, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасының, мемлекеттік органның интернет-ресурсының және ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу әдістемесі мен қағидаларын әзірлеу;
65-2) ақпараттық жүйенің, "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық платформасының, мемлекеттік органның интернет-ресурсының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттық зерттеп-қарауды жүргізу әдістемесін әзірлеу;
65-3) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу;
65-4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу;
65-5) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
65-6) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде ұйғарымдар жіберу;
65-7) домендік атаулардың әкімшісін және тіркеуішін айқындау бойынша ұсыныстар дайындау, интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендiк атауларды тiркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын әзірлеу;
65-8) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасын құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету қағидаларын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын резервтік көшірудің кезеңділігін әзірлеу;
65-9) қорғау бейіндерін және қорғау бейіндерін әзірлеу әдістемесін әзірлеу;
65-10) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жедел орталықтары мен Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы арасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат алмасу қағидаларын әзірлеу;
65-11) электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын, сондай-ақ электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттарын әзірлеу;
65-12) электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмелерін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтiк сақтаудың бірыңғай платформасына беру тәртібі мен мерзімдерін әзірлеу;
65-13) Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қоюдың дағдарысқа қарсы ұлттық жоспарын әзірлеу;".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |