2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Каспий теңізіндегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 10 тамыздағы № 490 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Каспий теңізіндегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовқа 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Каспий теңізіндегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 10 тамыздағы
№ 490 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Каспий теңізіндегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстанның үкіметтері

      2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      қылмысқа қарсы күрес және құқықтық тәртіпті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласында Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын растай отырып,

      ұйымдасқан қылмыстың, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық әрекетпен байланысты теріс әлеуметтік және экономикалық салдардың таралуына алаңдаушылық білдіре отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларының негізінде Тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға өзара әзірлікке сүйене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен заңнамасына сәйкес өзінің құзыреті шегінде әрекет ете отырып, ұйымдасқан нысандарда жасалған қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу мақсатында осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес ынтымақтастық жасайды.

2-бап

      1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары:

      Әзербайжан Республикасынан - Әзербайжан Республикасының Ішкі істер министрлігі;

      Иран Ислам Республикасынан - Иран Ислам Республикасының Ішкі істер министрлігі;

      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;

      Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі, Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі, Федералдық кеден қызметі;

      Түрікменстаннан - Түрікменстанның Ішкі істер министрлігі, Түрікменстанның Ұлттық қауіпсіздік министрлігі, Түрікменстанның Бас прокуратурасы, Түрікменстанның Мемлекеттік көші-қон қызметі, Түрікменстанның Мемлекеттік кеден қызметі болып табылады.

      2. Қандай да бір Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының тізбесінде кез келген өзгерістер болған жағдайда, ол осы ақпаратты басқа Тараптарға жеткізетін Депозитарийге бұл туралы хабарлайды.

      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Хаттаманың ережелерін орындаумен байланысты мәселелер бойынша өздері арасында тікелей іс-қимыл жасайды.

3-бап

      Осы Хаттаманың 1-бабына сәйкес Тараптардың ынтымақтастығы:

      жеке тұлғаға қарсы, оның ішінде адамның өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстарға;

      адамдар, әсіресе, әйелдер мен балалар саудасымен және трансплантациялау үшін адамның ағзаларын немесе тіндерін алумен байланысты қылмыстарға;

      атыс қаруының, оқ-дәрінің, жару құрылғыларының, жарылғыш, улы заттардың заңсыз айналымына;

      экономикалық қызмет саласындағы, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты қоса алғанда, кірістерді заңдастырумен (жылыстатумен) байланысты қылмыстарға;

      қолдан жасалған ақша белгілерін, құжаттарды, бағалы қағаздарды, сондай-ақ кредиттік не есеп айырысу карталарын және өзге де төлем құжаттары мен бағалы құжаттарды дайындауға және өткізуге;

      заңсыз көші-қонға қарсы күресте жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Осы Хаттаманың ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары ынтымақтастықты мынадай:

      дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар және оларға қатысы бар адамдар туралы қызығушылық тудыратын ақпаратпен алмасу;

      қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі келісілген жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды өткізу;

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу туралы сұрау салуларды қарау;

      жұмыс тәжірибесімен алмасу, оның ішінде тағылымдамалар, консультациялар, тренингтер мен семинарлар өткізу;

      заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен алмасу, өзара тиімді негізде ғылыми-техникалық әдебиетпен және Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының қызметі мәселелері бойынша ақпаратпен алмасу;

      ақпараттық жүйелерді, арнайы техникалық құралдарды және жабдықтарды дамыту саласында жұмыс тәжірибесімен алмасу нысандарында жүзеге асырады.

      2. Осы Хаттама қылмыстық істер бойынша ұстап беру және құқықтық көмек көрсету мәселелерін қозғамайды.

5-бап

      Осы Хаттама Тараптарға осы Хаттаманың 1-бабында айқындалған шарттарды ескере отырып, ынтымақтастықтың өзара тиімді өзге де бағыттары мен нысандарын айқындауда және дамытуда кедергі келтірмейді.

6-бап

      1. Осы Хаттама шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптардың бірі мемлекетінің құзыретті органының жәрдем көрсету туралы сұрау салуы негізінде немесе мұндай жәрдемдесу басқа Тарап үшін қызығушылық тудырады деп пайымдайтын Тараптың бастамасы бойынша жүзеге асырылады.

      2. Сұрау салу жазбаша нысанда ұсынылады. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу ауызша берілуі мүмкін, алайда ол 72 сағат ішінде мәтінді берудің техникалық құралдары пайдаланыла отырып, жазбаша нысанда расталуы тиіс.

      Сұрау салудың төлнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған кезде қосымша растау сұратылуы мүмкін.

      3. Сұрау салуда:

      сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының және сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органының атаулары;

      істің мәнін баяндау;

      сұрау салудың мақсатын және негіздемесін көрсету;

      сұрау салынатын жәрдемдесудің мазмұнын сипаттау;

      сұрау салуды тиісінше орындау үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа да ақпарат қамтылуы тиіс.

      4. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылады, алайда, егер бұл сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмесе, сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша оның мемлекетінің заңнамасы қолданылуы мүмкін.

      5. Жазбаша нысанда берілген немесе расталған сұрау салуға сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының басшысы немесе басқа уәкілетті адам қол қояды және ол осы құзыретті органның мөрімен куәландырылады.

7-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы, егер ол сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне және басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін не өз мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп санаса, жәрдем көрсетуден толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін.

      2. Жәрдем көрсетуден, егер оған байланысты сұрау салу келіп түскен әрекет сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмаса, бас тартылуы мүмкін.

      3. Егер жәрдем көрсету сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында тергеп-тексерудің немесе сот талқылауының барысына кедергі келтіруі мүмкін немесе сұрау салынатын Тарап мемлекетінің соттары шығарған, күшіне енген сот шешімдеріне қайшы келетін жағдайда, одан бас тартылуы мүмкін.

      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтары негізінде жәрдем көрсетуден бас тарту туралы шешім шығарылғанға дейін сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы жәрдем көрсетілуі мүмкін қосымша шарттарды анықтау мақсатында сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органымен консультациялар өткізуі мүмкін. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы өзіне жәрдем көрсетуге негіз болған шарттарды сақтайды.

      5. Сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы бас тартудың себептері көрсетіле отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша хабардар етіледі.

8-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды жылдам және мүмкіндігінше неғұрлым толық орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оны орындауды елеулі кідіртетін мән-жайлар туралы дереу хабардар етіледі.

      2. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органының құзыретіне кірмесе, ол бұл туралы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органын дереу хабардар етеді және оның өтініші бойынша сұрау салуды тиісті құзыретті органға береді.

      3. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы өзінің пікірінше сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.

      4. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды дереу орындау өз мемлекетінің аумағында жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға немесе өзге де іс жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін деп пайымдаса, ол сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруы немесе осы сұрау салуды орындауды сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органымен консультациялардан кейін қажетті ретінде белгіленген шарттарды сақтаумен байланыстыруы мүмкін. Егер сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы ұсынылған шарттармен өзіне жәрдем көрсетілуге келіссе, ол осы шарттарды сақтауы тиіс.

      5. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды орындау нәтижелері туралы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына мүмкіндігінше неғұрлым қысқа мерзімдерде хабарлайды.

9-бап

      1. Егер беруші Тарап жария етуді қажетсіз деп санаса, әрбір Тарап басқа Тараптардан алынған ақпараттың және құжаттардың құпиялылығын және қорғалуын қамтамасыз етеді.

      Мұндай ақпараттың және құжаттардың құпиялылық дәрежесін осы ақпаратты және құжаттарды беруші Тарап айқындайды.

      2. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының өтініші бойынша сұрау салудың келіп түсу фактісінің, осы сұрау салудың және оған ілеспе құжаттар мазмұнының, сондай-ақ жәрдем көрсету фактісінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салуды құпиялылықты сақтай отырып орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы бұл туралы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына хабарлайды, ол сұрау салуды осындай шарттарда орындауға болатынын не болмайтынын шешеді.

      3. Осы Хаттама негізінде алынған сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған Тараптың келісімінсіз олар сұратылғаннан немесе ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.

      4. Осы Хаттама негізінде бір Тараптан алынған мәліметтерді үшінші тарапқа беруі үшін осы мәліметтерді ұсынған Тараптың алдын ала келісімі талап етіледі.

      5. Құпия ақпарат алмасу беруші Тарап мемлекетінің заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

10-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Хаттаманы орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

11-бап

      Тараптар осы Хаттама шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілдері ретінде орыс және ағылшын тілдерін пайдаланады.

12-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажет болған кезде осы Хаттама шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту және тиімділігін арттыру мәселелерін қарау мақсатында жұмыс кездесулерін және консультациялар өткізуі мүмкін.

13-бап

      Осы Хаттама ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасында туындайтын келіспеушіліктер консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

14-бап

      Осы Хаттама Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап

      Әзербайжан Республикасы осы Хаттаманың Депозитарийі болып табылады.

16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Хаттамаға оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Хаттаманың 18-бабына сәйкес күшіне енеді.

17-бап

      Осы Хаттамада ешнәрсе де Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін алдын ала айқындаушы ретінде қаралмауға тиіс.

18-бап

      1. Осы Хаттама белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы осы Хаттамадан шығатындығы туралы Депозитарийді хабардар ете отырып, одан шыға алады. Мұндай Тарап үшін осы Хаттама Депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап он екі ай бойы қолданылатын болады.

      201___жылғы "____"______________ _____________ қаласында әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.

      Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы депозитарийге сақтауға тапсырылады, ол оның куәландырылған көшірмелерін барлық Тарапқа жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
     
      Иран Ислам Республикасының
      Үкіметі үшін
     
      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
     
      Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
     
      Түрікменстанның
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады