"Мемлекеттік қызметшілердің және дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 қарашадағы № 755 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 540 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік қызметшілердің және дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 қарашадағы № 755 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 62-63, 370-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің өзге мемлекеттік органдардан Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне іссапарға бару қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жіберуші мемлекеттік орган – мемлекеттік қызметшіні Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне жұмысқа іссапарға бару тәртібімен жіберетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      2) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының сыртқы саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы;

      3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының инвестициялық саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы;

      4) сауда саясаты жөніндегі уәкілетті орган – сауда қызметін реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы;

      5) іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға бару тәртібімен жұмысқа жіберілген мемлекеттік қызметші;

      6) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесшісі – инвестицияларды тарту бойынша функцияларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға жіберілген инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік қызметшісі, сондай-ақ саяси мемлекеттік қызметші;

      7) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің сауда саясаты мәселелері жөніндегі кеңесшісі – сауданы дамыту бойынша функцияларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға жіберілген сауданы дамыту жөніндегі уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік қызметшісі, сондай-ақ саяси мемлекеттік қызметші.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Осы Қағидалардың 10-тармағының 2), 3), 4), 6) тармақшаларында көрсетілген талаптардан басқа, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесшісі лауазымына іссапарға баратын кандидат болып табылатын мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасында инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік компаниялар үшін бизнес жүргізуді оңайлату бойынша нақты шараларды, Қазақстан Республикасының инвестициялық, сауда, инновациялық саясат саласындағы заңнамаларын білуі қажет.

      Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесшісі лауазымына кандидат болып табылатын мемлекеттік қызметшіні анықтаған кезде мемлекеттік, квазимемлекеттік, коммерциялық немесе қаржылық құрылымдарда қаржы-экономикалық қатынастар саласында кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы ескерілуі мүмкін.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерінің инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесшілерінің, сондай-ақ сауда саясаты мәселелері жөніндегі кеңесшілердің, олардың қол жеткізген жетістіктерін талдау, олардың есеп беру тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша инвестициялар жөніндегі және сауда саясаты жөніндегі органдардың бұйрықтарымен айқындалады.";

      мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесші, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің сауда саясаты мәселелері жөніндегі кеңесшісі лауазымына кандидат болып табылатын мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға жіберілген жағдайда жіберуші мемлекеттік орган кандидатты келісу қажеттілігі туралы хатты тиісінше инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға не сауда саясаты жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган және сауда саясаты жөніндегі уәкілетті орган жіберуші мемлекеттік органның хатын алған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде кандидатпен әңгімелесу жүргізеді және оның Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне тиісінше инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесші немесе сауда саясаты мәселелері жөніндегі кеңесші лауазымына іссапарға баруын келісу не келісуден бас тарту туралы шешім қабылдайды, бұл туралы жіберуші мемлекеттік органға шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде жазбаша хабарлайды.

      Егер жіберуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган немесе сауда саясаты жөніндегі уәкілетті орган болып табылса, олардың Қағидалардың осы тармағында ескерілген іс-әрекеттерді жүзеге асыруы талап етілмейді.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жіберуші мемлекеттік орган уәкілетті органға осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген тиісті талаптарға сәйкес келетін, осы Қағидалардың 10-тармағының 2), 3), 4), 6) тармақшаларында және 11-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесшісі лауазымына кандидат болып табылатын мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға баруы туралы ұсыныспен негізделген хатты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға жіберу ұсынылатын кандидатқа қатысты мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) лауазымға ұсыныс;

      2) өмірбаян;

      3) қызметтік тізім;

      4) мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға баруға жазбаша келісімі;

      5) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі кеңесшісі не Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің сауда саясаты мәселелері жөніндегі кеңесшісі іссапарға барған жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның немесе сауда саясаты жөніндегі уәкілетті органның келісім-хаты.".

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға баруы туралы ұсыныс келісілген жағдайда жіберуші мемлекеттік орган үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген құжаттарды, сондай-ақ уәкілетті орган хатының көшірмесін қоса бере отырып, мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға баруы туралы ұсынысымен хат жолдайды.

      Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік қызметшісін Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға жіберуін келіскен жағдайда Қағидалардың осы тармағында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асыру талап етілмейді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады