"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысын бекіту туралы" Қазақтан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1418 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 597 қаулысы

      Қазақтан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысын бекіту туралы" Қазақтан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1418 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 77-78, 1149-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қордың (оның Басқармасының) орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Е 10 көшесі, 17/10.";

      13-тармақтың 6) тармақшасы алып тасталсын;

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген тәртіппен және шарттарда жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестерге) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге ие тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеліктен шығару ниеті болған жағдайда мемлекет Қор, ұлттық компания немесе уәкілетті мемлекеттік орган арқылы иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеленудің басым құқығына ие болады.";

      мынадай мазмұндағы 7-1-бөліммен толықтырылсын:

      "7-1-бап. Қорды басқару жөніндегі кеңес

      41-1. Қорды басқару жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы басқаратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      41-2. Қорды басқару жөніндегі кеңестің функциялары:

      1) Қордың бәсекеге қабілеттілігі мен қызмет тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      2) Қордың даму стратегиясын мақұлдау және оның іске асырылу барысы туралы Қордың жыл сайынғы есебін қарау, сондай-ақ Қор өзінің қызметін жүзеге асыратын экономиканың басым секторлары жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      3) әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруды, оның ішінде Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінен және Ұлттық қорынан қаражат бөле отырып іске асыруды қоса алғанда, Қазақстан экономикасын әртараптандыру мен жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламаларына Қордың қатысуы жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсыныстарын қарау;

      4) Қордың тәуелсіз директорларын сайлау үшін кандидатураларды, сондай-ақ Қордың тәуелсіз директорларына сыйақылар мөлшері мен төлеу шарттарын келісу;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесін немесе өзге де мемлекеттік қызметшіні Қор тобына кіретін ұйымның директорлар кеңесінің немесе байқау кеңесінің құрамына сайлау үшін ұсыным беру болып табылады.

      41-3. Қорды басқару жөніндегі кеңесті құру туралы шешімді, оның құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.";

      49-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-1) Қордың тәуелсіз директорларына сыйақылар мөлшері мен төлеу шарттарын айқындау;";

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) Қордың Жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компаниялардың акцияларын (қатысу үлестерін) иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды (қатысу үлестерін) сенімгерлік басқаруға беру;";

      мынадай мазмұндағы 15-1) және 15-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "15-1) Қордың директорлар кеңесінің қызметі туралы есепті қарау;

      15-2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қаржылық есептілікте қаржыландыру сомасын көрсете отырып, Қордың жобаларды қаржыландыруы туралы шешімдер қабылдау;";

      мынадай мазмұндағы 49-1-тармақпен толықтырылсын:

      "49-1. Осы Жарғының 49-тармағының 6) (тәуелсіз директорларды сайлауға қатысты) және 6-1) тармақшалары бойынша шешімдерді Қордың Жалғыз акционері Қорды басқару жөніндегі кеңеспен келісу бойынша қабылдайды.";

      57-тармақта:

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) осы Жарғының 49-тармағының 15-2) тармақшасында көзделген мәселені қоспағанда, мәселелерді Жалғыз акционердің қарауына шығару туралы шешім қабылдау;";

      13) және 14) тармақшалар алып тасталсын;

      25) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "25) басқа заңды тұлғалар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызын Қордың иеленуі (иеліктен шығаруы);";

      27) тармақша алып тасталсын;

      28) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "28) Қорды басқару жөніндегі кеңеске ақпарат жібере отырып, Қордың Директорлар кеңесінің қызметіне жыл сайын бағалау жүргізу;";

      мынадай мазмұндағы 29-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "29-1) корпоративтік хатшыны тағайындау және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, корпоративтік хатшы өкілеттігінің мерзімін, корпоративтік хатшыға қойылатын талаптарды, оның функцияларын, қызмет тәртібін, корпоративтік хатшының лауазымдық айлықақысының мөлшерін және корпоративтік хатшыға сыйақы төлеу шарттарын айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 57-1-тармақпен толықтырылсын:

      "57-1. Қордың директорлар кеңесінің шешімі негізінде осы Жарғының 57-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген саясат барлық дауыс беретін акцияларына (қатысу үлестеріне) Қор тікелей немесе жанама иелік ететін Қор тобына кіретін компанияларға не ұйымдарға қолданылуы мүмкін.";

      60-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "60. Қордың директорлар кеңесі Заңда белгіленген тәртіппен сайланатын төраға мен мүшелерден құралады.";

      64-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "64. Неғұрлым маңызды мәселелерді қарау және Қордың Директорлар кеңесіне ұсынымдар дайындау үшін Қордың Директорлар кеңесінің жанынан тұрақты жұмыс істейтін комитеттер құрылуы мүмкін.

      Стратегиялық жоспарлау мәселелерін қарау үшін стратегия комитеті құрылады, оның басшысы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бірінші басшысы болып табылады.

      Егер Қордың Директорлар кеңесінің қарауына шығарылатын мәселелер қандай да бір комитеттің өкілеттігіне кірсе, олар тиісті мәселені міндетті түрде алдын ала қарайды және ол бойынша қорытынды дайындайды.

      Заңның 14-бабында көзделген Мамандандырылған комитет міндетті түрде құрылады.

      Қор Директорлар кеңесінің комитеттерін құру және олардың жұмыс істеу тәртібі, олардың өкілеттіктері, сандық құрамы Қордың Директорлар кеңесі бекітетін ішкі құжаттарда белгіленеді.";

      73-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Заңға сәйкес Қордың Жалғыз акционері немесе директорлар кеңесі қабылдайтын мәселелер бойынша шешімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) жарғыға сәйкес компанияның акционерлері (қатысушылары) жалпы жиналысының, өзге органының немесе өзіне қатысты Қор акционер, қатысушы болып табылатын немесе мүліктегі үлеске құқығы бар өзге заңды тұлғаның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;";

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) Заңға сәйкес Қордың Жалғыз акционері немесе Директорлар кеңесі қабылдайтын мәселелер бойынша шешімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және акциялары (қатысу үлестері) сенімгерлік басқару құқығында Қорға тиесілі заңды тұлғалардың жарғыларына сәйкес осындай заңды тұлғалардың акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;";

      4) тармақша алып тасталсын;

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) ұлттық компаниялардың, сондай-ақ барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі заңды тұлғалардың атқарушы органдарының басшыларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелерін келісу;";

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) Қор тобына кіретін ұйымдардың корпоративтік басқару кодекстерін, сондай-ақ оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекіту;";

      11) және 12) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізетін ұсыныстар бойынша Қордың, сондай-ақ барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компаниялардың әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;

      12) Қордың штат санын, штат кестесі мен ұйымдық құрылымын бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 73-1-тармақпен толықтырылсын:

      "73-1. Қор басқармасы осы Жарғының 73-тармағының 3) және 3-1) тармақшаларында көзделген, олар бойынша шешімдерді Қордың басқарма төрағасы қабылдай алатын мәселелер тізбесін, сондай-ақ осындай шешімдерді қабылдау тәртібін айқындауға құқылы.";

      74-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "74. Осы Жарғының 73-тармағының 3), 3-1), 10) тармақшаларында және 73-1-тармағында көрсетілген, Қор Жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компаниялар қызметінің мәселелері бойынша шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі үшін акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау мақсатында Қордың басқармасы немесе басқарма төрағасы қабылдайды.";

      75-тармақ алып тасталсын;

      82-тармақта:

      19) және 21) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) компанияларға және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызын компаниялар тікелей немесе жанама түрде иеленетін өзге де заңды тұлғаларға тексерулер (тексерістер) тағайындау туралы шешімдер қабылдайды;";

      "21) өздеріне қатысты Қор Жалғыз акционер немесе барлық дауыс беретін акцияларын иеленетін тұлға, жалғыз қатысушы не заңды тұлғаның мүлкіне құқығы бар жалғыз тұлға болып табылатын заңды тұлғалардың атқарушы органдарының басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тартады;";

      екінші бөлік алып тасталсын;

      87-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "87. Қордың лауазымды адамдары (Директорлар кеңесінің мүшелері, Басқарма мүшелері):

      1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және Қор мен Жалғыз акционердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін тәсілдерді пайдаланады;

      2) Қордың мүлкін осы Жарғыға, Жалғыз акционердің және Директорлар кеңесінің шешімдеріне қарама-қайшылықта, сондай-ақ жеке басының мақсаттарына пайдаланбауға немесе пайдаланылуына жол бермеуге және үлестес тұлғалармен мәмілелер жасасу кезінде теріс пайдаланбауға тиіс;

      3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;

      4) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Қордың қызметі туралы ақпараттың ашылуы мен ұсынылуын бақылайды;

      5) егер Қордың ішкі құжаттарында өзгеше белгіленбесе, Қордың қызметі туралы ақпараттың құпиялылығын, оның ішінде Қордағы жұмыс тоқтатылған сәттен бастап үш жыл ішінде сақтауға міндетті.

      Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:

      егер мәміле жасасу туралы шешім қабылдау кезінде осы мүліктің құны "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы айқындаған оның нарықтық құнына анық мөлшерлес болмауы дәлелденсе;

      Қордың Жалғыз акционерін оның лауазымды адамы (адамдары) өзі (өздері) не үлестес тұлғалары пайда (кіріс) алуы мақсатында қасақана жаңылыстыру фактісін сот анықтаса, Қор Жалғыз акционердің шешімі негізінде немесе Жалғыз акционер өз атынан Қор мүддесінде жасауға мүдделі болған мәмілені Қордың жасасуы нәтижесінде және құны Қор активтерінің баланстық құнының жалпы мөлшерінің он және одан көп пайызын құрайтын мүлікті Қордың иеленуі немесе иеліктен шығаруы нәтижесінде Қорда туындаған зиян үшін лауазымды адамды жауаптылыққа тарту туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.";

      100, 101 және 102-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "100. Қор өз қызметі туралы ақпаратты интернет желісіндегі Қордың WEB-сайтында (www.sk.kz) және (немесе) белгіленген тәртіппен айқындалған мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды.

      Қор Жалғыз акционердің және инвесторлардың назарына Қордың мынадай корпоративтік оқиғалары:

      1) Жалғыз акционер қабылдаған шешімдер;

      2) Қордың ішкі құжаттарына сәйкес ақпарат Жалғыз акционердің және инвесторлардың назарына жеткізілуі тиіс мәселелер тізбесі бойынша Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер;

      3) Қордың акцияларын және басқа да бағалы қағаздарды шығару және Қордың бағалы қағаздарын орналастыру қорытындылары туралы есептерді, Қордың бағалы қағаздарын өтеу қорытындылары туралы есептерді уәкілетті органның бекітуі, Қордың бағалы қағаздарын уәкілетті органның жоюы;

      4) Қордың ірі мәмілелерді және бір уақытта мынадай талаптарға жауап беретін: жасауда Қордың мүддесі бар және құны Қордың тиісті органы осындай мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдаған күні Қор активтерінің жалпы баланстық құнының мөлшерінен он және одан көп пайызды құрайтын мүлікті сатып алуға немесе иеліктен шығаруға мәмілелерді жасауы.

      Нәтижесінде Қор активтері мөлшерінің он және одан көп пайызының сомасына мүлік сатып алынған немесе иеліктен шығарылған мәміле туралы ақпаратта мәміле жасасатын тараптар, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған активтер, мәміленің мерзімдері мен талаптары, тартылған тұлғалардың қатысу үлестерінің сипаты мен көлемі, сондай-ақ болған жағдайда, мәміле туралы өзге де мәліметтер қамтылуы тиіс;

      5) Қор активтерінің бес және одан да көп пайызын құрайтын сомаға Қордың мүлкін кепілге (қайтадан кепілге) беруі;

      6) Қордың меншікті капиталы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мөлшерде Қордың қарыз алуы;

      7) қызметтің қандай да бір түрлерін жүзеге асыруға Қордың рұқсат алуы, қызметтің қандай да бір түрлерін жүзеге асыруға Қордың бұрын алған рұқсаты қолданысының тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы;

      8) Қордың заңды тұлға құруға қатысуы;

      9) Қордың мүлкіне тыйым салу;

      10) нәтижесінде баланстық құны Қор активтерінің жалпы мөлшерінің он және одан да көп пайызын құрайтын Қор мүлкі жойылған төтенше сипаттағы мән-жайлардың болуы;

      11) Қордың және оның лауазымды адамдарының әкімшілік жауаптылыққа тартылуы;

      12) сотта корпоративтік дау бойынша істі қозғау;

      13) Қорды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы шешімдер;

      14) осы Жарғыға, сондай-ақ Қордың бағалы қағаздарды шығару проспектісіне сәйкес Қордың Жалғыз акционерінің және инвесторлардың мүдделерін қозғайтын өзге де оқиғалар туралы ақпаратты жеткізуге міндетті.

      Қор Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептілігін, корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты, Қордың жылдық қаржылық есептілігі мен аудиторлық есептерді, үлестес тұлғалардың тізімдерін, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімде жыл қорытындылары бойынша Басқарма мүшелері сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпаратты депозитарийдің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Қордың бағалы қағаздарын қор биржасының тізіміне қосқан кезде осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген ақпаратқа толықтыру ретінде Қор Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептілігін, тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті депозитарийдің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді және барлық корпоративтік оқиғалар және тоқсан сайынғы қаржылық есептілік туралы ақпаратты қор биржасының интернет-ресурсына жариялау үшін оның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен қор биржасына ұсынады.

      Қор Жалғыз акционер туралы ақпаратты, сондай-ақ қор биржасының ішкі құжаттарында анықталатын тәртіппен басқа заңды тұлғадағы өкілеттіктері мен міндеттері туралы ақпарат көрсетілген басқа заңды тұлғадағы басшы лауазымды немесе өзге де негізгі қызметті қоса атқаратын Қордың басқару органының мүшелері туралы мәліметтерді корпоративтік веб-сайтта орналастыруға міндетті.

      101. Корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты беру Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Жарғыға және Қордың ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Сотта корпоративтік дау жөнінде іс қозғау туралы ақпарат Қордың корпоративтік дау жөніндегі азаматтық іс бойынша тиісті сот хабарламасын (шақыруын) алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Жалғыз акционерге берілуге тиіс.

      Қор қызметтік немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие Қоғам қызметкерлері тізімінің міндетті түрде жүргізілуін қамтамасыз етеді.

      102. Қордың өз қызметіне қатысты құжаттары оның қызметінің бүкіл мерзімі ішінде Басқарма орналасқан жерде немесе Басқарманың шешімі бойынша өзге жерде сақталады.

      Мына құжаттар:

      1) Қордың осы Жарғысы, оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;

      2) жалғыз құрылтайшының шешімдері, жалғыз құрылтайшының шешімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;

      3) Қордың белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға және (немесе) белгілі бір іс-қимылдар (операциялар) жасауға рұқсаттары;

      4) Қордың өз балансында тұратын (тұрған) мүлікке құқығын растайтын құжаттар;

      5) Қордың бағалы қағаздарын шығару проспектілері;

      6) Қордың бағалы қағаздар шығарылымының мемлекеттік тіркелгенін, бағалы қағаздар күшінің жойылғанын растайтын құжаттар, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органға берілген Қордың бағалы қағаздарын орналастыру мен өтеу қорытындылары туралы есептерді бекіту;

      7) Қордың филиалдары мен өкілдіктері туралы ереже;

      8) Жалғыз акционердің шешімдері және оларға тиісті материалдар;

      9) Директорлар кеңесі отырыстарының (сырттай өткізілген отырыстар шешімдерінің) хаттамалары және бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), Директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар;

      10) Басқарма отырыстарының (шешімдерінің) хаттамалары;

      11) Корпоративтік басқару кодексі сақталуға тиіс.";

      104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "104. Жалғыз акционердің талабы бойынша Қор оған "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құжаттардың көшірмелерін Қорға осындай талап келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей беруге міндетті, бұл ретте қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты беруге шектеулер енгізуге болады.

      Құжаттардың көшірмелерін бергені үшін төлем мөлшерін Қор белгілейді және ол құжаттардың көшірмелерін дайындауға шығыстар құнынан және Жалғыз акционерге құжаттар жеткізуге байланысты шығыстар төлемінен аспайды.

      Қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қамтитын Қордың бағалы қағаздарын шығарудың, орналастырудың және айырбастаудың жекелеген мәселелерін реттейтін құжаттар Жалғыз акционердің талабы бойынша оған таныстыруға берілуі қажет.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады