Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 қарашадағы № 783 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Шәкизатұлы Нұрышевқа Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 22 қарашадағы
№ 783 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі

      1993 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара достық қарым-қатынастардың негіздері туралы бірлескен декларацияны,

      1995 жылғы 11 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды әрі қарай дамыту мен тереңдету туралы бірлескен декларацияны,

      2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартты басшылыққа ала отырып,

      өздерінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын ұстанатынын растай отырып,

      Тараптар арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастарды назарға ала отырып,

      халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына сәйкес екіжақты ынтымақтастықты қолдау бойынша бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын мойындай отырып,

      екі мемлекеттің мүдделерін өзара құрметтеу, сенім білдіру мен ескеру және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаларына негізделген әскери-техникалық салада өзара тиімді ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар арасындағы тең құқықты қағидаттар негізінде өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және одан әрі дамыту болып табылады.

2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:

      қару-жарақты, әскери техниканы, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, зияткерлік қызмет нәтижелерін, оның ішінде оларға ерекше құқықтарды (зияткерлік меншікті) және әскери-техникалық саладағы ақпаратты, конструкторлық, нормативтік, техникалық, технологиялық және пайдалану құжаттамасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларымен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылатын кез келген басқа да өнімді қамтитын әскери мақсаттағы өнімді өзара жеткізуді жүзеге асыру;

      қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау;

      Тараптар уәкілетті органдарының келісімі бойынша әскери мақсаттағы өнімді әзірлеу, шығару, жөндеу, жаңғырту және кәдеге жарату жөніндегі бірлескен кәсіпорындар, бірлескен өндірістер құру;

      бірлескен ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру мүддесінде жұмыстар жүргізу;

      Тараптар мемлекеттерінің қару-жарақ пен әскери техникасын стандарттау саласындағы өзара іс-қимыл;

      әскери-техникалық кадрлар даярлау және оқыту;

      әскери-техникалық көмек көрсету;

      қару-жарақ пен әскери техника үлгілеріне бірлескен сынаулар жүргізу;

      Тараптар уағдаластығы бойынша басқа да бағыттар.

      Тараптар екінші Тараптан алынған немесе осы Келісім шеңберінде бірлесіп жасалған қару-жарақты, әскери техниканы немесе олардың өндірісі жөніндегі техникалық құжаттаманы екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз сатпауға немесе үшінші тұлғаларға бермеуге міндеттенеді.

3-бап

      Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      әртүрлі деңгейдегі ресми делегациялардың сапарларымен алмасу;

      сарапшылар мен мамандардың жұмыс кездесулері;

      әскери-техникалық бағдарламаларды әзірлеу;

      шарттар (келісімшарттар) жасасу;

      қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің таныстырылымын өткізу;

      қару-жарақ пен әскери техника көрмелеріне қатысу;

      теориялық және практикалық курстарға (тренингтерге), семинарларға, конференцияларға және өзара мүддені білдіретін тақырып бойынша кеңестерге қатысу;

      Тараптардың уағдаластығы бойынша басқа да нысандар.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Қорғаныс ғылымы, техникасы және өнеркәсібі бойынша мемлекеттік басқармасы болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

5-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын (бұдан әрі – жұмыс тобы) құрады.

      Жұмыс тобының отырыстары қажеттілігіне қарай Тараптар мемлекеттерінің аумағында кезекпен, әдетте, Тараптардың уәкілетті органдарының келісімі бойынша жылына бір рет өткізіледі.

      Жұмыс тобы әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бағдарламаларды әзірлейді, сондай-ақ осы Келісімді іске асыруға байланысты басқа да мәселелерді қарайды.

      Жұмыс тобы отырысының күн тәртібі Тараптардың алдын ала келісімі бойынша белгіленеді.

      Жұмыс тобының отырыстары барысында қабылданған шешімдер тиісті хаттамалармен ресімделеді.

6-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

7-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық нәтижесінде алынған ақпарат Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне залал келтіру үшін пайдаланылмайды.

      Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру және қорғау әр Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған немесе ие болған әскери-техникалық ынтымақтастық туралы ақпаратты екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа, оның ішінде халықаралық ұйымдарға және шетелдік заңды немесе жеке тұлғаларға бермеуге міндеттенеді. Осы Келісім шеңберінде бірлескен жұмыстарды жүргізу кезінде Тараптар таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беруі мүмкін.

      Мұндай ақпарат тасығыштарға "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгі қойылады.

      Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты алған Тарап оны қорғауды және қолдануды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.

      Тараптар арасындағы таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беру фактілері құжаттық түрде тіркеледі.

      Тараптар арасында нақты келісімшарттар (шарттар) бойынша ынтымақтастық фактілерін немесе ынтымақтастық туралы басқа да мәліметтерді құпияда сақтау қажеттілігі туралы ақпаратты бір Тарап екінші Тараптың назарына алдын ала жеткізеді және (немесе) осы Келісім шеңберінде Тараптар арасында жасалатын келісімшарттарда (шарттарда) айтылады.

      Бір Тарап өкілдерінің екінші Тарап мемлекетінің әскери объектілеріне және қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарына кіруіне рұқсат беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8-бап

      Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мақсатында Тараптар:

      1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы саясат және рәсімдер туралы өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ақпарат алмасады;

      2) өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және өз мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес осы Келісім бойынша ынтымақтастық барысында берілген немесе әзірленген, зияткерлік меншікті қолдана отырып жасалған әскери мақсаттағы өнімді заңсыз өндірудің және/немесе өз мемлекеттерінің аумақтарынан үшінші мемлекеттердің аумағына таратудың жолын кесу үшін шаралар қабылдайды.

9-бап

      Осы Келісім бойынша жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың сапасын бақылау және қабылдау қабылдайтын мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қару-жарақ пен әскери техниканы әкелу/әкету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын импорттық және экспорттық бақылау саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы Келісім шеңберінде жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың болуы мен мақсатты пайдаланылуын бақылау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 13-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

13-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бір де біреуі алғашқы бес жылдық не кейінгі бес жылдық кезеңдері аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы тиісінше екінші Тарапқа жазбаша хабарламаса, автоматты түрде кейінгі бір жылдық кезеңдерге ұзартылады.

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

      2018 жылғы "___" __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады