БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы төртінші мерзімді баяндаманы бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 789 қаулысы.


      БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясы 19-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы төртінші мерзімді баяндама бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі белгіленген тәртіппен БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы төртінші мерзімді баяндаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауларға қарсы комитетіне жіберсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 27 қарашадағы
№ 789 қаулысымен
бекітілген

БҰҰ-НЫҢ АЗАПТАУЛАРҒА ЖӘНЕ БАСҚА ДА ҚАТЫГЕЗ, АДАМГЕРШІЛІККЕ ЖАТПАЙТЫН НЕМЕСЕ АР-НАМЫСТЫ ҚОРЛАЙТЫН ІС-ӘРЕКЕТТЕР МЕН ЖАЗАЛАУ ТҮРЛЕРІНЕ ҚАРСЫ КОНВЕНЦИЯСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАБЫЛДАҒАН ШАРАЛАР ТУРАЛЫ ТӨРТІНШІ МЕРЗІМДІ БАЯНДАМА

Кіріспе

2

1-бөлім. Жалпы мәліметтер

2

2-бөлім. БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын қолдануға қатысты жаңа шаралар мен фактілер туралы, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитетінің қорытындылары мен ұсынымдарының орындалуы туралы ақпарат

3

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 1, 4-баптары мен 9 және 24-ұсынымдар бойынша

3

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 2-бабы мен 7 және 11-ұсынымдар бойынша

6

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 3, 8, 9-баптары мен 16-ұсыным бойынша

7

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 5 және 7-баптары бойынша

10

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 6 және 12-баптары мен 8-ұсыным бойынша

11

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 10-бабы және 26-ұсыным бойынша

13

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 11-бабы мен 10, 17 және 18-ұсынымдар бойынша

15

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 13-бабы бойынша

17

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 14-бабы және 22-ұсыным бойынша

19

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 15-бабы және 23-ұсыным бойынша

20


      Кіріспе

      1. Осы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын (бұдан әрі - БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясы) жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы (бұдан әрі - ҚР) қабылдаған шаралар туралы төртінші мерзімді баяндама БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясы 19-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынылды.

      2. Баяндама адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттарға, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитетінің ұсынымдарына сәйкес, ұлттық баяндамаларды дайындау процесі жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) жалпы басшылыққа алатын қағидаттарына сәйкес әзірленді.

      3. Баяндамада 2014 жылдан бастап 2018 жылғы маусым аралығындағы азаптаулардың алдын алу бойынша ҚР жүргізген жұмысы туралы ақпарат баяндалған.

      4. Баяндама Қазақстан 2014 жылғы 9 қаңтарда алдыңғы баяндаманы бергеннен соң, БҰҰ Азаптауларға қарсы комитетінен алынған ескертулер ескеріліп әзірленді. Баяндама Бас прокуратураның, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі істер, Сыртқы істер, Әділет, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Қоғамдық даму министрліктерін қоса алғанда, ҚР Үкіметінің бірнеше органдарының қатысуымен дайындалды.

      5. Азаптауларға қарсы іс-қимыл мәселесі және осы баяндама Ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырыстарында, Бас прокуратура ұйымдастырған Халықаралық конференцияда халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғамның және мемлекеттік органдардың өкілдерімен және Сыртқы істер министрлігінің жанындағы "Адами өлшем бойынша диалог алаңы" атты консультативтік-кеңесші органның отырыстарында осы мәселе бойынша әртүрлі мүдделі тараптарды қосу бойынша ҚР ауқымды күш салуы шеңберінде бірнеше рет талқыланды.

      1-бөлім. Жалпы мәліметтер

      6. ҚР барлық адамдар үшін адам құқықтарын сақтауды, сондай-ақ азаптаулардың алдын алуды ұстанады.

      7. ҚР алдыңғы баяндаманы ұсынған сәттен бастап азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін болдырмау бойынша ұлттық заңнаманы әзірлеуді жалғастырды. Мысалы, 2018 жылғы шілдеде заңнамалық өзгерістердің бірі татуласуына және шын өкінуіне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы бойынша (азаптаулар) қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салу болды. 2015 жылғы қаңтардан бастап аталған бап рақымшылық жасау және қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтуі қолданылмайтын қылмыстар санатына жатқызылды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде ұстау хаттамасына медициналық куәландыру қорытындысын қоса отырып, ұстау және уақытша ұстау изоляторына қамау кезінде міндетті медициналық куәландыру көзделген. Бұл ретте, ұстау хаттамасын толтыру уақытын немесе нақты ұстау уақытын бұрмалағаны үшін лауазымды адамдардың қылмыстық жауапкершілігі белгіленген. Азаптаулар туралы қылмыстық істерді тергеудегі корпоративтілік алып тасталды. Енді алдын ала тергеуді ішкі істер органдары немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы органның қызметкері болып табылмайтын адамға қатысты жүргізеді. Сонымен қатар, 2015 жылғы қарашада ҚР БҰҰ Азаптауларға қарсы комитетіне 8, 10, 13 және 15-ұсынымдарды орындау туралы аралық мәліметтер берді.

      8. 2016 жылғы 20-29 қыркүйекте Қазақстан Республикасына БҰҰ Азаптауларға қарсы кіші комитеті мүшелерінің сапары жүзеге асырылып, оның барысында олар күзетпен ұстау орындары мен полиция бөлімдеріне, және де басқа да объектілерге барды. ҚР Кіші комитеттің ескертулері мен пікірлерін жоғары бағалап, мүмкіндігінше, ұсынымдарды орындау бойынша шаралар қабылдады.

      9. КР соңғы жылдары өзінің қылмыстық сот әділдігі жүйесін реформалау бойынша нақты қадамдар қабылдады. Бұл шаралар қамаудағылардың құқықтарын кеңейтуді, әлеуметтік оңалту бағдарламаларын жасауды және қамаудағылардың жалпы санын қысқартуды қосқанда елеулі реформаларға экелді.

      10. ҚР құқық қорғау органдары адам құқықтарын сақтауды және азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынас жасауға жол бермеуді ұстанады. Құқық қорғау органдарының осы міндеттемені сақтамайтын кез келген қызметкеріне қызметтен босатуға және қылмыстық қудалауға дейін дереу тәртіптік шаралар қолданылады.

      2-бөлім. БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын қолдануға қатысты жаңа шаралар мен фактілер туралы, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитетінің қорытындылары мен ұсынымдарының орындалуы туралы ақпарат

      БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 1, 4-баптары мен 9 және 24-ұсынымдар бойынша

      1-бап

      1. Осы Конвенцияның мақсаты үшін "азаптау" анықтамасы қандай да бір адамға одан немесе үшінші адамнан мәлімет немесе мойындау алу, ол немесе үшінші адам жасаган немесе жасағанына сезік келтірілген әрекеті үшін оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды қорқыту немесе мәжбүрлеу үшін дене немесе рухани қатты зақымдары немесе азап шегуі қасақана жасалатын немесе кез келген сипаттағы кемсітушілікке негізделген кез келген себеп бойынша мұндай зақымды немесе азап шегуді мемлекеттік лауазымды тұлғамен немесе ресми түрдегі басқа да адаммен немесе олардың азғыруы немесе олардың келісімімен немесе үнсіз келісу бойынша келтірілетін кез келген іс-әрекетті білдіреді. Бұл анықтамаға заңдық санкциялар нәтижесінде ғана туындайтын, осы санкциялардан ажыратылмайтын немесе олармен кездейсоқ келтірілетін зақым немесе азап шегу енгізілмейді.

      2. Осы бап неғұрлым кең түрде қолдану туралы ережелерді қамтитын немесе қамти алатын қандай да бір халықаралық келісімшартқа немесе қандай да бір ұлттық заңнамаға нұқсан келтірмейді.

      4-бап

      1. Қатысушы мемлекеттің әрқайсысы барлық азаптау актілері өзінің қылмыстық заңнамасына сәйкес қаралуын қамтамасыз етеді. Бұл да азаптауға бірге қатысуын немесе қатысуды білдіретін кез келген адамды азаптау мен іс-әрекеттерге тарту азабына жатады.

      2. Қатысушы мемлекеттің әрқайсысы мұндай қылмыстар үшін олардың ауыр сипатын есепке ала отырып, тиісті жазалауды белгілейді.


      11. ҚР БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясына (Конвенция) сәйкес келетін заңнаманы қабылдай отырып, заңнамалық реформаларды қолданысқа енгізуді жалғастыруда. ҚР заңнамасына сәйкес азаптау жасаған кез келген адам (оның ҚР азаматы немесе құқық қорғау органдарының қызметкері екендігіне қарамастан) заңды бұзған.

      12. ҚР заңнамасына сәйкес азаптаулар түріндегі қылмыстың объективті жағы лауазымды адамның дене және (немесе) психикалық азап тарттыруымен байқалған белсенді іс-әрекеті болып табылады, ал субъективті жағы лауазымды адамның өзінің іс-әрекетінің құқыққа қарсы екенін мойындауы, сондай-ақ мәлімет алу немесе мойындау не адамды қылмыс жасағаны үшін жазалау мақсаттарының болуы болып табылады.

      13. Жақында ҚР заңнамасы азаптаулар түріндегі қылмыс үшін санкцияны қатаңдатты, енді адам өліміне әкеп соққан бұзушылықтар бойынша бас бостандығынан айыру 12 жыл болды. Сонымен қатар азаптаулар түріндегі қылмысқа қатысты мерзімінің өтуі күшін жойды. Азаптаулар түріндегі қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік өкіну немесе кінәсін мойындап келу негізінде алынбайды.

      14. Сонымен қатар, ҚР Заңдары азаптауларға көмектескені мен айдап салғаны үшін немесе азаптауларға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабында қылмыстық жауапкершіліктің әр алуан түрлері белгіленеді. Мысалы, ұйымдастырушылар, айдап салушылар және көмектесушілер кінәлі адамдармен қатар қылмысқа сыбайлас қатысушылар болып саналады; қылмысқа сыбайлас қатысушылар (азаптауларды қосқанда) кінәлі адамдармен бірдей дәрежеде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР заңнамасына сәйкес "азаптаулар" ұғымының анықтамасы Конвенцияда бекітілген анықтамадан неғұрлым кең екендігін атап өтеміз. БҰҰ Азаптауларға қарсы конвенциясының 1-бабы қандай да бір адамды жасаған әрекеті үшін жазалай отырып, осы адамнан мәлімет алу немесе мойындату үшін қатты ауыратын немесе дене не адамгершілік азап шегуін қасақана келтіретін кез келген әрекетке сілтеме жасайды. Өз кезегінде, Қылмыстық кодекстің 146-бабының 1-бөлігі ауырлығы жеңіл дәрежедегі дене жарақатын немесе ол болмағанда да тән зардабын келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.

      15. ҚР-да осы мәселе бойынша заңнамалық реформалар қолданысқа енгізілген сәттен бастап 2015 жылғы қаңтардан бері азаптауларға байланысты құқық бұзушылықтар үшін құқық қорғау органдарының 63 қызметкері сотталды. 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға - 33 қызметкер, 3 жылдан 5 жылға дейін - 8 қызметкер, 5 жылдан 7 жылға дейін -3 қызметкер, 7 жылдан 9 жылға дейін - 3 қызметкер сотталған.

      16. Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, ҚР Парламенті депутаттарының, азаматтық қоғам, үкіметтік емес құқық қорғау және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан "Халықаралық түрме реформасы" 4-форумының жұмысы барысында БҰҰ Азаптауларға қарсы конвенциясы нормаларын әрі қарай имплементациялау және алынған ұсынымдарды орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары егжей-тегжейлі қаралды.

      17. Талқылау қорытындысы бойынша "Азаптаусыз қоғамға" жоспары қабылданды, жоспар негізгі үш бағытты - азаптаудың алдын алуды, оларды тергеуді және азаптаудың құрбандарын оңалтуды қамтиды. Жоспарда Қылмыстық кодекске "азаптау" ұғымын БҰҰ Азаптауларға қарсы конвенциясының 1-бабына толық сәйкестікке келтіру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы Заң жобасын әзірлеу көзделген.

      18. Сондай-ақ жоспарда азаптауға қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, азаптаулар туралы өтініштерді тиімді тергеуді қамтамасыз ету, азаптаудың құрбандарына өтемақы телеуді енгізу, қылмыстық процесте айыпталушылардың процестік кепілдерін күшейту және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптаулардың алдын алу қаралады.

      БҰҰ Азаптауларға қарсы конвенциясының 2-бабы мен 7 және 11-ұсынымдар бойынша

      2-бап

      1. Қатысушы мемлекеттің әрқайсысы өзінің заң құзырындағы кез келген аумақта азаптаулар актілерінің алдын алу үшін тиімді заңнамалық, әкімшілік, сот және басқа да шара қолданады.

      2. Қандай да бір соғыс жағдайы немесе соғыс қаупі, ішкі саяси тұрақсыздық немесе кез келген басқа да төтенше жағдай сияқты ерекше жағдайлар азаптауларды ақтай алмайды.

      3. Жоғары тұрған бастықтың немесе мемлекет билігінің бұйрығы азаптауларды ақтай алмайды.

      19. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 209-бабын жауап алу орны, уақыты және тәртібі бойынша шектеулер туралы қағидалармен және ережелермен толықтыру жолымен ҚР заңнамалық реформаларды қолданысқа енгізді. ҚР бейнекамералармен жабдықталған 490 астам әйнек кабинет орнатты (яғни, қадағалау мақсатында мөлдір шынылы қабырғалар). Камералар 30 күн сақталатын кадрларды жазады, сондай-ақ кезекші прокурордың кеңсесінде және ішкі істер органдарында тікелей эфирде көрсетіледі.

      20. Осы реформаларды қабылдау нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы полицияға шағымдану саны айтарлықтай азайды.

      21. ҚР басқа да заңнамалық реформалар жүргізуде, оның ішінде: 1) айыпталушы адамдарға тездетіп адвокат ұсыну; 2) қылмыс жасауға күдіктіні тиісті негіздемесіз бір реттен артық полиция учаскесіне шақыруға тыйым салу.

      22. Жаңаөзен қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысты өтініштер бойынша Бас прокуратура сол оқиғалардың мән-жайын тергеуде өзінің ашықтығы және транспаренттілігі ұстанымын белгіледі. Сондай-ақ 2011 жылғы желтоқсанда Бас прокурор БҰҰ сарапшыларын тергеуге қатысуға шақырды. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссармен (Наванетхем Пиллэй ханым) 2012 жылғы шілдеде оның Қазақстанға сапары кезінде толық ақпаратпен бөлісті.

      23. ҚР-ның транспаренттілігін қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігеріне сәйкес Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларды шолудың бір бөлігі ретінде қоғамдық комиссияны жұмылдырды. Комиссия құрамына саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар дәрігерлер, экономистер және заңгерлер кірді. Комиссия өкілдері уақытша ұстау изоляторларына барды, онда олар қылмыстық қудалау органдарының өкілдерімен кездесті. Бас прокурор ҚР заңнамасында көзделген қауіпсіздік кепілдігін ұсына отырып, тұрғындарды тергеуге жан-жақты көмек көрсетуге шақырды. Сонымен қатар ҚР қылмыстық істі тергеуге қатысуға АҚШ Федералдық тергеу бюросының мамандарын шақырды, алайда бұл шақыру олардың тарапынан қолдау таппады.

      24. 2012 жылғы наурызда Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке айыпталушылар сотқа берілді және сотталды. Тергеуге қатысқан халықаралық ұйымдар мен билік институттары бақылаушыларының көпшілігі Қазақстанның тергеу процесінде транспаренттілікті қамтамасыз еткендігін растады. Сонымен қатар олар қамауға алынғандарды азаптау және қатыгездік жәбір көрсету фактілерін анықтамады және айыпталушылардың ұстау жағдайы тиісті стандарттарға сәйкестігін атап өтті.

      25. Талқылау барысында сотқа нақты айыпталушылар дан құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаптаулар қолданды деген шағымдар түсті. Маңғыстау облысындағы жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша тергеуді Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша құрылған Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жүргізді. Тергеу мұқият жүргізілді және 1,5 мыңнан астам куәлер мен оқиға хронологиясын қалпына келтіруден құралды. Тергеу нәтижесі бойынша ішкі істер органдары қызметкерлеріне, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы бөліністері басшыларына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарына қатысты бірқатар қылмыстық істер қозғалды.

      26. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қатысты заңсыз қару қолданған 5 полиция қызметкері Қылмыстық кодекстің 308-бабының 4-бөлігінің 4 "б" тармағы бойынша билікті асыра пайдаланғаны үшін әртүрлі жазалау мерзімдеріне сотталды.

      БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясының 3, 8, 9-баптары мен 16-ұсыным бойынша

      3-бап

      1. Қатысушы мемлекеттің ешқайсысы қандай да бір адамды егер оған азаптаулар қолдануға қауіп төнетініне айтарлықтай негіз болса, мемлекетке жібермеуге, қайтармауға ("refouler") немесе бермеуге тиіс.

      2. Мұндай негіздемелердің бар болуын анықтау үшін құзыретті биліктер тиісті жагдайларда, осы мемлекетте адам құқықтарын дөрекі, сорақы және жаппай бұзудың болуын қоса алғанда, істің мән-жайына жататын барлық жағдайларды назарға алады.

      8-бап

      1. 4-бапта көрсетілген қылмыстар қатысушы мемлекеттер арасындағы беру туралы кез келген келісімшартқа ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде енгізуге жатады деп саналады. Қатысушы мемлекеттер мұндай қылмыстарды өздерінің арасында жасалатын кез келген беру туралы шартқа ұстап беруге мүдделік тудыратын қылмыстар ретінде енгізуге міндеттенеді.

      2. Егер келісімшартты қолға беруді негіздейтін қатысушы мемлекет беру туралы келісімшарты жоқ басқа Қатысушы мемлекеттен беру туралы өтінім алса, мұндай қылмыстарға қатысты осы Конвенцияны беру үшін құқықтық негіздеме ретінде қарай алады. Беру туралы өтінім жасалған Мемлекеттің заңнамасында көзделген басқа да шарттарға сәйкес беру жүзеге асырылады.

      3. Беруді шарттың болуымен негіздемейтін Қатысушы мемлекеттер өз араларында беру туралы өтінім жасалған Мемлекеттің заңнамасында көзделген шарттарға сәйкес мұндай қылмыстарды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде қарайды.

      4. Қатысушы мемлекеттер арасында беру мақсаты үшін мұндай қылмыстар жасалған орнында ғана емес, сондай-ақ 5-баптың 1-тармағына сәйкес өзінің заңдық құзырын белгілеуге міндетті мемлекеттің аумағында да жасалғандай қаралады.

      9-бап

      1. Қатысушы мемлекеттер сот талқылауына қажетті өз иелігіндегі барлық дәлелдерді беруді қоса алғанда, 4-бапта санамаланған қылмыстардың кез келгеніне қатысты қолданылған қылмыстық-іс жүргізу әрекеттеріне байланысты бір-біріне мейлінше толық көмек көрсетеді.

      2. Қатысушы мемлекеттер осы баптың 1-тармағы бойынша өз міндеттерін өздерінің арасында жасалатын өзара көмек туралы кез келген шарттарға сәйкес орындайды.


      27. Ұстап беру туралы мәселе бойынша ҚР өзінің заңдары Конвенцияның 3, 8 және 9-баптарымен толық сәйкес келеді деп есептейді. Атап айтқанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап беру негіздері ҚР Қылмыстық кодексінің 9-бабымен реттеледі және мына ережелерде жазылады:

      a. егер ҚР халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, басқа мемлекеттің аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған ҚР азаматтары ұстап беруге жатпайды;

      b. ҚР шегінен тысқары жерде қылмыс жасаған және ҚР аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ҚР халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшін шет мемлекетке ұстап берілуі мүмкін;

      с. егер сол мемлекетте оған азаптауды, зорлық-зомбылық, басқа да қатыгез немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету немесе жазалау қаупі бар деп пайымдауға айтарлықтай негіздер болса, сондай-ақ өлім жазасын қолдану қаупі төнген жағдайда, егер ҚР шарттарында өзгеше көзделмесе, ешкім де шет мемлекетке ұстап берілмейді.

      28. ҚР халықаралық шарттарының сақталуын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықтың 27-тармағына сәйкес ұстап беру туралы сұрау салуды қарау кезінде осы елде азаптауды қолдану мүмкіндігінің тәуекел дәрежесін бағалау жүргізіледі. Осындай өтінішпен жүгінген адамды ұстап берген кезде азаптауды қолдану және қатыгез қарым-қатынас жасау қаупі болуы мүмкін деп пайымдауға негіздер жеткілікті болғанда, прокуратура органдары БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 3-бабының ұсынымдарын және Конвенцияның көрсетілген бабын қолдануға қатысты № 1 жалпы тәртіптің ескертулерін басшылыққа алуға міндетті. Бұл ретте тексеру кезінде аталған мемлекеттегі адам құқығын үнемі өрескел, сорақы және жаппай бұзу практикасының бар екені туралы ақпараты назарға алынады.

      29. Баяндалғанның негізінде ҚР БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясы 3-бабының нормаларын Қазақстан іске асырды деп ұйғарады. Жоғарыда айтылғандай, ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабында азаптауға қатысқаны және қоса қатысқаны үшін жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекстің 71-бабының 6-бөлігіне және 77-бабының 5-бөлігіне сәйкес азаптау жасаған адамдарға қатысты мерзімнің өтуі қолданылмайды. ҚР қылмыстық-процестік заңнамасы және ҚР қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар бойынша азаптаулар ұстап беруді көздейтін қылмыстарға жатады.

      30. Өзбекстанмен байланысты мәселеге қатысты 2010 жылғы маусымнан бастап желтоқсанға дейін Өзбекстан Республикасына 29 азамат ұстап берілді, оның ішінде осы мемлекеттің құқық қорғау органдары ауыр қылмысы үшін іздестіріп жүрген Т.А. Абдусаматов бар. Көрсетілген азаматтарды Өзбекстанға экстрадациялау ұлттық заңнамаға және ҚР халықаралық шарттарына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылды, барлық адамдар осы шешімге өздерінің сотқа шағымдануға құқықтарын іске асырды. Ұстап бергеннен кейін қазақстандық лауазымды адамдар ұстап берілген адамдармен Өзбекстанда қамалған жерлерінде кездесу өткізді, оның барысында қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Ұстап берілген адамдар шағым мен талап-арыз айтқан жоқ. Оларға медициналық куәландыру жүргізілді, онда азаптаулардың ізі, дене жарақаты анықталған жоқ.

      БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 5 және 7-баптары бойынша

      5-бап

      1. Әрбір Қатысушы мемлекет 4-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты өзінің заңдық құзырын белгілеу үшін:

      a) қылмыстар өзінің заңдық құзырындағы кез келген аумақта немесе осы Мемлекетте тіркелген теңіз немесе әуе кемесінің бортында жасалған;

      b) болжамды қылмыскер осы Мемлекеттің азаматы болып табылған;

      c) құрбан осы Мемлекеттің азаматы болып табылған және егер Мемлекет оны орынсыз деп санаған жағдайларда қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Әрбір Қатысушы мемлекет болжамды қылмыскер өзінің заңдық құзырындағы кез келген аумақта болған және ол оны осы баптың 1 тармағында ескертілген мемлекеттердің 8-бапқа сәйкес ұстап бермеген жағдайларда мұндай қылмыстарға қатысты өзінің заңдық құзырын белгілеу үшін қажетті болуы мүмкін шараларды осыған ұқсас түрде қабылдайды.

      3. Осы Конвенция ішкі заңнамаға сәйкес кез келген қылмыстык заңдық құзырын жүзеге асыруды жоққа шығармайды.

      7-бап

      1. 5-бапта көзделген жағдайларда өзінің заңдық құзырындағы аумақта 4-бапта көрсетілген қылмыстардың кез келгенін жасағанына күдікті адам табылған Қатысушы мемлекет егер ол қылмыскерді ұстап бермесе, осы істі соттық қудалау үшін өзінің құзыретті билігіне тапсырады.

      2. Бұл биліктер шешімді осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес маңызды сипаттағы кез келген әдеттегі қылмыс жағдайындағыдай қабылдайды. 5-баптың 2-тармағында атап көрсетілген жағдайларда соттық қудалау мен соттау үшін қажетті дәлелдемелерге қойылатын талаптар ешбір жағдайда 5-баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда қолданылатындардан төмен болмайды.

      3. 4-бапта көрсетілген қылмыстардың кез келгеніне байланысты істі қарау жүзеге асырылатын кез келген адамға істі қараудың барлық сатыларында әділ қарым-қатынасқа кепілдік беріледі.

      31. ҚР Заңдары Конвенцияның 5 және 7-баптарына толық сәйкес келеді. Жалпы қағидат ҚР аумағында (оның ішінде ҚР туы астында жүзетін немесе ұшатын әуе және теңіз кемелерінде, сондай-ақ ҚР портында тіркелген кемеде) қылмыс жасаған барлық адамдар осы адамның азаматтығына қарамастан, ҚР заңнамасы бойынша жауап беретініне сайып келеді.

      32. Бұдан басқа ҚР заңнамасында ҚР шегінен тыс жерде қылмыс жасаған ҚР азаматтары, егер олардың әрекеттері осы әрекет жасалған заңдық құзырында қылмыс болып танылса және олар сол зандық құзырда қудалауға ұшырамаса, ҚР шегінде қудалауға жатады делінген. Осы сценарийге сәйкес осындай мінез-құлық үшін барынша жазалау осы зандық құзырының заңнамасында белгіленген барынша жазалаудан аспайды.

      33. ҚР шегінен тыс шығып кеткен, жүрген жері шет мемлекетте анықталған адам ҚР аумағында қылмыс жасаған жағдайда қылмыстық іс материалдары қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін шет мемлекетке беріледі.

      34. Осыған ұқсас шет мемлекеттің аумағында қылмыс жасаған және ҚР-да жүрген адамға қатысты қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін шет мемлекетке қылмыстық іс материалдарын беруге құқылы.

      БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 6 және 12-баптары мен 8-ұсыным бойынша

      6-бап

      1. Өзінің иелігіндегі ақпаратты қарағаннан кейін мән-жай талап ететініне көзі жеткен соң, 4-бапта көрсетілген қылмыстардың кез келгенін жасады деп айыпталған адам аумағында жүрген кез келген Қатысушы мемлекет оны қамауға алады немесе оның қатысуын қамтамасыз ететін басқа да заңдық шараларды қабылдайды. Қамауға алу және басқа да мұндай заңдық шаралар осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, бірақ қылмыстық-процестік әрекет немесе ұстап беру әрекетін жасау үшін қажетті уақыт ішінде ғана жалғасуы мүмкін.

      2. Мұндай Мемлекет дереу фактілерді алдын ала тергеуді жүргізеді.

      3. Осы баптың 1-тармағы негізінде қамаудағы кез келген адамға өзі азаматы болып табылатын Мемлекеттің ең таяудағы тиісті өкілімен немесе егер ол азаматтығы жоқ тұлға болса, ол әдетте тұратын Мемлекеттің өкілімен шұғыл түрде байланыс орнатуға жәрдем көрсетіледі.

      4. Мемлекет осы бапқа сәйкес қандай да бір адамды қамауға алғанда, ол 5-баптың 1-тармағында аталған мемлекеттерді, мұндай адамның қамауда болу фактісі туралы және оны ұстауға негіз болған мән-жайлар туралы дереу хабардар етеді. Осы баптың 2-тармағында көзделген алдын ала тергеуді жүргізетін мемлекет жоғарыда аталған мемлекеттерге алған деректері туралы шұғыл хабарлайды және ол өзінің заңдық құзырын жүзеге асыруға ниетінің бар-жоғын көрсетеді.

      12-бап

      Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің заңдық құзырындағы кез келген аумақта азаптау қолданылды деп болжауға жеткілікті негіздер болған кезде өзінің құзыретті органдарының жылдам және әділ тергеу жүргізуін қамтамасыз етеді.


      35. ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес азаптау туралы әрбір арыз Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеледі және ол бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, күдікті ұсталады.

      36. ҚР заңнамасына сәйкес шетел үкіметінің тиісті лауазымды адамы ҚР-да шетелдік адамның ұсталғаны туралы дереу хабардар етіледі (24 сағаттан кешікпей). Хабарлауды Сыртқы істер министрлігінің өкілі жүзеге асырады.

      37. ҚР заңнамасына сәйкес, егер ҚР шет мемлекеттің құзыретті органының күтілетін соттық қудалау негізінде адамды ұстау туралы тиісті өтінішхатын алса, шетелдік адамды күзетпен ұстауға рұқсат етіледі. Осындай өтінішхатта болжамды заң бұзушылық және көзделген жазалау шарасы туралы мәліметтер болуға тиіс. Егер қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салуды ҚР құзыретті органы сол адамды ұстаған күннен бастап 40 тәулік ішінде алмаса, осындай рәсімге сәйкес күзетпен ұстаудағы адамды прокурор босатуға тиіс. Осындай ұстау туралы ішкі деңгейде ҚР Сыртқы істер министрлігіне хабарланады.

      38. ҚР-да қылмыстық сот әділдігі рәсіміндегі тағы бір жаңалық қызметкерлер сол ведомствода жұмыс істейтін адамдардың заңсыз әрекеттері туралы арыздарға тергеу жүргізе алмайтындығына сайып келеді.

      39. Бұдан басқа, 2017 жылғы 11 шілдедегі Заңға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы прокурордың өкілдіктері азаптаулар туралы істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру құқығын жүзеге асыру бөлігінде кеңейтілді. Балама тергеулілігіне қарамастан, прокуратура азаптау туралы арыздарды тергейтін негізгі орган болып табылады. 2015 жылдан бастап републикадағы азаптаулар бойынша жолданған барлық істердің 89 % ын прокурорлар аяқтаған.

      40. Прокурорлардың қызметін реттейтін қағидаларда азаптаулар туралы арыздар басым істер ретінде белгіленеді. Жақында "арнайы прокурорлар" санатына жатқызылған прокурорлар сыныбына құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасаған қылмыстарды, оның ішінде азаптаулар туралы арыздарды тергеу тапсырылды.

      41. Азаптаулар туралы арыздар бойынша қылмыстық істерді тергеудің сапасын арттыру мақсатында ҚР құқық қорғау органдары Ыстамбұл хаттамасының негізінде осындай тергеулерді жүргізу жөнінде әдістеме әзірледі. Одістеме: 1) қажетті медициналық көмекті қоса алғанда, жәбірленушілердің қауіпсіздігі бойынша шұғыл шаралар қабылдауды; 2) сот-медициналық және психологиялық-психиатриялық сараптамаларды дереу жүргізуді; 3) алғашқы 72 сағат ішінде шұғыл тергеу іс-шараларын жүргізуді (куәгерлерден жауап алу, оқиға орнын тексеру, заттай дәлелдемелерді алу, ықтимал жәбірленушілерден және күдіктілерден мұқият жауап алуды жүргізу және т.б.) қамтиды.

      42. 2015 жылы арнайы прокурорлар азаптаулар туралы 217 істі тергеді, оның ішінде 185-і ақтайтын негіздер бойынша қысқартылды, 9-ы - үзілді, і - тергеулілігі бойынша берілді, 11-і - сотқа жолданды, қалғаны - 11. Тергелген істердің қатарынан 319 адамға қатысты Бұлтартпау шарасы таңдалды, 114 қатысты күзетпен ұстау түрінде Бұлтартпау шарасы таңдалды, 13 - үйде қамау, 14 - ешқайда шықпау және тиісінше мінез-құлық туралы қолхат, 2 - жеке кепілгерлік, 176 - кепіл. 15 адамға қатысты 12 іс айыптау үкімін шығарумен қаралды.

      43. 2016 жылы арнайы прокурорлар азаптаулар туралы 201 істі тергеді, оның ішінде 158-і ақтайтын негіздер бойынша қысқартылды, 0 - тергеулілігі бойынша берілді, 10-ы - сотқа жолданды, 4-і - үзілді, қалғаны - 29. 328 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды, оның ішінде 129 - кепіл, 120 - күзетпен ұстау, 43 - ешқайда шықпау және тиісінше мінез-құлық туралы қолхат, 29 - үйде қамау, 7 - жеке кепілгерлік. 15 адамға қатысты 10 іс үкім шығарумен қаралды, оның ішінде 3-і ақталды және 12-і сотталды: бас бостандығынан айыруға - 9, шартты соттау - 3.

      44. 2017 жылы арнайы прокурорлар азаптаулар туралы 219 істі тергеді, оның ішінде 156-ы ақтайтын негіздер бойынша қысқартылды, 2 - тергеулілігі бойынша берілді, 11-і - сотқа жолданды, 2-і - үзілді, қалғаны - 48. 24 адамға қатысты 12 іс үкім шығарумен қаралды, оның ішінде 11-і ақталды және 13-і сотталды: бас бостандығынан айыруға -11, бостандығын шектеуге - 2.

      45. 2018 жылғы 6 айда іс жүргізуде 69 іс болды, оның ішінде 48-і - ақтайтын негіздер бойынша қысқартылды, 1-і - тергеулілігі бойынша берілді, 15-і - сотқа жолданды, 0 - үзілді, қалғаны - 5. 5 адамға қатысты 2 іс үкім шығара отырып қаралды, олар бас бостандығынан айыруға сотталды.

      БҰҰ Азаптауларға қарсы конвенциясының 10-бабы және 26-ұсыным бойынша

      10-бап

      1. Әрбір Қатысушы мемлекет азаптауларға тыйым салуға қатысты оқу материалдары мен ақпараттар құқық қолданушы органдардың қызметкерлері құрамын, азаматтық немесе әскери, медицина қызметкерлері құрамын, мемлекеттік лауазымдық тұлғаларды және басқа да қамауға алудың, ұстаудың немесе түрмеде ұстаудың немесе оларға қараудың кез келген түріне тартылған тұлғаларды күзетпен ұстауға және жауап алуға қатысты тұлғаларды даярлау бағдарламаларына толық көлемде қосылуын қамтамасыз етеді.

      2. Әрбір Қатысушы мемлекет осы тыйым салуды кез келген осындай тұлғалардың міндеттері мен қызметтеріне қатысты ережелер мен нұсқаулықтарға қосады.


      46. ҚР адам құқықтарын қорғау саласында халықаралық нормаларды зерделеуге және ҚР құқық қорғау органдарының мамандарын, оның ішінде заңгер білімі бар азаматтық мамандарды даярлау кезінде осы нормалардың іске асырылуына ерекше көңіл бөледі. ҚР құқық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлау жүйесінің бірнеше түрі бар: а) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау; b) бастапқы оқыту курстарында жоғары немесе орта білімі бар қызметкерлерді даярлау; с) жұмыс істеп тұрған қызметкерлерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және кәсіптік даярлау.

      47. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру контексінде "Адам құқықтары және оларды қорғау тетіктері" арнайы бағдарламасы бар, ол адам құқықтарын жан-жақты зерделеу мақсатында 135 сағаттық курс түрінде болады. Азаптауларға қарсы іс-қимыл мәселесіне қосымша 34 сағат бөлінеді. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 1200 астам тыңдаушы (курсанттар, магистранттар және докторанттар) оқиды.

      48. Әдетте, ҚР-да орта және жоғары білім берудің оқу бағдарламасында адам құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету мәселелерін зерделеуге 20 сағат арналған. Жылына шамамен 5000 полиция қызметкері осы даярлықтан өтеді. Бұдан басқа, полиция қызметкерлері тұрақты түрде ұзақтығы 72 сағаттық кәсіптік даярлықтан өтеді, ол адамның халықаралық құқықтары туралы мәселені қамтиды. Бұл бағдарлама семинарлардан, дәрістерден, дөңгелек үстелдерден тұрады, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы шетелдік сарапшылар болып табылатын баяндамашылардан құралады. Жылына 800-ден астам полиция қызметкері осындай даярлықтан өтеді.

      49. 2017 жылғы мамырда құқық қорғау органдарының оқу процесіне Ыстамбұл хаттамасының ұсынымдарына сәйкес азаптауларды және басқа да қатігез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер түрлерін тергеу және құжаттандыру бойынша әдістемелік құрал енгізілді. Полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың ведомстволық бағдарламалары "Адам құқықтары саласындағы ұлттық тетіктерді дамыту және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерді тиімді іске асыруы" деген атаумен БҰҰ Даму бағдарламасы (Әділет министрілігімен бірлесіп) әзірлеген, енгізілген материалдарды ескере отырып түзетілді.

      50. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін ерекше курстар мен конференциялар ұсынылды: "Азаптау жоқ қоғамға: практиканы шолу және келесі қадамдар" (2018 жылғы сәуір); "Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі: орын алып отырған проблемалар мен даму перспективалары" (2018 жылғы мамыр); "Балаларға арналған сот төрелігі жүйесін нығайту және олардың құқықтарын қорғау" (2017 жылғы сәуір); "Ар- ұждан және құқық", екінші ұлттық диалог "Қазақстан Республикасында тәртіпті, қауіпсіз, үнемі және жауапты көші-қонды жылжыту және адамдар саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі тиімді шаралар" (2017 жылғы маусым); "Сот төрелігінің 5-ші Бүкіләлемдік форумы" (2017 жылғы шілде); "Ыстамбұл хаттамасына сәйкес азаптауларды және қатыгез іс-әрекетті тиімді құжаттандыру" (2017 жылғы шілде); "Қылмыстық жазаларды орындау: проблемалы мәселелер және оларды шешу жолдары" (2017 жылғы тамыз); "Азаптаулардан және қатыгез іс-әрекеттен бостандық құқығы саласындағы халықаралық және ұлттық стандарттар. Құқық қолдану практикасының ерекшеліктері" (2017 жылғы қыркүйек, қазан); "Қазақстан: Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс- әрекеттер мен жазалауды тиімді тергеу және құжаттандыру (Ыстамбұл хаттамасы)" (2017 жылғы қараша); "Еуропа Кеңесінің стандарттарына сәйкес азаптаулар мен басқа да қатыгез іс-әрекет нысандарын қолдану туралы өтініштерді тиімді және тәуелсіз тергеу" (2016 жылғы мамыр, маусым).

      51. Бұдан басқа, уақытша ұстау изоляторларында ұсталатын күдіктілер мен айыпталушыларды қорғауға қатысты Қазақстан Республикасының қағидалары мен нормалары жетілдірілген болатын. Атап айтқанда, қазіргі уақытта азаптауларды қолдануға тыйым салатын және уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлерінен, егер олар азаптаулар мен басқа да зорлық- зомбылық фактілерін анықтаса, изолятордың бастығына және ішкі істер органдарына тез арада хабарлауды талап ететін ереже бар. Бұдан басқа, 2017 жылғы тамызда Ішкі істер министрінің бұйрығы бекітілді, оған сәйкес ішкі істер органдарының әр қызметкерінің лауазымдық нұсқаулықтары ішкі істер органдарының лауазымды тұлғалары тарапынан азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдануға тыйым салуды қамтуы тиіс. Лауазымдық нұсқаулықтарға азаптаулар және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлері жағдайлары туралы басшылыққа және/немесе құқық қорғау органдарына тез арада хабарлау міндеттемесі де қосылған.

      БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 11-бабы мен 10, 17 және 18-ұсынымдар бойынша

      11-бап

      Әрбір Қатысушы мемлекет жауап алуға қатысты қағидаларды, нұсқаулықтарды, әдістер мен практиканы, сондай-ақ қандай да бір азаптау жағдайларын болдырмау үшін өзінің заңдық құзырындағы кез келген аумақта қамауға алудың, ұстаудың немесе түрмеде ұстаудың кез келген түріне тартылған адамдарды күзетпен ұстау және оларға қарау шарттарын жүйелі түрде қарайды.

      52. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде қылмыстық сот өндірісіне тартылған адамдардың құқықтары мен міндеттері көзделген. Кодекстің 129-бабына сәйкес адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатыстылығын анықтау үшін айыпталушы, қажет болған жағдайда, жеткізілгеннен (адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы) кейін сот өндірісіне дейін ұсталуы мүмкін. Жеткізу ұзақтығы 3 сағаттан аспауға тиіс және тек уәкілетті лауазымды адам жүргізеді. Адамның қылмыс жасауға қатыстылығы жеткізумен расталған жағдайда оны ұстау жүзеге асырылады.

      53. Күдіктіні тек тергеу судьясының санкциясымен қамауда ұстауға болады. Ұсталған адамға қамауда ұстау мерзімі мен оның негіздерін көрсете отырып, куәлік беріледі. Барлық күдіктілердің өзінің ұсталу себебін білуге құқығы бар және осындай қамауда ұсталуына жоғары тұрған лауазымды тұлғаға не сотқа шағымдана алады және үй қамауы сияқты балама Бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш бере алады. Сондай-ақ айыпталушыны адвокатқа құқығы бар екені туралы хабардар етеді. Жалпы денсаулық жағдайын және жарақаттардың бар-жоғын анықтау мақсатында айыпталушының медициналық куәландырудан өткізу туралы өтініш жасауға құқығы бар. Ұсталғандарды уақытша ұстау изоляторына орналастырған жағдайда, олар міндетті медициналық тексеруден өтеді.

      54. 2017 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер енгізілген болатын, оларға сәйкес адамдарды соттың санкциясынсыз ұстаудың ең көп мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа дейін төмендетілді, кәмелетке толмағандарды ұстау мерзімі 24 сағатқа дейін шектелді. Қамауда ұстау мерзімі, Кодексте көзделген айрықша жағдайлардан басқа, 2 айдан аспайды. Бұл ретте, адамды күдікті ретінде ұстау уақыты қамауда ұстау мерзіміне есептеледі.

      55. Айыпталушыны ұстаған жағдайда лауазымды тұлға дереу оның туыстарын хабардар етуге тиіс.

      56. Ұсталғаннан күдікті ретінде жауап алу ұсталған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей жүзеге асыруға тиіс. Мұндай жауап алу айыпталушы адвокатпен кездесу мүмкіндігіне ие болғаннан кейін ғана жүргізіледі. ҚР заңдары мен ережелеріне сәйкес жауап алу, кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайлардан басқа, күндізгі уақытта жүргізіледі. Ол үздіксіз 4 сағаттан артық болмайды. Жауап алуды жалғастыруға демалыс пен тамақ ішуге кемінде бір сағат үзілістен кейін ғана жол беріледі, бұл ретте бір күн ішінде жалпы жауап алу ұзақтығы 8 сағаттан аспауға тиіс. Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, жауап алу ұзақтығы дәрігердің тиісті қорытындысының негізінде анықталады. Кәмелетке толмаған адамнан жауап алу қорғаушының, заңды өкілінің (ата-аналарының), қажет болған жағдайда - психолог пен педагогтың қатысуымен, тәуліктің күндізгі уақытында жүргізіледі және үзіліссіз 2 сағаттан артық, ал жалпы алғанда - күніне 4 сағаттан артық болмайды. Кәмелетке толмаған адам анық шаршаған жағдайда жауап алу тоқтатылуға тиіс.

      57. Ұсталған адамдардың медициналық қызмет көрсетуге, тиісінше тамақтануға және униформаға рұқсаты бар.

      58. Республиканың заңнамасына сәйкес барлық ұсталған адамдардың денсаулыққа және білікті медициналық көмекке құқығы бар, сондай-ақ медициналық көмек алу кезінде республика азаматтарының барлық құқықтарын пайдаланады. Медициналық мекемелер ұсталған адамдарға кәсіби медициналық көмек көрсетеді. ҚР пенитенциарлық жүйесінде стационары бар 71 медициналық бөлім, қоныс-колонияларда 14 медициналық пункт және 7 емдеу-профилактика мекемесі бар.

      59. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Азық-түлік және ауыл шаруашылығы Ұйымының заманауи талаптарының негізінде қамаудағыларға ұсынылатын тамаққа келсек, ұсталған адамдар үшін тамақтандыру стандарттары жақында зерделенді. Осы процестің шеңберінде сотталғандардың күн сайын тамақтану нормалары 15-тен 26 бірлікке дейін көбейтілді. Май, сүт өнімдері, жұмыртқа жеміс-жидек, кептірілген жеміс, цитрус және шырындар сияқты азық-түлік қосылды. Бұдан басқа, тәрбие беру колонияларында қамауда ұсталатын қамаудағылар, туберкулез және басқа да аурулары бар сотталғандар, стационарлық және амбулаториялық емдеудегі адамдар үшін азык-түлік стандарттары жақсартылды. Қамаудағылар мен алдын ала қамауда ұсталатын адамдар үшін тамақ күніне 3 рет және дәрігердің кеңесі бойынша пациенттер үшін күніне 4 рет беріледі.

      60. Жақында қамаудағылар үшін киіммен қамтамасыз ету жақсартылды. Енді қамаудағыларға жылы күрте, тоқылған бас киім мен футболкалар беріледі. 2013 жылы халықаралық стандарттарға сәйкес 5 климаттық аймақта мамандандырылған түзеу мекемелерін салу үшін үлгілік жоба әзірленді. Бұл жоба қамаудағылар үшін жеке камераларды көздейді.

      БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 13-бабы бойынша

      13-бап

      Әрбір Қатысушы мемлекет осы Мемлекеттің заңдық құзырындағы кез келген аумақта азаптауларға ұшырадым деп сендірген кез келген адамға осы Мемлекеттің құзыретті биліктеріне шағым көрсету және олардың мұндай шағымды тез және әділ қарауы құқығын қамтамасыз етеді. Талапкер мен куәгерлерді шағымы немесе кез келген куәгерлік жауаптарға байланысты нашар қарым-қатынас жасаудың немесе қорқытудың кез келген түрлерінен қорғауды қамтамасыз ету үшін шара қолданылады.

      61. Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқаша қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

      62. Кез келген құқықтар мен бостандықтар бұзылған жағдайда, адам шағыммен жүгіне алады. Әркімнің өз құқықтары мен бостандыктарының сот арқылы қорғалуына құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабында регламенттелген.

      63. Тұлғаның қол сұғылмаушылығы және оны азаптаулардан қорғау ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде де бекітілген. 14-баптың 5-тармағына сәйкес қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсысын азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жазалау түрлеріне ұшыратуға болмайды.

      64. Бас прокуратураның 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығымен қылмыс туралы өтініштерді қабылдау рәсімі регламенттелген. Мұндай өтініштер кез келген уақытта қабылданады және тіркеледі, өтініштер 24 сағат ішінде міндетті түрде қаралады. Болжалды қылмыс туралы мәліметтер ұсынған өтініш берушіге одан әрі іс-әрекеттер үшін бірегей нөмірі бар үзбелі талон беріледі. Үзбелі талонның артқы бетінде байланыс мәліметтері көрсетіледі, олардың көмегімен өтініш беруші шағымның қаралу барысы туралы ақпарат және өтінішті қабылдаған қылмыстық қудалау органының байланыс деректерін ала алады.

      65. Бұдан басқа, еліміздің бүкіл аумағында осындай өтініштер үшін тегін сенім телефоны жұмыс істейді және кез келген азамат кез келген уақытта ішкі істер органдары қызметкерлерінің азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттер қолдануын қоса алғанда, азаматтардың құқықтарын бұзушылық туралы хабарлай алады.

      66. Қылмыстық-процестік кодекстің 101-бабына сәйкес ұстап алынған немесе сотқа дейінгі тергеу барысында қамауда ұсталатын адамдардан азаптаулар қолдану туралы шағымдар келіп түскен жағдайда, мекеме әкімшілігі оны дереу прокуратураға беруге міндетті, ал прокурордың іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдар жоғары тұрған прокурорға беріледі.

      67. Осыған ұқсас, сот талқылауы барысында 65-баптың 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес айыпталушы өзіне азаптаулар қолданылғаны туралы өтінішхаттар (шағымдар) де беруге құқылы.

      68. 106-бапқа сәйкес сот отырысында берілген барлық шағымдарды, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу барысында азаптаулар қолданылғаны туралы шағымдарды сот, бұл мүмкін болса, тікелей сот отырысында қарайды және соттың сотқа дейінгі талқылау кезінде жасалған азаптаулар туралы арыздарға қатысты шешімдер шығаруға өкілеттіктері бар.

      БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 14-бабы және 22-ұсыным бойынша

      14-бап

      1. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің құқықтық жүйесінде азаптау құрбанының өтем алуын және неғұрлым толық ақтау мүмкіндігіне арналған қаражатты қоса алғанда, әділ және барабар өтемақыға кұқықтық санкциямен нығайтылған құқығының болуын қамтамасыз етеді. Азаптау нәтижесінде жәбірленуші қайтыс болған жағдайда өтемақы құқығы оның асырауындағы адамдарға беріледі.

      2. Осы бапта ешнәрсе ұлттық заңнамаға сәйкес қолданылуы мүмкін өтемақыға жәбірленушінің немесе басқа да адамдардың кез келген құқығын қозғамайды.

      69. Қазақстан Республикасы Зорлық-зомбылық қылмыстардың құрбандарына залалды өтеу туралы Еуропа конвенциясына ("Еуропа конвенциясы") сәйкес келетін саясатты іске асырады, онда бұл жағдайда құрбандардың екі санаты анықталған: а) қасақана зорлық-зомбылық қылмыстардың нәтижесінде физикалық жай-күйіне немесе денсаулығына елеулі зиян келтірілген адамдар; b) осындай қылмыстың нәтижесінде қайтыс болғандардың қарауында болған адамдар.

      70. Еуропа конвенциясында мемлекет жағдайға байланысты залалдың мынадай бөліктерін өтеуге міндеттенетіні көзделген: жалақысын жоғалту; дәрі-дәрмекке және ауруханаға жатуға жұмсалған шығындары, жерлеуге және асырауындағыларға қатысты жағдайда ұстауға арналған шығындар. Осындай тәсіл ҚР заңнамасына енгізілген. Айталық, тікелей қылмыстық құқық бұзушылық арқылы келтірілген мүліктік және моральдық залалды өтеу қылмыстық процесте де, азаматтық сот өндірісінде де жәбірленушінің немесе оның өкілінің талап арызы бойынша жүзеге асырылады.

      71. ҚР Азаматтық кодексінің 923-бабында мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттері арқылы келтірілген залалды, анықтау, алдын ала тергеу немесе прокуратура мен сот органдары лауазымды тұлғаларының кінәсіне қарамастан, мемлекет толық өтейтіні көзделеді.

      72. Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз іс-әрекеттері деп Бұлтартпау шарасын немесе заңда көзделген өзге де процестік мәжбүрлеу шарасын заңсыз қолдану; қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамды немесе оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу таңдалған адамды оның өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдайларда ұстау; зорлық-зомбылықты, қатыгез немесе адамгершілік ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерді қолдану; процестік іс-әрекеттерді оларға қатысатын адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіп тудыратын жағдайларда жүргізу; қылмыстық процеске қатысатын адамның ар-намысын қорлайтын немесе түсіретін шешімдер қабылдау және іс- әрекеттер жасау және тағы басқалар түсініледі. Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасы құқық қорғау органдарының заңсыз іс-әрекеттері, оның ішінде азаптаулар үшін залалдың өтелуін қамтамасыз етуге тиісті кепілдіктер береді.

      73. Азамат қайтыс болған жағдайда зиянды белгіленген тәртіппен өндіріп алу құқығы оның мүрагерлеріне ауысады.

      74. Бұдан басқа, 2018 жылғы 10 қаңтарда нақты жағдайларда жәбірленушілерге өтемақы қорын ("Қор") көздейтін Заң қабылданды. Осы заңнамалық актіге сәйкес өтемақы алуға құқығы бар адамдарға: сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандары болып табылатын кәмелетке толмағандар; адам саудасы және азаптау құрбандары (өтемақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 63 630 теңге); денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммундық тапшылығы вирусын жұқтырған адамдар (АҚТҚ/ЖҚТҚ) (40 айлық есептік көрсеткіш немесе 84 846 теңге); жәбірленуші қылмыстық қол сұғушылықтан қайтыс болған жағдайда оның жақындары (50 айлық есептік көрсеткіш немесе 106 050 теңге) жатады.

      75. Қордан алынатын өтемақы басқа өтемақы нысандарынан ерекшеленеді. Мемлекет бастапқы шара ретінде Қордан өтемақы береді. Жәбірленуші де азаматтық талап арыз беріп, кінәліден өтемақы талап етуге, сондай-ақ кінәлі сотталушы өтемақы беруге қабілетсіз болған жағдайда, жеке процесс шеңберінде мемлекеттен өтемақы алуға құқылы.

      БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының 15-бабы мен 22-ұсыным бойынша

      15-бап

      Әрбір Қатысушы мемлекет азаптау арқылы жасалғаны белгіленген кез келген өтініштің азаптаулар жасады деп айыпталған адамға қарсы осы өтініштің жасалғанының дәлелі ретінде пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, кез келген сот талқылауы барысында дәлел ретінде пайдаланылмауын қамтамасыз етеді.

      76. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсысын азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жазалау түрлеріне ұшыратуға болмайтыны атап көрсетілген.

      77. Кодекске сәйкес азаптауларды, зорлық-зомбылықты, қорқытуды, алдауды, қатыгез қарым-қатынасты немесе басқа да заңсыз іс-әрекеттерді қолдану нәтижесінде алынған дәлелдемелерге жол берілмейді деп танылды және ешбір түрде қылмыстық процесте пайдаланылуы мүмкін емес. Дәлелдемелерді жинақтаған кезде соттар азаптауларды пайдалану туралы тұжырымдарды қарау үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      78. Атап айтқанда, "Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы" ҚР Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 24-тармағына сәйкес соттар дәлелдемелерді жинау және бекіту кезінде тергеудің (анықтаудың) заңсыз әдістерін қолданғаны туралы тараптардың өтініштерін тексеру бойынша барлық шараларды қабылдауы тиіс. Дегенмен, тергеудің заңсыз әдістері туралы тұжырымдарды тексеру мүмкін болмаған жагдайларда, сот алдыңғы дәлелдемелердің негізінде шешім қабылдай алады. Тергеу барысында заңсыз тергеу әдістері пайдаланылғаны расталғаннан кейін соттар осындай заңсыз әдістердің нәтижесінде алынған дәлелдемелерді жарамсыз деп жариялауға тиіс.

      79. Осылайша, азаптау немесе басқа да қатыгез қарым-қатынас жолымен алынған айыпталушының айғақтары заңсыз деп жарияланады, демек айыптау қорытындысы үшін негіз ретінде пайдаланылмайды, сондай-ақ істің мән-жайын дәлелдеу үшін пайдаланылмайды. Осындай іс-әрекетке қатысқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартуға жатады.

      80. Қылмыс жасады деген күдікті адамды сотқа дейін қамауда ұстау Қылмыстық-процестік кодекстің 131-бабымен регламенттеледі. Көрсетілген бапқа сәйкес ұстау хаттамасы толтырылады, онда айыпталушының деректерімен бірге хаттаманың толтырылған күні мен уақыты көрсетіледі. Хаттамаға оны толтырған лауазымды тұлға, күдікті және қорғаушы қол қояды.

      81. Қамауға алу кезінде ұсталған адамға көрсетілген кодекстің 131-бабының 1-бөлігіне сай Миранда қағидаларына сәйкес оның құқықтары оқылады. Бұдан басқа, қажеттілігіне қарай, ұсталған адамға тегін заңгерлік көмек ұсынылады.

      82. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстау кезінде тиісті мемлекеттік лауазымды тұлға адамға ауызша хабарлайды, оған қорғаушы алу құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екендігі туралы түсіндіреді. Осы тәртіпті бұзу, оның ішінде ұстау уақыты туралы мәліметтерді бұрмалау адамды босату үшін негіз болып табылады.

      83. Бұдан басқа, Кодекстің 135-бабында күдіктінің туыстарын оның ұстап алынғаны туралы хабардар ету регламенттелген. Тергеуді жүзеге асыратын лауазымды тұлға оның отбасының кәмелетке толған мүшелерін, ал олар болмаған кезде - басқа туыстарын немесе жақын адамдарын тез арада хабардар етеді және оның мәртебесі мен ұсталған адамның қай жерде екені туралы ақпарат ұсынады. Шетелдіктің ұсталғаны туралы елшілік, консулдық немесе мемлекеттің өзге де өкілдігі Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратураның бірлескен бұйрығында белгіленген тәртіппен ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы хабардар етілуге тиіс.

      84. Кодекске сәйкес сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын тұлға жүргізілген ұстау туралы жазбаша нысанда прокурорға айыпталушыны ұстаған сәттен бастап 20 сағат ішінде хабарлайды.

      85. Қылмыстық сот өндірісінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында Бас прокуратура "Полициядағы кезекші прокурор - азаматтардың құқықтарының кепілі" жобасын іске асыруда, оның мақсаты ішкі істер органдарына жеткізілетін азаматтардың құқықтарын қорғау және азаптаулар мен заңсыз ұстауға жол бермеу болып табылады.

      86. Бұдан басқа, Республиканың Конституциясына сәйкес мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Күдіктіні қамауға алуға және ұстауға заңда көзделген жағдайларда және тек соттың өкімі бойынша ғана жол беріледі. Атап айтқанда, әрбір адамның ұсталған, қамауға алынған және қылмыс жасады деп айыпталушы ұсталған, қамауға алынған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокаттың көмегіне құқығы бар. Кез келген ұсталған, қамауға алынған және құқық қорғау органдарына жеткізілген адам ұстау, қамауға алу және жеткізу негіздері, сондай-ақ өзі жасады деп тағылып отырған құқық бұзушылықтың заңгерлік жіктелуі туралы тез арада хабардар етіледі.

      87. Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің лауазымы 2017 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленді. Бұл қадам адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін айтарлықтай нығайтады, сондай-ақ мемлекеттің саяси-құқықтық құрылымында Омбудсменнің ролін айқындайды. Бұл өзгерістер Омбудсмен институтын Адам құқықтарын көтермелеумен және қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесі туралы Париж қағидаттарына сәйкес келтіру мақсатына жақындатқан маңызды қадам болды.

      88. 2008 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясына факультативтік хаттаманы ратификациялады, осылайша өзіне Ұлттық алдын алу тетігін құру бойынша міндеттеме алды.

      89. 2013 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Ұлттық алдын алу тетігін құру туралы Заңға қол қойды, оның өкілеттіктері мен міндеттері, сондай-ақ азаптаулардың алдын алу бойынша алдын ала бару тетігі айқындалды. Қабылданған Заңмен Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқық бүзушылық туралы, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстердің әртүрлі ережелеріне өзгерістер енгізілді. Бұдан басқа, Ұлттық алдын алу тетігінің үйлестірушісі ретінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі мен міндеттері заңмен нақты айқындалды. Уәкілдің жанында Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, ол Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеуді жүзеге асырады, оның қызметін үйлестіреді, оның қатысушыларының жыл сайынғы шоғырландырылған баяндамасын дайындайды, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін алдын алу жөніндегі шағын комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.

      90. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың құқықтары тікелей заңнамалық деңгейде бекітілген. Бұл олардың қызметінің мемлекеттік органдардың қызметінен тәуелсіздігінің кепілі болып табылады. Сонымен бірге олардың міндеттері мен мемлекеттік органдардың қатысушылармен өзара іс- қимыл жасасу бойынша міндеттері нақты көрсетіледі.

      91. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкімдерімен Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін реттейтін алты құқықтық акт, оның ішінде Комиссия туралы ереже, Үйлестіру кеңесі туралы ереже, Қатысушыларды іріктеу қағидалары, Алдын ала болу үшін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан топтар құру қағидалары, Алдын ала болу қорытындылары бойынша жыл сайынғы шоғырландырылған баяндаманы дайындау қағидалары және Алдын ала болу бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді.

      92. Үйлестіру кеңесі Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларды азаматтық қоғам өкілдерінен жалпы саны 112 қатысушы етіп іріктейді және өңірлік топтардың басшыларын тағайындайды.

      93. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар өз қызметі шеңберінде өздері болатын мемлекеттік мекемелерді, оның ішінде тергеу изоляторларын, гарнизондардың гауптвахталарын, мәжбүрлеп емдеу мекемелерін (мамандандырылған туберкулезге қарсы, наркология ұйымдары және т.б.), арнайы қоғамнан уақытша оқшаулау мекемелерін, полиция учаскелерін, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарын және білім беру ұйымдарын айқындайды.

      94. Ұлттық алдын алу тетігінде болудың үш түрі көзделеді. Мерзімді алдын ала болу жылына кемінде төрт рет жүргізіледі. Әрбір осындай болудан кейін Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар өздері болған әрбір мандатты бағынысты мекеменің әкімшілігіне ұсынымдар жолдайды. Аралық болу бұрын берілген ұсынымдардың орындалуын мониторингтеу мақсатында мерзімді болудың арасындағы кезеңде өткізіледі. Мерзімді және аралық болу Үйлестіру кеңесі жыл сайын бекітетін жоспарға, құпия құжатқа сәйкес жүзеге асырылады. Ұлттық алдын алу тетігі қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес топтар арнайы алдын ала болуды ескертусіз, азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану туралы келіп түскен хабарламалардың негізінде жүргізеді. Алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарға арнайы алдын ала болуды жүргізу үшін топ жіберу туралы шешімді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қабылдайды.

      95. Қазақстан Республикасында Ұлттық алдын алу тетігі "Омбудсмен+" моделі бойынша жұмыс істейді, онда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі - үйлестірушілік, осылайша, мемлекеттік органдармен конструктивті ынтымақтастықты қамтамасыз ете отырып, Омбудсмен жүргізілген жоспардан тыс болулар үшін жауапкершілікті және жалпы Ұлттық алдын алу тетігінің беделін өзіне алады.

      96. Азаптаулардың қолданылғаны туралы келіп түскен хабарламалардың негізінде жүргізілетін арнайы болу практикада Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен келісіледі. Мұндай шешімдер жедел қабылданады және болу Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар сұрау салатын күндері тез арада жүргізіледі. Жүргізілген болу нәтижелері бойынша, дене жарақаттары және бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға физикалық және психологиялық қысым көрсету фактілері тіркелген жағдайда, материалдар тез арада қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін прокуратура органдарына жіберіледі.

      97. Қазіргі уақытта Ұлттық алдын алу тетігі мандатына пенитенциарлық жүйе, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім беру органдары, әскери ведомство және Ұлттық қауіпсіздік комитеті мекемелерінің кең спектрі кіреді.

      98. 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңде және 2018 жылдың 6 айында Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар 2296 алдын ала болуды жүргізді (2014 жылы - 277, 2015 жылы - 528, 2016 жылы - 680, 2017 жылы - 582, 2018 жылдың 6 айында-229), олардың ішінде 63 арнайы (2014 жылы - 14, 2015 жылы-20, 2016 жылы - 15, 2018 жылдың 6 айында- 14).

      99. Мониторингтік болудың қамтығаны: уақытша ұстау изоляторлары - 580, тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелері - 538, қабылдау-тарату орындары - 99, арнайы қабылдау орындары - 110, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары - 90, психиатриялық - 152, наркологиялық - 138, туберкулезге қарсы - 238 диспансер, арнайы білім беру мекемелері - 33, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторлары - 18, әскери полиция гауптвахталары — 31, полиция учаскелері мен ішкі істер бөлімдері - 269.

      100. Мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстан Республикасындағы Ұлттық алдын алу тетігінің ағымдағы қызметін талқылау үшін Үйлестіру кеңесінің отырысына үнемі шақырылады. Отырыстардың қарауына өңірлік топтар өткізген арнайы болулардың қорытындылары, пенитенциарлық мекемелердегі, денсаулық сақтау ұйымдарындағы жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар, сондай-ақ Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін жетілдіруге арналған ұсынымдарды әзірлеу шығарылады.

      101. Әрбір болу нәтижелері бойынша Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары азаптаулар мен адамгершілік ар-намысты қорлайтын іс- әрекеттерді қолдану ықтималдылығын төмендету немесе жою бойынша тиісті мекеме әкімшілігінің мекенжайына нақты ұсынымдар жолдайды.

      102. Үйлестіру кеңесі алдын ала болу нәтижелері бойынша Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың баяндамаларын ескере отырып, олардың жыл сайынғы шоғырландырылған баяндамасын дайындайды. Жыл сайынғы баяндама ағымдағы жылдағы қызметті талдау болып табылады, онда мекемелерде ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасау жағдайларын жақсарту және азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар, ҚР заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылады.

      103.      Ұлттық алдын алу тетігінің қызметі туралы халықтың хабардар болуын арттыру мақсатында әлеуметтік желілерде тақырыптық веб-парақша жұмыс істейді, ал оның қызметі жөніндегі ақпарат Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми веб-сайтында жарияланады.

      104.      ҚР қылмыстық сот төрелігі жүйесі жарыспалылық қағидатына негізделген, онда сот заңның бейтарап төрешісі болып табылады. Қылмыстық сот өндірісіне тергеу судьясының фигурасын енгізу заңның үстемдігін нығайту және сот өндірісінің сотқа дейінгі сатысында қылмыстық процесс қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша маңызды және тиімді құқықтық тетік болып табылады.

      105.      Тергеу судьясының өкілеттіктері азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін тергеу іс-әрекеттерін санкциялаумен, прокурорлардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қараумен, адвокаттардың өкілеттіктерін қамтамасыз етумен және өндірістің сотқа дейінгі сатысында сот бақылауының басқа да тетіктерімен байланысты. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тергеу судьясына тінту мен алуға өтініштерді қарау бойынша өкілеттіктер берілді. 2018 жылдан бастап тергеу судьясына жасырын тергеу іс-әрекеттерін санкциялау бойынша өкілеттіктер берілді.

      106. Тергеу судьясының тарапынан қадағалау сотқа дейінгі өндіріске едәуір оң ықпалын тигізеді, өйткені ол сотқа дейінгі қудалау кезінде тәртіптің сақталуын және айыпталушының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

      107. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыпталушының адвокаттарында тікелей ақпарат жинауды жүзеге асыруға және қажет болған жағдайда, сараптама қорытындыларын немесе басқа да дәлелдемелерді алу үшін тергеу судьясынан өкілеттіктер сұрауға өкілеттіктері бар. Өз кезегінде, айыпталушы, егер мұндай дәлелдемелер оның мүдделеріне зиян келтіретін болса, айыптаушыға дәлелдемелер ұсынуға міндетті емес.

      108.      Адвокаттың кылмыстық процеске қатысуы қолданыстағы заңнамамен шектелмейді. Қылмыстық-процестік кодекстің 66-бабына сәйкес қорғаушы ретінде адвокат қатысады. Адам қорғауға құқығы бар куәгердің, күдіктінің, айыпталушының мәртебесін алған сәттен бастап, сондай-ақ қылмыстық процестің кез келген келесі сәтінде қорғаушының қылмыстық процеске қатысуға құқығы бар. 2018 жылғы 5 шілдеде "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Заң қабылданды, оған халықаралық құқық нормалары енгізілген.

      109. Қылмыстық-процестік кодекстің жаңартылған 122-бабына сәйкес (Дәлелдемелерді жинау) осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруге немесе сот талқылауына қатысуға жіберілген жәбірленушінің өкілі жәбірленушінің мүдделерін қорғауды және білдіруді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.

      110. Бұдан басқа, қорғау өзінің пікірі бойынша айыпталушының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін ерекше мағынасы бар дәлелдемелерді сотқа дейінгі тергеу органына ұсынбауға құқылы.

      111. Азаматтарды медициналық мекемелерге орналастыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, оның ішінде Қылмыстық кодекспен, Азаматтық іс жүргізу кодексімен және Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекспен регламенттелген және мұндай орналастыруға тек сот қарауынан кейін ғана жол беріледі.

      112. Шектелген жағдайларда, жұртшылыққа тікелей зиян келтірмеу үшін ғана адамды сот қарауына дейін психиатриялық мекемеге орналастыруға болады. Мұндай жағдайларда сот қарауы туралы өтініш адамды мекемеге орналастырғаннан кейін 48 сағаттан кешіктірмей ұсынылуы тиіс. Бұдан басқа, ҚР заңнамасына сәйкес мекемеде ұстау қажетті уақыттан ұзақ созылмағанына көз жеткізу үшін мекемеде ұсталатын адамдарға мерзімді тексеру (жарты жылда кемінде бір рет) жүргізу қажет.

      113. Азаматша З.Ж. Мухортоваға медициналық көмек көрсетуге қатысты айтатын болсақ және 2010 жылғы 7 мамырда оған жалған сөз жеткізді деген айып тағылуына байланысты Балқаш қалалық соты З.Ж. Мухортоваға стационарлық кешенді сот психологтық-психиатриялық сараптама тағайындалды деп қаулы етті, оның қорытындысына сәйкес оған "созылмалы сандырақтау ауытқуы" диагнозы қойылды. Осы диагнозға байланысты оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалып, ол қабілетсіз деп танылды.

      114. Атап айтқанда, З.Ж. Мухортоваға сараптаманы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы" жүргізді. Қылмыстық іс жабылғаннан кейін З.Ж. Мухортова мәжбүрлеп емдеуден өткен жоқ.

      115. 2013 жылғы тамызда З.Ж. Мухортова "эндогенді ауру" диагнозымен Балқаш өңірі бойынша облыстық психоневрологиялық диспансерге жатқызылды. Кейіннен психиатриялық куәландыру жүргізілді және психикалық жағдайына қарай айналасындағылар үшін қауіп тудыруына байланысты келісімінсіз ауруханаға жатқызу негізді деп танылды. Бұл шешім Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің тексеруінен өтті.

      116.      Осы кезеңде Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 125-бабының 1-1-тармағына сәйкес облыстық психоневрологиялық диспансердің әкімшілігі ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы азаматтық іс қозғау үшін прокурорға хат жолдады. 2013 жылғы 20 тамызда Балқаш қалалық соты З.Ж. Мухортованы психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.

      117. Диагнозбен келіспеуіне байланысты З.Ж. Мухортованың өкілдері З.Ж. Мухортованы ауруханаға жатқызу негізін анықтау мақсатында Астана қаласындағы "Психикалық денсаулық проблемаларының медициналық орталығы" психологының қатысуымен кешенді стационарлық сот- психиатриялық сараптама тағайындауға бастамашылық етті.

      118. 2013 жылғы 30 қыркүйектен бастап 1 қарашаға дейін психологтың қатысуымен сараптама өткізілді. Сараптама нәтижелеріне сәйкес З.Ж. Мухортова бұрын да және қазіргі уақытта психикалық ауытқудан зардап шегуде, ол "созылмалы сандырақтау ауытқуы" ретінде жіктеледі.

      119. Есте қалары, З.Ж. Мухортованың өкілдері жоғарыда көрсетілген соттың шешіміне Жоғарғы Сотқа шағымданған. Алайда, шешім күшін жойған немесе өзгерген жоқ. Сараптамадан өткеннен кейін сот шешімінің болуына қарамастан, З.Ж. Мухортова одан әрі емделу немесе тексерілу үшін келген жоқ. 2014 жылғы 2 шілдеде полиция қызметкерлері психиатриялық ұйымның өкілдерімен бірлесіп, З.Ж. Мухортованы облыстық психоневрологиялық диспансерге жеткізді. 2015 жылғы 6 қаңтарда ол амбулаторлық емделуге шығарылды және 2016 жылғы 30 сәуірге дейін қоса алғанда, ай сайын дәрігерлерге тұрақты барып, тексеріліп отырды.

      120. Алайда, 2016 жылғы 1 мамырдан бастап З.Ж. Мухортова мамандарға баруын тоқтатты.

      121. ҚР отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмауға бағытталған заңдарды әзірлеуге назар аударуда. Атап айтқанда, 2015 жылғы заңнамалық реформаға сәйкес: а) қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімін 10-нан 30 тәулікке дейін ұлғайту; b) қорғау нұсқамасын беруге уәкілетті адамдардың санын ұлғайту; с) отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамға жәбірленушімен, сондай-ақ оның отбасының кәмелетке толмаған немесе қабілетсіз мүшелерімен қарым-қатынасқа түсуге тыйым салатын қосымша шаралар қолдану және d) алкогольдік ішімдіктер, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салу түрінде шектеулер енгізу мүмкін болды.

      122. Айталық, 2015 жылы заңнамалық реформаларды қабылдаған сәттен бастап құқық қорғау органдарының қызметкерлері 791 мыңнан астам қорғау нұсқамасын және құқық бұзушылардың жүріс-тұрысына 74 мыңнан астам ерекше талап шығарды. 2017 жылдың және 2018 жылдың 6 айының қорытындылары бойынша 97 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды және құқық бұзушылардың жүріс-тұрысына 9 мыңнан астам ерекше талап қойылды. Мысалы, 2018 жылғы мамырда сот отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқыққа қайшы іс-әрекеттер үшін алкогольдік ішімдіктер, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салу түрінде азаматқа қатысты үш ай мерзімге ерекше талаптар белгіледі. 2018 жылғы шілдеде сот ұсақ бұзақылық үшін басқа азаматқа қатысты осындай мерзімге ұқсас шектеулер белгіледі, оған қоғамдық орындарға мас күйінде келуге, сондай-ақ қоғамдық пайдалану орындарын ластауға және коммуналдық қалдықтарды ол үшін белгіленбеген орындарға тастауға тыйым салулар қосымша енгізілді. Құқық бұзушының жүріс-тұрысына ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған профилактикалық әңгімелесу үшін айына бір реттен төртке дейін ішкі істер органдарына келу міндеті жүктелуі мүмкін.

      123. 2017 жылы "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жол картасында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру және ұйымдастырушылық-практикалық іс-шараларды өткізу бойынша бірқатар кешенді шаралар көзделген. Ішкі істер министрлігінің 2017 - 2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына және аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламаларына 2017 жылдың қарашасында отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша нақты бастамалар енгізілген.

      124. 2017 жылдың қорытындылары бойынша Бұл индикатор қылмыстарды 8,5 %-ға дейін төмендету (төмендету бойынша көрсеткішті 5% дейін арттырып) бойынша мақсатқа қол жеткізе отырып, толық орындалды. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында әйелдерге қатысты жасалған 443 қылмыс тіркелді, 2016 жылы Бұл 484 болған.

      125. Осы саладағы соңғы реформаларға сәйкес осы индикаторларды пайдаланып, отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша жағдайға үнемі мониторинг жүргізіледі. Сонымен бірге, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі үкіметтік бөлімдер құрылды. Атап айтқанда, 247 аудандық ішкі істер бөлімінің 133-інде әйелдер мен балалар істері жөніндегі инспектор лауазымы штатқа енгізілді. Жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандары үшін берілген қорғау нұсқамаларының саны өсуде.

      126. "Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы ҚР Заңы жергілікті атқарушы органдарға отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарына көмек керсету бойынша дағдарыстық орталықтар, ұйымдар құру міндетін жүктейтін нормамен толықтырылды.

      127. Бұдан басқа, жәбірленушілерге көмек көрсету үшін оларға психологиялық, педагогикалық, медициналық, заңгерлік көмек көрсететін ұйымдар құрылды, қажет болған жағдайда, медициналық көмек көрсету және одан әрі оңалту үшін оларды денсаулық сақтау ұйымдарына жібереді; жәбірленушілерге уақытша тұру орындарын береді; және отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері немесе оларды жасау қаупі және тағы басқалар туралы ішкі істер органдарына хабарлайды. 2017 жылдың қорытындылары бойынша отбасындағы зорлық-зомбылықтың 404 құрбанына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.

      128. Бұдан басқа, бүгінгі күні полиция отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мәселелерінде 50-ден астам үкіметтік емес ұйыммен және 29 дағдарыс орталығымен тығыз өзара іс-қимыл жасасады. Жұмыс істеп тұрған 18 дағдарыс орталығында баспаналар бар. 12 орталық консультативтік болып табылады, олар отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін шұғыл консультациялар береді. Дағдарыс орталықтары қызметінің негізгі бағыты отбасындағы зорлық-зомбылық және адам саудасы құрбандарына көмек көрсету болып табылады. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін Бұл орталықтарға жыл сайын 200-ден астам маман (психологтар, заңгерлер, әлеуметтік жұмыскерлер) тартылады. Бұған қоса, дағдарыс орталықтарында 30 сенім телефоны бар, оларға жыл сайын 17 мыңға жуық қоңырау түседі және 10 мыңнан астам әйел жүгінеді. Бұдан басқа, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің "111" call-centre тәулік бойы жұмыс істейді.

      129. Жыл сайын, 25 қарашадан бастап 10 желтоқсанға дейін "Үйдегі бейбіт өмірден Жершарындағы бейбітшілікке - әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықты тоқтатайық" ұранымен "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" атты қоғамдық науқан өткізіледі, оған 23 мыңнан астам адам қатысады. Науқан үшін 170 мың бірлікке жуық тарату материалы дайындалады және халық арасында таратылады, азаматтар көп жиналатын орындарда 3 мыңнан астам тақырыптық билбордтар, плакаттар мен тақтайшалар орнатылады, телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдарында бейнесюжет нысанында және жүгіртпе жолдарда, сондай-ақ баспа басылымдарында және интернет- ресурстарда бір мыңға жуық жарияланым орналастырылады.

      130. Бұдан басқа, ҚР заңнамасы адам саудасына қарсы күрес үшін мызғымас негізді көздейді.

      131. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жаңа редакциясы күшіне енді, оларда адам саудасына қарсы өте қатаң шаралар қабылданған. Осындай қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген.

      132. Бұдан басқа, а) балалар еңбегіне тартқаны үшін жұмыс берушіге; b) жарақаттар, жаралану немесе криминалдық түсік себептері бойынша жүгінген адамдар туралы ішкі істер органдарына хабарлау міндеттерін бұзғаны үшін денсаулық сақтау субъектілеріне; және с) жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жай берген жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік санкциялар көзделген.

      133. ҚР заңнамасы адам саудасының құрбандары үшін (мысалы, еңбек немесе сексуалдық пайдалануға тап болған көшіп-қонушылар) сот процесін өткізу кезеңіне ҚР-да болу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігін көздейді. Бұдан басқа, мұндай құрбандарға тұрғын үймен, тамақпен, киіммен және физикалық күзетпен қамтамасыз ету түрінде көмек көрсетіледі.

      134. ҚР адам саудасын болдырмау, алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспарлары он жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді. Оларды іске асыруға мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар жұмылдырылған. ҚР адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты әмбебап шарттардың қатысушысы болып табылады, олардың ішінде құлдықтың заманауи нысандарына қарсы іс-қимыл жасаумен тікелей байланысты 13 халықаралық конвенция, шарт және келісім, оның ішінде: а) Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты баланың құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттама (2001 жылғы 4 шілдедегі Заңмен ратификацияланған); b) БҰҰ-ның 1950 жылғы 21 наурыздағы Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенциясы (2005 жылғы 14 желтоқсандағы Заңмен ратификацияланған); с) БҰҰ-ның 1926 жылғы 25 қыркүйектегі Құлдық туралы конвенциясы (2008 жылғы 5 ақпандағы Заңмен ратификацияланған); d) БҰҰ-ның 2000 жылғы 15 қарашадағы Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясы (2008 жылғы 4 маусымдағы Заңмен ратификацияланған); және БҰҰ-ның 2000 жылғы 15 қарашадағы Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама (2008 жылғы 4 маусымдағы Заңмен ратификацияланған) бар.

      135. ҚР қылмыстарды, оның ішінде адам саудасымен байланысты қылмыстарды ашуда а) жедел-іздестіру, жедел-анықтамалық, криминалистикалық және мұрағаттық ақпарат алмасу; b) сұрау салулар мен тапсырмаларды атқару; с) прокурордың санкциясын талап етпейтін, жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу амалдарын, ірі ауқымды жедел- профилактикалық және арнайы операциялар өткізу жолымен шетелдік құқық қорғау органдарымен тікелей ынтымақтастықты регламенттейтін, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерге тұрақты негізде қол қояды.

      136. Бұдан басқа, қазіргі уақытта мынадай халықаралық келісімдерді әзірлеу және келісу бойынша жұмыс жүргізілуде: а) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекеті, Швеция Корольдігі, Сербия Республикасы, Финляндия және Вьетнам арасындағы үкіметаралық; b) Ішкі істер министрлігі мен Америка Құрама Штаттарының Федералдық тергеу бюросы, Молдова Республикасының Ішкі істер министрлігі және Грузияның Ішкі істер министрлігі арасындағы ведомствоаралық келісімдер.

      137. Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы іс-қимыл жасау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Қазір Бұл салада осындай 18 ұйым жұмыс істейді, олар еліміздің барлық өңірлерінде бар. Бұл мекемелер адам саудасының құрбандарына құқықтық (консультациялар), психологиялық, медициналық және заңгерлік көмек көрсетеді.

      138. 2014 жылы халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар сарапшыларының қатысуымен Қатыгез іс-әрекеттің бар-жоғын бағалау өлшемшарттарын бекіту бойынша Ішкі істер, Денсаулық сақтау және Халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінің бірлескен бұйрығы әзірленді және бекітілді, оларға сәйкес адам саудасы құрбандары сәйкестендіріледі. Көрсетілген өлшемшарттар адам саудасы құрбандарының арнайы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді, оларды көрсету стандарты 2016 жылы бекітілген, оның ішінде жәбірленушілерге әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және басқа да қажетті қызметтер көрсетуді көздейді. 2016 жылы арнайы әлеуметтік қызметтер 87 адам саудасы құрбанына, 2017 жылы - 162 адамға көрсетілді.

      139. ҚР Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ҚР Конституциясының және қолданыстағы әртүрлі заңнамалық актілердің негізінде жүзеге асырылады.

      140. Шекара қызметінің әскери құрамаларындағы өзара қарым- қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзудың алдын алу мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери органдары әскери бөлімдер мен басқа да өзара іс-қимыл жасасатын органдар қолбасшылығының көмегімен тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді (2014 жылы - 2487, 2015 жылы - 3464, 2016 жылы - 4467).

      141. Мысалы, 2016 жылы "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында 2016 - 2018 жылдарға арналған құқық бұзушылықтардың алдын алу" және "2016 - іскердегі құқықтық мәдениет жылы" ведомствоаралық бағдарламаларын атқару шеңберінде әскери қызметшілердің құқықтық санасын арттыруға және олардың ортасында кез келген заңдылықты бұзушылыққа төзбеу атмосферасын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық, оның ішінде ақпараттық- түсіндіру сипатындағы іс-шаралар кешені іске асырылды.

      142. 2016 жылы Қарулы Күштерде осындай ережелерді іске асыру нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жарғылық өзара қарым-қатынас жасау қағидаларын бұзумен байланысты қылмыстардың деңгейін 85%, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде 26-дан 4 қылмыстық құқық бұзушылыққа дейін төмендетуге қол жеткізілді.

      143. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, профилактикалық жұмыста, сондай-ақ шекара қызметінің әскери құрамаларында қатаң жарғылық тәртіпті сақтауда күш-жігерін өсіруде.

      144. Әскери бөлімдер мен мекемелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың атқарылуын тиісінше ведомстволық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында тоқсан сайын, ал өңірлік қолбасшылықтарда жарты жылда бір рет заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы шолулар жасалады.

      145. Өңірлік қолбасшылықтармен және әскери бөлімдермен селекторлық кеңестер өткізіледі, олардың барысында әскери тәртіпті нығайту және әскери қызметшілердің арасындағы жағдайлардың, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша міндеттер түзетіледі және қойылады.

      146. Әскери бөлімдердің казармалық және қызметтік үй-жайлары, сондай-ақ әскери бөлімнің аумағында әскери қызметшілер ықтимал жиналатын орындар бейнебақылау жүйелерімен жарақталып, суреттер бөлім бойынша кезекшілердің үй-жайындағы экрандарға шығарылған. Жүйелер бейнежазбаны 30 тәулікке дейін сақтауға мүмкіндік береді.

      147. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері әскери бөлімдердің медициналық жұмыскерлерінің қатысуымен жарақаттар мен гематомаларды анықтау тұрғысынан мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің денесін қарап тексеруді тұрақты негізде жүргізеді.

      148. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 51-бабына сәйкес әскери қызметші әскери қызмет өткеру кезеңінде не қызметтен шығарылғаннан кейін әскери қызмет өткеру кезеңінде алған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, әскери қызметшінің мұрагерлеріне - қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде, ал мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің, әскери оқу орны курсантының (әскери факультетінің), әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу жүргізіледі.

      149. Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) стипендия алатын курсанттарына, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерге осы тармақта көзделген жағдайларда:

      1) I топтағы мүгедекке - 250 айлық есептік көрсеткіш;

      2) II топтағы мүгедекке - 150 айлық есептік көрсеткіш;

      3) III топтағы мүгедекке - 50 айлық есептік көрсеткіш;

      4) ауыр мертіккені үшін - 12 айлық есептік көрсеткіш;

      5) жеңіл мертіккені үшін - 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақылар төленеді.

      150. 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі аралықта жарғылық емес өзара қарым-қатынастардың нәтижесінде әскери қызметшілерге өтемақы төлеу фактілері тіркелген жоқ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады