Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері үшін визалық режимді жою туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 желтоқсандағы № 860 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 26 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері үшін визалық режимді жою туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 860 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері үшін визалық режимді жою туралы келісім

      (2019 жылғы 10 мамырда күшіне енген - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 3, 40-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі

      Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігінің дипломатиялық және қызметтік паспорттары иелерінің келуін, кетуін және жүріп-тұруын жеңілдету арқылы өздерінің достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға ниет білдіре отырып,

      өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Паспорттардың түрлері

      Осы Келісімнің ережелері мынадай паспорттардың түрлеріне қолданылады:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:

      дипломатиялық паспорт;

      қызметтік паспорт;

      2) Марокко Корольдігінің азаматтары үшін;

      дипломатиялық паспорт;

      қызметтік паспорт.

2-бап Визалардан босату

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күнге дейінгі мерзімге визасыз келуге, транзитпен өтуге және онда болуға құқылы.

3-бап Дипломатиялық өкілдіктердің немесе консулдық мекемелердің мүшелеріне арналған визалар

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері ретінде тағайындалған жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері олардың аккредиттелу мерзімі ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына виза ресімдемей келе алады, транзитпен өте алады, онда бола алады және одан шыға алады.

4-бап Паспорттардың қолданылу мерзімі

      Әрбір Тарап мемлекеті азаматтарының дипломатиялық және қызметтік паспорттарының қолданылу мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген күнге дейін 6 (алты) айдан кем болмауға тиіс.

5-бап Кіру және шығу шарттары

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуі, одан кетуі және транзитпен өтуі екі мемлекеттің халықаралық жолаушылар қатынасы үшін ашық мемлекеттік шекарадан өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.

6-бап Билік өкілеттіктері

      1. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері екінші Тараптың аумағында болған кезеңде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, осы Тараптың қолданыстағы заңнамасы мен қағидаларын сақтауға міндетті.

      2. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің болуы қолайсыз деп санайтын азаматтарын өз мемлекетінің аумағына кіргізуден бас тарту не болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.

7-бап Тоқтата тұру

      Тараптар ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық саламаттылықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайтын Тарап мұндай шешім күшіне енгенге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты хабардар етеді.

8-бап Паспорттар мен жол жүру құжаттарының үлгілері

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Дипломатиялық немесе қызметтік паспорттарға өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар жаңа немесе өзгертілген паспорттардың үлгілерімен олар қолданысқа енгізілген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      3. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары дипломатиялық және қызметтік паспорттарын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, бұл туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарына дереу хабарлауға тиіс.

      Осы баптың 3-тармағында аталған азаматтарға өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері болу мемлекетінің аумағынан шығуы үшін көзделген жаңа жол жүру құжаттарын береді.

9-бап Дауларды реттеу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындаған кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

10-бап Өзгерістер

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 11-бабына сәйкес күшіне енеді.

11-бап Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтату

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың алған күнінен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өз мемлекеттері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2018 жылғы 26 қыркүйекте Нью-Йоркте әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Марокко Корольдігінің
Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады