Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Соттардың азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы істерді қарау кезінде заңнаманың біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 28, 31-баптарына және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 317-бабының екінші бөлігіне сәйкес азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қорғаншылық және қамқоршылық органы мен басқа да мүдделі тұлғалардың арызы бойынша басталуы мүмкін.
Отбасы мүшелері (жұбайы (зайыбы), ата-аналары, балалары және басқа да адамдар) осы санаттағы істер бойынша арыз берушілер болып табылады. Соттар арыз беруші жеке тұлғалардың субъектілік құрамы отбасылық және туыстық қарым-қатынастағы адамдармен шектелмейтінін ескеруі тиіс.
Жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар мүдделілер болып танылады, себебі олар АПК-нің 8-бабының екінші бөлігіне сәйкес заңда көзделген жағдайларда басқа тұлғалардың немесе тұлғалардың белгісіз бір тобының бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы және олар үшін адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтардың туындауына, оларды тоқтатуға немесе өзгертуге әкеп соғады.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.2. Соттардың азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы арыз АПК-нің 148-бабының талаптарын нысаны мен мазмұны бойынша сақтаумен қатар АПК-нің 318-бабының нормаларына сәйкес келуі тиіс екендігін ескергені жөн.
Арызда азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау арыз берушіге қандай мақсат үшін қажет болғаны, сондай-ақ адамның хабар-ошарсыз кеткенін растайтын мән-жайлар немесе хабар-ошарсыз кеткен адамға өлім қатерін төндірген немесе оны белгілі бір жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын мән-жайлар көрсетілуі тиіс. Әскери қызметшілерге немесе соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз кеткен өзге де азаматтарға қатысты арызда соғыс қимылдарының аяқталған күні көрсетіледі.
Арыз беруші осы талаптарды орындамаған жағдайда АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес арыздың кемшіліктері түсіндіріліп, АПК-ге сәйкес келтіру үшін қайтарылуы тиіс.
Осы санаттағы істер жалпы юрисдикциядағы соттарға соттылығы бойынша жатады және ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша не хабар-ошарсыз кеткен азаматтың соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша арыз берілуі мүмкін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. АПК-нің 319-бабының бірінші бөлігіне сәйкес судья жоқ адам туралы мәліметтер бере алатын адамдар тобын және істі дұрыс шешу үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтауға міндетті.
Судья арыз беруші берген ақпараттың көлеміне қарай істің нақты мән-жайларын негізге ала отырып, жоқ адамның соңғы белгілі болған тұрғылықты жері мен жұмыс орны, туған жері, жоқ адамның ата-анасы мен жақын туыстарының тұрғылықты жері бойынша тиісті ұйымдардан мәліметтер сұратады.
Соттар ішкі істер органдарынан азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы талаптар мәлімделген адамдардың тіркелуі, оларға қатысты іздестіру істерінің болуы туралы мәліметтерді талап етіп алдырғаны; уәкілетті органнан зейнетақы мен жәрдемақы алғаны туралы, жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қаражатының болуы және қозғалысы туралы мәліметтерді сұратқаны; әділет органдарынан тегін, атын, әкесінің атын өзгерткені туралы; құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органнан сондай адамдардың сотталғандардың, қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылғандардың, іздестіру жарияланғандардың қатарында болуы туралы; денсаулық сақтау органдарынан емделуден өткендігі туралы; ұлттық тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдардан жол жүру билеттерін сатып алғаны туралы мәліметтерді; сотқа арыз берілген жылдың алдындағы жылда жоқ адамның мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініш бергені туралы, сондай-ақ жоғалған адам туралы өзге де ақпаратты, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуі, азаматтықты ауыстыруы, қайтыс болуы, оған қатысты атқарушылық іс жүргізудің болуы туралы мәліметтері бар өзге де уәкілетті органдардан мәліметтерді сұратқаны жөн.
Соттардың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар және өзге де органдардың ақпараттық алмасу жүйесіне (ҚАОААЖ) "Төрелік" автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі (ААТЖ) арқылы сұрау салуды жүзеге асырғаны жөн.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.4. Судья істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда істі қозғау туралы жарияланымды жүзеге асыру жөніндегі АПК-нің 319-бабы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып:
арыз берушінің істі қозғау туралы жарияланымды бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, телевизияда) жариялауды өз есебінен жүргізетінін көрсетуге;
жарияланым орналастырылуы тиіс бұқаралық ақпарат құралдарын көрсетіп, жарияланым жүзеге асырылатын мерзімді анықтауға міндетті.
Соттар жарияланымға қойылатын мынадай процестік заңнама талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігін ескергендері жөн:
жарияланым мазмұны АПК-нің 319-бабы екінші бөлігі 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының ережелеріне сәйкес келуі тиіс;
жарияланым құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын белгіленген тәртіппен алған мерзімді баспа басылымдарында, уәкілетті органда есепке қою рәсімінен өткен интернет-ресурстарда, тиісінше Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және арыз берушінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын немесе шығарылуын (эфирге шығу) жүзеге асыратын телеарналарда қазақ тілінде, сонымен қатар орыс тілінде орналастырылуы тиіс.
Істі сот талқылауына дайындау туралы судьяның ұйғарымын орындау тәртібімен арыз беруші жарияланымды сот белгілеген мерзімде орналастыруға және жарияланымның жүзеге асырылғаны туралы дәлелді сотқа ол орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
Сот көрсеткен қандай да бір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымды растайтын дәлелдемелер болмаған жағдайда, арыз АПК-нің 279-бабының 12) тармақшасына сәйкес қараусыз қалдырылуға жатады.
Егер істі сот талқылауына дайындау кезінде арыз беруші мүлікті күзету және басқару үшін қорғаншыны тағайындау туралы өтінішхатпен жүгінсе, судья АПК-нің 155, 156-баптарының ережелері бойынша тиісті ұйғарым шығарады.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Соттардың азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы істі шешу кезінде азаматтық іс жүргізу тәртібімен (құқық туралы даулар, заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арыздар және т.б.) қаралуы тиіс өзге де талаптарды біріктіріп қарауға құқығы жоқ.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы мәліметтердің бір жыл бойы болмауы оны хабар-ошарсыз кетті деп танудың қажетті шарты болып табылады.
Азаматтың болмау мерзімін оның елді мекеннен кету күнінен емес, ол туралы соңғы мәліметтер алынған кезден бастап есептеген жөн.
Соңғы мәліметтер алынған күн жоқ азаматтың жазбаша хабарламасының, телефонограммасының, электрондық хабарламасының ұсынылуымен немесе өзге көзден басқа тәсілмен не куәлардың айғақтарымен расталуы мүмкін.
Соңғы мәліметтерді алу күнін анықтау мүмкін емес болған жағдайда хабар-ошарсыз кетудің басталуы деп соңғы мәліметтер алынғаннан кейінгі айдың бірінші күні есептеледі, ал сол айды анықтау мүмкін болмаған кезде келесі жылдың бірінші қаңтары хабар-ошарсыз кетудің басталуы деп есептеледі.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.7. "Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы" 1997 жылғы 16 маусымдағы № 126 Қазақстан Республикасы Заңының қайтыс болған адамдардың отбасыларына қатысты нормалары тиісінше хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдардың отбасыларына да (Заңның 13-бабының 6-тармағы) қолданылады.
АК-нің 170-бабына сәйкес хабар-ошарсыз кеткен адамның атына берілген, сондай-ақ оның өзі берген сенімхаттың қолданысы тоқтатылады.
Хабар-ошарсыз кетті деп танылған азаматтың жұбайының азаматтық хал актілерін тіркеу органы арқылы оңайлатылған тәртіппен некені бұзуға ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасы) құқығы бар.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Азаматтың белгілі бір уақытта және белгілі бір жағдайларда қайтыс болғаны туралы деректер болған кезде, соттар азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы емес, қайтыс болу фактісін анықтау туралы мәселені шешуі тиіс.
Қайтыс болу фактісін анықтау адамның соңғы болған жері туралы қандай да бір мәліметтердің жоқтығы белгілі бір уақыт кезеңін күтуді талап етпейді.
9. Азаматты қайтыс болды деп жариялау үшін оны хабар-ошарсыз кетті деп алдын ала тану талап етілмейді, сондықтан сот азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы арызды қарау кезінде АК-нің 31-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде оны арыз берушінің келісуімен қайтыс болды деп жариялауға құқылы.
Азаматты қайтыс болды деп жариялау жағдайлары мыналар болып табылады:
оның тұрғылықты жерінде ол туралы мәліметтердің үш жыл бойы, ал егер өлім қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын мән-жайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткенде алты ай бойы болмауы;
көрсетілген мерзімдер ішінде азаматтың болу орны туралы мәліметтерді алмау және қабылданған шараларға қарамастан оның тірі екендігін анықтауға мүмкіндіктің болмауы.
Заңда соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматты қайтыс болды деп жариялау: мұндай адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемінде екi жыл өткеннен кейiн қайтыс болды деп жариялануы мүмкiн жағдайлары айқындалады (АК-нің 31-бабының 2-тармағы).
АК-нің 31-бабының 3-тармағына сәйкес қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күн қайтыс болды деп жарияланған адамның қайтыс болған күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын мән-жайлар кезінде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамды қайтыс болды деп жариялау кезінде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның қайтыс болған күнi деп тануы мүмкiн.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адам келген немесе оның болу жері анықталған жағдайда, сот мүдделі адамның, хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамның немесе прокурордың арызы бойынша өзі алдын шығарған шешімнің күшін жаңа шешіммен жояды. Жаңа істі қозғау талап етілмейді. Арыз сотқа түскен күнінен бастап бір айлық мерзімде сот отырысында қаралады.
Мұндай шешім мүліктен қорғаншылық алу және азаматтардың хал актілерін тіркеу кітабындағы оның қайтыс болғаны туралы жазбаны жою үшін негіз болып табылады.
Қайтыс болды деп жарияланған адамның тірі оралуынан туындайтын жағдайлар АК-нің 32-бабында көзделген.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.11. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауына, өзіне жүктелген заңдық міндеттерді орындаудан жалтаруына байланысты қасақана жасырынып жүрген немесе іздестірудегі адамның хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп танылуы мүмкін емес. Осыған байланысты соттар осы адамның іздестіруде болуын, Қазақстан Республикасынан тыс жерге кеткенін және оның жоқ болуының басқа да мән-жайларын анықтауы, бұл ретте арыз берушілердің теріс пиғылды әрекеттерінің, оның ішінде жеңілдіктер мен өзге де материалдық игіліктер алуға бағытталған әркеттерінің жолын кесуі тиіс.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. Шешімнің қарар бөлігінде хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамның тегінен, атынан және әкесінің атынан басқа, оның туған күні мен жері, жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілуі қажет.
Соттың шешімінде адамның хабар-ошарсыз кеткендігінің басталуы туралы деректер, яғни азамат хабар-ошарсыз кетті деп есептелетін күн көрсетілуі тиіс.
Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы шешім заңды күшіне енгеннен соң сот актісінің көшірмесі хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкі орналасқан жері бойынша оның мүлкіне қорғаншылық тағайындау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына жіберіледі.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.13. Мыналардың:
1) "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты өлді деп жариялау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 1968 жылғы 25 қыркүйектегі № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;
2) "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты өлді деп жариялау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 1968 жылғы 25 қыркүйектегі № 9 Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2004 жылғы 18 маусымдағы № 14 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;
3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 1-тармағының;
4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 1-тармағының;
5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.14. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданытағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |