Соттардың кеден заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 7 Нормативтік қаулысы.

      ХАБАРЛАНДЫРУ

      Соттардың кеден заңнамасын қолдануының біркелкі практикасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасында кедендік реттеу Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция), Конституцияның 4-бабы 1-тармағына сәйкес оның қолданыстағы құқық құрамына кіретін халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Конституцияның 4-бабы 3-тармағына сәйкес Республика ратификациялаған халықаралық шарттар Республика заңдарынан басым болады.

      Кедендік құқық қатынастарын реттейтін халықаралық шарттарға:

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) туралы шарт (2014 жылғы 14 қазандағы № 240-V Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді);

      ЕАЭО Кеден кодексі (2017 жылғы 11 сәуірдегі ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа № 1 қосымша, 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 115-VI Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2018 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілген, бұдан әрі – ЕАЭО КК);

      Қазақстан Республикасы 2004 жылғы 3 ақпандағы № 525 Қазақстан Республикасының Заңымен қосылған 1983 жылғы 14 маусымдағы Тауарларды сипаттау мен оларға код белгілеудің үйлестірілген жүйесі туралы халықаралық конвенция (бұдан әрі – Халықаралық конвенция) және 1986 жылғы 24 маусымдағы Халықаралық конвенцияға түзетулер енгізу туралы хаттама;

      2011 жылғы 19 мамырдағы Көпжақты сауда жүйесі шеңберінде Кеден одағының жұмыс істеуі туралы шарт (2011 жылғы 21 қарашадағы № 494-IV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2012 жылғы 22 тамызда күшіне енді);

      2015 жылғы 16 қазандағы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу мен олардың айналысының кейбір мәселелері туралы хаттама (2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 439-V Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2016 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді);

      Қазақстан Республикасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен, басқа мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен жасасқан өзге де халықаралық келісімдер жатады.

      2. "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының кодексі (бұдан әрі – ҚР КК) ұлттық заңнама актісі бола отырып, өз қолданысын ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік аумағының бөлігі ретінде Қазақстан Республикасына тауарларды әкелуге және оларды Қазақстан Республикасынан шығаруға байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.

      3. Соттар ЕАЭО-ның тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы – Еуразиялық экономикалық комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) өз өкілеттіктері шеңберінде қабылдаған шешімдеріне Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы туралы Конституцияның 4-бабының ережелері қолданылатынын ескеруі тиіс.

      Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін Комиссия шешімдерінің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің алдында басымдығы болмайды.

      4. ЕАЭО Соты Статутының 99-тармағына сай (2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа № 2 қосымша) ЕАЭО Сотының құзыретіне сәйкес дау тараптарына қатысты шығарылған актілер олардың орындауы үшін міндетті болып табылады. Осыған байланысты ЕАЭО Сотында ЕАЭО туралы шартқа сәйкестігі қаралған ЕАЭО-ның құқық нормаларын қолдануға қатысты дауларды шешу кезінде соттардың ЕАЭО сот актілерін назарға алғандары жөн.

      5. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 72-бабының екінші бөлігіне сәйкес АПК-нің 29-тарауында көрсетілген істер бойынша дәлелдеу ауыртпалығы актілеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілерге жүктеледі.

      Осыған байланысты декларанттың, кеден өкілінің кеден заңнамасы нормаларын сақтауын бағалау кезінде ол ұсынған ақпараттың дұрыстығы презумпциясын негізге алуы керек, оны жоққа шығару ауыртпалығы мемлекеттік кірістер органына жүктеледі.

      Дауларды қарау кезінде ЕАЭО-ның және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының барлық екіұшты жайлары және реттелмеген мәселелері декларанттың, кедендік өкілдің пайдасына қабылданады.

      6. ЕАЭО КК-нің 38-бабының 1-тармағына сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын анықтау мәселелерін реттейтін ережелер 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің (бұдан әрі – 1994 ТСБК) VII бабында және 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімде белгіленген жалпы қағидаттар мен қағидаларға негізделген.

      Тауарлардың кедендік құны және оны айқындауға қатысты мәліметтер дұрыс, саны жағынан айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуі тиіс (ЕАЭО КК 38-бабының 10-тармағы).

      Сотта дауды қарау кезінде кеден органы декларант ұсынған ақпараттың дұрыстығын теріске шығаратын дәлелдемелерді ұсынуы мүмкін.

      Соттар осы даулар санаты бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлар ауқымын, оның ішінде мынадай мән-жайларды:

      кедендік құнды дұрыс айқындамау белгілерінің болуын;

      ЕАЭО КК-нің 39-бабының талаптары ескеріле отырып, әкелінетін тауарлармен жасалған мәміле бағасы бойынша кедендік құнды айқындаудың бірінші әдісін декларанттың қолдануына жол берілмейтіндігі туралы шешімнің негізділігін;

      алдындағы барлық әдістерді тізбектеп қолдану мүмкін еместігін негіздеп, кедендік құнның белгілі бір әдісінің қолдануын;

      резервтік әдісті қолданудың негізділігін дұрыс анықтағаны жөн.

      7. ЕАЭО КК-нің 38-бабының 15-тармағында баяндалған бірінші әдісті (әкелінетін тауарлармен мәміле құны бойынша) пайдалану мүмкін болмаған кезде кедендік құнды айқындаудың тізбекті әдістерін қолдану қағидасына сәйкес, егер кедендік құн алдыңғы әдісті пайдалану арқылы анықталмаса, әрбір келесі әдіс қолданылады.

      Бірінші әдісті қолдану мүмкін болмаған жағдайда кедендік бағалау үшін құндық негізді – бірдей не біртектес тауарлармен жасалатын мәмілелердің құнын негіздеп таңдау мақсатында мемлекеттік кірістер органы мен декларант арасында консультациялар жүргізілуі мүмкін екенін соттар ескеруі тиіс.

      Мемлекеттік кірістер органы мен декларанттың арасында консультациялар жүргізу тәртібі мен мерзімі "Консультациялар жүргізу қағидаларын және мерзімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 264 бұйрығында көзделген.

      Кедендік құнды айқындау әдісінің дұрыс таңдалуына байланысты дауларды қарау кезінде мемлекеттік кірістер органы тиісті әдісті пайдалану үшін баға ақпаратының жоқтығына, мұндай ақпаратты алудың мүмкін еместігі расталған не декларант онымен жүргізілген консультациялар шеңберінде қажетті мәліметтерді беруден бас тартқан жағдайда сілтеме жасауға құқылы.

      8. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың бірінші әдісін қолданудың негізділігін бағалаған кезде соттар ЕАЭО КК-нің 38, 39 және 40-баптарының ережелерін басшылыққа алуы тиіс. Бұл ретте, егер декларант заңға қайшы келмейтін кез келген нысанда тауарды сатып алуға негіз болған мәмілені жасау жөнінде дәлелдемелерді ұсынбаса, немесе мұндай мәміледегі ақпарат тауардың сандық сипаттамасына сәйкес келмесе, не тауарды жеткізу мен төлем жасау шарттары туралы ақпарат болмаса, не оның дұрыс еместігі туралы дәлелдер болса, сондай-ақ ЕАЭО КК-нің нормаларында көрсетілген мазмұндағы мәміленің құнын анықтауға қатысты басқа мәліметтер болмаса, әкелінетін тауарлардың мәмілелер құны құжатпен расталмағанын, саны анықталмағанын және дұрыс танылмағанын ескеру қажет.

      Мәміленің елеулі талаптарына әсер етпейтін және белгілі бір талаптармен мәміле жасасу фактісін теріске шығармайтын декларант ұсынған құжаттарды (шарттарды, өзіндік ерекшеліктерді, әкелінетін тауарлардың төлем шоттарын және басқаларды) ресімдеудегі жекелеген кемшіліктердің анықталуы декларанттың бірінші әдісті қолдануының заңсыздығына әкеп соқпайды.

      9. ЕАЭО КК-нің 325, 326-баптарына орай кеден органы тауарларды шығарғанға дейін де, шығарғаннан кейін де кедендік декларацияда мәлімделген тексеруден өтетін мәліметтердің және (немесе) өзге құжаттарда бар мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығын анықтау үшін қажетті құжаттарды сұратуға құқылы.

      Тауарлар шығарылғанға дейін құжаттар мен мәліметтерге тексеру жүргізу кезінде соттар ЕАЭО КК-нің 325-бабының 4-тармағына сай сұрау салу мынадай, егер:

      кедендік декларацияны беру кезінде ұсынылған не мемлекеттік кірістер органының сұрау салуы бойынша ұсынылған құжаттарда қажетті мәліметтер болмаған немесе мәлімделген мәліметтер тиісті түрде расталмаған;

      мемлекеттік кірістер органы ЕАЭО КК-нің және кедендік реттеу саласындағы өзге де халықаралық шарттар мен актілердің ережелерін және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасын сақтамау белгілерін, оның ішінде мұндай құжаттардағы дұрыс емес мәліметтер анықталған жағдайларда орын алуы мүмкін екенін ескеруі қажет.

      10. Тауарлардың кедендік құнын бақылауды мемлекеттік кірістер органдары Комиссияның 2018 жылғы 27 наурыздағы № 42 шешімімен бекітілген ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізу ерекшеліктері туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес жүзеге асырады.

      Ереженің 5-тармағында тауарлардың кедендік құнын дұрыс айқындамау белгілері болып табылатын мән-жайлардың тізбесі қамтылғанына соттардың назарын аудару қажет.

      ЕАЭО КК-нің 325-бабының 5-тармағына және Ереженің 7-тармағына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсіндірмелерді сұрату негізделген болуы және мыналарды:

      тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтер және (немесе) өзге де құжаттарда бар мәліметтер тиісті түрде расталмағанын не дұрыс болмауы мүмкін екендігін көрсететін белгілер тізбесін;

      сұратылатын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін;

      осындай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсініктемелерді ұсыну мерзімін қамтуы тиіс.

      Тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде декларанттан кеден органы сұрататын құжаттар және (немесе) мәліметтер, оның ішінде жазбаша түсіндірмелердің тізбесі ЕАЭО КК-нің 325-бабының 4-тармағында және 326-бабының 1-тармағында көзделген.

      Тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде мемлекеттік кірістер органы сұратуы мүмкін Ереженің 8-тармағында көзделген құжаттар мен мәліметтер тізбесі толық болып табылмайды.

      Кеден органы жазбаша түсіндірмелермен бірге құжаттар мен мәліметтердің түпкілікті тізбесін әкелінетін тауарлардың кедендік құнының дұрыс айқындалмау белгілерін анықтауды, сондай-ақ мәміленің шарттары мен мән-жайларын, әкелінетін тауарлардың физикалық сипаттамаларын, сапасы мен беделін ескере отырып айқындайды (Ереженің 7-тармағы).

      11. Соттар тауарлардың кедендік құнын айқындауға байланысты дауларды шешу кезінде мемлекеттік кірістер органының кедендік құнды дұрыс мәлімдемеудің қандай белгілерін анықтағанын және олардың кедендік бақылауды жүргізу барысында расталғанын, оның ішінде кеден органы жинаған және декларант қосымша ұсынған құжаттарды (мәліметтерді) ескере отырып анықтауы қажет.

      Егер декларантта талап етілген құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуға объективті кедергілер болса және тиісті түсініктемелер кеден органына берілсе, декларанттың өзі мәлімдеген тауардың кедендік құнын негіздейтін қосымша құжаттарды (мәліметтерді) табыс етпеуі кеден органының кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдауына әкеп соқпайды.

      ЕАЭО КК-нің 325, 326-баптарына сәйкес кедендік құнды бақылау нәтижелері бойынша кедендік құнды дұрыс мәлімдемеудің фактілері анықталған кезде кеден органы кедендік декларациядағы мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім шығарады.

      Сот талқылауы тиісті әкімшілік рәсімде кедендік бақылауды жүзеге асыруды алмастырмауға тиіс, осыған байланысты жаңа дәлелдемелер іске қатысты деп танылады және сот оларды, егер бұл туралы өтінішхат беретін адам мемлекеттік кірістер органының дауланатын шешімі шығарылғанға дейін осы дәлелдемелерді алу үшін объективті кедергілердің болуын негіздесе, қабылдауы (талап етуі) мүмкін.

      Егер декларантқа мемлекеттік кірістер органы тарапынан мәлімделген кедендік құнның дұрыстығына күмәнді жою мүмкіндігі қамтамасыз етілмесе, сот жаңа дәлелдемелерді қабылдауы мүмкін.

      12. Кедендік реттеу актілерінде кеден мақсатында тауарларды бағалаудың жекелеген мәселелері бойынша ережелердің жоқтығы кезінде, олар жеткілікті толық немесе айқын болмаған жағдайда соттар 1994 ТСБК VII бабын қолданылуы жөніндегі Келісімнің 18-бабының 2-тармағына сәйкес қабылданатын Дүниежүзілік кеден ұйымының консультативтік қорытындыларын, ақпараты мен ұсынымдарын да ескеруі мүмкін.

      13. ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы (бұдан әрі – СЭҚ ТН) бойынша тауарларды сыныптау мәселелері ЕАЭО КК-нің 3-тарауында регламенттелген.

      Тауарларды кедендік декларациялау кезінде олар дұрыс сыныпталмаған жағдайда кеден органы тауарларды сыныптау туралы шешім қабылдауға құқылы (ЕАЭО КК-нің 20-бабының 2-тармағы).

      Сот сыныптау шешімінің негізділігін кеден органы мен декларант ұсынған, СЭҚ ТН сәйкес оның дұрыс сыныпталуы үшін маңызы бар декларацияланатын тауардың белгілері (қасиеттері, сипаттамалары) туралы мәліметтерді растайтын дәлелдемелерді бағалау арқылы тексереді. Бұл ретте сот ЕАЭО КК-нің 22-бабының 1, 2, 6-тармақтарына сәйкес қабылданған, СЭҚ ТН түсініктеме берудің негізгі қағидаларын, заңды күші бар және даулы тауарға жататын бөлімдерге, топтарға, тауар позицияларына ескертпелерді, Комиссияның шешімдері мен түсіндірмелерін, сондай-ақ ҚР КК-нің 42-бабының негізінде қабылданған жекелеген тауарлар түрлерін сыныптау туралы ұлттық уәкілетті органның шешімдері мен түсіндірмелерін басшылыққа алуы тиіс.

      Соттар тауарларды сыныптаудың дұрыстығы туралы дауға қатысушылардың дәлелдерін тексеру кезінде Комиссия СЭҚ ТН бойынша біркелкі түсініктеме беруді және оны қолдануды қамтамасыз етуге арналған көмекші жұмыс материалдары ретінде ұсынған СЭҚ ТН-ге түсініктемелерді, сондай-ақ Халықаралық конвенцияның 7-бабына сәйкес Дүниежүзілік кеден ұйымы берген тауарларды сыныптау жөніндегі ұсынымдар мен түсіндірмелерді ескеруі мүмкін.

      Кеден органының тауарды дұрыс сыныптамауы даулы сыныптамалық шешімнің заңсыздығы туралы қорытынды шығару үшін негіз болып табылады. Оған жеткілікті дәлелдемелер болған кезде сот актісінде декларант жүргізген сыныптаудың дұрыстығы және кеден органының тауарды өзгеше сыныптау жөніндегі шешім қабылдауы үшін негіз жоқ екендігі туралы қорытынды да болуы мүмкін.

      14. ҚР КК-нің 40-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тауарларды сыныптау туралы шешім орындау үшін міндетті болып табылады, осыған байланысты тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға негізделген тауарды сыныптау жөніндегі шешім міндетті түрде шағымдануға жатады.

      15. ҚР КК-нің 475-бабына сәйкес тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға (бұдан әрі – хабарлама) өзіне қатысты хабарлама шығарылған адам не оның өкілі уәкілетті органға шағым жасауы мүмкін.

      Хабарламаға шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылданған уәкілетті органның шешімі сотта даулануға жатпайды, себебі АПК-нің 293-бабының бірінші бөлігінде көзделген құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Хабарламаны өзгеріссіз қалдырған кезде көрсетілген хабарлама сот тәртібімен, ал оның бір бөлігінде күші жойылған кезде хабарламаға шағымды қарау қорытындылары туралы хабарламаға дау айтылуы мүмкін.

      Осыған байланысты судья АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы негізінде хабарламаға шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылданған уәкілетті органның шешіміне дау айту туралы арызды қабылдаудан бас тартады, ал азаматтық іс қозғалған жағдайда сот АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес ол бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

      16. Кедендік тексеру нәтижелеріне және мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы арыздарды қараудың сот тәртібі АПК-нің 29-тарауында реттелген.

      АПК-нің 294-бабының бірінші бөлігінде белгіленген сотқа арызбен жүгіну мерзімі: хабарламаларды тікелей сотта даулаған жағдайда ҚР КК-нің 417-бабының 10-тармағында, 419-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен ол табыс етілген күнінен бастап, ал уәкілетті органға алдын ала шағымданған жағдайда декларантқа, кеден өкіліне оның шағымын толық немесе бір бөлігінде қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімі мәлім болған күннен бастап есептеледі. Егер шағымды қарау нәтижелері бойынша декларантқа, кеден өкіліне жаңа хабарлама шығарылса, шағым жасау мерзімі белгіленген тәртіппен ол табыс етілген күнінен бастап есептеледі.

      17. Нәтижелері бойынша хабарлама шығарылған кедендік тексеру (камералдық, көшпелі) актісі сот тәртібімен шағымдануға жатпайды.

      Шығарылған хабарламаның заңдылығы кедендік тексеру актісінде жазылған қорытындылар ескеріле отырып тексеріледі.

      Егер декларант хабарлама шығаруға әкеп соқпаған, бірақ оның құқықтары мен міндеттеріне әсер ететін қорытындылармен келіспесе, кедендік тексеру актісіне шағым жасауы мүмкін. Тексеру актісіне шағым жасау кеден органы лауазымды адамдарының әрекетіне шағым жасау ретінде бағаланады.

      18. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының
Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады