Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарында аурулар ошақтары мен орман зиянкестерінің профилактикасы және оларды жою бойынша іс-қимыл туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 мамырдағы № 246 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 2 қарашада Астанада жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарында аурулар ошақтары мен орман зиянкестерінің профилактикасы және оларды жою бойынша іс-қимыл туралы келiсiм (бұдан әрі – Келісім) бекітілсін.

      2. Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстан Республикасынан уәкілетті орган болып белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қабылданған шешім туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін хабардар етсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 3 мамырдағы
№ 246 қаулысымен
бекітілген
  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық келісімнің мәтіні
ресми болып табылмайды.
ҚР халықаралық келісімінің
жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарында аурулар ошақтары мен орман зиянкестерінің профилактикасы және оларды жою бойынша іс-қимыл туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      1998 жылғы 11 қыркүйектегі Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 2008 жылғы 10 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы ынтымақтастығы туралы конвенцияны негізге ала отырып,

      2013 жылғы 31 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі келісімнің ережелерін дамыта отырып,

      орман ауруларын және зиянкестерінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралас аумақтарына таралуын болдырмау мақсатында ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай мағыналары бар негізгі терминдер пайдаланылады:

      зиянды организмдердің ормандағы түрлері – белгілі бір мөлшерде саны артқан немесе белгілі бір даму мен таралу деңгейі кезінде орманға және орман өнімдеріне экологиялық және экономикалық залал келтіруге қабілетті тірі организмдер түрлері (өсімдіктердің зиянкестері және инфекциялық ауруларын қоздырғыштар);

      орман патологиясының мониторингі – экологиялық мониторингтің кіші жүйесі, ормандардың орман патологиялық және санитариялық жай-күйі, орман зиянкестері мен аурулары ошақтарының дамуы мен таралуы, ормандардың басқа да қолайсыз табиғи және антропогендік факторлардан бүлінуі (зақымдануы) туралы ақпаратты жинау, талдау және пайдалану. Орман патологиясы жағдайын болжау және ормандарды қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру бойынша шешімдер қабылдау мақсатында жүргізіледі;

      уәкілетті органдар – Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін шешімдер қабылдау және іс-шараларды іске асыру бойынша өкілеттіліктер берген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік органдары және/немесе ұйымдары.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарындағы орман ауруларының ошақтары мен зиянкестерінің профилактикасы және оларды жою, орман патологиясы мониторингін және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарының орман аурулары мен зиянкестерінің әсерінен қорғалуы деңгейін дамыту бойынша, олар келтіретін орман шығындарын және экономикалық залалды барынша азайтуға арналған бірлескен шаралар әзірлеу бойынша ынтымақтастық болып табылады.

3-бап

      Тараптар өздерінің уәкілетті органдарының тізбесін айқындайды, ол осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге беріледі. Уәкілетті органдар тізбесінің өзгергені туралы Тараптардың әрқайсысы осындай шешім қабылданған күннен бастап 30 күн ішінде депозитарийге хабарлайды, ол бұл туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.

4-бап

      Тараптар халықаралық шарттар мен осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы сақталған жағдайда, осы Келісімге сәйкес өздерінің уәкілетті органдары арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      Тараптардың уәкілетті органдары ынтымақтастықты:

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарындағы ормандардың орман патологиясы мониторингінің нәтижелері туралы ақпарат алмасу және консультациялар жүргізу;

      зиянды организмдердің ормандағы түрлерімен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алмасу;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарындағы орман патологиясы мониторингі саласында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау;

      ормандарды қорғау бойынша іс-шаралар жүргізу саласында өзара ғылыми және техникалық көмек көрсету;

      орман ауруларымен және зиянкестерімен күрес бойынша оқу курстары мен семинарлар ұйымдастыру жолымен жүзеге асырады.

5-бап

      Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі үкіметаралық кеңес осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарында орман аурулары ошақтары мен зиянкестерінің профилактикасы және оларды жою саласында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы мәселелері бойынша өзара іс-қимылды үйлестіруші болып табылады.

6-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі үкіметаралық кеңес бекітетін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарында таралған зиянды организмдердің (инвазивтік және карантиндік) ормандағы түрлерінің жалпы тізбесін (тізбелерін) қалыптастырады.

7-бап

      Осы Келісімді іске асыру бойынша ынтымақтастықты қаржылай қамтамасыз ету Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бюджетінде мүдделі министрліктер мен ведомстволарға олардың функцияларын қамтамасыз етуге көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

9-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекет ішіндегі рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

11-бап

      Күшіне енгеннен кейін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы одан шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарламаны жібере отырып және осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2018 жылғы 2 қарашада Астана қаласында бір төлнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін
      Армения Республикасының
Үкіметі үшін
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Түрікменстан
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Украина
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Молдова Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады