Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 25 шілдеде Бішкекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы әскери барлау саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 276 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы әскери барлау саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының егемендігін, мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтей отырып,
екі мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қорғау мүдделілігіне сүйене отырып,
1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып,
ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әскери барлаудың рөлі мен орнын және осы саладағы ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құрудың қажеттілігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар осы Келісім шеңберінде бір-біріне өзара тиімді негізде мыналарда:
өзара мүдделілік танытылатын өзекті тақырыптар бойынша әскери барлау ақпаратымен және сараптамалық бағалаулармен алмасуда;
Тараптар мемлекеттерінің қауіпсіздік мүдделеріне қатер төндіретін халықаралық террористік және басқа да ұйымдарға қатысты өзара ақпарат алмасуда;
заманауи қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жедел және басқа да бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруда және өткізуде көмек көрсетеді.
2-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Қырғыз тарапынан – Қырғыз Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы болып табылады.
Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.
3-бап
Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді беру және қорғау 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған әскери барлау ақпаратын Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қорғауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған әскери барлау ақпаратын осы ақпаратты ұсынған Тарапқа зиян келтіретіндей қолданбауға міндеттенеді.
Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған әскери барлау ақпаратын осы ақпаратты ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
4-бап
Тараптар Тараптардың мемлекеттеріне қарсы бағытталған барлау әрекетін жүргізбейді.
5-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру бойынша шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
6-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
7-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдану мен түсіндіруге байланысты даулы мәселелер өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
8-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшiне енуi үшін қажеттi мемлекетiшілік рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енедi.
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы бесжылдық кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жазбаша хабарламаса, оның қолданысы автоматты түрде кейінгі бесжылдық кезеңдерге ұзартылады. Хабарлаған жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын алғаннан кейін алты айдан соң өз қолданысын тоқтатады.
2018 жылғы 25 шілдеде Бішкек қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз РеспубликасыныңҮкіметі үшін |