Көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 шілдедегі № 471 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 14 мамырдағы № 375 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.05.2024 № 375 қаулысымен.

      "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 12-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған Көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы шілдедегі
№ 471 қаулысымен
бекітілген

Көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын жүргізу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына және "Көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің электрондық паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің жұмыс істеу тәртібін бекіту туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі № 122 шешіміне сәйкес әзірленді және көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассилерінің паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің әкімшісі (бұдан әрі – электрондық паспорттар жүйелерінің әкімшісі) – көлік құралдары электрондық паспорттарының (көлік құралдарының шассилері паспорттарының) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарының жүйелерін пайдалануға беруді, пайдалануды, өнімділігін оңтайландыруды, қол жеткізуді қамтамасыз ету мен бақылауды, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, техникалық қамтамасыз ету мәселелерін қадағалауды, жүйелерге қатысушылармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды, осы жүйелерге жаңа қатысушыларды қосуды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осы жүйелердің функциялары саласындағы заңнамасын үндестіру үшін қажет шараларға бастамашылық жасауды қоса алғанда, осы жүйелерді жобалау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру функциясы жүктелген, Еуразиялық экономикалық комиссия айқындайтын ұйым;

      2) көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассилерінің паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйесі (бұдан әрі – электрондық паспорттар жүйесі) – есептеуіш және коммуникациялық жабдықты, бағдарламалық қамтылымды, лингвистикалық құралдарды, ақпараттық ресурстарды, жүйелік персоналды және осы жүйеде белгіленген қағидалар бойынша өзара іс-қимыл жасайтын қатысушылар мен пайдаланушыларды қамтитын, сондай-ақ осы жүйенің белгіленген функцияларын орындаудың ақпараттық технологиясын іске асыратын құрылымдалған кешен;

      3) көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) (бұдан әрі – электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) – қауіпсіздікті және электрондық паспорттар жүйесіне қатысушылармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, электрондық паспорттар жүйелерінің әкімшісімен жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) көлік құралының паспорты (көлік құралы шассиінің паспорты) – жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жол жүруге арналған, жұмыс көлемі елу текше сантиметрден жоғары іштен жану қозғалтқышы немесе ең жоғары (жиынтық) қуаты төрт киловаттан асатын және (немесе) ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын электрлі қозғалтқышы (электрлі қозғалтқыштары) бар автомотокөлік құралдарына және олардың тіркемелеріне берілетін паспорт (шасси тұтынушыларға жеткізіп берілетін жағдайда көлік құралының шассиіне берілетін паспорт);

      5) көлік құралының электрондық паспорты (көлік құралы шассиінің паспорты) – көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассилерінің паспорттары) жүйесінде ресімделген көлік құралының паспорты (көлік құралы шассиінің паспорты);

      6) өздігінен жүретін машина мен басқа да техника түрлерінің паспорты – жұмыс көлемі елу текше сантиметрден жоғары іштен жану қозғалтқышы немесе ең жоғары (жиынтық) қуаты төрт киловаттан асатын электрлі қозғалтқышы (электрлі қозғалтқыштары) бар тракторларға, өздігінен жүретін жол-құрылыс, коммуналдық, ауыл шаруашылығы машиналары мен жер үстінде рельссіз жүретін басқа да механикалық көлік құралдарына (жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жол жүруге арналған, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын автомотокөлік құралдарын қоспағанда) және олардың тіркемелеріне берілетін паспорт;

      7) өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің электрондық паспорты – өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінде ресімделген өздігінен жүретін машина мен басқа да техника түрлерінің паспорты;

      8) уәкілетті орган (ұйым) – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының (ұйымдарының) және көлік құралдарының (көлік құралдарының шассиінің), өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдарының шассиін), өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерін жасаушы ұйымдардың бірыңғай тізіліміне енгізілген көлік құралының электрондық паспорттарын ресімдеуге уәкілетті органдар (ұйымдар);

      9) электрондық құжат айналымы – электрондық паспорттар жүйесіне қатысушылар арасында электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжаттармен (хабармен) электрондық паспорттар жүйесінде алмасу;

      10) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының (ұйымдарының) және көлік құралдарының (көлік құралдарының шассиінің), өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдарының шассиін), өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерін жасаушы ұйымдардың бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – Бірыңғай тізілім) – Еуразиялық экономикалық комиссия Бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктері негізінде электронды түрде қалыптастырады және жүргізеді. Бірыңғай тізілімнің ұлттық бөлігін индустрия және индустриялық-инновациялық даму салаларындағы уәкілетті орган қалыптастырады және жүргізеді.

2-тарау. Көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын жүргізу тәртібі

      3. Электрондық паспорттар Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларына, шетелдік жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ азаматтығы жоқ жеке тұлғаларға тиесілі:

      1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жүруге арналған, мемлекеттік тіркеуге жататын көлік құралдарына;

      2) көлік құралдарының шассиіне;

      3) мемлекеттік тіркеуге жататын өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлеріне электрондық паспорттар жүйелерінде ресімделеді.

      4. Көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассилерінің электрондық паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) мен Көлік құралының электрондық паспортында (көлік құралы шассиінің паспортында) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспортында көрсетілген мәліметтер тізбесі Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі № 122 шешімімен бекітілген.

      5. Электрондық паспорттар жүйесіне қатысушылар:

      1) электрондық паспорттар жүйесінің әкімшісі;

      2) электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторы (ұлттық әкімші);

      3) Бірыңғай тізілімге енгізілген көлік құралдарын (көлік құралдарының шассиін), өздігінен жүретін машиналарды және басқа да техника түрлерін жасаушы ұйымдар, оның ішінде жасаушы ұйымның өнімін құрастырып шығару өндірісін жүзеге асыратын және өздері жинаған өнімге электрондық паспорттарды ресімдеуге осы жасаушы ұйым уәкілеттік берген ұйымдар (бұдан әрі – жасаушы ұйымдар), олар туралы мәліметтерді жасаушы ұйым Бірыңғай тізілімге жиналған өнімге электрондық паспорттарды ресімдеуге уәкілетті ұйымдар ретінде енгізіледі.

      4) уәкілетті орган (ұйым);

      5) Еуразиялық экономикалық комиссия;

      6) уәкілетті мемлекеттік органдар:

      көлік құралдарын (көлік құралдарының шассиін) мемлекеттік тіркеу және көлік құралының (көлік құралының шассиінің), өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары бөлігінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі;

      кеден ісі саласында;

      7) өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерін мемлекеттік тіркеу бөлігінде жергілікті атқарушы органдар;

      8) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы;

      9) өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің көлік құралының (көлік құралы шассиінің) меншік иесі;

      10) электрондық паспорттардағы мәліметтерді алуға (жіберуге) мүдделі өзге де адамдар.

      6. Электрондық паспорттар электрондық паспорттар жүйелерінде:

      1) жасаушы ұйым – электрондық паспорттарды қолдану басталған күннен бастап осы жасаушы ұйым жасаған көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне қатысты;

      2) уәкілетті орган (ұйым) – мыналарға:

      айналысқа шығаруға дейін құрылымына жеке тәртіппен өзгерістер енгізілген, сериялы өндіріс жағдайында Қазақстан Республикасында шығарылған немесе Қазақстан Республикасында жеке тәртіппен құрастыру жиынтығынан жасалған не жеке техникалық шығармашылық нәтижесі болып табылатын немесе жеке тұлға өз мұқтажы үшін Қазақстан Республикасына әкелетін немесе Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жол қозғалысына қатысуға бұрын жіберілгендер қатарынан Қазақстан Республикасына әкелінетін көлік құралдарына;

      жеке немесе заңды тұлға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына қатарынан 12 айдан астам мерзімге әкелетін көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік меншікке айналдырылған көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне;

      өндіріп алу салынған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиі), өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне;

      Бірыңғай тізілімге енгізілмеген жасаушы ұйым Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында жасаған көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне;

      электрондық паспорттарды қолдану басталған күнге дейін айналымға шығарылған көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне;

      Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы басқа елдерден әкелінетін, бұдан бұрын көлік құралының электрондық паспорты ресімделмеген көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне қатысты ресімдейді.

      7. Электрондық паспорттың бірегей нөмірі Тәртіптің II бөліміне сәйкес электрондық паспорттар жүйесінде қалыптастырылады және 15 белгіден тұрады.

      8. Электрондық паспорттың бірегей нөмірі уәкілетті орган (ұйым) немесе Бірыңғай тізілімге енгізілген жасаушы ұйым толтыратын электрондық паспорт бөлімдерінің барлық жолдары толтырылғаннан және электрондық цифрлық қолтаңба (электрондық қолтаңба) арқылы электрондық паспортта қамтылған мәліметтер расталғаннан кейін, сондай-ақ электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) қауіпсіздікті, жол қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп электрондық паспорттар жүйесінде электрондық паспорттарда көрсетілген ақпараттың дұрыстығын тексеруді жүзеге асыру жөніндегі іс-шараларды жүргізгеннен кейін беріледі. Сәйкессіздік анықталған жағдайда көлік құралының электрондық паспортының (көлік құралы шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің электрондық паспортының бірегей нөмірі берілмейді.

      9. Көлік құралының электрондық паспортының (көлік құралы шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің электрондық паспортының бірегей нөмірін беру мерзімі уәкілетті орган (ұйым) немесе Бірыңғай тізілімге енгізілген жасаушы ұйым электрондық паспорт бөлімдерінің барлық жолдарын толтырғаннан және электрондық цифрлық қолтаңбаны (электрондық қолтаңбаны) қолдану арқылы көлік құралының электрондық паспортында (көлік құралы шассиі паспортында) қамтылған мәліметтер расталғаннан кейін 24 сағаттан аспауға тиіс.

      10. Қазақстан Республикасында көлік құралдарына, өздігінен жүретін машиналарға және басқа да техника түрлеріне қатысты тіркеу әрекеттерін жүзеге асыратын уәкілетті органның көлік құралдарының электрондық паспорттарына (көлік құралдары шассиінің паспорттарына) және өздігінен жүретін машиналардың және басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарына өзгерістер енгізу туралы өтініштерді электрондық паспорттар жүйелерінің әкімшісіне жіберу мерзімі тіркеу әрекеті жасалғаннан кейін 24 сағаттан аспауы тиіс.

      11. Көлік құралының электрондық паспортының (көлік құралы шассиінің паспортының) және өздігінен жүретін машиналардың және басқа да техника түрлерінің электрондық паспортының бірегей нөмірі берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде тауар шығару (әкелінген жағдайда) және өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындауы туралы мәліметтер түскеннен кейін көлік құралының электрондық паспортына (көлік құралы шассиінің паспортына) және өздігінен жүретін машиналардың және басқа да техника түрлерінің электрондық паспортына автоматты түрде "қолданыста" деген мәртебе беріледі.

      12. Көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиі паспорттарын), сондай-ақ өздігінен жүретін машиналардың және басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын өздері туралы мәліметтер Бірыңғай тізілімге енгізілген уәкілетті органдар (ұйымдар) өкілеттіктеріне сәйкес ресімдейді.

      13. Электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) көлік құралының электрондық паспортын (көлік құралы шассиінің паспортын) және өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің электрондық паспортын ресімдеу және оларға өзгерістер енгізу кезінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу тарифтері мен тәртібін айқындайды.

      14. Электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) индустрия және индустриялық-инновациялық даму салаларындағы, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі, кеден ісі саласындағы, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті органдардың және жергілікті атқарушы органдардың сұрау салулары бойынша көлік құралдарының электрондық паспорттарындағы (көлік құралдары шассиінің паспорттарындағы) және өздігінен жүретін машиналардың және кез келген мәртебесі бар техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарындағы мәліметтерді мемлекеттік міндеттер мен функцияларды іске асыру мақсатында ғана пайдалану үшін толық көлемде және ақы алмай ұсынады.

      15. Электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) электрондық паспорттың "Ақпараттық сипаттағы өзге де мәліметтер" бөлімін Қағидаларға 1-қосымшада көзделген тізбеге сәйкес электрондық паспорттар жүйесіне қатысушылар жіберетін, сондай-ақ өзге ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимыл арқылы алынған ақпараттық сипаттағы қосымша мәліметтерді енгізеді.

      16. Электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) немесе уәкілетті орган (ұйым) көлік құралының (көлік құралы шассиінің), өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің меншік иесі – жеке тұлға туралы қосымша мәліметтерді "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы тұлғаның дербес деректерін өңдеуге келісімімен ерікті негізде электрондық паспорттарға енгізеді. Көрсетілген келісім көлік құралын, өздігінен жүретін машинаны және басқа да техника түрлерін тіркеу операцияларын жүзеге асыру кезінде Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша немесе электрондық түрде ресімделеді.

      Электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) электрондық паспорттарға жасаушы ұйыммен немесе уәкілетті органмен (ұйыммен) ақпараттық өзара іс-қимыл негізінде көлік құралының (көлік құралының шассиінің), өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің бірінші иесі туралы қосымша мәліметтерді енгізеді.

      17. Электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) не уәкілетті орган (ұйым) электрондық паспорттарға көлік құралының (көлік құралы шассиінің), өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің екінші және одан кейінгі меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді Тәртіпке сәйкес және өзара іс-қимыл қатысушыларымен шарттық қатынастар негізінде енгізеді.

      18. Электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) не уәкілетті орган (ұйым) көлік құралдарының электрондық паспорттарына (көлік құралдары шассиінің паспорттарына) мiндеттi техникалық қарап тексерудің бiрыңғай ақпараттық жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау жолымен алынған көлік құралын техникалық қарап тексеру туралы қосымша мәліметтерді енгізеді.

      19. Электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) не уәкілетті орган (ұйым) электрондық паспорттарға ақпараттық өзара іс-қимыл негізінде келісу бойынша:

      1) кепіл беруші және кепіл ұстаушы (қаржы ұйымдары және микроқаржы ұйымдары) – кепіл (лизинг) туралы мәліметтерді қамтитын құжаттың талаптарына сәйкес мәміле жасалғанын растай отырып, өздерінде кепілдегі (лизингтегі) көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне) қатысты;

      2) сот орындаушылары – атқарушылық іс жүргізу шеңберінде тыйым салынған көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне) қатысты;

      3) мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктерге сәйкес электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторымен (ұлттық әкімшісімен) ақпараттық өзара іс-қимыл туралы екіжақты келісімдерде айқындалатын тәртіппен және шарттарда ұсынылған көлік құралына (көлік құралы шассиі), өздігінен жүретін машинаға және басқа да техника түрлеріне қатысты шектеулер (ауыртпалықтар) туралы қосымша мәліметтерді енгізеді.

      20. Электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) не уәкілетті орган (ұйым) электрондық паспорттарға жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен өзара әрекеттесуі жолымен алынған көлік құралы, өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлері қатысатын жол-көлік оқиғалары туралы қосымша мәліметтерді енгізеді.

      21. Электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) электрондық паспорттар жүйесіне қатысушыларға шарттық негізде Тәртіппен көзделген жағдайларды қоспағанда, көлік құралдарының электрондық паспорттарындағы (көлік құралдары шассиінің паспорттарындағы) және өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің электронды паспорттарындағы мәліметтерге (қосымша мәліметтерді қоса алғанда) және электрондық паспорттар жүйелерінің сервистеріне электрондық паспорттар жүйелерінің ұлттық операторы (ұлттық әкімшісі) айқындайтын көлемде, тәртіппен және шарттарда қол жеткізуге рұқсат береді.

      22. "Күші жойылған", "кәдеге жаратылған" және "өтелген" мәртебесі бар көлік құралдарының электрондық паспорттарында (көлік құралдары шассиінің паспорттарында) қосымша мәліметтер қалыптастыруға жол берілмейді.

  Көлік құралдарының
электрондық паспорттарын
(көлік құралдары шассилерінің
паспорттарын) және өздігінен
жүретін машиналар мен басқа да
техника түрлерінің электрондық
паспорттарын жүргізу
қағидаларына
1-қосымша

Көлік құралының электрондық паспортының, көлік құралы шассиінің электрондық паспортының және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспортының "Ақпараттық сипаты бар өзге де мәліметтер" бөлімінде көрсетілетін ақпараттық сипаттағы қосымша мәліметтер тізбесі

      1. Көлік құралының электрондық паспорты және көлік құралы шассиінің электрондық паспорты үшін

      1) көлік құралының меншік иесі туралы мәліметтер:

      заңды тұлға (дара кәсіпкер):

      заңды тұлғаның толық атауы (дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса));

      заңды тұлғаның БСН, дара кәсіпкердің ЖСН;

      заңды тұлғаның (дара кәсіпкердің) ұялы телефонының нөмірі;

      заңды тұлғаның (дара кәсіпкердің) электрондық поштасының мекенжайы;

      жеке тұлға:

      жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) ;

      жеке тұлғаның туған күні;

      жеке тұлғаның ЖСН;

      жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы;

      жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі;

      жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні;

      жеке тұлғаның ұялы телефонының нөмірі;

      жеке тұлғаның электрондық поштасының мекенжайы;

      көлік құралына меншік құқығын куәландыратын құжат:

      көлік құралына меншік құқығын куәландыратын құжаттың атауы;

      көлік құралына меншік құқығын куәландыратын құжаттың нөмірі;

      көлік құралына меншік құқығын куәландыратын құжаттың берілген күні;

      көлік құралына меншік құқығының өту күні;

      көлік құралының құны;

      көлік құралының одометрінің көрсеткіштері.

      2) көлік құралын техникалық қарап тексеру туралы мәліметтер:

      көлік құралына техникалық қарап тексеру жүргізген техникалық қарап тексеру операторы:

      дара кәсіпкердің атауы (заңды тұлғаның атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса));

      заңды тұлғаның БСН;

      дара кәсіпкердің ЖСН;

      техникалық қарап тексеруді өткізу күні;

      диагностикалық картаның тіркеу нөмірі;

      көлік құралы одометрінің көрсеткіштері;

      көлік құралын техникалық қарап тексеру нәтижесі;

      3) көлік құралына қатысты шектеулер (ауыртпалықтар) туралы мәліметтер:

      шектеуді (ауыртпалықты) салған (алған) органның (ұйымның) атауы);

      шектеу (ауыртпалық) түрі;

      оған сәйкес шектеу (ауыртпалық) салынған (алынған) құжаттың атауы;

      оған сәйкес шектеу (ауыртпалық) салынған (алынған) құжаттың нөмірі;

      шектеу (ауыртпалық) қойылған (алынған) құжатты ресімдеу (қорытындылау) күні;

      шектеу (ауыртпалық) мерзімі және (немесе) шектеуді (ауыртпалықты) алып тастау күні;

      4) көлік құралының қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтер:

      көлік құралының қатысуымен болған оқиғаның күні, уақыты және орны (мекенжайы);

      көлік құралының зақымдануының сипаттамасы;

      көлік құралының одометрінің көрсеткіштері;

      2. Өздігінен жүретін машина және басқа да техника түрлерінің электрондық паспорты үшін

      1) өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің меншік иесі туралы мәліметтер:

      заңды тұлға (дара кәсіпкер):

      заңды тұлғаның толық атауы (дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса));

      заңды тұлғаның БСН, дара кәсіпкердің ЖСН;

      заңды тұлғаның (дара кәсіпкердің) ұялы телефонының нөмірі;

      заңды тұлғаның (дара кәсіпкердің) электрондық поштасының мекенжайы);

      жеке тұлға:

      жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      жеке тұлғаның туған күні;

      жеке тұлғаның ЖСН;

      жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы;

      жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі;

      жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні;

      жеке тұлғаның ұялы телефон нөмірі;

      жеке тұлғаның электрондық поштасының мекенжайы;

      өздігінен жүретін машинаға және басқа да техника түрлеріне меншік құқығын куәландыратын құжат:

      өздігінен жүретін машинаға және басқа да техника түрлеріне меншік құқығын куәландыратын құжаттың атауы;

      өздігінен жүретін машинаға және басқа да техника түрлеріне меншік құқығын куәландыратын құжаттың нөмірі;

      өздігінен жүретін машинаға және басқа да техника түрлеріне меншік құқығын куәландыратын құжаттың берілген күні;

      өздігінен жүретін машинаға және басқа да техника түрлеріне меншік құқығының өту күні;

      өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің құны;

      өздігінен жүретін машинаның және басқа да техника түрлерінің одометрінің (бар болса) және (немесе) мотосағаттар уақытын есептеуішінің (бар болса) көрсеткіштері;

      2) өздігінен жүретін машинаға және басқа да техника түрлеріне қатысты шектеулер (ауыртпалықтар) туралы мәліметтер:

      шектеуді (ауыртпалықты) салған (алған) органның (ұйымның) атауы;

      шектеу (ауыртпалық) түрі;

      оған сәйкес шектеу (ауыртпалық) салынған (алынған) құжаттың атауы;

      шектеу (ауыртпалық) салынған (алынған) құжаттың нөмірі;

      оған сәйкес шектеу (ауыртпалық) салынған (алынған) құжатты ресімдеу (қорытындылау) күні;

      шектеу (ауыртпалық) мерзімі және (немесе) шектеуді (ауыртпалықты) алып тастау күні;

      3) өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтер:

      өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің қатысуымен болған оқиғаның күні, уақыты және орны (мекенжайы);

      өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің зақымдануының сипаттамасы;

      өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің одометрінің (бар болса) және (немесе) мотосағаттар уақытын есептеуішінің (бар болса) көрсеткіштері.

  Көлік құралдарының
электрондық паспорттарын
(көлік құралдары шассилерінің
паспорттарын) және өздігінен
жүретін машиналар мен басқа да
техника түрлерінің электрондық
паспорттарын жүргізу
қағидаларына
2-қосымша
(нысан)

Дербес деректерді өңдеуге КЕЛІСІМ

      ________________ қ.                                          "__" _______ 20__ ж.

      Дербес деректер субъектісі:

      _________________________________________________________

      _________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) толығымен)

      _________________________________________________________

      (жеке басын куәландыратын құжаттың атауы)

      сериясы _______ № ______________ _________________________

      __________________________________________________ берген

      (құжатты кім және қашан берді)

      _________________________________________________________

      __________________________________ мекенжайы бойынша тұратын,




 

Дербес деректер субъектісінің өкілі тұлғасында
__________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) толығымен)
_________________________________________________
(жеке басын куәландыратын құжаттың атауы)
сериясы _____ N ________ __________________________
____________________________________________ берді,
(құжатты кім және қашан берді)
_________________________________________________
____________________ мекенжайы бойынша тұратын,
дербес деректер субъектісінің атынан әрекет ететін
_________________________________________________
_________________________________________________
(дербес деректер субъектісі өкілінің өкілеттігін растайтын
сенімхаттың немесе өзге құжаттың деректемелері)

      менің дербес деректерімді ұсыну туралы шешім қабылдаймын және оларды еркін, өз еркіммен және өз мүдделерімде өңдеуге келісім беремін.

      Дербес деректер субъектісінің келісімін алатын оператордың атауы және мекенжайы:

      _____________________________________________________________

      _____________________________________________________________.

      Оператормен бірлесіп дербес деректер субъектісінің мүддесінде дербес деректерді өңдеуді жүзеге асыратын тұлғаның атауы және мекенжайы:

      _____________________________________________________________,

      _____________________________________________________________

      _____________________________________________________________.

      Келісім көлік құралының электрондық паспортына (көлік құралы шассиінің электрондық паспортына) және өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспортына көлік құралының (көлік құралы шассиінің), өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа да түрлерінің меншік иесі туралы мәліметтерді енгізу және көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің электрондық паспорттары), өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінде (бұдан әрі – көлік құралының электрондық паспорты жүйесі) дербес деректер субъектісін сәйкестендіру және аутентификациялау үшін беріледі. Ол электрондық паспорттар жүйесінен ақпаратты алуға және көлік құралының электрондық паспортына (көлік құралы шассиінің электрондық паспортына) және өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспортына ақпараттарды енгізуге мүмкіндік береді.

      Келісім мынадай дербес деректерді өңдеуге беріледі:


тегі, аты, әкесінің аты (бар болса));

туған күні;

жеке сәйкестендіру нөмірі;

жеке басын куәландыратын құжат:

      * құжаттың атауы,

      * құжаттың нөмірі,

      * құжаттың сериясы (бар болса),

      * құжаттың берілген күні;


ұялы телефон нөмірі;

электрондық пошта мекенжайы.

      Келісім дербес деректерді автоматтандыру құралдарын пайдалана отырып немесе пайдаланбай өңдеуге беріледі, ол дербес деректерді жинауды, жазуды, жүйелеуді, жинақтауды, сақтауды, нақтылауды (жаңартуды, өзгертуді), алуды, пайдалануды, беруді (ұсынуды, қол жеткізуді), иесіздендіруді, бұғаттауды, жоюды, алып тастауды қамтиды.

      Дербес деректерді өңдеуге келісім, оны дербес деректердің субъектісі операторға жазбаша өтініш беру жолымен кері қайтарып алғанға дейін мерзімсіз қолданылады.

      Дербес деректер субъектісіне дербес деректер субъектісі дербес деректерді өңдеуге келісімді кері қайтарып алған жағдайда, оператор "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректер субъектісінің келісімінсіз дербес деректерді өңдеуді жалғастыруға құқылы екендігі туралы хабарланады.

      Дербес деректер субъектісінің (субъект өкілінің) қолы:

      ______________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) толық, қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады