Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 30, 297-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларында:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Конкурсқа қатысуға жоғары білімі не бакалавр дәрежесі бар және осы Қағидалардың шарттары мен талаптарына сәйкес құжаттар ұсынған, тілдік курстарға, академиялық оқуға/тағылымдамаға және кейіннен еңбекпен өтеуге кететін жиынтық оқыту мерзімдерін ескергенде құжаттарды тапсыру сәтінде заңнамада белгіленген зейнеткерлік жас шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Үміткер құжаттар топтамасын "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы бере алады, олар құжаттардың осы Қағидалардың 10, 10-1–10-4-тармақтарының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізеді. Нәтижесі бойынша үміткерге құжаттарды қабылдау туралы қолхат не оларды қабылдаудан дәлелді бас тарту беріледі.
Құжаттар осы Қағидалардың талаптары мен шарттарына сәйкес келмесе, сондай-ақ құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда үміткер бұзушылықтарды жояды және оларды қабылдау үшін белгіленген мерзім кезеңінде құжаттар топтамасын қайта ұсына алады.
Үміткердің және конкурсқа қатысуға рұқсат беру үшін құжаттар топтамасының осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қарауды Әкімші жүзеге асырады.
Қарау нәтижелері бойынша үміткерге конкурсқа қатысуға рұқсат беру не құжаттарды жеке тәртіппен қарау үшін Жұмыс органына жіберу туралы хабарлама жіберіледі.";
12-тармақтың 4) тармақшасындағы "жағдайда жүзеге асырады." деген сөздер алып тасталып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) құжаттарды тапсыру сәтінде тілдік курстарға, академиялық оқуға/тағылымдамаға және кейіннен еңбекпен өтеуге кететін жиынтық шекті оқыту мерзімдері заңнамада белгіленген зейнеткерлік жас шегінен асқан жағдайда жүзеге асырады.";
13-тармақ мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) үміткердің осы Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |