Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын өткізу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 қазандағы № 792 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын өткізу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын өткізу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 23 қазандағы
№ 792 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын өткізу туралы келісім

      Бұдан әрі бірлесіп Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік сауда ұйымы (бұдан әрі – ДСҰ)

      Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына (бұдан әрі – Конференция) дайындық шеңберінде

      ДСҰ құру туралы Марракеш келісімінің (1994) VIII бабының 2 және 3-тармақтары Конференцияға, атап айтқанда, ДСҰ-ға қатысты көрсетілген келісімде оның мүшелері мен бақылаушыларының өкілдеріне және ДСҰ Хатшылығының лауазымды тұлғаларына берілген барлық артықшылықтар мен иммунитеттерге қатысты қолданылатынын атап өте отырып,

      Осы арқылы мынадай шарттар туралы келіседі:

1-бап

Конференцияның орны мен күні

      Конференция 2020 жылғы 8-11 маусым аралығында Нұр-Сұлтанда өтеді. Конференцияның ресми кестесі мен егжей-тегжейлі графигі Тараптармен қосымша келісілетін болады.

2-бап

Қазақстан Республикасының аумағына кіру, тұру және конференцияға қатысу

      1. Конференция шақырылған, аккредиттелген немесе ДСҰ тағайындаған мынадай тұлғалардың (бұдан әрі – Конференцияға қатысушылар) қатысуы үшін ашық:

      a. ДСҰ мүшелерінің өкілдері

      b. ДСҰ бақылаушыларының өкілдері

      c. ДСҰ қызметкерлері

      d. Халықаралық ұйымдардың өкілдері

      e. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері

      f. Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері

      g. Тараптардың кез келгені екінші Тараппен консультацияға шақырылған кез келген басқа тұлға.

      Конференцияның ашылуына дейін кемінде 45 күн қалғанда ДСҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне Конференцияға қатысушылардың алдын ала тізімін ұсынады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 1-тармағында аталған Конференцияға қатысушылардың барлығына бірдей, өзінің аумағына келу, болу және кету үшін қажетті барлық шараларды қабылдайды және барлық рұқсаттарды қамтамасыз етеді және қажет болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, оларға келген соң визалар береді. Жоғарыда баяндалғандар сондай-ақ ерлі-зайыптыларға және Конференцияға қатысушыларға еріп жүретін кәмелетке толмаған балаларға қатысты қолданылады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен ҮЕҰ өкілдерін Министрлік конференциясына аккредиттеу ДСҰ-ның айрықша жауапкершілігі болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ-ның ресми пайдалануына арналған барлық заттар үшін уақытша әкелуге, салықтар мен баждарды төлеуден босатуға рұқсат береді. Бұл сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының жабдықтарына, ақпараттық және коммуникациялық технологияға (АКТ), қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жабдықтарға, кітаптар мен жарияланымдарға (оның ішінде Конференция кезінде сатуға арналған кітаптар мен кәдесыйлар), графикалық материалдарға, сондай-ақ ДСҰ Конференцияны өткізуге және/немесе оған дайындалу үшін қажет деп санайтын барлық басқа да заттарға қолданылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ үшін барлық импорттық және кері экспорт операцияларын кідіріссіз және тегін өңдейді.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ-мен консультацияда Конференцияға қатысушыларға қатысты, әдетте, Қазақстан Республикасының Үкіметі ұқсас жағдайларда қолданатын хаттаманың ережелерін қолданады.

      5. ДСҰ-ның қызметтік сапарлар туралы қағидаларына сәйкес ДСҰ қызметкерлерінің сапарларына, виза алуына және тұруына байланысты, оның ішінде дайындық миссиялары шеңберіндегі шығыстар осы Келісімнің 6-бабына сәйкес Конференцияны өткізуге арналған шығыстардың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ-ның Бас директорын, ДСҰ Бас директорының орынбасарларын, ДСҰ Бас кеңесінің Төрағасын және ДСҰ қызметкерлерін қонақүйлерде тиісінше орналастыруды, оның ішінде отырыстар өткізуге арналған жұмыс үй-жайлары мен үй-жайларды ұсынады.

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі Конференция мен дайындық миссиялары кезеңінде ДСҰ-ның ресми мақсаттарында пайдалану үшін жүргізушілері бар автомобильдермен қамтамасыз етеді.

      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі Конференцияның басқа қатысушыларын қонақүйлер мен резиденцияларда қисынды коммерциялық мөлшерлемелер бойынша тиісінше орналастыруды қамтамасыз етеді.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі неғұрлым аз дамыған елдерден (НДЕ) келген Конференцияға қатысушыларды тиісінше орналастыруды тұру шығыстары осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағында көрсетілген Арнайы нысаналы қордың есебінен өтелмейтін шамада қамтамасыз етеді.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі әуежай, қонақүйлер және Конференцияның өтетін орындары арасында жүріп-тұру үшін Конференцияның барлық қатысушыларын тегін тиісті көлік құралдарымен және байланыс жасайтын тұлғалармен қамтамасыз етеді.

3-бап

Үй-жайлар, объектілер және көрсетілетін қызметтер

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Конференция өткізуге арналған ашу сессиясы үшін жеткілікті алаңы бар бір залды қоса алғанда, ресми және бейресми отырыстарды өткізуге арналған барлық қажетті конференц-залдарды, қызметтік үй-жайларды, жұмыс үй-жайларын, аккредиттеу орталықтарын, материалдарды басып шығаруға арналған жабдықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған үй-жайларды, ҮЕҰ-ға арналған залдарды, тіркеу бағаналарын, банкоматтарды, телефон, факс және басқа да телекоммуникациялық жабдықтарды, қоғамдық тамақтану орындарын, туристік агенттіктерді, алғашқы медициналық көмек көрсету объектілері мен Конференцияны тиімді және қауіпсіз өткізуге қажетті деп саналатын барлық басқа да үй-жайларды, объектілер мен қызметтерді ұсынады. Барлық үй-жайлар мен объектілер персоналға, жиһазға, жабдықтар мен материалдарға қатысты, оның ішінде конференция жоспарланған уақыттан кеш жабылған жағдайда, ДСҰ талаптарына сәйкес болуы тиіс. Қазақстан Республикасының Үкіметі Конференция ресми басталғанға дейін дайындық кездесулеріне тиісті шарттар мен көрсетілетін қызметтерді де қамтамасыз етеді.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған барлық объектілер мен үй-жайлар Конференция басталғанға дейін 7 күн бұрын басталатын және ол аяқталғаннан кейін екі күн өткен соң аяқталатын мерзім ішінде ДСҰ-ның айрықша иелігінде тәулік бойы қалады.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Келісімде көзделген талаптарға сәйкес Конференцияны өткізуге байланысты барлық шараларды жүзеге асыру үшін қажетті өкілеттіктері бар бір аға лауазымды тұлғаны тағайындайды.

4-бап

Ақпараттық және коммуникациялық технологияларға (АКТ) қойылатын талаптар

      1. ДСҰ-ның ерекшеліктеріне сәйкес Конференцияға арналған залдар мен объектілер ДСҰ-ға арналған арнайы бөлінген жақсы қорғалған желісі бар, сапасы мен өнімділігі ең жоғары қызметтерді қамтамасыз ететін қажетті ақпараттық және коммуникациялық операциялық инфрақұрылыммен және жабдықтармен жабдықталуы тиіс.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі басып шығаруға арналған барлық қажетті жабдықтарды, ауызша аудармашыларға арналған кабиналар мен жабдықтарды, стационарлық компьютерлерді, принтерлерді, камераларды және ДСҰ-ға қажетті басқа да жабдықтарды қамтамасыз етеді.

      3. Аға лауазымды тұлғаның басшылығымен құзыретті инженерлер мен техниктерді қамтитын Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындаған команда осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған инфрақұрылым, жабдық пен көрсетілетін қызметтерді көрсетеді және басқарады. Бұл команда ДСҰ-мен тығыз үйлестікте жұмыс істейді.

5-бап

Қауіпсіздік

      1. Халықаралық құқыққа сәйкес және ең жоғары халықаралық стандарттардың негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ-мен үйлестікте, Конференцияның жұмысына араласпай, осы Келісімде аталған барлық объектілердің, үй-жайлардың және жабдықтардың (қауіпсіз ақпараттық-коммуникациялық желіні қоса алғанда), оның ішінде, Конференцияға арналған үй-жайлар мен іргелес аумақтардың қауіпсіздігін, сақталуын және қол сұғылмауын бұлармен ғана шектелмей қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі дайындық іс-шараларын қоса алғанда, Конференцияға байланысты кез келген ресми қызмет кезеңінде осы Келісімде аталған қонақүйлердің, әуежайдың, барлық көлік құралдарының қауіпсіздігін; сондай-ақ дайындық іс-шараларына қатысатын ДСҰ қызметкерлерін қоса алғанда, Конференцияға байланысты барлық ресми іс-шаралар кезінде, олар Қазақстан Республикасының аумағында болған кез келген уақытта Конференцияның барлық қатысушыларының қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ДСҰ-мен үйлестікте Қазақстан Республикасының Үкіметі қауіпсіздік пен тыныштық атмосферасында қандай да бір араласусыз Конференцияның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Конференция аймағына және оның компьютерлік жабдықтарына авторизацияланған қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі қауіпсіздік органдарының ең жоғары құзыреті мен беделі бар лауазымды адамдарының күшімен қауіпсіздік қызметтерін жүзеге асырады. Мұндай лауазымды тұлғалар ДСҰ-мен тығыз байланыста жұмыс істейді.

6-бап

Қаржылық уағдаластықтар

      1. Конференцияны ұйымдастыру мен өткізуге ДСҰ-ның қаржылық үлесі 1,2 млн. швейцар франкінен аспайды. Осы Келісімнің 2-бабының 8-тармағына сәйкес ДСҰ басқаратын Арнайы нысаналы қор неғұрлым аз дамыған елдерден келген Конференцияға қатысушыларды қамтамасыз ету үшін шығыстарды жабатын болады.

      2. ДСҰ өзінің ішкі ережелері мен саясатына сәйкес осы Келісімде тікелей немесе жанама аталған қызметті қаржыландыру үшін өзінің қаржылық жарнасын 1,2 млн. швейцар франкі мөлшеріндегі сомаға қол жеткізгенге дейін біржақты тәртіппен пайдаланатын болады.

      3. Егер ДСҰ қандай да бір себеппен өзінің Конференцияны ұйымдастыру мен өткізуге қаржылай үлесі 1,2 млн. швейцар франкін артық болады деп есептесе, ДСҰ сұрау салған сәттен бастап бір ай ішінде ДСҰ қажет деп санайтын кез келген аванстық төлемдерді Қазақстан Республикасының Үкіметінен алуға құқылы және Қазақстан Республикасының Үкіметі осымен келіседі. Егер қандай да бір себеппен ДСҰ-ның Конференцияны ұйымдастыру мен өткізуге қаржылай үлесі іс жүзінде 1,2 млн. швейцар франкін артық болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ-дан өтеу туралы хабарлама алған сәттен бастап бір ай ішінде тиесілі айырма мөлшеріндегі соманы ДСҰ-ға толық көлемде өтейді.

      4. ДСҰ "ашық есеп" қағидаты бойынша әрекет ететін болады, яғни Қазақстан Республикасының Үкіметі жазбаша сұрау салу бойынша және қажеттілігіне қарай Конференцияның алдында, өтіп жатқан кезінде және кейін ДСҰ шоттарына қол жеткізе алады. Осы Келісімдегі ештеңе де Қазақстан Республикасының Үкіметіне Конференцияны ұйымдастыру және өткізу мақсатында ДСҰ жүргізген шығыстардың негізділігіне күмән келтіру құқығы ретінде түсіндірілмейді.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ жаба алмайтын барлық шығыстарды өзіне алады және Конференцияны ұйымдастыру мен өткізуге байланысты тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізуге ДСҰ-ға өзінің шарттық келісімдерін уақтылы ұсынады.

7-бап

Жауапкершілік

      1. Егер Конференцияның алдында немесе өтіп жатқан кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Конференция өткізуге немесе белгіленген мерзімде Конференция өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмаса, не Конференцияның күшін жою немесе оны өткізу орнын өзгерту туралы сұрау салса, Қазақстан Республикасының Үкіметі ДСҰ-ның алдында осы Келісімге сәйкес ДСҰ жасаған немесе төлеген барлық шығыстарды, осындай шығыстардың күшін жоюға немесе төмендетуге болмайтындай шамада өтеу бойынша жауапты болады.

      2. Егер ДСҰ Конференцияның күшін жою туралы сұрау салған жағдайда, оның жауапкершілігі оның артықшылықтары мен иммунитеттеріне нұқсан келтірмей, осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағында көрсетілген жалпы қаржылық жарна мөлшерінен аспайды.

      3. Форс-мажорлық жағдайлар бойынша Конференцияны өткізуден бас тартқан жағдайда, Тараптардың ешқайсысы басқа Тараптың төлеген немесе жасаған кез келген шығыстары үшін жауапты болмайды.

8-бап

Зияткерлік меншік

      Конференцияның арнайы веб-сайтын қоса алғанда, ДСҰ-ның атауы, аббревиатурасы, логотиптері, туы, сондай-ақ оның веб-сайттары ДСҰ-ның айрықша меншігі болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі оларды ДСҰ-ның алдын ала жазбаша келісімімен ғана пайдалануы мүмкін.           

9-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісімнің 1-6-баптарында көрсетілген ережелердің әрқайсысы Тараптар ізгі ерік рухында әзірлейтін тиісті уағдаластықтар арқылы іске асырылады.

      2. Осы Келісім Тараптардың жазбаша келісімінсіз өзгертілмейді немесе бұзылмайды. Осы Келісімге кез келген түзету Тараптар арасында дипломатиялық арналар бойынша ноталар алмасу арқылы жүзеге асырылады және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

      3. Осы Келісім екі Тарап қол қойған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аталған барлық немесе оған байланысты қызмет түрлері аяқталғанға дейін әрекет етеді.

      4. Осы Келісіммен қамтылатын қызмет үшін Тараптар арасындағы жұмыс тілі ағылшын тілі болып табылады.     

10-бап

Дауды реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе орындауға байланысты туындайтын кез келген дау дипломатиялық арналар бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ДСҰ арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы өзара келісім негізінде шешіледі.

      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге Тараптардың әрқайсысы үшін бір-бір данадан ағылшын тілінде екі (2) төлнұсқа данада қол қойды.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Дүниежүзілік сауда ұйымыүшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады