"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 қарашадағы № 858 қаулысы.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына, "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды беру мақсатында "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамын кредиттеу үшін "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын кейіннен кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасасуды;

      2) кредиттеудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      3. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісу бойынша) тоқсан сайын, есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 20 қарашадағы
№ 858 қаулысымен
бекітілген

"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды беру мақсатында "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамын кредиттеу үшін "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын кейіннен кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары

      1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) кредит "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында 220 "Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ға кредиттеу" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 6000000000 (алты миллиард) теңге сомасында беріледі;

      2) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 8 (сегіз) жыл мерзімге жылдық 0,1%-ға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;

      3) республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының шотына кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады;

      4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 2 (екі) жылды құрайды;

      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылына 2 (екі) рет жартыжылдық төлемдермен жүзеге асырылады;

      6) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 32 (отыз екі) айдан аспайтын кезеңді құрайтын жеңілдік кезеңі өткен соң тең бөліктермен жүзеге асырады;

      7) бюджеттік кредит берудің мақсаты қарыз алушының "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды беру үшін 8 (сегіз) жыл мерзімге жылдық 0,2% сыйақы мөлшерлемесімен "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамын кейіннен кредиттеу үшін жылдық 0,15% сыйақы мөлшерлемесімен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын кейіннен кредиттеуі болып табылады.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шарттарда белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады