Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитін жүргізуге арналған шарттың жобасы (бұдан әрі – Шарт) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының бірінші қаржы вице-министрі
Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұловқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Шартқа қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 28 қарашадағы № 891 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитiн жүргiзуге арналған шарт
Нұр-Сұлтан қаласы 2019 жылғы
Бұдан әрi "Тапсырыс беруші" деп аталатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 8 мамырдағы № 474 "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жыл сайынғы сыртқы аудитін жүргізу үшін аудиторлық ұйымды таңдау қағидаларын бекіту туралы" қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жыл сайынғы сыртқы аудитін жүргізу үшін аудиторлық ұйымды таңдау қағидаларының 76-тармағына және "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитiн жүргiзуге арналған шарт туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2019 жылғы _______ № _____ қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан әрекет ететін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің атынан Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов бiр тараптан және бұдан әрі "Аудитор" деп аталатын, 2019 жылғы 5 қыркүйектегі № 4 хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорына жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізу үшін тәуелсіз аудиторды таңдау бойынша конкурстық комиссияның шешімімен конкурс жеңімпазы деп танылған, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша аудиторлық ұйым болып табылатын, аудиторлық қызметпен айналысуға Сериясы МФЮ-2 2006 жылғы 13 қыркүйектегі № 0000015 лицензиясы бар және "Қазақстан Республикасы Аудиторлар палатасы" кәсіби аудиторлық ұйымының мүшесі болып табылатын "Делойт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан Жарғы негізінде әрекет ететін Бас директоры Нұрлан Қамашұлы Бекенов мырза екінші тараптан, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар", ал жеке-жеке "Тарап" деп немесе жоғарыда көрсетілгендей аталатындар мына төмендегiлер туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитін жүргізуге арналған шартты (бұдан әрi – Шарт) жасасты.
1. Шарттың нысанасы
1. Аудитор Шарттың және халықаралық аудит стандарттарының талаптарына сәйкес 2019 және 2020 жылдар үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрi – Қор) жылдық қаржылық есептiлігіне аудит (бұдан әрі – аудит) жүргiзуге міндеттенеді, ал Тапсырыс беруші аудит нәтижелерiн қабылдауға және оларға Шартта белгіленген тәртiппен және мерзiмде ақы төлеуге мiндеттенедi.
Аудит нәтижелерi Аудитордың тәуелсiз пiкiрiн бiлдiретiн аудиторлық есеп түрiнде ресiмделедi.
Аудиттің мақсаттары мен мiндеттерi Аудитордың аудиторлық есепте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға және Халықаралық бухгалтерлер федерациясының Халықаралық аудиторлық стандарттар жөніндегі кеңесі әзірлеген стандарттарға ("Халықаралық аудит стандарттары" немесе "ХАС") сәйкес Қордың қаржылық есептiлiгiнің жасалу дұрыстығы мен объективтiлiгi туралы кәсiби қорытынды беруiнен тұрады.
2. Аудитке:
1) Қордың түсiмдерi және оны пайдалану туралы есеп;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Ұлттық қорды сенiмгерлiкпен басқару нәтижелерi туралы жылдық есебi және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқару туралы шартқа сәйкес ұсынылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің Қорды сенiмгерлiкпен басқару жөнiндегі қаржылық есептілігі;
3) Қорды басқару жөніндегі өзге де деректер жатады.
Аудитке жататын құжаттар Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары мен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес аудиторлық есепке қоса берiлуi тиiс.
Аудит халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүргiзiледi және мыналарды:
Қордың қаржылық есептілiгінде қамтылған соманы және өзге де ақпаратты растайтын деректердi iрiктеп тестілеуді;
бухгалтерлiк есептің қағидаттарын және Тапсырыс берушінің басшылығы жасаған негiзгi кемшiлiктердi, сондай-ақ қаржылық есептiлiктi ұсынудың жалпы нысанын бағалауды қамтиды.
Бұдан басқа, Аудитор мынадай:
1) алдыңғы кезеңмен салыстырғанда активтері мен мiндеттемелері туралы есептiң құндық және пайыздық мәндегi баптары өзгерiстерiнің есептелуін қоса алғанда, Қор активтерiнiң сақталуын бағалау;
2) қаржы активтерінің әрбір түрі бойынша табыстылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету мәселесі бойынша талдау;
3) өтімділік көрсеткіштерін есептеуді қоса алғанда, активтердің өтімділігін қамтамасыз етуді талдау;
4) тәуекелдер көрсеткіштерін есептеуді қоса алғанда, активтердің нарықтық құнының өзгеру тәуекелдерін басқару тиімділігі;
5) Қорды басқару тиімділігі, оның ішінде алдыңғы кезеңмен салыстырғанда құндық және пайыздық мәндегі табыстар мен шығындар туралы есепке талдау, сондай-ақ таза активтер табыстылығының, кірістілігінің, жиынтық активтер кірістілігінің коэффициенттерін есептеу жолымен Қордың рентабельділігіне талдау жүргізу;
6) Қордың тұрақтандыру және жинақтаушы қоржындарының құрамы, оның ішінде елдер және қаржы активтерінің түрлері бойынша қоржынның нарықтық құнының пайыздық арақатынасын анықтай отырып, Қордың географиялық шоғырландыру жөніндегі қоржындық инвестицияларының теңгерімдік құнына талдау жүргізу;
7) активтер мен міндеттемелердің әрбір түрі бойынша бағамдық айырмашылықтардан алынатын кірістерді немесе шығындарды көрсете отырып, қоржынның нарықтық құнының айырбас бағамының өзгерістерінен тәуелсіздігінің қамтамасыз етілуін талдау;
8) сыртқы басқарушылар қызметiнiң тиiмдiлігін бағалау, оның iшiнде мыналарды:
әрбір басқарушы генерациялаған жалпы кірістің әрбір басқарушы гонорарына қатынасын есептеу, сондай-ақ әрбір басқарушы генерациялаған таза кірістің (әрбір басқарушыға басқарғаны үшін төленген гонорарды шегергенде жалпы генерацияланған кіріс) осы басқарушының басқаруында тұрған активтердің орташа мәніне қатынасы;
әрбiр сыртқы басқарушының басқаруындағы қаржы активтерiнiң түрi бойынша кiрiстілiкті есептеуді білдіретін қызмет тиiмділiгiнiң коэффициенттерiн көрсете отырып, басқарушылардың тиiмділігiне талдау жүргізу;
9) әрбiр басқарушыдағы активтер мен қоржындық инвестициялардың жалпы құнының пайыздық арақатынасын анықтай отырып, активтердiң басқарушыларға шоғырлануын талдауды қоса алғанда, iрiктелген кастодиандардың жұмысын бағалау;
10) қаржы құралдарының түрлерi бойынша кiрiстiлiктi көрсете отырып, құрылымдық өнiмдердi пайдалану тиiмділігiн бағалау;
11) Қордың орташа айлық нарықтық құны мен сенiмгерлiкпен басқаруға арналған аударымдарды есептеудің дұрыстығын тексеру;
12) мұнай қорларын талдауды – рентабельділік пен пайданы таза активтерге бөлетін негізгі коэффициенттерді есептеуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қорды сенімгерлікпен басқару жөніндегі қызметін басқа елдердің осыған ұқсас қорларының қызметімен салыстырмалы талдау;
13) Қордың эталондық қоржыны индекстерiн қолдану тиiмдiлiгін басқа эталондық қоржындардың индекстерiмен салыстырмалы бағалау;
14) Қор басқарушыларының қызметтерін Ұлттық қордың инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкестiгi тұрғысынан тексеру мәселелері бойынша аудит нәтижелерi бойынша талдамалық есепті (бұдан әрі – талдамалық есеп) ұсынуға мiндеттi.
3. Аудитор аудит нәтижелері бойынша аудитті орындау процесінде тапсырыс берушіге аудитке жататын құжаттарға негізделген, белгіленетін, бухгалтерлік есеп, инвестициялық операцияларды жүзеге асыру, ішкі бақылау тетіктері бойынша нұсқаулықтар мен кемшіліктер көрсетілген хат (бұдан әрі – ақпараттық хат) дайындайды. Ақпараттық хат бухгалтерлік есеп, инвестициялық операцияларды жүзеге асыру, ішкі бақылау тетіктері бойынша кемшіліктер мен ұсынымдар болған жағдайларда ғана ұсынылады.
2. Шарттың құны және ол бойынша ақы төлеу
1. Шарттың жалпы құны 85000000 (сексен бес миллион) теңгенi құрайды.
2. Шарттың 2-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген Шарттың жалпы құны Аудитордың қызметкерлері іс жүзінде жұмсаған уақытқа және олардың мөлшерлемелеріне негізделген Аудитор көрсететін қызметтердің жалпы құнын, ҚҚС және басқа да салықтарды қоса алғанда, Аудитордың Тапсырыс берушіге қызмет көрсетуге байланысты барлық шығыстарын қамтиды.
3. Аудит ақысын төлеу жөнiндегi бюджет:
2019 жылы – 42500000 (қырық екі миллион бес жүз мың) теңге;
2020 жылы – 42500000 (қырық екі миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде шектеледі.
4. Тараптар арасындағы есеп айырысу жыл сайын қол қойылған көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актілерінің және ол берілгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Аудитор берген электрондық шот-фактуралардың негізінде жүзеге асырылады. Төлем Қор қаражаты есебінен жүргізіледі.
5. Тапсырыс беруші бюджет қаражатының бөлінуіне қарай жыл сайын Шарттың 2-бөлімінің 3-тармағында көрсетілген тиісті қаржы жылына көзделген соманың 30 (отыз) пайызы мөлшерінде аванстық төлем аудару жолымен жүргізеді.
3. Шарттың орындалуын қамтамасыз ету
1. Аудитор Шарттың орындалуын қамтамасыз ету түрінде Тапсырыс берушінің шотына кепілге Шарттың 2-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген Шарттың жалпы сомасының 5 (бес) пайызы мөлшерінде 4250000 (төрт миллион екі жүз елу мың) теңгеге тең ақша енгізеді.
2. Шарттың орындалуын қамтамасыз ету түрінде Тапсырыс берушінің шотына Аудитор енгізген ақшаны қайтару Аудитор Шарт бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
3. Егер Аудитор Шарт бойынша өз мiндеттемелерiн орындамаса немесе тиiсiнше орындамаса, онда Тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес енгiзiлген Шарттың орындалуын қамтамасыз етудi ұстап қалады.
4. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Тапсырыс берушінің:
1) Аудитордан аудит жүргізуге қатысты заңнама талаптары туралы толық ақпаратты алуға;
2) Аудитордың ескертулері мен қорытындылары негізделген нормативтік құқықтық актілермен танысуға;
3) Шарттың талаптарына сәйкес Аудитордың міндеттемелерін орындауын талап етуге;
4) Аудитор Шарттың талаптарын бұзған немесе орындамаған жағдайда Аудитордың іс жүзінде көрсеткен қызметтерін төлей отырып, Шартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға;
5) Аудитордың Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан Тапсырыс берушіде туындаған нақты залалдарды өтеуді Аудитордан талап етуге;
6) Аудитордың алдын ала келісімінсіз аудиторлық есепті (аудит жүргізілген Тапсырыс берушінің қаржылық есептілігінің толық жинағымен брошюраланған; өзге ақпаратты қоса бермей) үшінші тұлғаларға беруге құқығы бар. Тапсырыс берушінің сол сияқты Интернет желісіндегі өз веб-сайтына Аудитор ұсынған аудит жүргізілген Тапсырыс берушінің қаржылық есептілігінің толық жинағымен бірге аудиторлық есептің электрондық көшірмесін, ол туралы Аудиторға алдын ала хабарлап орналастыруға құқығы бар, бұл ретте Тапсырыс беруші аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілікке ешқандай өзгерістер енгізбеуге міндеттенеді.
2. Тапсырыс беруші:
1) ХАС-қа сәйкес қол қойылған ұсыным-хатты және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының (бұдан әрі – ХҚЕС) талаптарына сәйкес дайындалған осы Шарттың 1-бөлімі 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген қаржылық есептілікті қоса алғанда, аудит үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы уақтылы және толық көлемде ұсынуға міндетті. Шартқа қол қою сәтінде аудит нәтижесі мен тиісінше ұсыным-хаттың мазмұнын болжау мүмкін емес болғандықтан, Тапсырыс беруші мұндай хатқа ХАС талаптарына сәйкес еркін нысанда қол қояды және оны аудитордың басшылығына жібереді;
2) Аудитке тиісті мәселелердің шеңберін шектеу мақсатында аудитордың қызметіне араласпауға;
3) Қордың активтеріне қатысты нақты, әлеуетті немесе белгілі сот талап-арыздары, талаптар, өзге де талаптар немесе әлеуетті міндеттемелер болған кезде аудиторды осы мәселелер туралы егжей-тегжейлі хабардар етуге (мұндай мәселелер болған кезде және Тапсырыс беруші осы мәселелерде қорға көмек көрсету, консультация беру немесе қорғау үшін кәсіби заңгерлерді тартқан жағдайда, Аудитордың өтініші немесе өз бастамасы бойынша Тапсырыс беруші осындай заңгерлерге Аудиторға көрсетілген сот талап-арыздарына, талаптарды немесе ықтимал міндеттемелерді бағалау, сондай-ақ осындай міндеттемелердің сомасын және олардың қолайсыз шығу ықтималдығын бағалау);
4) Аудиторға жеке келісілген мерзімде аудитордың сұрауы бойынша Қордың қаржылық есептілігіне, бастапқы тізімдемесіне және талдамалы деректеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге;
5) Аудитор жазып берген шот-фактура негізінде аудитор көрсеткен қызметтерге төлемді жүзеге асыруға;
6) аудиторлық есепті және/немесе ақпараттық хатты, көрсетілген құжаттарды ұсынатын тілден кез келген өзге тілге аударманың дұрыстығына қатысты аудитордан консультация алмай аудармауға және/немесе аудару үшін үшінші тұлғаларды тартпауға;
7) Аудитті орындау үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етуге, атап айтқанда:
Тапсырыс берушінің барлық қызметкерлері тарапынан Аудитор қызметкерлеріне жан-жақты көмек көрсетуді қамтамасыз ету, оның ішінде Шарт бойынша қызмет көрсетуге тікелей қатысатын Аудитор мамандарына офистік үй-жай беру бөлігінде;
Аудитордың сұрау салуы бойынша Тапсырыс берушінің қаржылық есептілігіне қолданылатын елеулі есептік мәселелер бойынша Тапсырыс берушінің басшылығы позициясының жазбаша негіздемесін ұсынуға міндетті.
Шарттың 4-бөлімі 2-тармағының 1), 3), 4) және 6) тармақшаларында айтылған әрбір талап аудит жүргізу үшін маңызды шарт болып табылады.
Тапсырыс беруші жоғарыда айтылған шарттардың кез келгенін сақтамаған жағдайда, аудитор бір жақты тәртіппен Шарт бойынша міндеттемелерді орындауды тоқтатуға немесе тапсырыс берушіге тиісті жазбаша хабарламаны, онда бар кемшіліктерді жою үшін жеткілікті мерзімді көрсете отырып жіберіп, міндеттемені орындауды тоқтата тұруға құқылы;
8) Аудиторға Тапсырыс берушінің қаржы-шаруашылық құжаттамасында көрсетілген кез келген мүліктің іс жүзінде болуын тексеру құқығын беруге міндеттенеді. Аудитор сұрау салған қызмет көрсету үшін қажетті ақпаратта және құжаттамада коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің болуы оларды ұсынудан бас тартуға негіз болып табылмайды.
3. Аудитордың:
1) қолданыстағы қазақстандық заңнамаға қайшы келмейтін Аудитордың аудиторлық әдістемесі мен халықаралық аудит стандарттары шеңберінде аудит жүргізудің әдістерін дербес анықтауға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте әртүрлі бейіндегі мамандарды аудит жүргізуге қатыстыруға шарт негізінде тартуға;
3) Қор бойынша оның қаржылық қызметі, ақша сомасының, бағалы қағаздарының болуы туралы құжаттаманы толық көлемде тексеруге, туындаған мәселелер бойынша түсіндірулер және аудиторлық тексеру үшін қажетті қосымша мәліметтер алуға;
4) осы тармақтың 3) тармақшасына қатысты және өзіне, атап айтқанда, бухгалтерлік есеп тіркелімдерін және оларға қатысты деректерді, басшы және қадағалау органдары отырыстарының хаттамаларын, салықтық тексерулердің нәтижелері туралы актілерді, шарттар мен несие келісімдерін, капиталға қатысты нотариаттық актілер мен құжаттарды қамтитын құжаттарды алуға және тексеруге міндетті. Егер бухгалтерлік кітаптар, жазбалар және тексеруге жататын кез келген басқа құжаттама Аудиторға оларды тексеруді жүргізуге мүмкіндік беретін тиісті нысанда жүргізілмеген және/немесе толық көлемде ұсынылмаған жағдайда, Аудитор осы Шарт бойынша қызметтерді аяқтауға және аудиторлық есепті шығаруға дәрмені болмауы мүмкін;
5) Аудитор алаяқтық, алдау, жалғандық, құжаттарды, қаржылық есептілікті бұрмалау фактілерін анықтаған, Аудиторды дәйексіз аудиторлық есепті дайындауға мәжбүр ету мақсатында Тапсырыс беруші оған қысым көрсеткен жағдайларда, Аудитор аудиторлық қызмет туралы заңнамаға және/немесе халықаралық аудит стандарттарына сәйкес растаушы мәліметтерді берген кезде Шарт бойынша көрсетілген қызметтердің нәтижелері бойынша аудиторлық есеп ұсынылмайды.
4. Аудитор:
1) аудиторлық қызмет туралы заңнамаға және халықаралық аудит стандарттарына сәйкес аудит жүргізуге;
2) аудит жүргізу кезінде халықаралық аудит стандарттарының талаптарын орындауды қамтамасыз етуге;
3) аудит барысында алынған және жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Тапсырыс берушінің келісімінсіз олардың мазмұнын жарияламауға;
4) аудит нәтижелерінің, сондай-ақ аудит жүргізу кезінде алынған және коммерциялық немесе заңнамамен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтердің құпиялылығын оның қызметкерлерінің сақтауын қамтамасыз етуге;
5) анықталған қаржылық есептіліктің және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуі туралы тапсырыс берушіге хабарлауға;
6) Шарттың 5-бөлімінің 6-тармағында көрсетілген мерзімде Аудитор, аудит үшін қажетті ақпаратты уақтылы алу шартымен, халықаралық аудит стандарттарының талаптарына сәйкес жасалған аудиторлық есепті (бұдан әрі – аудиторлық есепті), халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес жасалған құжаттама мен қаржылық есептілік жобаларын (бұдан әрі – қаржылық есептілік) тиісті жылдың ақпан айының соңына дейінгі мерзімде және Аудитордың тиісті жылдың 31 наурызына дейін қол қойылған ұсыным-хатты алу шартымен түпкілікті аудиторлық есепті және ақпараттық хатты ұсынуға міндеттенеді.
5. Қызметтерді көрсету
1. Қазақстандық заңнаманың талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүктеледі. Бұл бухгалтерлік есептің тіркелімдерін тиісінше жүргізуді, операциялардың, есептің және есептіліктің қазақстандық заңнаманың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуді, ішкі бақылауды жүзеге асыруды, есеп саясатын тізбекті қолдануды қамтиды.
2. Қаржылық есептілік аудитін аудитор халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүргізетін болады, бұл ретте жеке шоттар, шоттар топтары, операцияларды және жалпы алғанда қаржылық есептілік бойынша жол берілетін қатенің елеулілігін қоса алғанда, Аудитордың аудиторлық әдістемесі қолданылатын болады.
3. Аудит жүргізу процесінің ерекшелігіне байланысты Аудитор халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес дайындалған аудитке жататын қаржылық есептілікте, егер қажетті ақпарат жасырылған немесе аудитордың қарауына берілмеген болса, елеулі қателердің болмауына кепілдік бермейді, бұл аудиттің әдеттегі барысында мұндай қателерді анықтауға мүмкіндік бермейді.
4. Аудитор өз жұмысын Қордың бастапқы құжаттарының негізінде жүзеге асырады және олардың растығына және жарамдылығына, сондай-ақ тапсырыс беруші берген басқа да ақпараттың растығына жауап бермейді. Тапсырыс беруші Аудиторға аудит процесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Аудиторға берген барлық ақпарат дұрыс және бухгалтерлік есептілікте көрініс тапқан болып табылатындығы үшін жауапты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы да қол қойған жазбаша растауды жібереді. Шартты іске асыру процесінде аудитордың қызметкерлері дайындайтын барлық жұмыс құжаттары (есеп айырысулар, сондай-ақ аудиторлық қорытындыны дайындау кезінде пайдаланылатын өзге де ішкі құжаттар) Аудитордың меншігі болып табылады. Қажет болған жағдайда осы құжаттардың көшірмелері Аудитордың шешімі бойынша Тапсырыс берушіге берілуі мүмкін.
5. Тапсырыс беруші анықтайтын жобалар мен түпкілікті қаржылық есептілік, аудиторлық есеп пен талдамалық есеп қағаз тасығыштарда және электрондық мекенжайларға жіберіледі.
6. Аудиторлық есепті және қаржылық есептілiк бойынша талдамалы есепті беру мерзімдері:
1) 2019 жыл үшін:
Аудитордың Тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша аудиторлық есептің жобасын ұсынуы – 2020 жылғы 28 ақпан;
Аудитордың Тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша түпкілікті аудиторлық есепті ұсынуы – 2020 жылғы 31 наурыз;
2) 2020 жыл үшін:
Аудитордың Тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша аудиторлық есеп жобасын ұсынуы – 2021 жылғы 26 ақпан;
Аудитордың Тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша түпкілікті аудиторлық есепті ұсынуы – 2021 жылғы 31 наурыз.
6. Қызметтердi тапсыру-қабылдап алу тәртiбi
1. Аудит аяқталғаннан кейін және талдамалық есепті дайындағаннан кейін Аудитор Тапсырыс берушіге көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдау актісін ұсынады.
2. Тапсырыс беруші қаржылық есептілік бойынша түпкілікті аудиторлық есепті және талдамалы есепті қарауға және қарсылық болмаған кезде 30 (отыз) жұмыс күні ішінде қол қойылған көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдау актісіне немесе қызметтерді қабылдаудан дәлелді бас тартуға қол қоюға және Аудиторға жіберуге міндеттенеді. Егер Аудитор көрсетілген 30 (отыз) жұмыс күні өткеннен кейін Тапсырыс берушіден қол қойылған көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдау актісін немесе оған қол қоюдан дәлелді бас тартуды алмаса, Тараптар көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдау актісі қол қойылды деп саналатынын, ал аудитор көрсеткен және көрсетілген қызметтерді осындай тапсыру-қабылдау актісінде көрсетілген көлемде және шарттарда Тапсырыс беруші қабылдаған аудит деп саналатынын мойындайды.
3. Тапсырыс беруші дәлелді бас тартқан жағдайда, Тараптар қажетті пысықтаулардың және оларды орындау мерзімдерінің тізбесі бар екі жақты актіні жасайды.
4. Тараптар көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдау актісіне қол қойғаннан кейін Аудитор Тапсырыс беруші тапсыру-қабылдау актісіне қол қойған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде ЭШФ АЖ жүйесінде көрсетілген қызметтер үшін Тапсырыс берушіге электрондық шот-фактураны ұсынады.
7. Тараптардың жауапкершілігі
1. Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тараптардың жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
Бұл ретте тараптардың ең үлкен жауапкершілігі Шарттың жалпы құнымен шектеледі.
2. Тараптар өзара жазбаша келісім бойынша Шарт бойынша жауапкершіліктен толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
3. Шарттың 5-бөлімінің 6-тармағында белгіленген мерзімдер бұзылған жағдайда, Аудитордың кінәсінен Тапсырыс беруші Аудитордан аудиторлық есепті ұсыну мерзімі өткен әрбір күн үшін тиісті жылға арналған аудитті төлеу бойынша бюджеттің 0,1% мөлшерінде, бірақ Аудитордың шарт бойынша міндеттемелерді нақты орындаған күніне дейін тиісті жылға арналған аудитті төлеу бойынша бюджеттің 10%-нан аспайтын өсімақы төлеуді талап етуге құқылы. Аудитор, өз кезегінде, Тапсырыс беруші аудит үшін қажетті Шартта көзделген ақпаратты және құжаттаманы уақтылы ұсынбаған жағдайда, Аудитор Шарт талаптарын тиісінше сақтаған жағдайда, өсімпұл төлеуден босатылады.
4. Шарттың ешқандай ережелері Тараптардың заңды мүдделерін қорғау, заңнаманың немесе реттеуші органдардың талаптарын, Шарттың қолданылу мерзімі ішінде Аудитор немесе оның қандай да бір үлестес тұлғалары немесе қызметкерлері мүшелері болып табылатын тиісті кәсіби бірлестіктердің кәсіби немесе әдеп ережелерін сақтау үшін Тараптардың қажетті шараларды қабылдауына кедергі келтірмейді.
5. Аудит көрсету барысында Аудитор Тапсырыс беруші ұсынған құжаттар мен мәліметтерге, сондай-ақ тапсырыс берушінің лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің іс-қимылына, нұсқауларына және түсіндірулеріне сүйенеді.
6. Аудитордың жауапкершілігі аудит көрсету кезіндегі Аудитордың айыпты іс-қимылдары нәтижесінде Тапсырыс беруші тартқан тікелей нақты зиянның мөлшерімен шектеледі. Аудитор аудит көрсету кезіндегі Аудитордың іс-қимылы нәтижесінде туындаған Тапсырыс берушінің жіберіп алған пайдасы үшін Тапсырыс беруші алдында жауапты болмайды. Аудитордың жауапкершілігі жауапкершілік туындатқан Аудиторға іс жүзінде төленген сыйақы сомасы шегінде шектеледі.
7. Егер жауапкершілік Тапсырыс берушінің Аудиторға бұрыс немесе жаңылыстыратын ақпарат беруінің нәтижесіне байланысты болса немесе нәтижесі болып табылса, Аудитор қандай да бір жауапты болмайды.
8. Аудитордың міндеті нәтижесі аудиторлық есеп болып табылатын аудит көрсетумен шектеледі. Аудитор шешім қабылдауға, ұсынымдар енгізуге, нақты нәтижеге қол жеткізуге немесе олар тапсырыс берушінің аудиторлық есепті, ақпараттық хатты және талдамалы есепті алуының нәтижесі болып табылатын-табылмайтынына қарамастан ұқсас іс-қимылдарды жүзеге асыруға тікелей немесе жанама жауапкершілікті өзіне қабылдамайды. Аудитор тапсырыс беруші, оның үлестес тұлғалары, бөлімшелері, сондай-ақ олардың иелері, лауазымды адамдары мен қызметкерлері (егер қолданылса) алдында Аудитордың ұсынымдарын немесе ұсынылған ақпараттық хатта қамтылған ұсынымдарды енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдауға жауапты болмайды.
9. Аудитор аудиторлық есепті, ақпараттық хатты, талдамалық есепті немесе аудит жүргізу барысында ұсынылған Аудитордың өзге де консультацияларын пайдалану нәтижесінде үшінші тұлғаларға (Тапсырыс берушінің үлестес тұлғаларын, бөлімшелерін қоса алғанда, бірақ бұлармен шектелмей) келтірілген залал үшін жауапты болмайды.
10. Шарт Тапсырыс беруші мен Аудитор арасында жасалады. Тек Аудитор кейбір қызметтерді Аудитордың желісіне кіретін тұлғалар Аудиторға ұсынған қызметкерлер көрсетуі мүмкін екеніне қарамастан, Шарт бойынша көрсетілетін барлық қызметтер үшін Тапсырыс беруші алдында жауапты болады.
8. Форс-мажор
1. Тараптар Шарт бойынша міндеттемелерін ішінара немесе толығымен орындамағаны үшін, егер ол форс-мажор жағдайларының нәтижесі болып табылса, жауапкершіліктен босатылады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін "форс-мажор" Тараптардың бақылауына көнбейтін және күтпеген сипаттағы жағдайды білдіреді. Мұндай жағдайлар мыналарды қамтуы мүмкін: соғыс қимылдары, табиғи немесе дүлей апаттар, эпидемия, карантин, мемлекеттік органдардың тыйым салынған актілері және басқалар, бірақ бұлармен шектелмейді.
2. Форс-мажор жағдайларының әрекетіне ұшыраған және осының салдарынан Шарт бойынша міндеттемелерді орындай алмайтын тарап осы туралы екінші тарапты осындай жағдайлар басталған сәттен бастап үш күннен кешіктірмей жазбаша хабарлауға міндетті. Форс-мажор жағдайлары туралы уақтылы хабарламау тарапты ақталу ретінде оларға жүгіну құқығынан айырады.
3. Егер Шарттың 8-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген жағдайлар екі айдан ұзақ жалғасатын болса, тараптардың әрқайсысы Шартты толығымен немесе ішінара бұзуға құқылы. Шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда Тапсырыс беруші Шарттың 2 және 6-бөлімдерінде көрсетілген рәсімдерге сәйкес Аудиторға іс жүзінде жасалған жұмыс үшін ақы төлеуге міндеттенеді.
9. Дауларды шешу
1. Шарттың талаптарынан даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайда бастамашы тарап даудың немесе келіспеушіліктің мән-жайы туралы екінші тарапқа жазбаша түрде хабар беруі тиіс.
2. Тараптар дауларды келіссөздер жолымен реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
3. Туындаған дауларды немесе келіспеушіліктерді тараптар келіссөздер жолымен реттеу мүмкін болмаған жағдайда, даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібінде қаралады.
10. Шарттың қолданылу мерзімі
Шарт Аудитор Шарттың 3-бөлімінің 1-тармағына сәйкес Шартты орындауды қамтамасыз етуді толық енгізген сәттен бастап күшіне енеді және тараптар Шарт бойынша өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін әрекет етеді.
11. Басқа да шарттар
1. Тапсырыс беруші және Аудитор Шарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты құпиялылықты сақтауға міндеттенеді. Құпия болып табылатын ақпараттар мен құжаттамалар тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптардың келісімі бойынша белгіленеді.
2. Аудиторға берілген немесе ол аудитті жүзеге асыруға байланысты алған құпия ақпаратты басқа адамдарға ауызша да, жазбаша да нысанда таратуға болмайды. Бұл ақпаратты ашу Тапсырыс берушінің осыған алдын ала рұқсатын алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Тараптар Шарт бойынша өз міндеттемелерін толығымен де, ішінара да екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз әлдекімге бермеуі тиіс.
4. Жазбаша нысанда ресімделген және екі Тарап қол қойған және оларды жасасқанда Шартты жасасқан кезде жасалған рәсімдер сақталған жағдайда ғана Шартқа барлық өзгерістер мен толықтырулар жарамды. Тиісті түрде ресімделген өзгерістер мен толықтырулар Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
5. Шарт тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан, мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт данада жасалды, бұл ретте барлық даналардың бірдей заңды күші бар. Шарттың ережелерін әртүрлі түсіндіруден туындайтын келіспеушіліктер болған жағдайда Шарттың орысша мәтіні қолданылады.
6. Шартты орындау барысында Аудитор дайындаған барлық жұмыс құжаттамасы Аудитордың меншігі болып табылады, ол оны өзінің қағидаларына, рәсімдеріне, сондай-ақ қолданылатын заңнаманың талаптарына сәйкес сақтайды.
7. Осы шарттың мақсаты үшін "Делойт өкілдері" - Делойттың атынан Делойт қауымдастығының кез келген басқа мүше фирмалары және осындай мүше фирмалардың барлық әріптестерін, директорларын, қызметкерлері мен агенттерін және бақылаушы фирмаларын немесе бақылаушы тұлғаларын қоса алғанда, осындай мүше фирмалар бақылайтын барлық тұлғалар уағдаласушы Тарап, ал "Делойт өкілі" көрсетілген тұлғалардың кез келгенін білдіреді.
Тапсырыс беруші Аудитордың өз қалауынша:
1) қызмет көрсету нәтижесінде Делойт Төрағаларына талап қойылған немесе талап қою қаупі болған жағдайда Аудитор сақтандырушыларына, заң (кәсіби) консультанттарына және Делойт Төрағаларына құпиялықты сақтау бойынша сондай міндеттемелер қолданылған шартта оларға ақпаратты жария етуге;
2) осы ақпаратқа да осындай құпиялылықты сақтау кепілдігі қолданылатын шартта қызмет көрсету, қаржылық есептіліктің сапасына немесе нормативтік-құқықтық сәйкестігіне, қойылатын талаптардың сақталуына тексеру жүргізу, клиентпен ынтымақтастық туралы шешім қабылдау және жобаны орындау рәсімдерін үйлестіру, сондай-ақ тәуелсіздік қағидатының сақталуы тұрғысынан және мүдделер қақтығысының болуы тұрғысынан тексеру жүргізу үшін қажетті шамада Делойт өкілдеріне жұмыс материалдарын немесе басқа да ақпаратты жария етуге;
3) аудитордың қызметін жүзеге асыруын жеңілдету мақсатында, оның ішінде бухгалтерлік және статистикалық есепті жүргізу, ішкі мақұлдауды алу және т.б. үшін жоба туралы базалық мәліметтерді білдіретін жұмыс материалдарынан басқа, ақпаратты, мысалы, тапсырыс берушінің атауы, байланыс ақпараты, көрсетілетін қызметтерге байланысты қаржылық ақпаратты Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан, аудитордың басқа өкілдерінің немесе аудитордың осындай өкілдері тартқан, ақпараттық технологиялармен шұғылданатын, құпиялылықтың сақталуы жөніндегі міндеттемелер оларға да қолданылатын компаниялардың бақылауындағы және басқаруындағы орталық ақпараттық орталықта өңдеу үшін беруге құқығы бар екенін растайды.
8. Аудитор ауызша, сол сияқты заттай нысанда көрсетілген қызметтері нәтижесінде алынған өнімге авторлық құқығын және барлық басқа да зияткерлік меншік құқықтарын, сондай-ақ аудитордың жұмыс материалдарына меншіктік құқығын өзіне қалдырады. Тапсырыс беруші осындай өнімге қатысты қызметтердің құнын төлеу фактісі бойынша қызметтердің өнімінің кез келген заттай нысанына меншік иесі құқығын алады. Тапсырыс берушіге немесе өзге де клиенттерге қызмет көрсету мақсатында аудитор мен Делойт өкілдері қызмет көрсету процесінде алған кез келген білімді, тәжірибені және жалпы сипаттағы кәсіби дағдыларды пайдалануға және тереңдетуге және олармен өзара алмасуға құқылы.
9. Тараптардың ешқайсысы өзге Тараптың атауы мен тауарлық белгілерін осындай Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз пайдаланбайды. Бұл ретте Тапсырыс беруші Аудиторға, сондай-ақ Аудитордың желісіне кіретін тұлғаларға Тапсырыс берушінің атауына, тауарлық белгіге және/немесе ұсыныстарда және ұқсас маркетингтік материалдарда аудиттің жалпы сипаттамасына сілтеме жасауға рұқсат береді.
10. Құпия ақпаратты жарияламау жөніндегі міндеттеме Шартқа қол қойған күннен бастап 84 (сексен төрт) ай ішінде қолданыста болады.
11. Аудитор Тапсырыс берушіден алған құпия ақпаратты Тапсырыс берушінің келісімі бойынша аудитордың желісіне кіретін кез келген тұлғаға ашуға құқылы. Мұндай тұлғалар Шарттың талаптарына сәйкес оны пайдаланатын болады.
12. Шарт бір жақты тәртіппен бір Тараптың екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу жолымен бұзылады. Мұндай хабарламада Шартты бұзу күні (бұдан әрі – бұзу күні) көрсетілуі тиіс, бұл ретте бір жақты бұзу туралы хабарламаны бұзу күніне дейін кемінде 20 (жиырма) банктік күн бұрын өзге Тарап алуы тиіс. Шарт бұзу күнінен бастап не егер хабарлама Шарт бұзу күніне дейін 20 (жиырма) банктік күннен ерте алынған болса, Шартты бір жақты тәртіппен бұзу туралы жазбаша хабарламаны өзге Тараптың алған күнінен бастап 20 (жиырма) банктік күн өтуі бойынша бұзылды деп есептеледі. Бұл ретте Тапсырыс беруші аудитор іс жүзінде көрсеткен қызметтердің ақысын төлеуге міндетті.
12. Тараптардың заңды мекенжайлары және деректемелері:
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан |
"Делойт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен |