"КИМЭП университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакетін тікелей атаулы сату туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 желтоқсандағы № 898 қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 22.07.2020 № 463 қаулысымен.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 105-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "КИМЭП университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының жарғылық капиталының 40 (қырық) проценті мөлшеріндегі мемлекеттік акциялар пакетін "Бэнгтің білім беру қоры" қоғамдық қорына (бұдан әрі – стратегиялық инвестор) тікелей атаулы сату жүзеге асырылсын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 22.07.2020 № 463 қаулысымен.

      2. Стратегиялық инвесторға:

      1) 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде 70000000 (жетпіс миллион) теңге мөлшерінде инвестициялар енгізу;

      2) 2021 – 2026 жылдар аралығындағы кезеңде жылына түлектердің орташа саны 500 (бес жүз) адамнан кем болмауын қамтамасыз ету;

      3) 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін қызмет бейінін сақтау;

      4) 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмыс орындарын сақтау;

      5) 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін штат санының кемінде үштен екісін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлермен қамтамасыз ету;

      6) 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін кредиторлық берешекті өтеу;

      7) 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалақының уақтылы төленуін қамтамасыз ету;

      8) мәмілелер жасасуды (қайта сату, кепілге қою, басқаруға беру мен басқалары) шектеу және (немесе) жекешелендіру объектісіне қатысты 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгілі бір әрекеттерге тыйым салу жөніндегі міндеттемелер белгіленсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.08.2021 № 519 қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыны іске асыру бойынша шаралар қабылдасын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады