Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 956 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Шәкизатұлы Нұрышевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.04.2024 № 256 қаулысымен.

      3. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 11 қарашадағы № 698 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 20 желтоқсандағы
№ 956 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен осы Келісімді жасасуға Қытай Халық Республикасының Орталық Халық Үкіметі тиісті түрде уәкілеттік берген Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының (бұдан әрі – "Макао арнайы әкімшілік ауданы" деп аталады) Үкіметі,

      Қазақстан Республикасы мен Макао арнайы әкімшілік ауданы арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,

      Қазақстан Республикасының азаматтары мен Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындарының жол жүру шарттарын жеңілдетуге тілек білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін "жол жүру құжаты" мыналарды білдіреді:

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:

      жарамды дипломатиялық паспорт,

      жарамды қызметтік паспорт,

      Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты.

      2. Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындары үшін:

      Макао арнайы әкімшілік ауданының жарамды паспорты.

2-бап

      1. Жол жүру құжаттары бар және Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға, оқуға немесе тұруға ниеті жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағына визасыз кіре алады, шыға алады, транзитпен өте алады және онда бола алады. Осындай әрбір болудың мерзімі күнтізбелік он төрт (14) күннен аспайды.

      2. Жол жүру құжаттары бар және Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға, оқуға немесе тұруға ниеті жоқ Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағына визасыз кіре алады, одан шыға алады, транзитпен өте алады және онда бола алады. Осындай әрбір болудың мерзімі күнтізбелік он төрт
(14) күннен аспайды.

3-бап

      1. Жол жүру құжаттары бар және Макао арнайы әкімшілік ауданы аумағына жұмыс істеу, кәсіби қызметті жүзеге асыру, оқу және болу мақсатында осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында көзделген мерзімнен асатын кезеңге кіруге тілек білдіретін Қазақстан Республикасының азаматтары Макао арнайы әкімшілік ауданының құқықтық нормаларына сәйкес құзыретті органдарынан виза алуы тиіс.

      2. Жол жүру құжаттары бар және Қазақстан Республикасының аумағына жұмыс істеу, кәсіби қызметті жүзеге асыру, оқу және болу мақсатында осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көзделген мерзімнен асатын кезеңге кіруге тілек білдіретін Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының құқықтық нормаларына сәйкес құзыретті органдарынан виза алуы тиіс.

4-бап

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағында жүрген уақытында жол жүру құжаттарын жоғалтқан немесе олар бүлінген кезде Макао арнайы әкімшілік ауданының құзыретті органдарын және Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы консулдық мекемесін бұл туралы дереу хабардар етуі тиіс.

      2. Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағында жүрген уақытта жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасына қайтуға құқық беретін Қазақстан Республикасына қайта оралу куәлігі ретінде танымал уақытша құжат негізінде Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағынан тыс жерге шығуға және Қазақстан Республикасына қайтуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ Макао арнайы әкімшілік ауданының құзыретті органдарының тиісті рұқсаты алынуы тиіс.

      3. Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағында жүрген уақытта жол жүру құжаттарын жоғалтқан немесе олар бүлінген кезде Қазақстан Республикасының құзыретті органдарын және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясын немесе консулдық мекемесін бұл туралы дереу хабардар етуі тиіс.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген уақытта жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындарына Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясы немесе консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және Макао арнайы әкімшілік ауданына қайтуға құқық беретін Қытай Халық Республикасының жол жүру құжаты ретінде танымал уақытша құжат негізінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығуға және Макао арнайы әкімшілік ауданына қайтуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының тиісті рұқсаты алынуы тиіс.

5-бап

      Осы Келісімнің 2 және 3-баптарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын және Макао арнайы әкімшілік ауданының шекарасын халықаралық жолаушылар қатынастары үшін ашылған шекаралық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптардың бірінің осы Келісімнің 1-бабында аталған жол жүру құжаттарының иелері айрықша мән-жайларға (науқастану немесе дүлей апат сияқты) орай екінші Уағдаласушы Тараптың аумағынан осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген мерзімде кетуге мүмкіндігі болмаған және мұндай мән-жайларға құжаттамалық немесе өзге дәлелдері бар болған жағдайда, өзінің екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында болуын ұзартуға рұқсат алу үшін тиісті органдарға жүгіне алады.

7-бап

      1. Қазақстан Республикасының құзыретті органдары болуын қолайсыз деп санайтын тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына келуінен бас тарту немесе болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.

      2. Макао арнайы әкімшілік ауданының құзыретті органдары болуын қолайсыз деп санайтын тұлғалардың Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағына келуінен бас тарту немесе болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.

8-бап

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағында болған кезде Макао арнайы әкімшілік ауданының аумағында қолданылатын заңдар мен қағидаларды сақтауға міндетті.

      2. Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын заңдар мен қағидаларды сақтауға міндетті.

9-бап

      1. Уағдаласушы Тараптар ұлттық немесе қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе халық денсаулығына төнетін қауіпті болдырмау үшін осы Келісімнің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы. Уағдаласушы Тараптар мұндай шешім туралы осы Келісімнің қолданысы тоқтатыла тұрғанға дейін жетпіс екі (72) сағаттан кешіктірмей бірін-бірі жазбаша түрде хабардар етеді.

      2. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұрудың тоқтатылғаны туралы бірін-бірі жазбаша түрде дереу хабардар етеді.

10-бап

      1. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге қол қойылғаннан кейін күнтізбелік отыз (30) күннен кешіктірмей жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.

      2. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары жол жүру құжаттарына қатысты кез келген өзгерістер туралы аталған өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз (30) күннен кешіктірмей бірін-бірі жазбаша түрде хабардар етеді және бір мезгілде бір-біріне өзгертілген жол жүру құжаттарының үлгілерін береді.

      3. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген уақытша құжаттарға қатысты ақпаратпен жазбаша түрде алмасады.

11-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты мәселелер бойынша Уағдаласушы Тараптар арасындағы кез келген даулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

12-бап

      1. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісім өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.

      2. Келісілген өзгерістер немесе толықтырулар осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар қолданатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бірінің екінші Уағдаласушы Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап жүз сексен (180) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      20 __ жылғы "___" ____________ ___________ әрқайсысы қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңМакао арнайы әкімшілік ауданының

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады