Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Нұртілеу Мұрат Әбуғалиұлына Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.04.2024 № 280 қаулысымен.3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 957 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі
екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
1999 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шарттың және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізінде,
екі мемлекет азаматтарының сапарлары мен болу тәртібін құқықтық реттеу мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1. Тараптар мемлекеттері азаматтарының тұратын жеріне қарамастан, осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген жарамды құжаттардың біреуімен келу мемлекетінің мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу мерзімі, егер бұл Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген болса, ұзартылуы мүмкін.
1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болатын бір Тарап мемлекетінің азаматтары келу мемлекетінің құзыретті органдарында күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде тіркелу (болатын жері бойынша есепке қою) міндетінен босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақытша болу мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу кезінде қойылған шекаралық бақылау органдарының белгісімен немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген кезде паспортына шекаралық бақылау органдары қойған белгімен расталған, бір Тарап мемлекеті азаматының екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген күнінен бастап есептеледі.
3. Бір Тарап мемлекетінің азаматы екінші Тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік 30 (отыз) күннен артық болған жағдайда, егер бұл келу мемлекетінің заңнамасында көзделген болса, аталған азамат осы мемлекеттің құзыретті органдарында тіркелуге (болатын жері бойынша есепке тұруға) міндетті.
4. Егер бір Тарап мемлекетінің азаматтары осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген, мемлекеттік шекараны кесіп өту туралы белгі қоюға мүмкіндік беретін қандай да бір жарамды жол жүру құжатымен екінші Тарап мемлекетінің аумағына келсе, олардың болу уақыты келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспаған кезде, егер мұндай міндеттеме келу мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленсе, олар көші-қон картасын (парағын) қолданудан босатылады.
1. Осы Келісімге сәйкес мыналар:
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
дипломатиялық паспорт;
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
қызметтік паспорт;
теңізшінің жеке куәлігі (кеме рөлi немесе одан үзiндi көшiрме болған кезде);
Қазақстан Республикасына қайтып оралуға арналған куәлік (тек Қазақстан Республикасына қайтып оралу үшін).
Армения Республикасының азаматтары үшін:
Армения Республикасы азаматының паспорты;
дипломатиялық паспорт;
Армения Республикасы азаматының сәйкестендіру картасы;
Армения Республикасына қайтып оралуға арналған куәлік (тек Армения Республикасына қайтып оралу үшін) шетелге жол жүруге арналған жарамды жол жүру құжаттары болып табылады.
2. Тараптар осы Келісімнің 11-бабында көзделген, Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткенге дейін жарамды жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.
3. Тараптар жаңа жол жүру құжаттарын қолданысқа енгізу, сондай-ақ қолданыстағы құжаттардың өзгерістері туралы дипломатиялық арналар арқылы ноталар алмасу жолымен уақытында хабардар ететін болады.
Тараптар аталған құжаттар қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей осы құжаттардың үлгілерімен алмасады.
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары халықаралық жолаушылар тасымалына арналған шекаралық пункттерде екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы келе алады, кете алады және транзитпен өте алады.
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекетінің аумағында болмағаны жөн деп есептелетін екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуінен бас тарту немесе кері қайтару жөнінде шаралар қабылдау құқығын шектемейді.
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген құжаттарды екінші Тарап мемлекетінің аумағында жоғалтқан жағдайда, бұл туралы өзі болатын мемлекеттің құзыретті органдарына хабарлауға міндетті, олар құжаттардың жоғалғаны туралы өтінішті растайтын анықтама береді.
2. Тараптар мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері өз азаматтарына осы Келісімнің 3-бабында аталған, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өз мемлекетіне қайтып оралуға арналған жол жүру құжатын беретін болады.
Тараптар осы өзгерістер күшіне енгізілгенге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, өз мемлекеттерінің аумақтарына келу, онда болу және кету шарттарының өзгерістері туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.
Тараптар өзара келісу бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы реттеледі.
1. Тараптардың әрқайсысының, егер бұл мемлекеттің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті немесе өз мемлекеті халқының денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін қажет болса, осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Тараптар осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қабылдау және олардың күшін жою туралы мұндай шешім қабылдағанға дейін күнтізбелік 15 күн бұрын бір-біріне дереу хабарлайтын болады.
3. Осы Келісім қолданысының толық немесе ішінара тоқтатыла тұруы осы Келісімнің ережелеріне сәйкес бір Тарап мемлекетінің аумағында жүрген Тараптар мемлекеттері азаматтарының болу тәртібіне қолданылмайды.
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісім өз қолданысын тоқтатады.
3. Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етіп, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткеннен кейін Келісім қолданысын тоқтатады.
20___ жылғы "___" ___________ _________________ қаласында әрқайсысы қазақ, армян және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Армения РеспубликасыныңҮкіметі үшін |