Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды әкелу және әкету тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 146 қаулысы.

      "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды әкелу және әкету тәртібі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 27 наурыздағы
№ 146 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды әкелу және әкету тәртібі

      1. Осы Қазақстан Республикасынының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды әкелу және әкету Тәртібі "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібін (бұдан әрі – Тәртіп) айқындайды және Қазақстан Республикасындағы дағдарысты жағдайлар кезеңінде әрекет етеді.

      2. Осы Тәртіптің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарлар деп төтенше жағдай режимі қолданылатын кезеңде әлеуметтік, медициналық маңызы жоғары, оларға қатысты ішкі бағалардың өсу, ішкі нарықта сындарлы жетіспеу тәуекелі жоғары, шұғыл медициналық көмек көрсету, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау үшін қажетті тауарлар (бұдан әрі – тауарлар) түсініледі.

      3. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) кедендік әкелу немесе әкету баждары мөлшерлемелерінің мөлшерін өзгерту немесе тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына/аумағынан әкелуге/әкетуге тыйым салу жөнінде, сондай-ақ "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген Қазақстан Республикасының сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеудің басқа да шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар енгізеді, мына экономикалық негіздемелерді қоса береді:

      1) қарастырылып отырған тауарлармен ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі;

      2) ішкі өндіріс;

      3) жалпы тұтыну көлеміндегі осындай тауарлар импортының үлесі;

      4) ішкі және сыртқы нарықтардағы осындай тауарлар бағасының серпіні.

      4. Уәкілетті орган орталық мемлекеттік органдардың кедендік әкелу немесе әкету баждары мөлшерлемелерінің көлемін өзгерту немесе тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеудің басқа да шараларын қолдану жөніндегі ұсыныстарын екі жұмыс күні ішінде "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 285 Жарлығына сәйкес құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) қарауына шығарады.

      5. Мемлекеттік комиссия ұсыныстарды қарайды және мына шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) кедендік әкелу немесе әкету баждары мөлшерлемелерінің көлемін өзгертуді мақұлдау не одан бас тарту туралы;

      2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салуды мақұлдау не одан бас тарту туралы;

      3) Қазақстан Республикасының сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеудің басқа да шараларын қолдануды мақұлдау не одан бас тарту туралы.

      6. Мемлекеттік комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда уәкілетті орган кедендік баждар мөлшерлемелерінің көлемін өзгерту жөніндегі, кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеудің басқа да шараларын қолдану туралы актіні әзірлейді, ал орталық мемлекеттік органдар құзыреті шегінде тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салуды және тарифтік емес реттеудің басқа да шараларын енгізу жөніндегі актіні әзірлейді.

      7. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі нормативтік құқықтық акт келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оны мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады.

      8. Кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін өзгерту туралы акт қабылданған жағдайда уәкілетті орган күнтізбелік 10 күн ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияны және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді нормативтік құқықтық актінің қабылданғаны туралы хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады