Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Колумбия Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 мамырдағы № 335 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2019 жылғы 6 желтоқсанда Боготада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Колумбия Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

      Ескерту. Нормативтік құқықтық актіге қоса тіркелген халықаралық келісімнің мәтіні ресми болып табылмайды. ҚР халықаралық келісімінің жасасқан тілдердегі ресми куәландырылған көшірмесін ҚР халықаралық келісімдерін тіркеуге, есептеуге және сақтауға жауапты ҚР Сыртқы істер министрлігінен алуға болады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 29 мамырдағы
№ 335 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Колумбия Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Колумбия Республикасының Үкіметі;

      Тараптар арасындағы екі жақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу мақсатында;

      екі Тарап мемлекеттерінің дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттары иелерінің сапарларын жеңілдетуге мүдделілігін ескере отырып;

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Қазақстан Республикасының жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттарының иелеріне және Колумбия Республикасының жарамды дипломатиялық және ресми паспорттарының иелеріне олар бірінші келген күнінен бастап 180 (бір жүз сексен) күн ішінде визасыз күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге екінші Тараптың аумағына келуге, онда болуға, транзитпен жүруге және одан кетуге рұқсат етіледі.

      2. Егер Тараптардың кез келгенінің жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттарының иелері күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен асатын мерзімге екінші Тараптың аумағында болуға ниет білдірсе, олар қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес виза алуы қажет.

2-бап

      1. Екінші Тараптың аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктің, консулдық мекеменің немесе халықаралық ұйымның миссиясының мүшелері ретінде тағайындалған адамдарға және олармен бірге тұратын, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттары бар және Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелген отбасы мүшелеріне екінші Тараптың аумағына кіру үшін виза алу талап етілмейді.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды тиісті Сыртқы істер министрлігі немесе тиісті құзыретті орган өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес олар қабылдаушы Тараптың аумағына кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде аккредиттейді.

      3. Колумбия Республикасының аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдікте, консулдық мекемеде немесе халықаралық ұйымның миссиясында жұмыс істеу үшін тағайындалған, осы баптың 1-тармағында аталған паспорттардың иелері өздерінің ресми миссиясы мерзімінің ішінде преференциялық визасыз кіруді жүзеге асырады.

      4. Әрбір Тарап қабылдаушы Тараптың аумағына келгенге дейін 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық өкілдік, консулдық мекеме немесе халықаралық ұйым қызметкерінің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің тағайындалғаны және келуі туралы Сыртқы істер министрлігін хабардар етуге тиіс.

3-бап

      1. Жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, оның аумағында болған бүкіл мерзім ішінде екінші Тараптың ұлттық заңнамасын сақтайды.

      2. Тараптардың кез келгені берген жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес халықаралық қатынас үшін ашық мемлекеттік шекарадағы арнайы белгіленген өткізу пункттері арқылы екінші Тараптың аумағына келеді, транзитпен жүреді және одан кетеді.

4-бап

      Әрбір Тарап қоғамдық тәртіпті, қоғамдық денсаулықты немесе ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 1 және 2-баптарда көрсетілген адамдардың өз аумағына келуінен бас тарту немесе онда болуын қысқарту құқығын өзіне қалдырады.

5-бап

      Осы Келісімде көрсетілген адам екінші Тараптың аумағында дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспортты жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме бұл туралы тиісті шаралар қабылдау үшін қабылдаушы Тараптың тиісті органдарын дереу хабардар етеді.

6-бап

      1. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген қолданыстағы паспорттардың дәйекті үлгілерімен алмасады.

      2. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген паспорттардың жаңа немесе өзгертілген үлгілері туралы оларды қолданғанға дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей ақпарат алмасады.

7-бап

      1. Тараптардың кез келгені қоғамдық тәртіпті, қоғамдық денсаулықты немесе ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кез келген уақытта осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата алады.

      2. Әрбір Тарап осындай шешім күшіне енгенге дейін 5 (бес) күнтізбелік күннен кешіктірмей осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарлайды.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің қолданысы тоқтатыла тұрған сәтте екінші Тараптың аумағында жүрген, осы Келісімде көрсетілген жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттар иелерінің құқықтарын қозғамайды.

      4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шараларды ұсынған Тарап екінші Тарапты осындай шешім күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей қолданысын тоқтата тұру жөніндегі шаралардың күшін жою туралы дипломатиялық арналар арқылы тиісті түрде хабардар етеді.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

10-бап

      1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді, ол арқылы Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы бірін-бірі хабардар етеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      3. Тараптардың кез келгені кез келген уақытта екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осындай ниетке дейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кешіктірмей жазбаша хабарлама жіберу арқылы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы шешімі туралы мәлімдей алады.

      2019 жылы 6 желтоқсанда Богота қаласында қазақ, испан және ағылшын тілдерінде екі данадан жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күші болады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
_________________
Колумбия Республикасының Үкіметі үшін
__________________


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады