Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 15.12.2023 № 1128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн субсидияланатын авиамаршруттарға арналған конкурс өткізу және субсидияланатын авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларын бекіту туралы және "Авиамаршруттарды субсидиялау қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1511 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 қаңтардағы № 69 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 13, 241-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн субсидияланатын авиамаршруттарға арналған конкурс өткізу және субсидияланатын авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларында:
15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Қосымша бюджет қаражатын бөлу немесе бюджеттік бағдарлама бойынша қаражат үнемделген жағдайларды қоспағанда, конкурс келесі есепті жылдың басынан кешіктірілмей жылына 1 рет өткізіледі.
Қосымша бюджет қаражаты бөлінген немесе бюджеттік бағдарлама бойынша қаражат үнемделген жағдайда екінші конкурс өткізіледі.
Екінші конкурс азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындаған авиамаршруттар бойынша жүргізіледі.
16. Конкурс өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін конкурсты ұйымдастырушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында конкурс өткізу басталғанға дейін күнтізбелік 15 күн бұрын, конкурс қайталап өткізілген жағдайда қайталама конкурсты өткізу басталғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру орналастырады.
Екінші конкурс өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін конкурсты ұйымдастырушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында конкурс өткізу басталғанға дейін күнтізбелік 5 күн бұрын, конкурс қайталап өткізілген жағдайда қайталама конкурсты өткізу басталғанға дейін күнтізбелік 3 күн бұрын конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру орналастырады.";
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысу үшін қарауға қабылданған конкурстық ұсыныстарды бағалайды, салыстырады және конкурсқа шығарылған субсидияланатын авиамаршруттар бойынша жиіліктердің ең көбін ұсынған конкурс жеңімпазын айқындайды. Егер конкурсқа қатысушылар ұсынған жиіліктер саны тең болса, онда маршрутта тасымалдау сыйымдылығының жоғары санын ұсынған қатысушыға басымдық беріледі. Тасымалдау сыйымдылығы тең болған кезде басымдық өтінім берілген әуе кемелерінің шығарылған орташа мерзімі кейінірек авиакомпанияларға беріледі.
Әрбір субсидияланатын авиамаршрут бойынша бір ғана жеңімпаз айқындалады.
Екінші конкурс өткізілген жағдайда әрбір субсидияланатын авиамаршрут бойынша бір ғана жеңімпаз анықталады.";
37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"37. Конкурс жеңімпазы тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісімен шарт жасасудан бас тартқан кезде комиссия тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісінің өтінішхаты бойынша конкурсқа қатысқан, конкурстық ұсынысы конкурс жеңімпазынан (жеңімпаздарынан) кейін неғұрлым үздік болып бағаланған авиакомпаниямен шарт жасасу туралы келіссөздерді бастайды.
Конкурсқа қатысқан, конкурстық ұсыныстары конкурс жеңімпазынан кейін неғұрлым үздік болып бағаланған авиакомпания тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісімен шарт жасасудан бас тартқан жағдайда, сондай-ақ егер авиамаршрутқа конкурсқа қатысушылардың екіден кем өтінімі ұсынылса, онда аталған авиамаршрут бойынша конкурс өтпеді деп танылады.
Екінші конкурс өткізілген жағдайда және конкурсқа қатысатын жалғыз қатысушы осы Қағидаларда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда аталған конкурс өтті деп саналады.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |