Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Cауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 18 тамыздағы № 522 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2006 жылғы 29 қарашада Амманда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Cауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Ескерту. Нормативтік
  құқықтық актіге қоса тіркелген
  халықаралық Келісімнің мәтіні ресми болып табылмайды.
ҚР халықаралық
  Келісімінің жасасқан тілдердегі ресми куәландырылған көшірмесін ҚР
  халықаралық Келісімдерін тіркеуге, есептеуге және сақтауға жауапты ҚР
  Сыртқы істер министрлігінен
  алуға болады
  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің 2020 жылғы
18 тамыздағы № 522 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі,

      екі ел халықтарының арасындағы дәстүрлі достық қатынастарын нығайтуға және теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарының негізінде екі жақты сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға ниет білдіре отырып,

      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар екі жақты сауданы дамыту үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды және бұл үшін өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және жалпылай танылған халықаралық құқық нормаларына сәйкес барлық жағдайларды жасайды.

2-бап

      1. Тараптар сауда ынтымақтастығын дамыту үшін өзара тиімді жағдайлар жасау мақсатында бір-біріне мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мыналарға:

      a) экспортқа және/немесе импортқа салынатын кеден баждарына және басқа да алымдарына;

      b) кедендік тазартуды, транзитті, қоймаға жинауды және қайта тиеуді қоса алғанда, импорт пен экспортқа қатысты ережелерге және ресмиліктерге;

      c) импортталатын тауарларға қатысты қолданылатын салықтарға және басқа ішкі алымдарға;

      d) өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес экспортқа және/немесе импортқа лицензияларды беруге қатысты барлық мәселелер бойынша неғұрлым қолайлы ұлттық режим ұсынады.

      2. Неғұрлым қолайлы режимі мыналарды қамтымайды:

      a) шекара маңы саудасын және тасымалдауды жеңілдету үшін Тараптардың бірінің көршілес мемлекеттерге беретін артықшылықтар;

      b) Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің кеден одағындағы, еркін сауда аймағындағы немесе сауда-экономикалық қатынастың өзге нысандарындағы мүшелілігінің негізінде үшінші мемлекетке ұсынатын артықшылығы.

3-бап

      Тауарлардың экспорты және/немесе импорты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің жеке және заңды тұлғаларының арасында жасалған келісімшарттардың талаптары бойынша жасалады. Бұл ретте Тараптар мемлекеттерінің жеке және заңды тұлғаларының арасында жасалған келісімшарттардан туындайтын міндеттемелер бойынша Тараптар жауап бермейді.

4-бап

      Тараптар арасындағы сауда ынтымақтастығының нәтижесіндегі барлық есеп айырысулар, төлемдер мен аударымдар еркін айырбасталатын валютада, егер Тарап өзгеше келіспесе, Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және халықаралық тәжірибеге сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап

      Тараптар сыртқы сауда қызметін реттейтін саладағы Тараптар мемлекеттерінде қолданылатын ұлттық заңнама туралы ақпаратпен жүйелі түрде алмасады.

6-бап

      Екі жақты сауда қатынастарының тарифтік және тарифтік емес ережелерін іске асыру, статистикалық ақпаратпен алмасу, кедендік ресмиліктерді іске асыру мақсатында Тараптар 1983 жылғы 14 маусымда Брюссельде жасалған Тауарларды сипаттау және кодтаудың үйлестірілген жүйесі туралы халықаралық конвенцияны қолдануға келісті.

7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларының шеңберінде Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында сауда жәрмеңкелерін, көрмелерді ұйымдастыруға және жүргізуге жәрдем көрсетеді, сондай-ақ сауда делегацияларының сапарларын жүргізуге жәрдемдеседі.

      Әрбір Тарап Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көрме үлгілерін және осындай жәрмеңкелерге, көрмелерге және басқа да осыған ұқсас көрме мақсаттарына арналған екінші Тарап уақытша әкелетін тауарлардың үлгілерін кеден баждары мен салықтарынан босатады.

8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, сондай-ақ олар қатысушылары болып табылатын халықаралық келісімдерге сәйкес Тараптардың жеке және заңды тұлғаларының меншігі болып табылатын патенттерді, сауда белгілерін, авторлық құқықтарды және коммерциялық құпияларды қорғауды және тиісті түрде пайдалануды кепілдендіру үшін қажетті шаралар қабылдайды.

9-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға жәрдемдесу мақсатында бұдан әрі "Бірлескен комиссия" деп аталатын Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Иордан үкіметаралық комиссиясын құрады.

      Бірлескен комиссия жылына бір рет немесе кез келген Тараптың сұрау салуы бойынша Тараптар мемлекеттерінің аумағында кезекпен кездесулер өткізеді.

      a) Бірлескен Комиссия осы Келісімнің іске асырылуы жайлы шолу жасайды және оның ережелерін орындау мақсатында Тараптар қабылдауы мүмкін шараларды қарастырады.

      b) Сауда, инвестициялық және экономикалық қатынастарға жәрдемдесу мен дамытуға қатысты мәселелерді талқылайды.

      c) Өзара тиімді негізде сауда, инвестициялық және экономикалық қатынастарды жылжыту және әртараптандыру және осындай ынтымақтастық үшін жаңа салаларды айқындау мүмкіндіктерін зерделейді;

      d) Осы Келісімді талқылау және орындауға байланысты туындауы мүмкін сұрақтарды талқылайды.

10-бап

      Тараптар егер, әрбір нақты жағдайда өзгедей тәртіп келісілмеген болса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде олардың осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды дербес өтейді.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру олардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар, келіссөздер жүргізу жолымен немесе келісілген өзге халықаралық құқықтық құралдар арқылы шешілетін болады.

13-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін. Көрсетілген хаттамалар осы Келісімнің 14-бабында айқындалған тәртіппен күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісімнің күші Тараптардың бірде біреуі жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнен шығудың болжамды күніне дейін үш айдан кешіктірмейтін мерзімде хабарламаса, күшінде қалады.

      Осы Келісімнің ережелері Келісімнің қолданылуы ішінде жасалған келісім-шарттар бойынша міндеттемелер орындалғанға дейін ондай келісім-шарттарға қатысты болады.

      2006 жылғы 29 қарашада Амман қаласында, әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Иордан Хашимит КорольдігініңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады