"Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 қазандағы № 691 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) мыналар:

      экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген;

      Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер тартатын, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде келген шетелдік жұмыскерлер – көшіп келушілер;

      2) бизнес-көшіп келушілер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер;

      3) маусымдық шетелдік жұмыскерлер – халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша бекітетін кәсіптер тізбесіне сәйкес климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір кезең (маусым) ішінде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс берушілер бір жылдан аспайтын мерзімге жұмысқа тартатын көшіп келушілер;

      4) еңбекші көшіп келушілер – еңбекші көшіп келушіге берілетін рұқсат негізінде жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй жұмыскерлері ретінде келген көшіп келушілер.

      14. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік жұмыс күшін тарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасына уақытша келетін көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы жергілікті атқарушы органның немесе ішкі істер органдарының рұқсаты негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін квота шегінде жүзеге асырылады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, маусымдық шетелдік жұмыскерлер, гуманитарлық себептер бойынша келетін көшіп келушілер жалпы негізде уақытша тұруға рұқсат ресімдейді.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекші көшіп келушілері және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасына визасыз келеді, сондай-ақ осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген рұқсат берілген болу мерзімі ішінде Қазақстан Республикасында визасыз болады және кетеді.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:

      "8-1. Шығарып жіберу немесе реадмиссия шығындары, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шығарып жіберілген немесе реадмиссияланатын заңсыз көшіп-келушілер, заңсыз көшіп-келушіні Қазақстан Республикасына шақырған не көшіп келушінің Қазақстан Республикасында заңсыз болуы фактісін анықтау кезінде оның еңбегін пайдаланған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған адамдарда шығарып жіберу немесе реадмиссия шығындарын жабу үшін қаражат болмаған не жеткіліксіз болған жағдайда тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады, бұл ретте шығарып жіберуге немесе реадмиссияға жұмсалған қаражат жоғарыда аталған адамдарға мүдделі мемлекеттік органдардың талап-арыздары бойынша сот тәртібімен өтелуге жатады.

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шартқа сәйкес шет мемлекеттен қабылданған, бірақ Қазақстан Республикасына кіруге және онда болуға заңды негізі жоқ көшіп-келушілер, егер Қазақстан Республикасы мен азаматтығы тиесілі не тұрақты (негізінен) тұратын мемлекет арасында Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарт болмаса, шығарып жіберуге жатады.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілердің "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес шығарып жіберу туралы сот шешімін орындаған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салынады.

      Сот шешімін орындау негізінде ол заңды күшіне енгеннен кейін бастамашы орган "Бүркіт" БАЖ-ға бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынған адамдар туралы ақпаратты енгізеді.";

      14-тармақ алып тасталсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады