Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың стипендиясы (Назарбаев стипендиясы) туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 1 сәуірдегі № 470 өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті өкімінің жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
"Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың стипендиясы (Назарбаев стипендиясы) туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 1 сәуірдегі № 470 өкіміне өзгерістер енгізу туралы
"Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың стипендиясы (Назарбаев стипендиясы) туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 1 сәуірдегі № 470 өкіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының білім беру саласындағы стипендиясы туралы";
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының білім беру саласындағы стипендиясы тағайындалсын.
2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының білім беру саласындағы стипендиясын тағайындау қағидалары бекітілсін.";
3-тармақ алынып тасталсын;
көрсетілген өкіммен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың стипендиясын (Назарбаев стипендиясын) тағайындау қағидалары осы өкімге қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы № өкіміне ҚОСЫМША |
|
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 1 сәуірдегі № 470 өкімімен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының білім беру саласындағы стипендиясын тағайындау
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының білім беру саласындағы стипендиясын тағайындаудың осы қағидалары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының білім беру саласындағы стипендиясын (бұдан әрі - стипендия) тағайындау тәртібін айқындайды.
2. Стипендия Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі Н.Ә. Назарбаевтың өмір бойғы ай сайынғы стипендиясы есебінен қалыптастырылады және әрқайсысы 6 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі он стипендия көлемінде белгіленеді.
3. Стипендия мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысанының екінші жылының магистранттарына тағайындалады:
1) бүкіл оқу кезеңінде үлгерімі бойынша бағалары үздік (А, А-);
2) үлгерім балы жоғары (GPA);
3) GPA балдары тең болған кезде маңыздылығының кемуі тәртібімен санамаланған мынадай жеке жетістіктер ескеріледі:
таңдалған магистратура бағдарламасының бейініне сәйкес келетін жарияланымдар саны;
ғылыми конференцияларға, жобаларға қатысу, патенттердің, грамоталардың, дипломдардың, сертификаттардың болуы;
қоғамдық жұмысқа қатысу;
4) әрбір жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымынан бір-бір кандидатурадан тағайындау.
4. Стипендия тағайындауға кандидатураларды жоғары және (немесе) жоғары оку орнынан кейінгі білім беру ұйымының ғылыми кеңесі ұсынады.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының бірінші басшысы қол қойған ғылыми кеңестің шешімі білім беру саласындағы уәкілетті органның стипендия тағайындау үшін магистранттарды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиясына (бұдан әрі - конкурстық комиссия) жыл сайын 15 шілдеге дейін жіберіледі.
5. Конкурстық комиссияны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі басқарады. Конкурстық комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, қоғам қайраткерлері қатарынан жасақталады.
Конкурстық комиссияның құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
6. Конкурстық комиссияның отырысына комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, оның құқықтық күші бар деп есептеледі.
Шешім ашық дауыс беру арқылы және конкурстық комиссияның отырысына қатысып отырған оның мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
Конкурстық комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді.
7. Стипендия тағайындауға кандидаттардың тізімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының келісуіне жыл сайын 25 тамызға дейін жіберіледі.
8. Келісу рәсімінен өту қорытындысы бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган стипендия иегерлерінің - магистранттардың тізімін бекітеді.
9. Стипендия төлеу ай сайын жүргізіледі. Стипендияны білім беру саласындағы уәкілетті орган жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары магистранттарының шотына аударады.
10. Стипендия иегерлерінің - магистранттардың тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.