"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 5 қарашадағы № 738 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 5, 51-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 9, 49-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2010 ж., № 24, 143-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 118-құжат; № 23, 138-құжат; 2015 ж., № 22-ІІ, 148-құжат; № 22-V, 154-құжат; 2017 ж., № 12, 37-құжат; № 14, 47-құжат; № 16, 56-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) мазмұнында 21-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің ардагерлерін көтермелеу";

      1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дипломатиялық вализа − дипломатиялық поштаны тасымалдауға арналған пакет, конверт, қап, чемодан, өзге де ыдыс;

      2) ad hoc дипломатиялық курьері − дипломатиялық поштаны жеткізуді жүзеге асыратын курьерлік парақ ресімделген жеке тұлға;

      3) дипломатиялық курьер – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органда республикалық бюджеттен ақы төленетін мемлекеттік лауазымды атқаратын, дипломатиялық поштаны жоспарлауды, жинақтауды, ресімдеуді, жөнелту мен қабылдауды қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің персоналы;

      4) дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйым − Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктеріне, халықаралық ұйымдарға және (немесе) оның өкілдіктеріне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне және дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларына, персонал мүшелеріне, Қазақстан Республикасындағы консулдық мекемелердің жұмыскерлеріне қызмет көрсету жүктелген заңды тұлға;

      5) дипломатиялық пошта – дипломатиялық поштаға тиесілілігі курьерлік парақпен расталатын ресми құпия емес немесе құпия хат-хабарлар, заттар немесе техника;

      6) курьерлік парақ − дипломатиялық поштаның және дипломатиялық курьердің мәртебесін растайтын Сыртқы істер министрлігінің немесе шет елдегі мекеменің ресми құжаты;

      7) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің ардагері − бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымын атқарған, жалпы еңбек өтілі 25 жылдан кем емес, оның ішінде Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарында 15 жыл жұмыс істеген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адам;

      8) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің жұмыскерлері – дипломатиялық қызмет органдарында штаттық әкімшілік-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер;

      9) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің қызметкерлерi – дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын, әдетте, дипломаттық дәрежесi бар және лауазымдық өкiлеттiктерi мен мiндеттерiн дипломатиялық қызмет органдарына жүктелген мiндеттер мен функцияларды iске асыру мақсатында жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшілер;

      10) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналы отбасының бірге жүретін мүшелері – жұбайы (зайыбы), баласы (балалары), асырап алынған балалары, сондай-ақ дипломатиялық қызмет персоналының еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалары және/немесе заңнамада белгіленген тәртіппен берілген медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес күтіп-бағуға мұқтаж ата-аналары.

      Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналы отбасының бірге жүретін мүшелеріне балаларды қосудың тәртібі, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарды жатқызудың ерекше жағдайлары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі бекітетін Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет персоналын ротациялау қағидаларында айқындалады;

      11) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналының отбасы мүшелері − жұбайы (зайыбы), балалары, асырап алынған балалары, сондай-ақ дипломатиялық қызмет персоналының ата-аналары;

      12) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің персоналы – дипломатиялық қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлері;

      13) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі (бұдан әрі – дипломатиялық қызмет) – Қазақстан Республикасы азаматтарының дипломатиялық қызмет органдарындағы Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерi мен халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын кәсiби қызметi;

      14) Қазақстан Республикасының консулдық қызметі – дипломатиялық қызметтің халықаралық құқық жол беретiн шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын дамытуға, экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, гуманитарлық-мәдени байланыстарды және туризмді кеңейтуге жәрдемдесетін бір бөлігі.

      Консулдық қызмет Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысына сәйкес жүзеге асырылады;

      15) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі – бір немесе бірнеше шет мемлекетпен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуге Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік саяси қызметші;

      16) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілі – бір немесе бірнеше халықаралық ұйыммен қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуге Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік саяси қызметші;

      17) Сыртқы істер министрлігінің кадр резерві – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылған дипломатиялық қызмет персоналы лауазымдарын бұрын атқарған, дипломатиялық қызмет органдарындағы бос немесе уақытша бос лауазымдарға орналасуға үміткер адамдардың жүйеленген тізімі;

      18) шет елдердегi мекемелер – Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкілдiктерi, сондай-ақ шетелдегі консулдық мекемелерi.";

      3) 4-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi, оның ведомстволары, Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі, шет елдердегi мекемелер, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ұйымдар, Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарамағындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындары құрайды.";

      4) 6-бап мынадай мазмұндағы 27-10), 27-11), 27-12), 27-13), 27-14) тармақшалармен толықтырылсын:

      "27-10) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық поштаны жоспарлау, жинақтау, ресімдеу, жөнелтуді және қабылдауды қамтамасыз ету тәртібін әзірлеу;

      27-11) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық поштаны пайдалануға құқығы бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының тізбесін әзірлеу;

      27-12) шет елдердегі мекемелерде бухгалтерлік есеп жөніндегі жалпы ережелерді қолдану тәртібі туралы нұсқаулықты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;

      27-13) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі туралы ережені әзірлеу;

      27-14) дипломатиялық қызметтің қызметкері немесе жұмыскері шетелде қаза тапқан, қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақатының, жаралануының (контузия алуының), мертігуінің, ауруының және мүгедектікке әкеп соқпаған ауыр немесе жеңіл мертігуінің (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының) нәтижесінде туындаған мүгедектікті анықтаған жағдайда біржолғы өтемақы төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту;";

      5) 7-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Дипломатиялық қызмет органдары өздерiнiң телекоммуникациялар желiсi мен дипломатиялық поштаны пайдаланады.";

      4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Шет елдердегі мекемелердің ақпараттық қауіпсіздігін, инженерлік-техникалық, арнайы және физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды ұлттық қауіпсіздік органдары әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.";

      6) мынадай мазмұндағы 7-1-баппен толықтырылсын:

      "7-1-бап. Дипломатиялық пошта

      1. Дипломатиялық пошта дипломатиялық қызмет органдарының қызметін қамтамасыз етуге, дипломатиялық поштада қамтылған мәліметтерді ашуға жол бермеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарының жедел байланысын қамтамасыз етуге арналған.

      Құпия хат-хабарды, заттар мен техниканы, сондай-ақ таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын дипломатиялық поштаны ресімдеу, жөнелту және жеткізу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар мен таратылуы шектелген ақпаратты құрайтын мәліметтерді қорғау жөніндегі заңнамасының талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.

      Дипломатиялық пошта Қазақстан Республикасының пошта қызметі саласындағы заңнамасының реттеу нысанасы болып табылмайды.

      2. Дипломатиялық поштаны жоспарлау, жинақтау, ресімдеу, жөнелту мен қабылдауды қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбе бойынша ресми қызметті қамтамасыз ету мақсатында дипломатиялық пошта арқылы хат-хабарды, заттар мен техниканы жөнелтеді.

      4. Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен дипломатиялық поштаны жоспарлайды, жинақтайды, ресімдейді, жөнелту мен қабылдауды қамтамасыз етеді.

      5. Сыртқы істер министрлігі мен шет елдердегі мекемелер дипломатиялық қызмет персоналының және отбасының бірге жүретін мүшелерінің, сондай-ақ осы Заңның 32-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген лауазымды адамдардың және отбасының бірге жүретін мүшелерінің жеке пайдалануына арналған дипломатиялық поштаға тиесілігі курьерлік парақпен расталатын заттар мен техниканы дипломатиялық пошта арқылы жіберуге құқылы.

      Дипломатиялық қызмет персоналының және отбасының бірге жүретін мүшелерінің, сондай-ақ осы Заңның 32-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген лауазымды адамдардың және отбасының бірге жүретін мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен техника тиісті лауазымдарға тағайындау және одан босату кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін шетелдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек жағдайларында белгіленген нормативтерге сәйкес дипломатиялық пошта арқылы жөнелтіледі.

      Шет елдердегі мекемелер персоналының және олардың отбасы мүшелерінің заттары мен техникаларын қоспағанда, дипломатиялық пошта егер дипломатиялық поштада өткізуге Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған хат-хабар, заттар мен техника бар деп есептеуге жеткілікті негіздер болмаса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарының ашуына және ұстауына жатпайды.

      6. Егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарында дипломатиялық поштада орын ауыстыруға тыйым салынған хат-хабар, заттар немесе техника бар деп есептеуге жеткілікті негіздер болса, дипломатиялық поштаны тексеру және ашу дипломатиялық курьердің немесе дипломатиялық қызмет органдарының өзге де уәкілетті өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады.

      7. Дипломатиялық поштаға рұқсатсыз қол жеткізуден қорғау мақсатында дипломатиялық поштасы бар дипломатиялық вализа арнайы қорғау құралдарымен жарақтандырылуы мүмкін.

      8. Дипломатиялық поштаның ішіндегісі үшін жауапкершілік мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына, сондай-ақ дипломатиялық поштамен жіберу үшін ресми хат-хабарлар, заттар немесе техника беретін шет елдердегі мекемелердің персоналына жүктеледі.

      9. Дипломатиялық курьерлер, оның ішінде ad hoc дипломатиялық курьерлері дипломатиялық поштаны жеткізу және оның қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттерін орындау кезінде мемлекеттің қорғауында болады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары өз құзыреті шеңберінде дипломатиялық поштаны жеткізу және оның қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету бойынша жәрдем көрсетуге тиіс.

      Қазақстан Республикасының аумағында дипломатиялық пошта бақылаусыз қалған жағдайда, дипломатиялық поштаны іздестіру және қорғауды қамтамасыз ету бойынша іс-қимылдарды дипломатиялық қызмет органдары мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдары жүзеге асырады.

      Шет мемлекеттің аумағында дипломатиялық пошта бақылаусыз қалған жағдайда, дипломатиялық поштаның орналасқан жерін анықтау және оны күзетуді қамтамасыз ету бойынша іс-қимылдарды сыртқы барлау субъектілерімен келісу бойынша дипломатиялық қызмет органдары жүзеге асырады.

      10. Сыртқы істер министрлігі:

      дипломатиялық поштаны қабылдауды, сақтауды, жинақтауды, ресімдеуді жүзеге асырады, дипломатиялық поштаны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге және Қазақстан Республикасының аумағына шетелден жеткізуді ұйымдастырады;

      дипломатиялық поштаны жеткізу кезінде оның қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды өз құзыреті шеңберінде қабылдайды;

      дипломатиялық поштаны жеткізу үшін қажетті құжаттарды ресімдеуді және дипломатиялық курьерлерге беруді қамтамасыз етеді;

      дипломатиялық пошта мәселелері бойынша, оның ішінде бірлескен нормативтік құқықтық актілерге қол қою арқылы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік байланысын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының өзге де заңды тұлғаларын тарта отырып, дипломатиялық поштаны жеткізуді ұйымдастырады.

      11. Шет елдегі мекеме:

      дипломатиялық поштаны қабылдауды, сақтауды жүзеге асырады, Сыртқы істер министрлігінен келіп түсетін дипломатиялық поштаның басқа шет елдердегі мекемелерге жеткізуді ұйымдастырады;

      Сыртқы істер министрлігіне жеткізу үшін дипломатиялық поштаны жинақтауды, сақтауды, ресімдеуді жүзеге асырады;

      дипломатиялық поштаны Сыртқы істер министрлігіне жеткізуді ұйымдастырады;

      дипломатиялық поштаны жеткізу кезінде оның қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды өз құзыреті шеңберінде қабылдайды;

      дипломатиялық поштаны жеткізу үшін қажетті құжаттарды ресімдеуді және дипломатиялық курьерлерге беруді қамтамасыз етеді.";

      7) 9-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Дипломатиялық лауазымға жоғары бiлiмi бар, мемлекеттiк, орыс тілін және шет тілдерді еркін меңгерген және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшін тиiстi iскерлiк, моральдық, кәсiби қасиеттерге ие әрі денсаулық жағдайы дұрыс Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.";

      2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкілдерін Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.";

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Халықаралық ұйымдардағы жұмысы аяқталған соң Қазақстан Республикасына оралған және тікелей халықаралық ұйымға жұмысқа тағайындалғанға дейін мемлекеттік қызметте болған дипломатиялық қызмет персоналы халықаралық ұйымдағы лауазымынан босатылған күннен бастап үш ай ішінде Сыртқы істер министрлігіндегі лауазымға конкурстық іріктеу жүргізілмей тағайындалады.";

      8) 11-баптың 1-тармағының жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Дипломатиялық дәрежелерді беру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.";

      9) 13-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнен жұмыстан шығарылған адамдар Қазақстан Республикасының және болу елдерінiң заңнамалық актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын іс-әрекеттер жасаған жағдайда, олардың дипломатиялық дәрежесі төмендетiлуi немесе олар дипломатиялық дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.

      Қызметтік тәртiпті бұзғаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылғаны үшiн дипломатиялық қызмет органдары жүйесiнен шығарылған кезде дипломатиялық қызмет қызметкерi сонымен бiр мезгiлде дипломатиялық дәрежесiнен де айырылады.

      Бұрын дипломатиялық қызмет қызметкері лауазымын атқарған, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар да дипломатиялық дәрежесінен айырылады.

      Дипломатиялық қызмет қызметкерін дипломатиялық дәрежесінен айыру немесе төмендету, сондай-ақ оның дәрежесін қалпына келтіру дәреже берілгендегідей тәртіппен жүргізіледі.";

      10) 15-бапта:

      3-тармақта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шет елдердегi мекемелердегi жұмыс арасындағы кезеңде дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жұмыс iстеу мерзiмi кемiнде екi жылды, дипломатиялық қызмет жұмыскерінің жұмыс iстеу мерзiмi кемiнде бір жылды құрауға тиiс.";

      үшінші бөлік алып тасталсын;

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Осы баптың 3-тармағының күші:

      1) осы Заңның 15-2-бабында көзделген жағдайларға;

      2) мемлекеттік саяси қызметшілерге;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саясат саласындағы өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде лауазым атқаратын адамдарға;

      4) халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының және орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының және оның орынбасарларының қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымдық бөлімшелерінде лауазым атқаратын адамдарға;

      5) сирек кездесетiн шет тiлдерiн меңгерген дипломатиялық қызмет персоналына қолданылмайды.

      Сирек кездесетін шет тілдер тізбесін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі белгілейді.";

      11) 21-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің ардагерлерін көтермелеу";

      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагерлері ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мейрамдарды мерекелеу жағдайы бойынша ведомстволық наградалармен наградтауға ұсынылуы мүмкін.";

      12) 24-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Шет елдердегі мекемелердің бюджеттік жоспарлау, бекіту, қаржыландыру және атқару тәртібін бюджетті жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орталық органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі айқындайды.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарын, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі және жалдаудағы шетелде орналасқан дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiктердің әкімшілік, тұрғын және тұрғын емес ғимараттары мен үй-жайларын, сондай-ақ резиденцияларын, консулдық мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және оларға сервистік қызмет көрсету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Дипломатиялық қызмет органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және оларға сервистік қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, өзіне тиісті функциялар жүктелген заңды тұлға жүзеге асырады.

      Сервистік қызмет көрсету деп мүліктің тиісті жай-күйін қолдауға және қалпына келтіруге бағытталған әрекеттер; құрылымдық бөлімшелерді жабдықтау және олардың жұмыс істеуі; бағдарламалық-ақпараттық және автокөліктік қызмет көрсету; іс-шараларға қызмет көрсету және оларды өткізу жөніндегі ұйымдастырушылық және ілеспелі әрекеттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де әрекеттер түсініледі.";

      мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктеріне, халықаралық ұйымдарға және (немесе) олардың өкілдіктеріне, консулдық мекемелерге және Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларына, персоналы мүшелеріне, консулдық мекемелердің жұмыскерлеріне қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға жүзеге асырады.";

      13) мынадай мазмұндағы 24-1-баппен толықтырылсын:

      "24-1-бап. Сыртқы саясат, халықаралық қатынастар және халықаралық құқық мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу

      Сыртқы саясат, халықаралық қатынастар және халықаралық құқық мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға жүзеге асырады.";

      14) 25-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "25-бап. Дипломатиялық қызмет персоналына берiлетiн кепiлдiктер мен өтемдер

      1. Дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасының бірге жүретін мүшелерiн материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру атқаратын қызметiнiң қиындығы, оған байланысты тәуекел, сондай-ақ шет мемлекеттiң өзiндiк ерекшелiктерi ескерiле отырып ұсынылады.

      Шет елде болу дипломатиялық қызмет персоналын және отбасының бірге жүретін мүшелерiн қандай да бір залалға әкеп соқпауға тиiс. Шетелдегi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасының бірге жүретін мүшелерiне қатысты көмек көрсету және қорғау жөніндегі мiндеттердi шетелдегi мекеменiң басшысы орындайды.

      Шетелдегi мекемедегі жұмысы кезiнде дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi ауырған, қайтыс болған, отбасында бала туған жағдайда, дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде жәрдемақыға құқығы бар.

      Шетелдегi мекемедегі жұмысы кезiнде дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерiнің отбасы мүшелері ауырған, қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде жәрдемақыға құқығы бар.

      2. Шет елдердегі мекемелерге жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының жұбайына (зайыбына) көрсетілген тағайындау туралы шешім қабылданған кезде ол мемлекеттік қызметте мемлекеттік лауазымды атқарған жағдайда отбасының бірге жүретін мүшесі ретінде жұбайының (зайыбының) шетелге шығу кезеңінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасына оралғаннан кейін мемлекеттік қызметте бұрын атқарған мемлекеттік лауазымы сақтала отырып, дипломатиялық қызмет персоналының шет елдердегі мекемеде жұмыс істеу кезеңіне жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.

      3. Дипломатиялық қызмет персоналына және отбасының бірге жүретін мүшелеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық қызмет персоналының шетелдегі еңбек жағдайларына сәйкес бюджет қаражаты есебінен медициналық қамсыздандыру ұсынылады.

      4. Шет елдегі мекемеде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жыл сайынғы ақы төленетін демалыс берілуіне байланысты екі жаққа көлік шығыстарының төлеміне құқығы бар.

      Шет елдегі мекемеде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналы, сондай-ақ оның жұбайы (зайыбы), дипломатиялық қызмет персоналы отбасының бір мүшесінің немесе жұбайының (зайыбының) ата-анасының біреуінің қайтыс болуына байланысты екі жаққа көлік шығыстарының төлеміне құқығы бар.

      5. Дипломатиялық қызмет персоналы отбасының өзiмен бiрге жүретін мүшелерiнiң саны, лауазымдық жағдайы, жергiлiктi мән-жай және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бекiтетiн нормативтер ескерiле отырып, шет елде тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.

      6. Шет елдегi жұмыс кезеңiнде дипломатиялық қызмет персоналының балаларына мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм беру Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебiнен төленеді.

      7. Шетелдердегi мекемелерде әкiмшiлiк-техникалық бос лауазымдар болған жағдайда, шетелдегi дипломатиялық қызмет персоналы отбасыларының мүшелерiне уақытша жұмысқа тұру құқығы берiлуi мүмкiн.

      8. Қарулы немесе азаматтық жанжалдар жағдайында не шет елдердегi мекемелер мен олардың персоналының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайларда, сондай-ақ шет елдердегi мекемелер орналасқан жерлерден төтенше жағдайлар кезiнде Сыртқы iстер министрлiгi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасының бiрге жүретін мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және қорғау үшiн қажеттi шаралар қолданады.

      Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне немесе оның отбасы мүшелерiне шетелде болу уақытында өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн не солармен байланысты қызметтi атқару кезiнде келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.

      9. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шетелде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде не шетелде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақаттың салдарынан қызметтен шығарылғаннан кейін бiр жыл ішінде қаза тапқан жағдайда, дипломатиялық қызметтiң қайтыс болған қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң жұбайына (зайыбына) немесе "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалатын жақын туыстарының біріне Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша өтемақыны есептеу күніндегі өтілі бойынша лауазымдық айлықақысынан есептелетiн алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      10. Шетелде дипломатиялық қызмет қызметкері немесе жұмыскері қаза тапқан жағдайда, отбасының бірге жүретін мүшелеріне, ақылға қонымды мерзім ішінде, бірақ дипломатиялық қызметтің қызметкері немесе жұмыскері қаза тапқан күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде осы бапта көзделген кепілдіктер мен өтемақылар сақталады.

      11. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шетелде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда, қаза тапқан адамның отбасының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар.

      12. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне шетелде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақат, жаралану (контузия), мертiгу, ауру салдарынан болған мүгедектiк белгiленген кезде, оған Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша өтемақыны есептеу күніндегі өтілі бойынша лауазымдық айлықақысымен есептелген:

      1) I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;

      2) II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;

      3) III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      13. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiнің немесе жұмыскерiнің шетелде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпаған ауыр мертiгуі (жарақат, жаралану, контузия) жағдайында, оған Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша өтемақыны есептеу күніндегі өтілі бойынша есептелетiн – үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл мертiгу жағдайында бiр айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      14. Егер дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы (мертігуі), ауруы қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, көрсетілген сома төленбейдi.";

      15) 26-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "26-бап. Жерлеу шығыстарын өтеу

      1. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызметтің қызметкерін немесе жұмыскерін жерлеу үшін отбасы мүшесіне Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.

      Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасының бірге жүретін мүшесін жерлеу үшін дипломатиялық қызметтің қызметкеріне немесе жұмыскеріне оның Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша жәрдемақыны есептеу күніндегі өтілі бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.

      2. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің не отбасының бірге жүретін мүшесінің мәйітін Қазақстан Республикасына оның тұрақты тұратын жеріне немесе қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасы мүшелерімен не дипломатиялық қызметтің қызметкерімен немесе жұмыскерімен келісу бойынша кез келген басқа жерге жеткізу және онымен байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.";

      16) мынадай мазмұндағы 29-1-баппен толықтырылсын:

      "29-1-бап. Дипломатиялық қызмет ардагерлеріне ақшалай төлемдер

      Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілі лауазымын атқарған немесе Төтенше және өкілетті елші дипломаттық дәрежесі бар Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен ай сайын ақшалай төлем төленеді.";

      17) 32-1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымын атқарған лауазымды адамдар өкілдік керек-жарақ құнының жыл сайынғы ақшалай өтемақысын төлеу бөлігінде осы Заңның 25-бабы 3, 4, 6, 8-14-тармақтарында, 29-бабында көзделген ақшалай қаражатпен, әлеуметтік, зейнетақымен және медициналық қамсыздандыру мәселелерінде тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына теңестіріледі.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады